ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖЕТІЛДІРЕ ОТЫРЫП, ЖАҢА БАҒЫТТАР АШУ ЖОСПАРЛАНУДА

Экономика Қоғам
107 Views

Түркістан облысына келушілер мен туристер санында оң динамика байқалып отыр. 2022 жылы өңірімізге 470 мыңнан астам турист келген. Орналастыру орындары – 253,4 мың, шипажайлар – 142,4 мың, табиғи аумақтар – 74,9 мың туристі қабылдаған. Оған қоса 1,2 миллионнан астам зияратшы мен қонақ келген. Дегенмен, туризм саласында әлі де ізденіс, жұмыс, тың идеялар керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы мәжілісте осы бағыттағы кемшіліктерге тоқталып, жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Түркістан өңірі туризмін дамыту бойынша нақты жоспары болуы керек. Түрлі идеяларды қарастырыңыздар. Таулы аймақтарда, Сарыағашта туристік нысандар мен шипажайлар арнайы жоспарға сай салынуы тиіс. Кәсіпкерлер аудандарда туризмді дамытуға, бюджет түсімін арттыруға үлес қосса, қолдау көрсетіледі. Бірақ тәртіп болуы қажет. Жоспарсыз құрылысқа жол берілмейді. Жауапты басқарма туризм бойынша кеңес өткізсін. Осы саланы жақсы білетін туроператорларды, мамандарды, сарапшыларды шақырып, кеңесіңіздер. Меймандостық және туризм университетін де осы салаға жұмылдырған жөн. Түрлі туристік бағыттар әзірленсін, нақты ұсыныстар беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі өткен жылы 5 млрд. теңгеге жеткен, биылғы 1-тоқсанының қорытындысымен 1 млрд. теңгені құрап отыр. Туристік қызмет саласының негізгі капиталына салынған инвестиция 2022 жылы 68,9 млрд. теңге болса, биыл 5 айда 10,8 млрд. теңгеге жеткен.

Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылды. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзақтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру керек.

Нысандардың инфрақұрылымын жетілдіре отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда.

Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда.

Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізіледі. Бәйдібек ауданындағы туристік орындарға келушілердің көптігіне қарамастан мемлекетке ешқандай түсім алып келмейді. Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелерден түсетін табыс жоқ. Осыған орай, Бәйдібек ауданы әкімдігіне заңнама талаптарына сәйкес Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана кесенелеріне кіру бағасын белгілеу жөнінде ұсыныс беріліп отыр.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТУРИЗМГЕ СҰРАНЫС АРТҚАН

Түркістан облысында экологиялық белсенді туризм бағытына сұраныс жоғары. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуов айтты.

Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи объектілерге келушілер саны 75 мыңға жуық адамға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 171,8%-ға артқан. Оның ішінде, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне – 68350, «Қаратау» қорығына – 461, «Ақсу-Жабағылы» қорығына – 2356, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркіне – 3803 турист саяхаттаған. Ал, 2023 жылдың 6 айында келушілердің саны 79 мыңнан асып отыр.

Таза ауа, қайталанбас сұлу табиғат. Сирек кездесетін аң мен құстар. Соңғы уақытта еліміздің оңтүстік таулы аймақтарына саяхаттаушылар қатары артқан. Осыған орай жаңа туристік бағыттар ашыла бастады. Басқарма өкілінің айтуынша, қазіргі таңда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекреациялық мақсатта 30 туристік соқпақ мен маршрут құрылған.

«Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығында экологиялық туризмді дамыту мақсатында 22 га жер телімі қарастырылған. Аталған аумақта 2 туристік маршрут құрылған. Маршруттың жалпы ұзындығы – 44 шақырым. Маршрут бойында 14 ақпараттық стенд, 16 жол көрсеткіш, 9 орындық, 10 қоқыс орны, 4 әжетхана, 1 шолу алаңы жабдықталған. 2021 жылы Кентау қаласынан қорыққа дейін жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталса, Хантағы ауылынан 8 шақырым жолға тасжол төселді.

Туристер жиі келетін жердің бірі – Сайрам-Өгем ұлттық мемлекеттік табиғи паркі. Қазір мұнда жаңа туристік бағыттар ашылып жатыр. Бұл ретте, демалушылар қатары күннен күнге артып келеді. Адамдар сұлу табиғатты өз көзімен көру үшін келеді. Қиындықтарға қарамайды. Күрделі, соқпақты жолдарды жүріп өтеді. «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне аумағының 11,7 % немесе 17519 га жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілді. Жер пайдаланушылар есебінен парк аумағында 6 демалыс үйі, 1 аңшылар үйі, 2 киіз үй жұмыс атқарады. Атап айтқанда, былтыр Төлеби ауданының Қасқасу ауылынан парк аумағына дейін жалпы ұзындығы 11,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«БҰЛ САЯБАҚ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА СЕРПІН БЕРЕДІ»

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы бірнеше құрылыс нысанын аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен жасанды көлі бар қалалық саябақта болды. Бүгінде мұнда жұмыс қарқынды. Жасанды көлге су жіберіліп, үстіндегі көпірі салынған.

– Бұл саябақ туризмді дамытуға серпін береді. Саябақтағы нысандарды бояу барысында түрлі түстерді қолданған жөн. Сәулетшілермен ақылдасып, балаларды, жалпы жұртшылықты қызықтыратындай бояулармен көмкеріңіздер. Қауіпсіздік мәселесі де назарда болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

Аталған саябақтың жалпы жер ауданының көлемі – 12,7 гектар. Су сыйымдылығы – 0,6 млн.м3. Құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған. Қазіргі таңда қоршауларды бояу, абаттандыру, ғимараттардың ішкі әрлеуі, көгалдандыру, субұрқақтың құрал-жабдықтарын орнату, шатырларды орнату, ғимараттардың қасбетін реттеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 6 техника және 97 жұмысшы жұмыс істеуде.

Өңір басшысы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе қалашығына күмбез орнату жұмыстарын да қадағалады. Бұл нысан қыркүйек айында тапсырылады деп күтілуде. Алдағы уақытта Күлтөбе қалашығы туристік орындардың біріне айналмақ.

САЙРАМНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҚСАРА ТҮСЕДІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына барып, бірқатар нысандарды аралады. Ауданның даму барысын қадағалап, жергілікті басшыларға тапсырмалар берді.

Халқы тығыз орналасқан Сайрамда инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – «Ақсукент ауылындағы тазартқыш имараттарын қайта құру» жобасы. Бұл нысанның құрылысы барысында мердігер мекеме тарапынан ешкімнің келісімінсіз жобаға өзгерістер енгізілген. Бірқатар кемшілік анықталған. Бүгінгі таңда құзырлы органдар мердігермен тиісті жұмыс жүргізуде. Облыс әкімі аталған нысанның жұмысын реттеу, санитарлық талапты сақтау, тұрғындарға зияны тимейтіндей шешім қабылдау жөнінде тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі аудан орталығындағы саябақты аралап көріп, абаттандыру жұмыстарын күшейту бойынша тиісті міндеттер жүктеді. Алдағы уақытта «Неке сарайы» ғимаратын ыңғайластырып, «Белсенді ұзақ өмір орталығына» айналдыру көзделіп отыр. Саябақты дамыту жұмыстары да атқарылмақ.

Сонымен бірге өңір басшысына ауданда жүзеге асырылатын жобалар таныстырылды. Қарасу ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жобасы және өзге де жоспарлар бойынша мағлұматтар берілді.

ЖОСПАР АЯСЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Биыл облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен қала әкімдігі тарапынан инфрақұрылымды жақсарту, жаңа нысандар құрылысын сапалы аяқтау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде қаланың құрылысқа жауапты бөлімі 11 нысанда жұмыстар жүргізуді жоспарлаған. Жоспар аясында 3 әлеуметтік нысанның құрылысы, 4 абаттандыру және 4 инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда.

Өткен жылы алғашқы кірпіші қаланған қалалық Мәдениет үйінің құрылысы бүгінде қарқынды жүруде. 500 орындықты көрермен залы бар нысанның жан-жағын абаттандыру да назардан тыс қалмаған. 9287 шаршы метр жеріне көгал егілген.

Одан бөлек, М.Тұрсынов көшесіндегі стадионды реконструкциялау жұмысы қолға алынған. Нәтижесінде стадион 2050 көрерменге арналған орынмен, автотұрақпен, сапалы алаңмен қамтылмақ.

Шаһардағы 32 гектар жерге инженерлік инфрақұрылым жүйесі (кәріз, электр, ауыз су) салынуда. Атап айтқанда, 4132 метрге су құбыры, 3490 метр жерге кәріз құбыры, 8225 метрге созылған электр желісі тартылып жатыр.

«Арман» тұрғын үй кешенінде 5 қабатты 44 тұрғын үй мен Яссы көшесінде (2,98 гектар) абаттандыру жұмыстары атқарылды.

Қазіргі таңда бөлім тарапынан 10 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Нәтижесінде орталықтағы 5 мектепті күрделі жөндеуден өткізу көзделген.

АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Түркістан қаласында тұрғындардың өтінішіне сәйкес абаттандыру, инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған мәселе қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен өткен жиында талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.

Бүгінде «Отырар» шағынауданын абаттандырудың III кезеңі бойынша асфальт төселіп, жаяу жүргінші жолағы салынуда. 3 балалар ойын алаңшасы мен спорт алаңшасының құрылысы қарқын алған. Одан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлердің сыртын жарықтандыру жұмыстары аяқталуға жақын.

Көгалдандыру бағытында жасалған жобалар аясында «Гүлдер» саябағы мен Сейхун көшесі аралығына 2 шақырымға созылған ирригациялық арық салынуда.

Абылай хан көшесіндегі сквер құрылысында көгалды аумақ пен жаяу жүргінші жолы және асфальт төселуде. Б.Саттарханов даңғылында басталған абаттандыру және көгалдандыру жобасы бойынша жалпы ауданы 15,2 гектарда жұмыстар жүріп жатыр. Сондай-ақ қала 15 балалар ойын алаңшасы және спорт алаңшасымен толығады.

Жоспарланған 15 жобаның үшеуі – «Бекзат» секторында, алты алаңша «Сауран» секторында, «Шауғар» тұрғын алабында 4 алаңша және «Яссы» мен «Отырар» секторларында бір нысаннан салынады.

Одан бөлек, шаһар аумағындағы бірнеше көпқабатты тұрғын үй ауласында абаттандыру ісі қолға алынды. Нақтырақ айтқанда, Балақаев көшесі, Төле би және Ж.Қыдыр көшелеріндегі екі үйдің ауласына Тәуке хан даңғылы бойындағы №72, 73 үйлер ауласында абаттандыру жұмыстарының 80% аяқталған.

«БАРЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІ ҮШІН ЖАСАЛУДА»

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова «МПС» тұрғын алабында болып, сонда тұратын азаматтармен кездесті. Кездесуге бірқатар сала басшылары мен бірге аталған округтен сайланған қалалық мәслихат депутаты Алмас Шүкірбековте қатысты.

Ашық аспан астында, еркін форматта кездесуге жиналған халық жол салу, қоғамдық көлік, балалар ойын алаңшалары, тұрмыстық қалдықтарды жинау, тұрғын үй ауласын абаттандыру сынды мәселелерді айтты.

Шаһар басшысы аталған тұрғын алабтағы барлық мәселе назарында екенін, қаржы мүмкіндігіне қарап кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

«Бүгінгі таңда жеке инвестор есебінен «МПС» тұрғын ауданында құны 280 млн теңгені құрайтын жаңа саябақ құрылысы жүргізіліп жатыр. Жақында пайдалануға беріледі. Мұнда саялы ағаштар отырғызылған, бәрі де автоматты суару жүйесіне қосылған. Екі заманауи спорт алаңшасы, орындықтары мен төбесі жабық демалыс аймақтары болады. Сөзсіз, қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының бірі болады деп сенемін. Барлық жұмыстар тұрғындар игілігі үшін жасалуда», деді Гүлжан Мамытқызы.

Кездесуде тұрғындар үй аулаларына жарықшамдар орнатылса деген тілектерін айтты. Шаһар басшысы тиісті бөлім басшысына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қаржы мүмкіндігіне қарай орнату керектігін айтты.

«Өздеріңіз көріп жүргендей, кезең-кезеңмен қаламызда ажарланып, абаттанып келеді. Өкінішке орай, кейбір азаматтар ағаштарды бүлдіріп, жарықшамдарды сындырып, саябақ іштерін ластап кетіп жатыр. Сондай бұзақылармен қоғам болып күресуге шақырамын. Арыс ортақ мекеніміз болғандықтан, бұзушылық көрген жағдайда дереу құзырлы органдарға хабар беріңіздер», деген қала әкімі арыстықтарды қоғамдық тәртіпті орнатуға бір кісідей атсалысуға шақырды.

Кездесу жиналған жұрт қала әкімдігіне алғыстарын білдіріп, алда атқарылар жұмыстарға сәттілік тіледі.

ЖАҢА АУДАНДЫ ДАМЫТУ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

Келес ауданы осыдан 5 жыл бұрын өз алдына жеке дара аудан болып қайта құрылды. Орталығы – Абай ауылы, ауданда 1 ауыл, 12 ауылдық округі және 83 елді мекен бар. Бастапқыда аудан инфрақұрылымы кенжелеген, әлеуметтік нысандардың тозығы жеткен болатын. Жаңадан құрылған ауданды дамыту бағытында кешенді жоспарлар түзіліп, жүйелі жұмыстар атқарыла бастады.

Нәтижесінде өткен жылдар ішінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында аудан тұрғындарының елді мекен санымен алғанда 64,9% табиғи газбен, 75% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар, сапалы электр қуатымен қамтылған ауылдар саны 75,9% жетті.

Өңірді дамытудың күретамыры автомобиль жолдары екені анық. Осыдан 5 жыл бұрын Келес ауданының ішкі көшелерінің қанағаттанарлық жағдайы 21% құраса бүгінгі таңда ол көрсеткіш 55 пайыздан асты. Жалпы ауданға қарасты аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 122,5 шақырым. Өткен жылы 2,5 шақырым «Жүзімдік-Ақсу» KGS-4 автомобиль жолын жөндеу жұмыстары және KXSG-31 «КХ-94 Бекбота-Ащыкөл» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 3,5 шақырым жолы орта жөндеуден өткізіліп, 83,5%-ға жетті. Биыл KXSG-31 «КХ-94 Бекбота-Ащыкөл» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 6,5 шақырым жолына орта жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған жағдайда 88,8%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Келес өңірінде тұратын азаматтардың дені ауылшаруашылығы саласында еңбек етеді. Биылғы 5 айда ауыл шаруашылығының өнім көлемі – 14 819,8 млн теңге болса, оның ішінде мал шаруашылығының өндірісі 12 327 млн теңгеге жетті. Диқандардың тындырымды істерінің нәтижесінде өсімдік шаруашылығының өндірісі – 2 397 млн. теңгені құрап, ауыл шаруашылығындағы өндірілген өнім 6300 тоннаға жетті. Сондай-ақ биылғы мамыр айында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12 572 бірлікті құрап, 13 373 адам жұмыспен қамтылған.

ЖЕТІСАЙДА ЖОЛ САЛУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Жетісай ауданы, Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм елді мекенінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 11,25 шақырымды құрайтын 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарына 304,9 млн. теңге қаржы қаралған.

Қазіргі таңда 3 көшеге орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен бөлінген 13 млн. 268 мың теңгеге ұзындығы 0,542 шақырымды құрайтын Қарасақал елді мекеніндегі 1 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, Жетісай ауданында 2023 жылы орташа жөндеуден өткізілген көшелерге «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» Түркістан облысының филиалы тарапынан асфальтбетон сапасын және қалыңдығын анықтау мақсатында зертханалық сынамалар алынып жатыр. Жол сапасы бақылауда.

ЕЛДІМЕКЕНДЕРДІҢ ЖОЛДАРЫ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Бәйдібек ауданында биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы ұзындығы 19,6 шақырымды құрайтын 3 елдімекеннің 18 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жарықтандыру, аяқжолдар және суағарлар орнату жоспарланған.

Қазіргі таңда жоба аясында Ақбастау ауылындағы 11 көшеге жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жаңадан асфальт төселіп, аяқжолдар салынып, суағарлар мен көше шамдары орнатылу үстінде.

Одан бөлек, биыл облыстық, аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға 19,4 шақырым Шаян елдімекеніндегі 14 көшеге (М.Әуезов, Е.Шөкеев Б.Қарашаұлы Қ.Спатаев, Қ.Жандарбеков, Шәкәрім, С.Әлжанов, Мыңбұлақ, А.Нысанов, Жамбыл, Абай, К.Нұржанова, О.Жандосов, Б.Болатбеков және Қошқарата елдімекеніндегі Дүйсебаев көшесіне) орташа жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. Бүгінде аталған 14 көшеге асфальт бетон жамылғысын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, аудандық маңызы бар Қаратас елдімекеніне кіреберіс автомобиль жолына 7,5 шақырым, Теректі елдімекеніне кіреберіс автомобиль жолына 2 шақырым орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, биыл облыстық маңызы бар Таңатар елдімекенінің кіреберіс 3 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *