ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ ЖАСАЛҒАН СӘТТІ ОТА

Денсаулық
788 Views

«Жүрек қантамырларының ауруларын – адам денсаулығыныңбірінші жауы», – деп атайды. Өйткені басқа ауруларға қарағанда бұдан адамдар ажалға көбірек ұшырайды. Көптеген адамдар «инфаркт білдірмей жүреді де уақытыкелгенде тарпа бас салады» деген қате пікір қалыптастырған. Аталған дерт өзүдерісінде талай сезіктер туғызады, оларды уақытында аңғару адамды оның азабынан да, ажалдан да құтқаруға септігін тигізетіні анық. Адам қуанышты да, қайғыны да жүрегімен қабылдайды. Жүйкенің тозуы, дұрыс тамақтанбау, жаман әдеттерге үйір болу, осының бәрі-бәрі алдымен жүрекке салмақ салады. Сондықтан да болар, жүрек дерті – ең кең тараған аурудың түріне жатады. Өлім-жітімкөрсеткішінде ол алғашқы орынды алады.

Қазақстанда жүрек-тамыр аурулары жиі кездескенімен, соңғы уақытта бұл саладағы медициналық қызмет көрсету мен бақылау сапасы артып келеді. Сапалы дәрігерлік қызметтің арқасында жүрек дертінен болатын өлім-жітім біршама төмендеген. Жүрек ауруларын емдеу үшін еліміздің барлық өңірлерінде дерлік кардиологиялық орталықтар ашылған. Әрбір облыс, қалада мемлекеттік және жекеменшік ауруханалар жұмыс істей бастады. Ал кардиохирургия саласы бойынша еліміз Орталық Азияда алдыңғы орынға шығып отыр.

Жүрекке күрделі оталар енді Нұр-Сұлтан, Алматыда ғана емес, облыс орталықтарында да жасала бастады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елдегі дәрігер мамандарды әлемдегі ең мықты орталықтардан тәжірибеден өткізуде. Жаңа заманауи техникалар сатып алынуда. Осы тұрғыда еліміздегі үшінші ірі мегаполистегі кардиологиялық орталықтың қызметін ерекше атап өткіміз келеді.

Шымкент қалалық кардиологиялық орталығы – еліміздегі жетекші емдеу мекемелерінің бірі болып саналады. Кезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының өзі аралап көріп, өте жоғары баға берген мекеменің қазіргі тыныс-тіршілігі де әбден қуантады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтан кейін облыстағы жүрек-қантамыр ауруларының көрсеткіші жоғары сапаны көрсетіп келеді. Оған кардиологиялық орталықтың қосқан үлесі де зор екені айтпаса да түсінікті.

Орталық туралы сөз қозғамас бұрын алдымен қалалық кардиологиялық орталығының директорының міндетін атқарушы Е.Қуатбаев туралы аз-кем мәліметтермен таныстыра кетейік. Ермағамбет Мұханұлының денсаулық сақтау саласында жинаған тәжірибесі өте мол. Ол бұған дейін Астана, қазіргі Нұр-Сұлтандағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта бірнеше жыл бөлім басшысы қызметін атқарып, жүрегінде ақауы бар сан мыңдаған азаматқа күрделі ота жасаған. Сондай-ақ Шымкенттегі кардиологиялық орталықта бөлім басшысы болып жұмыс істеген.

Аталған орталық қызметкерлері өз біліктіліктерін бұл жолы да дәлелдеді. Бұлай деуіміздің себебі таяу арада ғана жүкті келіншектің жүрегіне ашық ота жасаған дәрігерлер төніп тұрған қауіп-қатерге қарамастан ана мен бала өмірін ажалдан арашалап қалды. Осыған орай оқиғаның жай-жапсарымен ақпарат бөлісу мақсатында Шымкент қаласы кардиологиялық орталығының мәжіліс залында арнайы брифинг болып өтті.

Ота кезінде медицина мамандары іштегі баланы босандырып, келіншектің жүрегін тоқтатып қойған. Шымкентте бір мезетте жасалған екі күрделі отаның нәтижесінде салмағы үш келіден асатын ұл бала дүние есігін ашқан.

Нақтылап айтар болсақ, Шымкент қаласының кардиологиялық орталығына жедел көрсеткішпен Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Манкент елді мекенінің тұрғыны 35 жастар шамасындағы жүкті әйел жатқызылған. Кешенді тексеру мәліметтері бойынша 39 апта жүктілік кезінде қолқаның жедел жыртылуы анықталған. Ота жасалған жүкті келіншекке «1 типті қолқаның жедел жыртылуы» нақтамасы (диагнозы) қойылған. Анықталған патологияны және жүктілікті ескере отырып, науқастың өзі мен оның сәбиі үшін қауіп өте жоғары деп бағаланған.

Жиында «Осы уақытқа дейін қалалық кардиологиялық орталығында мұндай қосарланған патологиямен жүкті әйелге ота жасалған емес. Мұндай ауру кардиология мен кардиохирургияда сирек кездеседі. Статистика мәліметтеріне сүйенетін болсақ, мұндай диагноз қойылған емделушілердің 50 пайызы жедел жәрдем келгенге дейін, қалғаны отаға дейін көз жұмып кетеді екен. Тиісінше, Шымкент қалалық кордиологиялық орталықтың мамандары да ота кезінде ана мен баланың өміріне қауіп төнгенін жасырмайды. Алайда, тәуекелге барған дәрігерлер отаны сәтті жасап шығып, екі адамның өмірін аман алып қалды. Ана мен баланың бүгінгі жағдайы жақсы»,– деді Ермағамбет Мұханұлы Қуатбаев.

Шара барысында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Мархабайұлы Байдувалиев те орталықтың білікті де білгір қызметкерлерін мақтан ететінін айтып, өз ризашылығын білдірді.

Орын алған оқиғаға байланысты ота жасалған пациентпен біз де тілдескен едік. Ол қазіргі таңда жағдайының өте жақсы екенін алға тартып, дәрігерлердің жоғары деңгейдегі күтім көрсетіп жатқанына алғысын білдіріп, нәрестесімен қауышар күнді асыға күтетінін жеткізді.

Айта кетейік, қазіргі таңға дейін қалалық кардиологиялық орталықта жүкті әйелге мұндай қосарланған патологиялық ота мүлде жасалмаған. Ал, еліміз бойынша Республикалық орталықтарда бірлі-жарым мұндай жағдайлар болса, көптеген жағдайларда санитарлық авиация желісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы ҰҒКО республикалық орталықтарға тасымалдауға мәжбүр болған. Оған қоса пациенттерді санитарлық авиация желісі бойынша тасымалдау шығын келтіреді және қолқаның жыртылуының асқынуы мен өлім қаупін жоғарылатады екен. Сондықтан, аталған пациенттің жағдайы тасымалдауға жарамайды деп бағаланып, жедел түрде консилиум ұйымдастырылған және Шымкент қаласының кардиологиялық орталығында жедел түрде ота жасау қажет деген шешім қабылданған. Содан кейін ота кезінде кардиоорталықтың кардиохирургтар командасы жасанды қанайналым жүйесінің көмегімен жүректі тоқтатып қойып, қолқа тамырының доғасы мен супракоронарлық аймағына протез орнатқан. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлаған болатын. Аталған ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда Шымкент қаласының кардиологиялық орталығында білікті мамандар жұмыс атқарады. Сонымен қатар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 2019 жылы қолқа тамыры жыртылған 7 науқасқа ота жасалып, нәтижелері қанағаттанарлық деңгейді көрсеткен. Қалалық кардиологиялық орталығы мұндай нақтамасы анықталған Шымкент қаласы мен Түркістан облысының халқына ғана емес, сонымен қатар Жамбыл, Қызылорда облысының халқына да жедел оталарды орындай алады. Бұл, әрине өз кезегінде қалалық кардиологиялық орталықтағы ақ халатты дәрігерлердің қызметтеріне адалдығын, ізденімпаз, еңбекқорлығын көрсетеді.

А.СӘКЕНҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *