ҚАЗАҚСТАНДА ФИЗИКАЛЫҚ AI ДАМИДЫ

Саясат Қоғам
11 Views

Саясат Нұрбек NVIDIA технологияларын ғылым мен өндіріске енгізу мүмкіндіктерін таныстырды

Астанаға NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангтың алғаш рет келуі Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастығын дамыту тұрғысынан маңызды оқиға болды. Кездесу барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздің технологиялық әлеуетін, жоғары білім беру жүйесіндегі цифрлық жаңғыру нәтижелерін таныстырып, физикалық жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған бастамаларды ұсынды.

Министрдің назарына ұсынған негізгі бағыттардың бірі — физикалық жасанды интеллект технологияларын ғылыми зерттеулерге, инженерлік әзірлемелерге және өндірістік міндеттерді шешуге пайдалану. Бұл бағыт Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға, отандық мамандардың құзыретін арттыруға және университеттердің инновациялық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

 

Физикалық жасанды интеллект: виртуалды модельден нақты өндіріске дейін 

Physical AI деп аталатын технологиялық бағыт жасанды интеллектінің робототехникамен, инженерлік жүйелермен және нақты физикалық ортамен байланысын қамтиды. Оның көмегімен күрделі өндірістік үдерістерді виртуалды кеңістікте модельдеуге, роботтардың жұмысын үйретуге, инженерлік шешімдерді алдын ала сынауға және өнеркәсіптік нысандардың цифрлық егіздерін әзірлеуге болады.

Мұндай технологиялардың маңызы әсіресе тау-кен өнеркәсібі, энергетика және көлік салаларында арта түседі. Өндірістік нысандардың цифрлық модельдерін жасау ықтимал тәуекелдерді бағалауға, технологиялық үдерістерді оңтайландыруға және жаңа инженерлік шешімдерді енгізуге дайындықты жақсартуға жағдай жасайды.

Саясат Нұрбек ұсынған бастамалар аясында осындай мүмкіндіктерді Қазақстанның ғылыми-білім беру жүйесіне енгізу мәселесіне басымдық берілді. Бұл ретте университеттер тек білім беретін мекеме емес, технологиялық жаңалықтар әзірлеп, оларды нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағыттайтын ғылыми орталық ретінде дамуы қажет.

 

QAIRU базасында өңірлік орталық құру бастамасы 

Физикалық жасанды интеллектіні дамытудағы маңызды ұсыныстардың бірі — Qazaq AI Research University (QAIRU) базасында NVIDIA Physical AI Hub өңірлік орталығын құру.

Орталықтың негізгі міндеті — жасанды интеллект, робототехника және инженерлік модельдеу салаларындағы зерттеулерге қажетті технологиялық орта қалыптастыру. Студенттер мен зерттеушілер NVIDIA Omniverse және Isaac құралдарын пайдаланып, цифрлық егіздер әзірлеуге, робототехникалық жүйелерді сынақтан өткізуге және өндірістік міндеттерге арналған инженерлік шешімдер жасауға мүмкіндік алады.

Бастаманың практикалық маңызы университет қабырғасында әзірленген технологияларды нақты кәсіпорындар жағдайында сынақтан өткізу мүмкіндігімен байланысты. Нәтижесінде ғылыми жобаларды тәжірибеге енгізу жолы қысқарып, жоғары оқу орындары мен өндіріс арасындағы ынтымақтастық нығая түседі.

Министр Саясат Нұрбектің ұсынған бағыты ғылыми зерттеулердің экономикалық тиімділігін арттыруға да ықпал ете алады. Өйткені технологиялық шешімдердің құндылығы олардың ғылыми жаңалығымен ғана емес, өндірістегі нақты мәселелерді шешу қабілетімен де өлшенеді.

 

NVIDIA бағдарламалары және инженерлік кадрлар даярлау 

Physical AI саласының дамуы заманауи технологияларды меңгерген мамандардың болуына тікелей байланысты. Осыған орай Қазақстанның техникалық жоғары оқу орындарын NVIDIA-ның білім беру бағдарламаларына тарту жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта еліміздің 12 техникалық жоғары оқу орны NVIDIA Deep Learning Institute (DLI) бағдарламасының пилоттық кезеңіне қатысты. Сонымен қатар төрт оқытушы NVIDIA DLI амбассадоры мәртебесін алды. Алдағы уақытта бағдарламаны кеңейту және оған қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушыларын тарту мүмкіндіктері пысықталуда.

Бұл бастама жоғары білім беру бағдарламаларын жаңа технологиялық талаптарға бейімдеуге, оқытушылардың кәсіби даярлығын жетілдіруге және студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.

Саясат Нұрбек таныстырған бастамалардың маңызды қыры — озық технологияларды жекелеген мамандардың ғана емес, еліміздің жоғары білім беру жүйесінің кең ауқымында меңгеруіне жағдай жасау. Мұндай тәсіл жасанды интеллект саласындағы кадрлық әлеуетті арттырып, қазақстандық мамандардың халықаралық технологиялық ортадағы бәсекеге қабілеттілігін күшейте алады.

 

Қазақстанның AI-білім беру жүйесі кеңейіп келеді 

Қазақстанда жасанды интеллект бойынша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жұмыстар да жалғасуда. Coursera платформасымен серіктестік аясында 270 мыңнан астам белсенді пайдаланушы тіркелген. Серіктес жоғары оқу орындарының саны 100-ден асқан.

Платформа курстарын меңгеру нәтижесінде алынған 211 мыңнан астам академиялық кредит Мемлекеттік тізілімде танылды. Ал AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында жасанды интеллект бойынша 706 мыңнан астам мамандандырылған сертификат берілді.

Бұл көрсеткіштер елімізде цифрлық білім алуға сұраныстың артып келе жатқанын және жасанды интеллектіні меңгеруге бағытталған білім беру инфрақұрылымының қалыптасып жатқанын аңғартады.

Министр Саясат Нұрбек үшін мұндай бастамалардың келесі кезеңі білім беру нәтижелерін нақты технологиялық жобалармен ұштастырумен байланысты. Жасанды интеллект бойынша білім алған жастардың өз идеяларын жүзеге асыруына, зерттеу жүргізуіне және өндірістік міндеттерді шешуге қатысуына мүмкіндік беру маңызды.

 

Жастардың идеясы — технологиялық дамудың негізі 

Дженсен Хуангтың Астанаға сапары аясында әлемдік рекорд орнатқан HackAlem AI хакатонының жеңімпаздарымен және Tomorrow School студенттерімен кездесу де өтті. Жас әзірлеушілер өз жобаларын таныстырып, білімдерін тәжірибеде қалай қолданып жүргендерін көрсетті.

Бұл кездесу Қазақстан жастарының жаңа технологияларды меңгеруге ғана емес, оларды пайдалана отырып, дербес шешімдер әзірлеуге де қызығушылық танытып отырғанын көрсетті. Мұндай ізденістерді қолдау еліміздің инновациялық ортасын дамытуға және болашақ инженерлер мен зерттеушілердің қалыптасуына ықпал етеді.

Саясат Нұрбек атап өткен міндеттердің бірі де осы мақсатпен сабақтасады: жастардың әлеуетін ашу үшін білім беру, ғылыми зерттеу және өндірістік тәжірибе арасындағы байланысты күшейту қажет. Университеттерде пайда болған идеялар тәжірибелік сынақтан өтіп, қоғам мен экономикаға пайда әкелетін өнімдерге айналуы тиіс.

 

Ғылыми әзірлемелерден экономикалық нәтижеге дейін 

NVIDIA-мен ынтымақтастықты дамыту және Physical AI Hub өңірлік орталығын құру бастамасы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Оның нәтижесі заманауи технологияларды меңгерумен ғана шектелмей, оларды ел экономикасының нақты қажеттіліктеріне бейімдеу арқылы бағалануы керек.

Бұл тұрғыда ғылыми зерттеулерді өндіріспен байланыстыру, университеттердің инженерлік әлеуетін арттыру және жастардың технологиялық жобаларын қолдау ерекше маңызға ие. Цифрлық егіздер, робототехникалық жүйелер және интеллектуалды өндірістік модельдер болашақта бірқатар саланың жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік бере алады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің пікірінше, Қазақстан үшін басты міндет — озық технологияларды игерумен шектелмей, оларды экономиканың нақты мәселелерін шешуге пайдалану. Ол үшін университеттердегі ғылыми ізденістерді өндіріс орындарымен ұштастырып, жастардың идеяларын жүзеге асыруына қажетті жағдай жасау қажет.

Министр қазақстандық студенттер мен зерттеушілердің әлемдік технологиялық кеңістікте өз әлеуетін танытуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Ендігі мақсат — сол мүмкіндіктерді кеңейтіп, ғылыми ізденістерді нақты жобаларға, ал жобаларды елдің дамуына үлес қосатын технологиялық шешімдерге айналдыру.

Қазақстанда физикалық жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі бастамалардың маңызы да осында. Егер білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы байланыс жүйелі түрде нығайтылса, еліміз жаңа технологияларды тұтынушы ғана емес, оларды әзірлеп, тәжірибеде қолданатын мемлекет ретінде де өз орнын бекіте алады.

 

Мұратбек Тоқтағазин,

Қазақстанның Бас редакторлар клубы

 қоғамдық бірлестігінің бірінші вице-президенті

Астана қаласы