ҒАЛЫМНЫҢ ҒАЛАМАТ ЖАҢАЛЫҒЫ

Білім
355 Views

Ғылым жолы – қашанда күрделі жол. Әр салада адам игілігіне жараған не түрлі ғаламат өнертабыстар табылуда десек, соның бірі, еліміздің іргелі ғылыми-зерттеу орталығына айналған ЕҰУ-нің ғалымы МАРГАНЕЦ КЕНІНЕН БОЯҒЫШ АЛУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ойлап тапты.

ЕҰУ оқытушы-зерттеушісі Руслан Сафаров өз әріптестерімен бірге марганец кенінен тримарганец тетраоксиді бояғышын алудың жолын тапты. Жаңа технологияның ерекшелігі сонда бұл жолмен құрылысқа қажетті шоколад түсті кірпішті жасау үшін қолдануға болады. Сәтті шыққан бұл әдісті ғалымдар коммерцияландыруды және өндіріске енгізуді жоспарлап отырған көрінеді.

Ғалымның бұл тримарганец тетраоксиді бояғышын алудың жаңа технологиясы әлдеқашан патенттеліп үлгерген. 2022 жылы жоба жетекшісі Руслан Сафаров әріптестерімен бірге бұл ғаламат жаңалығы үшін ғылым қорының грантын жеңіп алған еді. Бұл әрине, өз кезегінде ғылыми әзірлемені коммерцияландыруға және өндіріске енгізуге мүмкіндік береді.

Ғылыми сүбелі үлесі жайында:«Қазақстанда марганец кендерінің едәуір қоры бар. Олардан бояғыш алуға болады. Біз ғылыми зерттеу жүргізіп, оның қорытындысы бойынша тримарганец тетраоксидін алудің технологиясын таптық. Оның үлгісін сараптау үшін Көкшетау қаласындағы кірпіш зауытына тапсырдық. Мамандар біздің жасаған өнімнің сапасы жақсы екендігін растады», — деді ЕҰУ оқытушы-зерттеушісі, химия ғылымдарының кандидаты Руслан Сафаров.

Ғалым бүгінде бағдарламалау тілін меңгеріп, жаңа дағдыларды ғылыми жұмыстарында кеңінен қолдануда. Бұл өз кезегінде зерттеулердің аясын кеңейтуге жол ашады.

Соңғы кезде өзінің табысты жаңалығына арқау болған нейрондық желі арқылы компьютерлік бағдарламалар қолданысы біршама мүмкіндіктер беріп жатқанын айтты. «Геохимиялық зерттеулерде біз нейрондық желілерді қолдана бастадық. Химия, геология, IT қиылысындағы ғылымдардың мұндай үйлесімі жаңа қызықты нәтижелер береді, яғни объектілерді әдеттегі қарау кезінде айқын емес заңдылықтарды табуға мүмкіндік жасайды. Мен өзім бағдарламалаумен, ақпараттық жүйелерді құрумен айналысамын. Сондықтан геохимия мен қоршаған орта объектілерін бақылау саласында машиналық оқытудың нейрондық желілер және басқа технологиялары сияқты компьютерлік модельдерді қолдану бағытын игеремін. Бұл зерттеу аясын кеңейтуге көмектеседі», — дейді ғалым Р. Сафаров.

Ғалым әріптестерімен бірге осыған дейін де қаланың тұрғын аудандарындағы, сондай-ақ өнеркәсіптік аймақтардағы ластаушы заттардың, ауыр металдардың таралуын зерттеп келеді. Бұл ретте ғалым Руслан Сафаров пен басқа да әріптестеріне шыдамдылық пен аса ізденімпаздылықты талап етер ғылым жолында толағай табыстар мен ғаламат жаңалықтар легін тілемекпіз.

Сүйкім ТІЛЕПБЕРГЕН,

ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану

факультетінің магистранты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *