ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА ТАҒЫ ДА ҚОЛ САЛЫНБАҚ

Экономика
436 Views

Ұлтымыздың болашағы, нақтырақ айтсақ, ұрпағымыздың келешегі үшін жинақталатын ұлттық қордағы қаражат мақсатты жұмсалып жатыр ма?Бұл сұрақты әрбір қазақстандық қоюға құқылы. Өйткені онда бәріміздің –әрбіріміздің үлесіміз бар. Әйткенмен әзірге «иесі де, сұрауы да болмай тұрған»қордағы қаржы Үкіметтің кемшілігін жауып-жасыру үшін жұмсалып жатқандай.

Ұлттық қорда қанша қаржы бар? Үкімет қанша рет оған қол салды? Қайтарымы болды ма? Осы сұрақтарды жауабын саралап көрген едік.

Ұлттық қор 2000 жылы Елбасының жарлығымен құрылған болатын. Оның мақсаты – елдің тұрақты әлеуметтік экономикалық дамуын қамтамасыз ету, болашақ ұрпақ үшін қаражат жинау. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, болашақ үшін жиналып жатқан қордан бірнеше рет қаржы алынды. Биыл тағы да ақша алынбақ.

Қаржы министрі Ержан Жамаубаев президент тапсырмалары мен бағдарламаларды іске асыру үшін бюджет шығыны 2,7 триллион теңгеге көбейгенін мәлімдеді. Оның 1,6 триллионы бюджеттің өзінен алынса, қалған бөлігі Ұлттық қордан алынбақ. Тек президент тапсырмасын орындау үшін 1,8 триллион теңге қажет. Бұл қаржы үш облыстың құрылуына ғана емес, Қазақстан халқының әлеуетін көтеруге жұмсалады екен.

Халықтың табысын арттыруға 197 миллиард теңге жұмсалады. Ол қаржы кәсіпкерлікті дамыту үшін берілетін микрокредиттерге, жастарды қолдауға, жалға алынған пәтердің бір бөлігін субсидиялауға кетеді. Ал көктемгі егін егуге, егінді жинауға берілетін жеңілдетілген несиелерді көбейтуге, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 238 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отыр.

Өңірлерді дамытуға 476 миллиард, ал зейнетақыны индекстеуге 110 миллиард тан астам теңге қарастырылған. Бұл жоспар бойынша зейнетақы 9 пайызға индекстелуі мүмкін. Министрлер: «Бюджет шығындарын ұлттық қордан жабу қордың негізгі функцияларына кіретін қалыпты процесс» — деп отыр.

Өткенге көз жүгіртсек, үкімет 2009 жылға дейін ұлттық қордан 1 тиын да алмаған. Содан кейін «дағдарысқа қарсы шаралар қажет» деген сылтаумен ақша сұрау басталды. Кейін бұл әрекет тұрақты түрде қайталана бастады. Үкіметтің бұрынғы «қордағы қаражат аса қажет болған жағдайда ғана қолданылады» деген пікіріне бүгінде сену қиын.

2010 жылы Ұлттық қордың активтері 2020 жылға қарай 90 миллиард долларға дейін өсуі тиіс деп болжам жасалған еді. 2017 жылы қордағы ақша 73 миллиард доллардан асты. Қазір қордағы ақша 55 миллиард доллар шамасында. Сонда 18 миллиард қайда?! Жоспардағы 90 миллиард ше?

Ұлттық қорға жүгіну қашан басталды, тарихына көз жүгіртейік. Алғаш рет айта кеткендей 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы алынған болатын. Көлемі 10 миллиард АҚШ доллары. Жасыратыны жоқ, дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүргізу үшін бөлінген қаржының көпшілігі екінші деңгейлі банктерге бөлінген. 2009 жылы қаржы алған банктер қатарында БТӘ, Қазком, Альянс Банк, Темір банк, Халық банктері бар. Ресми ақпарат бойынша, бөлінген қаржының 331 миллиард теңгесі ғана қайтарылған.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін 2008 жылға арналған нысаналы трансферт туралы» Президент Жарлығына сәйкес, 2008 жылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайтуға Ұлттық қордан республикалық бюджетке 607,5 миллион теңге аударылған екен.

2014-2015 жылдары экономиканың бәсеңдеуі кезінде 1 триллион теңге тартылған. 2015-2017 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға да қаржы бөлінген. Жоспар бойынша бұл қаржы ел астанасынан басқа аймақтардағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды жасауға бағытталған. Бұған қор 9 миллиард доллар бөлді.

2017 жылы АҚШ-тың «Bank of New York Mellon» холдингтік компаниясы Ұлттық қорымыздың 22 миллиард долларын бұғаттап тастағаны да есімізде. Бұл жағдай Ұлттық қордың әлсіз тұсын көрсетті. Ал 2020 жылы пандемия салдарымен күресу үшін 13 миллиард доллар қаржы жұмсалған, ол қаржының басым бөлігі Ұлттық қордан алынды.

Үкімет 2019 жылдың 4 желтоқсанында бекітілген «Ұлттық қордан 2020-22 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға сәйкес, Ұлттық қордан 2020 жылы 2,7 триллион теңге, 2021 жылы тағы дәл осы сома, ал 2022 жылы 2,6 триллион теңге алынады делінген. Яғни үш жылдың ішінде Ұлттық қордан 8 триллион теңге алынады деп жоспарлаған. Республикалық бюджет туралы толықтырылған заңға сәйкес, 2020 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке 5 307 801 768 000 (5,3 триллион теңге) көлемінде ақша бөлінуге тиіс болған.

Жалпы, 2009-2019 жылдар аралығында халықты қолдау үшін 762 миллиард теңге бөлінсе, банктерге көмек беру үшін 4,6 триллион теңге бөлінген.

Қор кім үшін жұмыс жасайды? Халық үшін бе әлде банктер үшін бе? Банктерге берілген қаржы арқылы мемлекет табыс табамыз деді. Алайда бүгінде ол банктердің көпшілігі жабылған. Сонда Қор қаржысы қайда кетті?! Оны кім қайтарды? Болашақ үшін деген ақша неліктен жыл сайын бөлініске түсіп жатыр? Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан жоқ па?

Жауапсыз сұрақтар…

Ұлттық қорға түсетін ақша мұнайға тікелей байланысты. Ұлттық экономика министрі жалпы ішкі өнімнің өсуі қаңтар-ақпан айларында 3,5 пайызды құрағанын айтты. Бюджеттің бүйірін мұнай түсімі толтырады. Тиісінше, қарапайым халықтың жағдайы да мұнай бағасына тәуелді. «Ресей арқылы экспортталатын біздің мұнайға Ресейге салынған санкция әсер етпейді» — деп АҚШ уәде берді. Дегенмен аумалы-төкпелі кезеңде жағдайдың қалай өрбитінін уақыт көрсетеді.

Экономист-заңгер Айыпхан Мұхамадиев «Информбюро» бағдарламасына берген сұхбатында Қордан ақша алуға тыйым салу керектігін айтты. Бұл Үкіметтің ізденуіне кедергі келтіреді дейді.

«Ақ жол партиясының айтуы бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан офшорларға 160 миллиард доллар сыртқа кеткен. Қытай мен екі ортада кеденде жылына 5 миллиард долларға дейін тауардың сәйкессіздігі бар деп осыдан 10 жыл бұрын Н.Назарбаев айтты. Одан кейін – бір жыл бұрын қазіргі Президент Қ.Тоқаев та осыны айтты. Осы 10 жылда біздің бюджетімізге 50 миллиардтан артық зиян келген. Бірақ осы уақытта үкімет те, Бас прокуратура да, Қаржы министірлігі де мұны зерттеп, жауабын айтып бере алмады. Соңғы уақытта – екі ай ғана бұрын кеден бекетінің басшылары ауысты. Ал негізі бұған тікелей жауап беретін – Үкімет және де осыны қадағалайтын Қаржы министрлігі. Демек, осындай салғырттықпен қызмет етіп отырған, ұлттық қордың ақшасына кез-келген уақытта қол салып, алып отырған Үкімет жауапкершіліктен жалтарды, құтылды! Халық қаржысына қол салғанына жауап берген жоқ. Сондықтан Үкіметке Ұлттық қорға қол салуға заңмен тыйым салу керек.

Ұрпағымыздың болашағы үшін жиналуы тиіс қаржыға түсім мәселесі де ойлантады. Соңғы 10 жылда мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық компаниялар дивидентті тек қана 5-10 пайыздан төлеп тұрған. Бұған кім кінәлі? Есеп комитетінің соңғы мәлімдемесіне қарағанда, мемлекеттік органдар 1 триллион теңгені салғырттықпен жұмсаған. Квазимемлекеттік сектор 2 триллион теңгені салғырттықпен жұмсап, мемлекетке ешқандай пайда әкелмеген. Соңғы есепке қарасақ, 4 триллион теңгеге жоба жасаймыз дейді. Бұл халықты алдау, дивидент мемлекетке толық төленуі керек, бюджетке енген соң заң жүзінде ақша жобаларға бөлінуі тиіс», — дейді Айыпхан Мұхамадиев.

Салғырттықпен жұмсалған мұндай қаржылар көп. Оны күнде құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр. Ал жауапқа тартылып, қазына қаржысын қайтарды дегендерді, неге екені белгісіз, көрмейміз-естімейміз. Ұлттық қор қаржысы да осылай құмға сіңген судай болып талан-таражға түспейтініне кім кепіл?

Дайын ақшаға қол сала беру үкіметке әдет болып кеткен жоқ па осы? Болашақ үшін деген қаржыны бүгін тауысып, ертең не істемекпіз?

Маржан ӘБЛӘЗІМОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *