Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын ерекше атап өтуінің өз жөні бар. Қазіргі таңда IT саласы дүниежүзі бойынша айрықша сұранысқа ие. Соның ішінде ақпараттық технологиялардың қарышты қадаммен жетіліп, күн санап дамып жатқан қазіргі заманда оны қолға алып, дамытпасақ, өркениетті озық отыз елдің қатарына ену Қазақстан үшін орындалмас арман болып қалары белгілі. Себебі, экономикасы, әлеуеті мен өркениеті дамыған елдердің барлығы дерлік сандық жүйеге ойысып, өнеркәсібінің дамуына және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.
Тұтастай алғанда, бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделген.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда төрт бағыт бар. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау.
Қарап отырсақ, бұл жұмыстардың барлығы атқарылу үстінде. Интернет желісі қолжетімді болу үшін облыс, аудан орталықтарынан бөлек, шалғайдағы ауылдарға да қолайлы жағдай жасалуда. Мұның барлығы санды технологияны ендіру үшін жасалған қадамдар болатын. Адамдар ұялы телефондарына сан алуан әлеуметтік желілерді жүктеп, қоғамда орын алған оқиғаларға байланысты ой-пікірлерін білдіретін болды. Сондай-ақ, ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» теле-радиохабар тарату желісі іске қосылып, отандық арналардың аудиториясы кеңейіп, мүмкіндігі арта түсті. Нәтижесінде, республикамыздың әрбір аймағынан хабар тарататын облыстық телеарналарды еліміздің кез келген өңірінен көруге болады. Бұрын тек Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты ірі қалаларда ғана көрсететін арналарды тамашалайтын мүмкіндік туды.
Жаңа технологиялардың артықшылығы жеткілікті. Мәселен, ғаламтордан тамашалап жүрген ақылды үйлерде бәрі оңай басқарылады. Оған ілесу үшін біз білімімізді барынша жетілдіріп отыруымыз қажет. Сонымен қоса жаңалықтарды уақытында қабылдау да маңызды. Қазір ақпараттың жылдам тарайтын заманы. Әлем бойынша бір секундта 10 сайт ашылады екен. Тіпті, бір дегенде үш миллион хат жіберіледі. Біздің осы үдерістен қалып қоймай, ілгері жылжуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, цифрлы жүйе әлемдік көшке ілесу үшін қажет.
Цифрландырудың маңызды бөлшегі – Электронды үкімет. Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға енгізу шаралары осыдан 10 жыл бұрын сәтті басталғанын айта кету қажет. Дәл осы жердегі бұлтартпас мысал, – «Egov» немесе Қазақстанның электронды Үкіметі. «Электронды үкімет» қызметтері қазақстандықтардың барлық өмір сүру қадамында – дүниеге келгеннен бастап зейнеткерлікке шығуына дейін бірге жүргізіледі. «Egov.kz»-те баланың туылғанын тіркеуге, куәлік алуға, балабақшаға кезекке тұруға, ЖОО-на құжаттар тапсыруға, некеге тұруға, медициналық ұйымын таңдауға болады. Мұнда тегін көмек көрсету көлемін алу мүмкін. Қазіргі кезде «egov.kz» арқылы салықты, мемлекеттік бажды, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлды, телефон байланысын төлеуге болады.
Қысқасы «Электронды үкімет» – қазіргі ғасырдың даму үрдісіне сәйкес қызмет етуді көздейтін бағдарлама.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының түпкі мақсатына терең үңіле қарасақ, бұл жерде халықтың өмір сүру деңгейін жоғары сатыға көтеру, көптеген әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуға зор заманауи мүмкіншіліктер жасау қарастырылған. Қала берді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы мақсат етіп қойған дамыған озық отыздықтың ортасынан ойып тұрып орын алу – жалпыхалықтық міндет. Сондықтан, аталмыш бағдарламаның аясында уақыттың үдесінен шығу үшін жаңа талаптарға сай еңбек ету қажет.
Бұл бағдарлама сот саласында да кең қолданылуда. Әрине, мұның бәрі қағазбастылықтан арылып, жұмысымызды жеңілдететіні баршаға белгілі. Сол себепті заман ағымынан қалмай, ізденіспен жұмыс істеуге талпынудамыз.
Нұрлан СЕРІКОВ,
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық аумақтық сот орындаушылар бөлімінің басшысы,
аға сот орындаушысының міндетін атқарушы.