(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
Ағын суға, әйтеуір, аққан мұрат болса, өмір шіркінге де, әйтеуір, өткен мұрат. Адам пақыр да ағын суда жан-жағынан ықтырмалап, тықсыра қуған толқынның жойқын пәрменінен жаны кіріп, делебесі қозып, делбеңдей беретін қу жаңқа тәрізді ғой: о да басын тасқа ұрып, суға ұрып жөңки беретін көп нөпірдің ішіне бір түскен соң, алды-артына қарап жарымайды. Ол пақыр да мынау желкелеп қуған нөпір тірліктің баянсыздығын, өз қарекетінің пәтуасыздығын анау жағаға шығып қалған қой тастай сазға отырған күні бір-ақ біледі. Бірақ енді кері ағатын су, қайта бастайтын дәурен жоқ. Сол жеткен жерінде зорыққан нардай мәңгі-бақи шөккенің; сол арада су шаяды, жел қағады, тозасың, тозаңға айналасың. Бағзыда асқар таудың бір шыңынан үзіліп түскен жұмыр тас күйіңе қайта орала алмайсың: жолағанды кесіп кетер өткір пышақтай қырың болса, су шайып, жел жалап тегістейді, зіл батпан салмағың болса, бір күні күзді күнгі қаңбақтай қаңғалақтап қалғаныңды өзің де байқамайсың.
Пенде біткеннің бәрі де әлгіндей пенде екенін қашан бетінен әр, бойынан әл кеткенше біле бермейді. Баяғыда өзін ақ киізге көтеріп хан сайлаған пенделер талай әміршіден ауыздары күйсе де мұның ертең не істейтінімен шаруасы болды ма? Жоқ. Тек бір-екі ру басы, олар да әншейін пенделікке басып, бұдан сырт айналып безіп кетті. Бұл сонда: «Пенде екенің рас болса, еміңнің не екенін мен де білемін», – деп қалған. Артынан басқа пенделерді аузына қаратқан күні оларды соңынан қуып барып, ауылдарын шауып талапайға салып, қара қан жұтқызып қайтты.
Содан бері мынау аспан астының біраз жерін көзімен көрді. Талай әміршінің ақ ордасына атын сарытты. Соның бәрі бұның қаһарын асыра түсті. Бүгінде оның атын естігенде әзірейілдің атын естігендей шошынбайтын пенде кем де кем. Сұлу өзінің ажарын, батыр өзінің қайратын, шешен өзінің тілі мен жағын қандай қызықтаса, бұл да айбарын, қолындағы өктем билікті сондай қызықтайды. Сұлу өзінің ұнағанынан, батыр өзінің жеңгенінен, шешен өзінің сөзінен қандай ләззат алса, бұл да ел біткенді бағындырып, жұрт біткенді қалтырататын қаһарынан сондай ләззат алады.
Ол осылай өзінің айбынын қызықтап, аспан астын түгел жаулап алам деп ел асып-жер асып жүре берер де еді; сонау Үнді мемлекетінің терістігінде бір шаһарды шапқан күні түс көрді. Көк күмбезді көп шаһарды шаңын қағып, шағып бітірген соң, қыран жапқандай той қылды. Тойдан кейін шатырында жатып, бастырылды.
Айналасына алақ-жұлақ қарайды, тұла бойы қорғасынмен қаптап қойғандай, қозғалтпайды. Шатырдың алдындағы жасауылдарды шақырайын десе дауысы шықпайды. Төсегіне, ту сыртынан желім құйып тастағандай тырп ете алмады. Бір уақытта сары ала атлас шатырдың ауызғы шымылдығы ақырын сусып көтерілді де астынан әлдекім сып етіп ішке кірді. Тұла бойы түп-түгел қара. Бетін де қара пердемен көлегейлеп алыпты. Мысық табандап бұның төсегіне қарай жақындап келеді. Міне, екі-ақ адым жер қалды. Бейуақтағы бейсаубат қонақтың оң иығы қимылдағандай болды. Аяғының басына дейін малынып түсіп тұрған қап-қара киімінің өңірінен алмас қанжар жарқ етті. Бұның сол баяғы қыбырсыз қалпы. Бейсаубат адам қайта қозғалды; міне тұп-тура мұның қасына кеп тоқтады. Үңіліп бетіне қарады. Қолындағы алмас қанжарын баппен созып, көкірек тұсына тақай берді. Қағып жіберейін десе қолы қимылдамайды. Ақ алмас жалаң-жалаң етеді. Манадан бері не болса да артын күтейін, әмірші басыма ар болатындай асығыс қылық жасамайын деп сабыр жиып жатқан санасы оқыс шайқалып, жан даусын шығарып, айқайлайын десе үн оралмай, тек иегі ғана кемсең-кемсең етті. Дәл кеңірдегіне тіреліп тұрған суық қанжар мұп-мұздай боп омырауына сылқ құлады. Бейсаубат адам енді мысық табандап есікке беттеді. Атлас шымылдықтың бір шетінен ұстап тұрды да артына бұрылды. Бетіндегі пердені түрді. Өңі таныс тәрізді.
Осы бір өндіршегі сорайған, сығыр көз, сіңір сарыны қашан көрді, қайда көрді? Анау жез қияқ мұрты мен шошақ сақалын да күнде көріп жүрген жоқ па еді? Қой көзі садақ атып, нысана көздеп тұрғандай індете қарайды. Құдды бір жолбарыспен арбасқандай, жанарын жартылай жасырып, сығырайып тұр. Дүниедегі ең айбарлы қарас осы. Алдыңа келген адамға осылай қарасаң зәре-құты ұшып қорықпағанмен, өзінен-өзі қуыстанып, қарадай діңкесі құриды. Осылай қарасаң, ешкім саған бой үйрете алмайды. Алдыңа келгенде амандық-саулық сұраспай, әуелі тап осылай бір тінтіп шықсаң, небір жүрегінде түгі бар деп жүрген ерлердің өзі арбалған торғайдай абдырап сала береді. Сосын абдыраған кісіге шынын айтқызу, әміріңді орындату бәрінен оңай. Сөзден бұрын көзбен тергеп алу мұның қашаннан бергі әдеті.
Бейсаубат адам енді міне, бұның өзін тінтіп, тергеп-тексеріп тұр. Арғы-бергіңді түгел көріп қойғандай. Әне көкірек тұсы тағы қимылдады. Мұның жон арқасы қайта мұздап қоя берді. Тағы да қанжар шығарады екен деп қорқып еді, ол иығындағы малынған қара киімін шешіп тастап, шымылдыққа беттеді. Үстінде аю терісінен жасалған кеудешесі бар. Тани кетті. Мынау, апырау, өзі ғой. Баяғыда соңына шырақ алып түскен дұшпандарынан жасырынып, тау ішінде Касар мергенге еріп қашып-пысып жүргенде тап осындай еді ғой.
Кеудешесі бар адам атлас шымылдықтың шетін еппен түрді де сып беріп шығып кетті. Шымылдықтың алдында ұйықтап жатқан қара аюдай дөңкиіп киімі қалды.
Бұл не – өңі ме, түсі ме? Төсінде мұп-мұздай болып әлгі бір суық қанжар әлі жатыр. Сипалап көріп еді, қанжардың өзі жым-жылас жоқ, орны мұп-мұздай. Шошып оянды.
Ұйықтап жатып ағыл-тегіл жылапты. Мұп-мұздай көз жасы селдір шоқша сақалын түгел жуып, омырауын малшып тастапты. Басын көтеріп, есік жаққа қарады. Жібек перденің ар жағынан еміс-еміс түскен шырағданның сұйқылт нұрынан басқа ештеңе жоқ. Енді қайтып көзін жұма алмады. Таң атқанша бақырайып жатты да қойды. Таң атқасын түсін жорытқысы келді. Бірақ артынан бұны жұрт естісе, әміршінің көңіліне осалдық кіріп жүр екен деп сөз қыла ма деп тірі жанға тісінен шығармасқа бекіді.
Сары ала таңнан тұрып шабдар атына мініп, анадай жердегі шолғыншы төбеге шықты. Етекте тапалған төсектей мыж-мыж боп қираған қала жатыр. Көшелерінде қыбыр еткен ешкім жоқ. Ойрандалған қаланы қоршай қонған ауыр қол енді-енді ояна бастады. Әр жер-әр жерде керней тартылды. Жаздың таңы жарқырап атты. Тек бұның ғана бойы дел-сал.
Содан бастап түн ұйқысы бұзылды. Арқыраған аттар үні де, қалың қолдың ыза қиқуы да бойын сергітпейді. Шатырына кіріп-шыққан сайын абдырап сала береді. Шымылдықтың алдында әлдене аяғынан тартып қалатындай тезірек өтіп кетуге асығады.
Көзден ұйқы қашса, көңілге ой үйір. Қыбыр-қыбыр тіршіліктің бәрі сілтідей тұнып, тыныс алған мынау жым-жырт түнде тек қатер мен қауіп қана ояу сияқты; шатырдың бұрыш-бұрышына тығылып алып, кірпігі қашан ілінер екен деп көз жазбай бұны аңдып тұрғандай. Мынау селк етер дыбысы жоқ, аңылжыған дүние төбеңнен ерсілі-қарсылы оқ зуылдаған ұрыс даласынан әлдеқайда қорқынышты екен. Айқас даласында ауыр қолдың айқайы, кісінеген ат үні, қалың дүсір, ысқырған жебелер, ышқынған дауыстар мен ағыл-тегіл қан әруағыңды шақырып, делебеңді қоздырса, мынадай жым-жырт түнде аяқ астынан, шөп арасынан, арбаңдап шыға келетін сары шаяндай ойда жоқта сап ете қалатын жымысқы ойлар төбе құйқаңды шымырлатып, еңсеңді езе түседі.
Елден шыққалы біраз болыпты. Одан бері айтқаны болып, атқаны тиіп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ сайран салып келе жатқанымен бұның өзін мысқалдап болдырта түсетін өлшеулі ғұмырдың алдамшы жылдарының бірталайын ада еткені есіне енді оралды. Жыл деген шіркін де аяр ажалдың мойнына салып қойып, шошытып алмайын деп қатты жұлқымай, бір шетінен шым-шымдап өзіне тартып жататын әзәзіл жібек тұзағы ғой. Оны да тап осы күнге дейін ойлап көрмепті. Жарты әлемді тікесінен тік тұрғызған әмірші басымен ұйықтап жатып жылағанына қарағанда мұның да иманы сескенетін болғаны. Пенде шіркіннің небір ессізі мен есерін де үрейлендіретін өлім мен кәрілік бұны да түршіктіргені. Әуел баста көршілес сартаулы елін шабамын деп шығып ап, қалың қолдың қиқуына ілесіп, жеті шыған жер түбіне асып кетіпті. Қолдың алды бүгінде Әбес күннен әрі асып, арғы дүниенің шаңын қағып жатыр. Бұл болса сол мол қиқудың артынан тепеңдеп аса беріпті, аса беріпті. Сары ала шатыры төбесінде болғанмен, елі, жері артта қалды. Қыл тұзақпен буындырып зорға уыстап отырған жат ел, жат жерде қауіп пен қатердің қайдан келедісі бар ма! Бұдан арғы еңку-еңку жер шалып жөңкілген қолдың соңынан желкілдеп шаба бергенді жасы да көтермейді. Шаптым, алдым деп сыртынан көңіл тоғайтып жүрген кең-байтақ қонысы артта қалды. Бұлар жөңкіліп мұнда жүргенде онда не болып жатқанын кім біліпті… Ендігі жорықты ұлдары мен баһадүрлеріне тастап, осы иемденген елі мен жерінің қызығын көруге шыққан жөн шығар. Бұлай шапқылай берсе үңгірінен адасып қалған кәрі аюдай жат жерде неге тап болатынын қайдан біледі. Жас қартайып, әл тайып келе жатыр, мынандай сүргін жорықта бір күн болмаса бір күні соңындағы қолына сырын алдырып қоюы да мүмкін. Одан да тасы өрге домалап тұрғанда сонау желкеден жау төніп тұрмайтын бостан өз еліне жетіп, ауыр қолды да, баһадүрлерді де, ұлыс-ұлысқа ұлық қып тастап кететін ұлдарын да алыстан айбарымен ықтырып, сары ала шатырдың төрінде шалжиып неге жатпайды!
Әбіш КЕКІЛБАЕВ.
(Жалғасы бар).