БЫЛҒАРЫДАН КӘДЕСЫЙ ЖАСАЙТЫН ШЕБЕР

Қоғам
474 Views

Қазақ өнерінің, оның ішінде қолөнердің түрі көп. Ұлттық құндылығымыз заман ағысына сай жаңарып, жаңғырып келеді. Әрине, бүгінгі таңда текемет басып, кесте тігетін шеберлерді ел арасында аз кездестірсек те, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жандардың еңбегі елеусіз қалмайды. Иә, қоршаған дүниенің әр бөлігін кәдеге жарата білген бабаларымыздың асқан ақылы мен көрегенді даналығынан туған шеберлікті шыңдап жүргендер қатары көп.Он саусағынан өнер тамған шеберлердің кейбірі тіпті, кәсібін дөңгелетіп, нәсібін тауып жүр. Солардың бірі әрі бірегейі – Эльмира Кеутаева. Бала күнінен қолөнерді жанына серік еткен кейіпкеріміз сәндік-қолданбалы өнермен айналысып, мол табысқа шықты. Былғарыдан түрлі-түсті әмиян тігіп, халықтың көңілінен шығып жүргеніне биыл бірнеше жылдың жүзі толмақ. Ептілігі мен еңбекқорлығының арқасында мемлекеттік грант ұтып алып, ісін ұршықша иіріп кетті.

– Қазақтың қолөнерінде былғарының орны ерекше. Бабаларымыз теріні илеп, тұрмысқа пайдаланған, киім тігіп, кебіс киген. Былғары қазір де құнын жоғалтқан жоқ. Оны өңдеу мен пайдаға жарату заман ағынына қарай өзгерістерге бейімделді. Былғарыдан әмиян тігу де үлкен жауапкершілік пен шеберлікті талап етеді. Уақытыңның көп бөлігін өнерге арнайсың. Жасаған затың сапалы болып шығу керек, – дейді Эльмира.

«Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша жеке кәсібін ашқан кейіпкеріміз Төлеби ауданы, Леңгір қаласының тумасы. Эльмира талай жыл бойы сауда-саттықпен айналысып, кішігірім қаладан пәтер сатып алады.2019 жылдан бастап ағаштан түрлі бұйымдар жасап, сатылымға шығарады. Жолында сан түрлі кедергі мен сынақ кездессе де, қиындыққа қасқайып қарсы тұра білді.

– Мемлекет халыққа мол мүмкіндік қарастырып жатыр. Бағдарламаның арқасында талай жан өз жолын тапты, енді бірі табысқа кенелді. Бойымыздағы қорқыныш пен жалқаулықтан арылу қажет.Себебі, осындай қажетсіз қасиеттердің кесірінен көңіліміз соқырлана береді. Кез-келген сынақтың бір шешімі болары анық. Мәселен, мен де бірден өз кәсібімді аша қойған жоқпын. Сәтсіздікке ұрындым, қиындықтарға тап болдым. Қолымды бір сілтеп, тастап кеткім келген сәттер көп болды десем, артық айтқаным емес. Алайда, еңбектің наны тәтті.

Эльмира әзірге ұстаздық қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеуді құп көрмейді.Айтуынша, сол істің хас шебері атанып, халықтың көңілінен шыққанда ғана ұстаздық деген ұлы мамандықты игеруге болады.

– Меніңше, кәсіп ашу үшін сол салада кем дегенде 1 жылдық тәжірибе болу қажет. Себебі, ол істің басы-қасында жүрмеген соң біраз сәтсіздікке ұшырап, сынға қалу қаупі бар. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орната алған кәсіпкер ғана біршама жетістікке жетеді. Тәуекел түбі – жел қайық. Тәуекел етуден қорықпау қажет. Тәжірибе, шыдамдылық, мамандығыңа құштарлық жүрген жерде ғана табысты бола аласың, – дейді кейіпкеріміз.

Эльмираның алға қойған айқын мақсаты мен асқақ арманы көп. Солардың бірі – жеке дүкенін үлкен көлемде ашып, халықтың ризашылығына бөлену.

– Былғарыдан әсем әмиян, әдемі бедерленген дәптер мен рулар шежіресін жасаймын. Меніңше, бұл дүниелер ел арасында танымалдылық пен сұранысқа ие. Заттардың құны бес мың теңгеден басталады. Жұмыс барысында тапсырыс берушінің көңіл қалауына да баса мән беремін. Әсіресе, түстер үйлесімділігі өте маңызды екенін ұмытпаған жөн.

Ал бүгінгі таңда кәсіппен қатар, бала тәрбиесін де қатар алып жүрмін. Қыздарыма өмірден түйген ақылымды айтып отырамын, өнерге баулимын. Шындығында, мемлекеттің берген осы бір мүмкіндігі мен жасаған жақсылығына айтар алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды Эльмира.

Биыл грант саны өткен жылғыдан 2 есе өсіп, жас кәсіпкерлердің төбесін көкке жеткізіп жатыр. Бірі кондитерлік кәсіп жайлы жоспарын ұсынса, енді бірі қорасындағы жылқыны пайдаға жаратып, бизнесін бастамақ. Жасаймын десеңіз, жұмыс жетерлік. Тек жалқаулықты ысырып қойып, іске көшетін сәт келді. Есіңізде болсын, бір адамның қолынан келген іс – екіншіге де қиындық тудырмайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *