ҚАЗАҚСТАНДЫҚ РЕКОРДТЫ ЖАҢАРТҚАН ТРАНСПЛАНТОЛОГ

Денсаулық
665 Views

Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Денсаулықсақтау басқармасы басшылығының қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде мегаполистегі трансплантологиялық оталар нәтижелері кеңінен баяндалды.

Брифингтің негізгі кейіпкері – Шымкент қаласы №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай болды.

Елімізде медицинаның бір тармағы – трансплантология, яғни ағзаны ауыстыру саласы жылдан-жылға дамып келеді. Бұл саланың қанатына су бүркіп, қарқын алуына үлес қосып отырған отандық санаулы хирургтар бар. Соның бірі және бірегейі осы – Абылай Донбай.

Ол 11 жылдан бері медицина саласында жұмыс істеп келеді. Алтын қолды хирург 600-ден аса науқасқа операция жасаған. Хирургия бағытына инновациялық технологияларды ендіріп, трансплантология саласын дамытуда. Өзі басқарып отырған ауруханадағы білікті мамандармен бірге Абылай Әбдіжаппарұлы 2019 жылы бауыр трансплантациясы отасын 5 сағат 48 минутта жасап, қазақстандық рекордты жаңартқан.

Абылай Әбдіжаппарұлының бір ерекшелігі – туыстық трансплантацияны жетік меңгергендігі. Осы ретте А.Донбай секілді туыстық трансплантациялық отаны істейтін хирургтер ТМД елдері ішінде саусақпен санарлықтай екенін айта кеткен жөн болар. Бүгінгі таңға дейін №1 қалалық клиникалық ауруханасында бүйрек және бауыр трансплантациясы оталары сәтті жасалған. Сонымен қатар, медициналық туризмді дамыту мақсатында бүгінгі таңға дейін 23 шетел азаматына (Германия, Канада, Израиль, Румыния) бүйрек трансплантациясы жасалып және қазіргі таңда 100-ден аса бүйрек трансплантация отасы сәтті аяқталған. Міне, осындай білікті маманның біздің елімізде, нақтырақ Шымкент қаласында болғаны көңіл қуантады.

Абылай Донбай брифинг барысында қаладағы өз жақындарына донор болған сәтті туыстық оталарға тоқталды.

Шымкент қаласы трансплантологиялық оталардың орталығына айналуда. Ақпараттық-коммуникациялық орталықта денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте осынау ірі жоба талқыланды. Алдағы уақытта жергілікті ақ халаттылар шетелдерде біліктіліктерін арттырып, күрделі отаны жасаудың тың тәсілдерін меңгеретін болады. Алайда, мамандар орган жетіспеушілігі қолды байлауы мүмкін деп алаңдайды.

– Шымкент қаласында ең алғашқы бүйрек трансплантациясы 2013 жылы басталды. Ал 2014 жылы бауыр ауыстыру тәжірибесін қолға алдық. Бүгінге дейін үшінші мегаполисте трансплантология бойынша бүйрекке 166, бауырға 24 ота жасалды. Ал биыл шеберлік сабағы аясында жеті жыл бауыр циррозымен ауырған 53 жастағы Гүлмира Көшкінбаеваға жедел түрдегі бауыр трансплантациясы қажет болды. Науқастың ұлы Бауыржан Бүркітбаев өз еркімен донор болуға келісті. Одан бөлек, 43 жастағы науқас Нұрғазы Бұйрабаевтың бауырына ота жасадық. Ол кісіге әпкесі Толқын Бұйрабаева донор болды. Нәтижесінде, екі операция да сәтті аяқталды. Қазіргі таңда бәрінің жағдайы қанағаттанарлық, – деді Абылай Әбдіжаппарұлы.

Білікті трансплантолог дәрігердің сөзінше, бауыр мен бүйрек трансплантациясын жүргізу пациенттердің өлімін азайтуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жоғарыда аталған оталарды реципиентке (науқас) Склифосовский институтының дәрігерлері профессор М.С.Ноурузбаев, м.ғ.д. О.Д.Олисов және Б.С.Байтөре, ал донорға №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері А.А.Донбай, Д.А.Қабылов және Р.Ж.Үмбетжанов жасаған.

Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте трансплантологиялық оталарды іске асыруда шымкенттік дәрігерлердің әлеуеті талқыланды. Шаһардың бас дәрігерінің айтуынша, қалада мұндай күрделі операцияларды іске асыруға қажетті барлық жағдай жасалған. Материалдық база да, мамандар да сақадай сай. Тек органдардың тапшылығынан дер кезінде науқастарды аман алып қала алмайтынымыз өкінішті дейді.

Елімізде ағзаны трансплантациялауға үлкен көңіл бөлінуде.

Соңғы статистикаға сүйене отырып, денсаулық мамандары Шымкент қаласы мен Түркістан облысында бауыр трансплантациясына – 50, бүйрек трансплантациясына – 1 076 адам мұқтаж екенін жеткізді. Бүгінде елімізде Шымкент қаласы ағза ауыстыру оталарын іске асыруда Нұрсұлтан, Алматы қалаларынан кейін үшінші орында екен. Алдағы уақытта қала трансплантацияның орталығына айналмақ. Қазірдің өзінде күрделі оталарды ұршықтай иірген жергілікті мамандар орган жетіспеушілігін болдырмау үшін мәйіттік донорлықты жолға қоюға қызу кіріскен.

Сондай-ақ, жиында биыл шетелдік әріптестермен «туыстық бауыр трансплантациясы» бойынша 2 шеберлік сабағы өткізілгені туралы да айтылды.

Спикердің айтуынша, қаладағы дәрігер-трансплантолог мамандарды алыс және жақын шетелдерге біліктілігін арттыру курстарына жіберу жоспарланған. Одан бөлек, Шымкентте трансплантология, гепатологиялық және гемодиализ орталықтарын ашу көзделіп отыр.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *