«ҚАЙДА ҰШТЫҢ, ҚАСҚАЛДАҚ?»

Өмір-өзен
1 964 Views

Әнші, сазгер Лесбек Амановтың өмірі мен шығармашылығын көпшілік оқырмандарға насихаттау мақсатында Шымкент қаласындағы Абай атындағы кітапханада «Қайда ұштың, қасқалдақ?» атты әдеби-сазды қонақжай кеші ұйымдастырылды. Іс-шараны ашқан «Өнер» бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Сапарова келген қонақтармен таныстырып шықты. Әнші, сазгер Лесбек Амановтың өмірі мен шығармашылығын көпшілік оқырмандарға насихаттау мақсатында «Қайда ұштың, қасқалдақ?» әдеби-сазды қонақжай кешін өткізді.

Лесбек Аманов 1954 жылы Шардара ауданында дүниеге келген. Ол пейілі таза, пенделіктен ада жан болатын. Пейілі таза болмаса, ала көңіл пендеден исі қазақ баласының сүйіктісіне айналатын әндер шығар ма еді? Бала мінезді Лесбектің көңіл дүниесіне айналатын қаншама әндер тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды десеңіздерші. Бала мінезді Лесбектің көңіл дүниесіне Алла ерекше қасиет берген екен. Кіндік қаны әжі Сеңгірбай құт мекенінің кемеріндегі, бүгінде көк теңіздің астында қалған «Көкиірімде» тамса, жалаңаяқ жар кешкен, қызылаяқ қыр кешкен, балғын шағы Көксудың жидесі мен тораңғылы, жыңғылы мен шеңгелі бытысып өскен Сырдария жағындағы ну орманында өткен.

1962 жылы Шардара кеңшарындағы /қазіргі Қауысбек Тұрысбеков атындағы ауылдық огругі/ шопан балаларына арналған мектеп-интернаттың табалдырығын аттаған. Бірінші сыныптан кейін «Көксу» кеңшарындағы Саттар Ерубаев атындағы мектебінде оқушылық өмірін жалғастырады. Ол кезде бұл білім ордасы сегізжылдық мектеп еді. Сегізінші сыныпты тәмамдаған оқушылар ары қарай қай ауылда он жылдық білім ошағы болса, сонда барып оқитын. Бірақ сол жылдың түлектердің несібесіне қарай «Көксуға» көршілес Октябрьдің 50 жылдығы атындағы күріш өсіретін кеңшар құрылып, сол жерде орта мектеп те ашылады. Лесбек Аманов – сол білім ұясының 1972 жылғы алғашқы түлегі. Мектептегі жолдастары да оқу-білімге, өнер мен спортқа құштар ерекше буын еді. Ислам Әбішев, Серікбай Қайназаров, Қалтөре Қуанышбеков, Керімбай Сұлтанов, Сәрсенкүл Айдарова, Гүлайым Асылбекова, Уәли Исақов, Дауылбай Сүлеев, Бақтыгүл Қаржауова, Меруерт Бейсенова сынды аға-әпкелеріміздің қай-қайсысы да ел үлгі-өнеге тұтатындай жандар еді.

1973 жылы Шымкент педагогикалық мәдениет институтының «Ән және музыка» бөліміне оқуға түскенімен, отбасылық жағдайына байланысты оны аяқтай алмайды. Әйтсе де Шардара ауданында шаруашылықтың сан түрлі аласында еңбек ете жүріп-ақ өнерден қол үзбейді. Бұралаң соқпағы шым-шытырық ғұмырдарияны бел-белестерінде қолмен нұсқап, көзбен көрсетпесе де осы жандардың біздің өмір жолдарымызға қандай да бір оң септігін тигізгені анық-ау. Ал Лесбек Аманов қазақ өнерінің қазынасына қосқан үлесінен, қосар үлесі әлі де болса мол еді, баршылық еді. Әттең…

Ұлтымыздың ән әлемінде елеулі егіз тағдыр, екі тұлға болды. Бірі – Шәуілдірдің Шәмшісі, екіншісі Шардараның Лесбегі… «Қара бауыр қасқалдағы…» Біздер де ғашық болғанбыз», «Ақторғын». Екеуі де артында өшпес, өлмес қазына қалдырды.

Сөз алған ақын Темір Ақылбеков, жазушы, тарихшы, шежіреші Момбек Әбдәкімұлы, тележурналист Уәлихан Қожақ, аудармашы Әсет Омарұлы, жазушы, түркітанушы Сәрсенбек Сахабат ағаларымыздың барлығы Лесбек Амановтың өткен өмірі, бел-белестері, өнері туралы өз ойларын ортаға салып, көпшілікпен ой бөлісті. Ақын Сабырбек Нұрманұлы арнау өлеңін оқыды. Ақын Бөрібай Оразымбет Лесбек Амановқа арнап шығарған кітабынан естелік оқыды. Сонымен қатар келген қонақтарымыз – әншілер – Әлішер Ізбасаров, Тіллә Ізбасарова, Нұрболат Қожақұлов, Абыз Өсер, термеші, сазгер Темірхан Төлебаев, әнші, сазгер Гүлжан Сұлтанқызы Лесбек Амановтың «Қара бауыр қасқалдақ», «Барында оралыңның ойна да, күл», «Ақторғын», «Біздер де, ғашық болғанбыз» секілді танымал әндерін орындады. Шымкент көлік колледжінің І курс студенттері – Азизбек Эрмакбаев пен Алишер Ердәулет Тәуелсіздік туралы өлеңдер оқып берді.

Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Гүлсім Әлкебайқызы Шатырбекова қорытынды сөз сөйледі. Ол әнші, сазгер Лесбек Амановты еске алып келген қонақтарға өзінің алғыс сезімін жеткізді.

Мария ТҰҢҒЫШБАЕВА,

кітапханашы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *