ҚАР ҚҰРСАУЫНАН БІРНЕШЕ КӨЛІК ШЫҒАРЫЛҒАН

Қоғам
871 Views

Түркістан облысының полицейлері тек қана қылмыскерлерді құрықтап қана қоймай, жәрдем сұраған әрбір адамға қол ұшын беруге әзір. Бұл сөзімізге дәлел, Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Түлкібас АПБ ӘПБ қызметкерлері қар құрсауында қалған жергілікті тұрғынға көмектесті.

Әдеттегідей жол және техникалық инспекция тобының аға инспекторы полиция майоры Қарақұлов Алимжан Жанабайұлы мен ЖПҚ ППҚ инспекторы полиция аға сержанты Пиртаев Жалғасбек Гаукарбекұлы өз қызметтерін орындап, қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол бойында келе жатады. Осы сәтте олар көлігі арыққа түсіп кетіп, қарға көміліп қалған көлікті және жанында әуре сарсаңға түсіп жатқан жүргізуші мен бірнеше еріктілерді байқайды.

Екі полицей де ер азаматтарға көмектің қажет болып тұрғанын бірден түсініп, олардың қасына келіп, көлікті итеріп, өз күштерімен шығармақшы болады. Алайда 4-5 адамның күші қарға батып қалған көлікті шығаруға жетпейді.

Содан соң полиция қызметкерлері ауыр көліктердің көмегіне жүгінеді. Жол бойына шығып оларды тоқтата бастайды. Осылайша трактор көлігі тоқтап, оның күшімен жеңіл автокөлік жол бойына еш қиындықсыз шығарылады.

Өз кезегінде полиция қызметкерлерінің бірден көмекке ұмтылып, жанашырлық танытқанына жүргізуші, яғни жергілікті тұрғын дән риза болып, алғысын жеткізді.

Айта кеткен жөн, қыс мезгілі басталғалы бері Түлкібас ауданында осындай қолайсыз жайтқа 4 көлік тап болып, полицейлердің қырағылығының арқасында қардан дер кезінде шығарылған.

Түркістан облысының полицейлері барлық көлік жүргізушілеріне ауа райының күрт өзгеріп, қардың қалың жауып, асфальт бетінің көк мұзға айналуына байланысты сақ болуларын сұранады. Сондай-ақ өз қауіпсіздігіміз үшін жылдамдықты асырмай, көлікті қысқы доңғалақтармен қамтамасыз ету керектігін де ескертеді.

Гүлнар АБДУРАХМАНҚЫЗЫ,

ТО ПД-ның баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *