Ішкі миграция арқылы күрделі мәселелерді шешуге болады. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысына қатысып, солтүстік өңірлерді жастар үшін мейлінше тартымды аймаққа айналдыру қажеттілігін айтты. Тіпті оңтүстіктен солтүстікке бағыт алған отбасыларға жәрдемақы белгілеудің ретін қарастыруды ұсынды.
Президенттің ішкі миграция мәселесіне алаңдауына негіз бар. Біріншіден социолог мамандар солтүстіктегі азаматтар Ресейге көптеп қоныс аударып жатқандықтан, өндірісті аймақта халық саны едәуір азайып, жұмыс күшіне сұраныс артқанын алға тартады. Екінші жағынан, оңтүстікте халық саны артып, жұмыссыздар үлесі көбейіп келеді. Алдын ала болжам бойынша, 2040-2050 жылдарға қарай солтүстіктегі халық саны 1 миллионға дейін азайса, ал оңтүстік тұрғындарының саны күрт өсуі ықтимал.
Осыған дейін солтүстік өңірлерге қоныс аударған көптеген отбасылар мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалана отырып, алдымен баспаналы болуда. Жұмыссыз жүргендерде түрлі тұрақты жұмыс орындарына орналасып, шаруаға ебі бар түркістандықтар мал бағып, ата кәсіпті түлетуде, егін салып, солтүстіктің құнарлы жерлерін игеруге барын салып жатыр. Бұл бағдарлама жыл өткен сайын өзінің маңыздылығын арттырып, уақыт талабына сай түрлі өзгерістермен уақыт талабына сай жетілдірілу үстінде. Сондықтан да қоныс аударушы халыққа тиімді болып, түстік жерінен барған халық тіршілігін жасап, жерсініп жатыр.
Қоныс аударған шаруаларды мол мүмкіндіктер күтіп тұр. Мұнда тек баспанамен ғана қамтылып қана қоймай, кәсіп игеріп пайдаға кенелуге мүмкіндік мол. Әсіресе, жер игеріп, егін салғысы келетін шаруалар үшін қолайлы жағдайлар қарастырылған. Жердің қандай да бір ауыл шаруашылық техникаңыз болса, мемлекеттік конкурс арқылы тегін жер алуға болады. Көшіп келушілерге арналған мұндай көмекке шардаралық Ғани Есмұрзаевта ие болған. Дихан жергілікті әкімдік берген 14 гектар алқапқа қарбыз егіп, мол өнім алуда екен.
Ғани көшіп келген уақыттан бастап ауласына көкөніс егуді қолға алған. «Былтыр, 500 түп қызанақтан 1 тонна өнім алғанда бұл жақтың топырағы құнарлы екеніне көзім жетті» дейді ол. Сондықтан биыл оңтүстікте ғана көптеп егілетін қарбыздың тұқымын солтүстіктің топырағына сеуіп көріпті. Нәтижесі де жаман емес. Есіл ауданына көшіп барған Ғани Есмұразев ең алдымен аймақтың жерін ұнатыпты. Жердің бабын білетін диқан жердің құнарлығына тәнті. Қыстың күнгі қардың ылғалымен және жаңбыр көптеп жаууына байланысты өнімді суарып әуре болмаймыз дейді. Сондықтан, бұл жерге не ексең де өнімі де мол болады дейді.
Шардаралық шаруа түстіктің өміріне біте қайнасып кеткен. Бүгінде, Есіл ауданындағы алдыңғы қатарлы кәсіпкер. «Оңтүстікте арман болған көмектің барлығын осы жерге келіп алып жүрміз» дейді ол.
Ғани қоныс тепкен Есіл ауданы мал ұстап, егін егуге өте ыңғайлы. Тұрғын саны аз болғандықтан кәсіпкерлікке арналған жер алу қиындық тудырмайды. Сондай-ақ бизнес бастағысы келетін жандарға жеңілдетілген несиелер де қарастырылған. Дәл қазір ауданға еліміздің оңтүстік өңірлерінен 200-ден аса отбасы қоныс аударған. Мемлекеттік бағдарлама басталған уақытта бері Есіл халқының саны 700-ге көбейді. Бұл өз кезегінде жұмыс күшінің жетіспеушілігін жойып, солтүстікті қазақыландыру ісіне үлкен сеп болмақ.