1993 жылы 15 қыркүйекте Бостандық ауданында дүниеге келгенмін. Шыршық қаласындағы №16 орталау мектебін, сонымен қатар техникалық кәсіптік өнерколледжін қаржыгер-экономист мамандығы бойынша табысты тәмамдадым.
2012 жылы Атамекенімізге оралдым. Қазақстан азаматы атандым. Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің (қазіргі ОҚУ) филология факультетіне оқуға түстім. 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған «Отансүйгіштік Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады!» атты шығармашылық байқаудың жүлдегері ретінде үшінші дәрежелі Дипломмен марапатталып, Жапонияда шығарылған Wizen Excel-88 фотоаппаратын сыйлыққа алдым. Сол жылы Шымкенттегі «Әлем» баспасынан жарық көрген аталмыш жоғары оқу орны студенттерінің «Бір оқиға желісіндегі әңгімелер жинағы» атты оқу құралына «Айсәуле» әңгімем мен «Бақытсыздықтан бақытты іздеп табыңыз» деп аталатын мөлтек сырым енген.
2016 жылы Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірдім. «Қазақ тіліндегі антропонимдердің ұлттық-мәдени ерекшеліктері» тақырыбындағы диплом жұмысын сәтті қорғадым. Сол жылы Шымкенттегі «Азиат» баспасынан «Әдебиет әлемі» сериясымен жарық көрген қазақтың айтулы ақыны Тоқаш Бердияров жайлы жазылған «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» деп аталатын естеліктер кітабының құрастырушы редакторы болдым. Оған өзімнің «Айырылмастай дос ақын – қос ақын» естелігім енген.
2018 жылы Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті филология және құқық факультетін үздік дипломмен тәмамдап, педагогика ғылымының магистрі атандым. «Студенттердің кәсіби даму барысындағы әлеуметтік-психологиялық қиыншылықтары мен бейімделу мәселелері» тақырыбындағы диплом жұмысын сәтті қорғадым.
Сегіз жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ Ақпараттық білім беру орталығында кітапханашы болып қызмет істеп келемін. Таяуда ОҚУ колледжіне педагогикалық қызметке орналастым. Республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының шығармашылық жұмысына да белсене араласудамын. Айдана және Раяна есімді сүп-сүйкімді қос қызды тәрбиелеп, өсіріп отырмын.
Былтыр Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 80 жылдық мерейтойына орай «Менің университетім» атты кітабым жарық көрді. Оған журналистика мен әдебиеттің сан түрлі жанрларында жарияланған материалдарым енген.
Биылғы жылдың ақпан айында республикалық «Жастар» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласынан пәтер алып, көл-көсір қуанышқа бөлендім. Өзімді қазағымның бақытты бір қызына балаймын. Сөз орайы келгенде біз – жастарға үлкен сенім артып, айрықша қамқорлық жасап, қолынан келген барлық жақсылықтарын аямай отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит С Әбдімәжитұлы Сыздықбеков мырзаларға жүрегімнен шыққан шынайы алғыс сезімімді жеткізгім келеді. Ата-анама да өзімнің асқан ризашылық сезімімді білдірмекпін.
Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы,
ОҚУ оқытушысы, педагогика ғылымының магистрі.
Шымкент қаласы.