«БІЗ ТУРИСТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҚСАРТУҒА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРАМЫЗ»

Саясат Қоғам
257 Views

Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай мемлекетіне жұмыс сапарымен барып, бірқатар келісімдер жасаған болатын. Осы бағытта жұмысты жүйелеу үшін Түркістан облысына Қытай Халық Республикасы, Юэцин қаласының өкілдері арнайы жұмыс сапарымен келді. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков және сала басшылары қатысты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Түркістан облысының әлеуетіне тоқталып, бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларға толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Халық тығыз орналасқандықтан бұл аймақ үлкен кадрлық әлеуетке ие. Түркістан – бизнеске бағдарланған өңір, онда 170 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Аймақ табиғи кен орындарына бай. Ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар Түркістанда туризм саласын дамыту Мемлекет басшысы қойған басты міндеттердің бірі екенін атап өткім келеді. Осыған байланысты біз туристік инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде қонақ үйлер мен туристік кешендердің құрылысына ерекше назар аударамыз. Біздің облыста бірлескен жобаларды әзірлеу үшін үлкен әлеует бар, – деді Нұралхан Көшеров.

Өз кезегінде Юэцин қаласының вице-мэрі Джуо Сайлонг Түркістан қаласымен экономика және сауда, білім және мәдениет салалары бойынша ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жеткізіп, әріптестік құрметке ризашылығын білдірді.

Басқосуда Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен Юэцин қаласының вице-мэрі Джуо Сайлонг екі қала арасындағы бауырластық қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойды.

Соңғы 5 жылда өңірге инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Түркістан қаласына тартылған инвестиция көлемі артты.

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру қалаға ғана емес, бүкіл өңірге инвестициялар тартуға айтарлықтай серпін берді. Қазіргі таңда Түркістан облысының салалық мамандануын, сондай-ақ экономикалық дамудың басым бағыттарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, туризм, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, 2018 жылдан бастап облысқа өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм, және логистика сияқты салаларға 5,8 млрд. АҚШ долларына жуық инвестициялар бағытталды. Қаржыландырудың басым көзі – жеке инвестициялар. Өңір экономикасына 2027 жылға дейін шамамен 6,7 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестициялар тартып, 300-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде.

Айта кетейік, өңірде индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар бар. Мұнда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ әртүрлі салық жеңілдіктерін ұсынады.

Юэцин – теңіз жағалауында орналасқан қала. Қытай еліндегі 100 мықты қаланың ішінде 13-орында тұр. Әлемдегі 6 мемлекетпен келісімшартқа тұрып, жақсы нәтижелерге қол жеткізген.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚҚА ДЕЙІН ТАРТЫЛАДЫ

Қытай Халық Республикасы, Юэцин қаласының өкілдерінің Түркістан облысына іссапары аясында «Turkistan» индустриалды аймағы мен Арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысты.

Кездесуде Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов кәсіпкерлерге ұсынылатын инфрақұрылымы дайын аймақтар туралы айтып өтіп, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

– Бүгінде өңірімізде 9 индустриалды аймақ бар. Жақын күнде тәжірибемізде алғаш рет іске асқалы жатқан агроиндустриалды аймақтың да ашылуы жоспарлануда. Одан бөлек, Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта Brownfield (Браунфилд) – дайын өндіріс ғимараттары салынған. Түркістан қаласында ғана емес, жалпы облыс аумағында да өңірдің инвестициялық климатын жақсарту және жергілікті инвесторларға қолдау көрсету мақсатында өңірімізде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда, – деді басқарма басшысы.

Мұнда кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым жұмыстары индустриалды аймаққа дейін тартылады. Яғни, ауыз су, газ, электр және жарықтандыру желісі, жол, жер жұмыстары мен қоршау жүргізіледі.

Жалпы индустриалды аймақтың аумағы 538 гектарды құрайды. Түркістан облысының индустриалды аймақтарында 63 жоба орналасқан. Жалпы құны – 44,4 млрд. теңге. 3092 жұмыс орны бар. Олардың қатарында «Grand Miks», «Асыл Бастау.KZ», «Көрік ШҚ», «CG Food Central Asia», «Kaztor LTD» сынды бірқатар кәсіпорындар бар. Аймақта құрылыс жабдықтарын өндіруге басымдық берілген. Атап айтсақ, бетон, темір бетон, кірпіш, торлар, трансформаторлық жабдыққа арналған жинақтауыштар мен ас тұзы, дайын тағам өндірісі, ауыз су және шырын, жиһаз және жиһаз жабдықтары, тігін, мақта талшықтарын қайта өңдеу және т.б. кәсіптер кеңінен дамыған.

ТҮРКІСТАНДА ЖЕКЕ ИНВЕСТИЦИЯ ЕСЕБІНЕН 46 ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының активімен кездесті. Көшпелі мәжілісте шаһардың өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды ортаға салды. Қала әкіміне тапсырмалар берілді. Қызметіне сәйкес келмейтін басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға ерекше мәртебе беру мәселесін көтеріп, айрықша қолдау білдіріп отыр. Түркістан – Түркі әлемінің орталығына айналуы тиіс. Басқа аудан, қалалар Түркістанға қарап бой түзейтінін ескерсек, мұндағы жұмыс сапалы әрі мазмұнды болуы керек. Түркістан дамыса, өзге аудандар дамиды. Жұмыс бар. Бірақ сол қарқынды түсірмей, тиісінше арттыра түскен жөн. Түрлі сала бойынша мәселелер, кемшіліктер айтылды. Осыларды қысқа мерзімде жоюды тапсырамын. Қалаға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, туризм саласын дамыту, бюджетті ұлғайту бойынша нақты жұмыс пен нәтиже күтемін. Қаланың сәулеті, құрылысы, көгалдандырылуы, абаттандыру жұмыстарын да жандандыра түсуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаланың әлеуметтік экономикалық дамуы туралы және 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Түркістанның даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды қала әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, инфрақұрылымды жақсарту, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев шаһардағы идеология, білім саласы, туризм, жастар саясаты, мәдениет салаларындағы мәселелер бойынша өзекті мәселелерді қозғады.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Түркістанның экономикалық-әлеуметтік дамуындағы кедергілерге тоқталды. Анықтаған бірқатар кемшіліктер бойынша қолға алынатын шараларды баяндап берді. Негізгі көрсеткіштерге тоқталды.

Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 221 мыңға адамға жетті. Өзіндік кірістердің көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 15 млрд. теңге болса, 2023 жылға 17,8 млрд. теңге болып, өсім 18,7% пайызды құрады.

Жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың қорытындысымен 319 млрд. теңгені құрады. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2022 жылы 21,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бері қаңтар-наурыз айында 6,2 млрд. теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 3,2 % құрады. Өткен жылы қалаға 304,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Биыл инвестиция көлемі 348,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. Қалада «TURKISTAN» индустриалды аймағы жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 19 жоба орналасқан. 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

2022 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1451 мың адамға жетті. Жыл басынан бері үш айдың ішінде Түркістанды тамашалауға келгендер саны 130,5 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсті. Бүгінде Түркістандағы орналастыру орындары – туристер тұру үшін және оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын қонақ үйлер, мотелдер, кемпингтер және басқа да ғимараттар мен құрылыстар саны 57-ге жетті. Ірі жобалар іске қосылып, туризм саласы жаңа қарқын алды. Бірнеше саябақ пен қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары ашылды.

Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды.

Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 7 мектептің құрылысын 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Оның үшеуінің құрылысы басталып кетті.

АРЫСТА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Арыс қаласында инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірде алдағы бес жылда 93 млрд. теңгеге инвестиция тарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 42 инвестициялық жоба іске асырылып, 1209 жұмыс орны құрылмақ. Бұл туралы Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

Оның айтуынша, биылдың өзінде 30,4 млрд. теңгеге жуық қаржыға 15 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы 256 адамды жұмыспен қамту көзделген.

– Биыл жүзеге асатын жарқын жобалар ішінде «Turkistan Agro KZ» ЖШС «Жаңбырлатып суару және мал бордақылау алаңы» жобасын айтуға болады. 50 мың ірі қара малды бордақылауға арналған кешеннің жалпы құны – 8,7 млрд. теңге. Биыл, бірінші кезеңде 25 мыңға арналған мал бордақылау алаңының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Кешен толық іске қосылғанда 60 адам жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, ірі қара малды азықпен (жем, шөп) қамтамасыз ету үшін 3000 га аумаққа жаңбырлатып суару әдісімен өнім алуға тағы 8 млрд. теңге инвестиция салынбақ. Бүгінгі таңда, мал бордақылау алаңына қажетті инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында 54 шақырымға жоғары кернеулі электр жарығы тартылған, – деді Гүлжан Мамытқызы.

Брифингте белгілі болғандай, өңірде жүзеге асар маңызды жобаның бірі – «Mega-Agat» зауыты. Поливинилхлорид түйіршіктерін және қоспасын шығаратын зауыт жобасының құны 500 млн. теңгені құрайды. Жылдық қуаттылығы – 300,0 тонна поливинилхлорид түйіршіктерін өндіру. Одан бөлек, кәріз жүйелеріне арналған пластикалық құбырлар мен үй құрылысына арналған бұйымдар шығаратын зауыт жобасының жалпы құны – 800 мың АҚШ долларды құрайды. Қуаттылығы тәулігіне 2500 метр пластик құбырларын шығарады.

Сонымен қатар, «Mega-Agat» серіктестігі келесі бір ауқымды жоба құрылысын бастады. Ол – Арыс қаласындағы транспорттық-логистикалық орталық жобасы. Еуропаның «А» стандартына сәйкес болатын кешен ерекшелігі – көршілес ТМД елдерінен бөлек, алыс-жақын Азия, Еуропа мемлекеттерімен тауар айналымын күшейту арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру. 6 гектар аумақта орналасқан нысанның көлемі 15 000 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 3 мың шаршы метрі желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтауға шақталған қойма. Ал, қалған 12000 шаршы метрі қатты заттар сақтауға арналған қойма. Сонымен қатар, құны 600 млн. теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Гүлжан Мамытқызының баяндауынша, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясы, Ханжоу қаласында Қазақстанның «MEGA-AGAT» ЖШС және қытайлық «Чжэцзян Навэс Индустри энд трэйд КО ЛТД» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында 10 млн. АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция арқылы радиаторлар, газ қазандықтары, жылы еденге арналған коллекторлар өндірісі жүзеге асырылады.

Жалпы, алдағы 5 жыл ішінде Арыс қаласында өңдеу өнеркәсіп саласы бойынша – 10, машина жасау – 1, транспорт логистика – 1, туризм саласы – 2, білім саласы – 9, агроөнеркәсіп саласы – 16, балық өсіру – 4 инвест жоба жүзеге асырылмақ.

ӘКІМ «АЛМАТЕЛ ҚАЗАҚСТАН» ӨКІЛДЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев «АлмаТел Қазақстан» АҚ Шымкент филиалының директоры Райбек Жанарымды қабылдады. Кездесу барысында елді мекендерді техникалық мүмкіндіктеріне қарай талшықты-оптикалық желілерге қосылу арқылы, яғни GPON технологиясы арқылы тұрғын үйлерге жоғары жылдамдықтағы кабельді интернет жеткізу мәселелері талқыланды.

Аудан басшысы Арман Абдуллаев тұрғын үйлерге талшықты-оптикалық желілер арқылы жоғары жылдамдықтағы интернет жеткізу ақылы негізде жүргізілуіне орай, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын және әлеуметтік сауалнамалар жүргізу қажеттігін атап өтті.

Айта кетсек, Gigabit PON технологиясы қазір талшықты-оптикалық магистральге қосылудың ең тиімді әрі жоғары сұранысқа ие жолы. Оның артықшылығы сол, тұтынушы мен жеткізуші желіні өзара байланыстыратын әр тұрғын үйге арнайы арна құруды көздейді.

ҚАЛА КЕЛБЕТІНЕ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗЕТІН ЖОБАЛАР ҚАЖЕТ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің жыл басынан бергі атқарған жұмыстар барысы тыңдалды. Бөлім басшысы О.Тындыбаев атқарылып жатқан жұмыстар барысы мен атқарылатын жұмыстар жайында баяндады.

Бүгінгі таңда, Кентау қаласы, Шұғыла мөлтек ауданының №6, №7, №8 көшелеріне инженерлік инфрақұрылым құрылысы жолдар, сыртқы сумен қамту, газбен жабдықтау, электр желілерін орнату жұмыстары атқарылуда.

Сонымен қатар, Ш.Уалиханов көшесі №133 мекенжайдан 1500 орындық және Шұғыла м/а, Әбілхайырхан көшесі №170 мекенжайдан 1500 орындық мектептерін салу бойынша қазіргі уақытта, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.

Кентау қаласы, Қарнақ ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысына “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында бюджеттік өтінім жолданып, қаржы қаралуы күтілуде. Сондай-ақ қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы нысанын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

«Сондай-ақ ағымдағы жылы Кентау қаласында 1800 га жерге егжей-тегжейлі жоспарлар әзірлеу, Қарнақ, Хантағы ауылының бас жоспарына өзгеріс енгізу, қала аумағына абаттандыру жұмыстарына эскиздік жобалар жасау жұмыстары жоспарланған», деді бөлім басшысы өз баяндамасында.

Жандос Қалмұрзаұлы бөлім басшысы мен бөлім қызметкерлеріне қаладағы әрбір құрылыс нысандарын бақылауда ұстап, қала келбетіне өзгеріс енгізетін жобалар ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ қала әкімдігі аппараты мамандарының бақылау жүргізу барысында жасалған сын-ескертпелер бойынша да бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *