УАҚЫТТАН АСЫП ТУҒАН АСЫЛ ТҰЛҒА

Тұлға
985 Views

Атырау облысында бес жыл облыстық прокурор болып қызмет атқарған кезімде осы елдің үлкен тұлғасы Жұмағұлов Төкен Танаұлымен таныстым.Ұлы Отан соғысы кезінде кішкентай бала әкеден бір жасында жетім қалған, тұрмыстауқыметін көп көрген Төкен ағамыз еш қиындыққа мойымай, талай үлкенлауазымдарда қызмет атқарып, ел ағасы болған кезінде таныстық. Ағамыз Динажұбайымен балаларын ер жеткізіп, немерелерін тәрбиелеп жүрген кез еді.

Көп оқырмандар мақаланы оқып, неліктен облыс прокуроры ағынан жарылып, осы мақаланы жазып отыр деп ойлар. Мен заңгер қызметін сонау Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында халық судьясы лауазымынан бастап, екі облыста облыстық соттың төрағасы қызметін ұзақ жылдар атқарып, прокуратура қызметіне ауысып, Атырау облысына тағайындалдым. Өмірде жақсылықты да, жамандықты да, опасыздықты да көп көрдім. Қылмыспен, заңды бұзушылықпен күресуге тура келді. Ал бұл салада ең басты қағида абыройлы азаматтардың қызметіне сүйене отырып шешілетінін мен жақсы білетінмін.

Мен Атырауға келгенде облыста ақсақалдар алқасы болды. Олардың қатарында бұрынғы обкомның бірінші хатшысы болған О.Кошеков, облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Е.Тасқынбаев, сонымен қатар, А.Сельбаев, Т.Т.Жұмағұлов тағы да елге сыйлы зейнет жастағы елдің ағалары болды. Мен келгенде сол алқаның ағаларына барып танысып, сәлем беріп, өзімді таныстырдым.

Менің қабылдауыма бірінші рет келгенде Төкен ағамыз облыста болып жатқан мәселелерді айта келе, маған күтпеген бір сұрақ қойған болатын. «Сіз білесіз бе, неліктен Жылой ауданында ауру көбейіп кетті, әсіресе жастар арасында. Елді қорғаңыз», — деп сұрағын тәмамдады. Осы сұрақтан соң Жылой ауданының халқымен кездесу ұйымдастырып, экология мәселесі аурудың өсуіне әкеліп соққанына көзім жетті.

Жылой ауданында Америка Құрама Штатының Шеврон деген мұнай шығаратын компаниясы мұнайдан бөлінетін күкіртті қалай болса солай мая қылып үйе берген. Ал ол желмен бүкіл ауданға ұшып, ауа райын ластап, көп адамдарды ауруға шалдықтырған. Осыған көзім жеткеннен соң, компанияның президентін шақырып, осы мәселені көтердік. Мен Шевронның президентіне тура айттым, егер де өз мемлекетіңізде осындай заң бұзушылыққа компанияңыз жол берсе, миллиардтаған доллар көлемінде айыппұл төлеп және банкрот болар едіңіз деп шығарып салдым. Бірақ та серіктестік басшылары тиісті шара қолданбады. Сондықтан, келген залалдың мөлшерін есептеп, отыз миллиард теңге өндіруді талап етіп, сотқа арыз түсірдік. Сот арызды қанағаттандырды. Компания Жоғарғы Сотқа дейін шағымданды. Соттың билігі күшінде қалдырылғаннан кейін «Тенгизшевройл» серіктестігі мемлекетке осы ақшаны, ал ол кезде екі жүз миллион долларды төлеуге мәжбүр болды және біздің арызымызбен жыл сайын осы мөлшерде ақша өндіріліп отырды. Осыдан кейін компания күкіртті қатыратын зауыт салып, экология жақсарды. Осы халық үшін күрделі мәселені Төкен Танаұлы көтерді.

Өте білімді, еңбекқор, халықтың мұқтажына қанық Төкен ағамыз әрқашан облыста бір өзекті мәселе туындағанда өз пікірін ортаға салып, оның заң жүзінде шешілуіне кірісетін. Мысалы, облыста заңсыз қызыл балықтардың қара уылдырығын дайындап, заңсыз сату кеңінен орын алған болатын. Оларды ұстап, соттап мәселені шеше алмайсыңдар деп пікірін кесіп айтты ағамыз. Теңіздің жағасында тұратын азаматтардың күн көрісі – балық. Басқа жұмыс ауылда жоқ. Кооператив құрып, сол адамдарға жағдай жасап, өнімді нарық бағасымен сатып алып, олар жалақы алып отырса, браконьерлермен күрес тиімді болады деп өз пікірімен бөлісті. Бұл өзекті мәселені прокуратура облыс әкімінің алдында көтеріп, кооперативтер құрыла бастады.

Атырау өңірінде дүние жүзіне әйгілі Қашаған мұнай құбыры ашылғанда шет елдің азаматтары жұмысқа келе бастады. Қазақ жұмыскерлерімен қақтығыстар болғанда Төкен Танаұлы өзінің абыройымен құқық қорғау қызметкерлеріне көмектесіп, осындай келеңсіз жағдайдың болмауына еңбек сіңірді.

Төкен Танаұлы қай салада болмасын қызмет атқарғанда жұмысты сапалы, толық орындап, еңбегіне халық ризашылығын білдіріп отыратын. Осындай пысық және іскер ағаларымыз туралы ертеде айтылған болу керек «сегіз қырлы, бір сырлы» деп.

Одақ құлдырап, еліміз егемендік алғаннан соң мың өліп, мың тірілген қазақ елі мемлекеттің бесігін құра бастады. Ең бірінші қатардан Төкен ағамыз табылды. Талай халқымыздың жоқ болып кеткен құндылығының қайта оралуына білекті сыбанып тастап кірісті. Біз руға бөлінеміз, себебі, ата-бабамызды, үрім-бұтағымызды білуді бақилық болып кеткен аталарымыз тапсырған. Жеті руға дейін қыз алысуға болмайды деген қағида өте дұрыс. Себебі, бұл халықтың болашақтағы тазалығы, денсаулығы да осыған байланысты. Біз ұлы халықтың ұрпақтарымыз. Алтай асыл өңірінен Каспий теңізіне дейін ата-бабамыз найзаның ұшы, білектің күшімен қанды соғыстарда жеңіп, бізге тапсырып кетті. Ал біз олардың ұрпақтары сол игі істі жалғастыруға міндеттіміз. Басты шара осы жерді сақтап қалу, еліміздің бірлігі, жер байлығы елімізге таратылып, ең алдыңғы мемлекеттердің қатарынан табылу.

Ресей бодандығында, сонан соң Кеңес Одағы кезеңдерінде біздің ұлы тарихымызды құртып жіберген. Тарих бұрмаланып, Ресей және Кеңес Одағының тарихшылары өздеріне қолайлы етіп тарихты қасақана өзгерткен. Ұлы Түрік Қағанаттарының, Аттила жорығы, Шыңғыс хан құрған мемлекет туралы, кейінгі Алтын Орда мемлекеті туралы деректерді жоқ қылуға барлық шараны қолданған. Бірақ та ол Ұлы тарих сол кезеңдегі классиктердің еңбектерінде толығымен жазылып, дәлелін тауып отыр.

Батыста Кульбарақ деген батыр Түркмендермен соғысып, ерлігімен елдің арасында есімі аңызға айналған тұлға. Ал орта жүзде Шығыс Қазақстанның Шұбартау өңірінде Керей руында үш жүз жыл ертеректе Шақантай деген батыр бабамыз өмір сүрген. Қытай деректерінде «еңгезердей Шақантай найзасы сынып қалғанда, жұлып алып теректі осы тұрып толғады…» деген сөздер бар. Ал Шақантай руында Кульбарақ Шақантайдың үлкен баласы, батыста қандастарыма жау тиіп жатыр деп кетіп, ғайып болды деген дерек бар. Ол кезде руды біліп, руға бөлінбей, бір жұдырық болып елді қорғаған. Кульбарақ қай руға жатпасын, ол қазақ елін қорғаған ұлы тұлға.

Бүкіл елге әйгілі Бекет пірдің кесенесіне баруға кеңес берген де осы ағамыз. Және аңыз болып кеткен жайды осы кісіден естідім. Жақсы көрген адамын Бекет ата үш рет сол кесенеге шақырады деді. Жарты жылдың ішінде мен үш рет бардым. Бірінші рет өз еркіммен, ал екінші, үшінші рет жоғарыдан келген сыйлы қонақтармен бардым.

Махамбет ауданында баяғы заманда Сарайшық қаласы болған. Ол «Алтын Орда» мемлекетінің бас қаласы аталған. Сол жердегі мұражайда керемет деректер жиналған. Мұражайдың қасында атақты қазақтың хандары мен батырлары жерленген. Төкен Танаұлы бұл салада да көп еңбек атқарған тұлға.

Біз руға бөлінгенімізді кейбір азаматтар кемшілік, халықты ажырастырады деген пікір айтады. «Трайбализм» деп те баға береді. Менің пікірімше, руға ата-бабамыз бөлінген, жеті атаңды біліп жүр деп айтатын. Ал ол тұқымның тазалығы. Біз руымызды білеміз және басқа рулардың тарихына қанық болуымыз керек. Олардың ерліктерін мақтап жүрсек, бірлік артады. Ел басына қауіп төнгенде халқымыз бірігіп, тойтарыс беріп отырған. Әрбір рудың батырлары өз руының әскерін бастап, барлық рулар үлкен күшке айналып, жеңіске жетіп отырған. Бұл біз үшін, ұрпақтарымыз үшін сабақ болуға тиіс.

Төкен ағамыз мұрындық болып, Адай атаға тау басына ескерткіш көтергенде неше түрлі пікір айтылды. Алайда, Адай ата ұлы тұлға екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал ол ерліктерді насихаттау ұрпақтың парызы. Төкен ағамыз оны толық орындады.

Мақаламды қорытындылай келе айтатыным, менің Атырау халқына аяулы ағаларға ризашылығым, алғысым шексіз. Сол жерде прокуратураның генералы деген атақ берілді. Мұнай саласына байланысты диссертация қорғап, заң ғылымының кандидаты деген ғылыми атаққа ие болдым. Егер де ел ағалары менің қызметіме тиісті баға бермесе, менің елде абыройым артпас еді.

Төкен Танаұлының өмірі, істеген жақсы еңбегі жастарға өнеге. Болашақта да көп маңызды игі істер Төкен Танаұлымен жоспарланып отыр. Ол үшін Жаратушы күш-қуат берсін абзал ағамызға.

Р.Н.МАМЫРБАЕВ,

3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі,

Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы,

заң ғылымының кандидаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *