ҰЛТ ТАРИХЫН ҰЛЫҚТАҒАН

Мерей
386 Views

Академик тарихшы Берекет Кәрібаев – 60 жаста

ҰЛТ ТАРИХЫН ҰЛЫҚТАҒАН

Мен алғаш ол кісінің іскер ұйымдастырушылығына тәнті болған едім. Әл-Фараби атындағы қазақтың ұлттық университетінің ректорына кіріп, Алтынайұлы Қарасай батырдың туғанына 420 жылтолуына орай конференция өткізу жөнінде рұқсат алдым. Сол кездегі тарих факультетінің деканы Мейіркүл Ноғайбаева бұл мәселені ұйымдастыруды кафедра меңгерушісі Берекет Кәрібаевқа тапсыруды жөн деп тапты.

Талай-талай алқалы жиындардыөткізіп жүрміз ғой. Бірақ Берекет ә дегеннен бел шеше бірден кірісіп кетті.Қасына Мадина деген көмекші алды да, алдымен тап-тұйнақтай жоспар жасады. Сонау Петропавл, Қызылорда тағы басқа қалалардағы тарихшы профессор, оқымыстылармен өзі тікелей телефон арқылы сөйлесіп, баяндама жолдауларынаөтініш білдіріп жатты. Көптеген ғылыми мақалалар түсіп, оны оқып, талқылап,университет баспасынан жинақ та шығарып үлгерді.

Конференция модераторыБерекеттің өзі болып, бар тізгінді қолға алды. Бұл жиынды сол уақыттағы университетректоры, академик Ғ.Мұтанов өзі кіріспе сөз сөйлеп ашты. Бас баяндаманы тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков кең қамтып 35 минут жасады. Солкездегі Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, математикағылымының докторы, профессор Тахир Балықбаев және басқа да ғалымдар өз пікірін білдіріп, сөз сөйледі.

Бұл конференция университеттің кітапханасының үлкен залында ұйымшылдықпен әрі тарихи-танымдық жағынан өте сапалы өтті.

Арада ай өтпей Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті де Қарасай батырдың 420 жылдығына орай арнайы конференция өткізді. Бұл ғылыми жиында бас баяндаманы – академик Берекет Кәрібаев жасады. Осы жолы оның өте ізденімпаз, терең білімдарлығына риза болдым. Университеттегі Шолпан Торғауытова деген тарихшы қарындасымыз тез арада конференция материалдарын жинақ етіп шығарып берді.

Қазақ қашаннан дербес мемлекет болды, қай уақытта бөлек ел болып, шаңырақ көтерді? Осы бір кезеңде де академик Берекет Кәрібаев теңіз түбінен маржан іздегендей, талдап, таратып, зерттеп, зерделеп қазақ хандығының алғаш бөлек құрылған жылын анықтап берді. Бұл үлкен ұлттық мереке болып кейіннен аталып өтілді. Тараз қаласындағы тұңғыш қазақ хандығын алғаш құрған көсемдеріміз Керей мен Жәнібекке айбынды әрі әсерлі ескерткіш ашылды. Осы тұста Б.Кәрібаевтың қазақтың бөлек ұлт болып, мемлекет құруы жайлы мақалалары баспасөзде дүркін-дүркін жарияланып жатты. Теледидар мен радиода сұхбат-әңгімелері арқылы тарих қойнауындағы ел біле бермейтін жайттарды ортаға салып, кең таратып, әсерлі әңгімелер айтып жүрді. Осы кезеңде оның нағыз ірі тарихшы, шынайы білімпаз ғалым екені анық көрінді.

Ақ тулы сіргелі Жабай батырдың туғанына 290 жыл толуына орай бұл мерекені өз деңгейінде өткізуді ел-жұрты маған тапсырды. Бұрын кеңінен зерттелмеген, ол жайлы мағлұматтар аз болатын. Дереу еліміздің ең беделді ірі ғалымдары мен шетелдегі осы тақырыпты зерттеп жүрген оқымыстыларға арнайы хат жазып, мақалалар жазып берсеңіздер деген өтініш айттым. Көп ұзамай бір күні Берекет Кәрібаев жұмыс кабинетіме келіп: «Міне мақала жазып әкелдім, он бет жетеді ме?» — деп тұр. Алып қалып оқып көрсем Жабай батыр өмір сүрген дәуірі жайлы, ондағы оңтүстіктегі сан қилы оқиғалар туралы тереңнен сыр тартқан тамаша зерттеу еңбек екен.

Ақыры, барлық мақалаларды жинап «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр» атты 35 баспа табақ көркем безендірілген кітапты 4000 данамен шығардық. Алматыда академиктер, ғылым докторлары, тарихшы, филолог оқымыстыларды жинап, тұсаукесерін өткіздік. Одан Шымкентте М.Әуезов атындағы университетте ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Онда Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Татарстан секілді шетелдерден ірі ғалымдар қатысып, баяндамалар жасады. Астана, Түркістан және басқа да жерлерден келген тарихшылар өз ой пікірлерін білдірді. Міне, осы конференцияда да Берекет Кәрібаев соны, тың ойларымен баяндама жасап, ел ризашылығына бөленді.

Ертесіне Сарыағаш ауданындағы Жабай батырдың атамекені – Әлімтауда он мыңнан аса адам қатысқан далада үлкенжиын өтті, ас берілді.

Берекет қай жерге барса да шәкірттері алдынан шығып, бүкіл жұрт оны алқалап, құрметтеп, суретке түсіп, қатты қадірлейтінін анық байқадық. Жұртшылық оны қаумалап, қошеметтеп жатқанын көріп «Ғалымның нағыз бақыты осы ғой, шіркін!» – деп тұжырымдап, сүйсіндік.

Екі-үш жыл бұрын қазіргі Жетісу облысындағы Шоқан Уәлиханов музейіне бардық. Бұл сапарды Сүйінбай музейінің директоры Аяжан Сәдуақасова «Сүйінбай ақын ізімен атты» экспедиция жоспары бойынша Тезек төренің 200 жылдығына орай ұйымдастырған еді. Тезек төренің бүгінгі ұрпақтары Бағдад, Азамат Ақынбеков сынды өлкетанушы азаматтар келген қонақтарды жан-жақты аралатып, таныстырып шықты. Осы орайда Берекет Кәрібаев Тезек төре, Шоқан Уәлиханов жерленген орындарды өлшеп, бұрындары айтылып жүрген әртүрлі аңыздар жайлы әңгімеледі. Әсіресе, Шоқанның жұмбақ өлімі жайлы бірнеше нұсқадағы жағдайларды Б.Кәрібаевтан алғаш естіген едік. Бұл тарихи жерлерді анықтау, зерттеу және Тезек төре және басқа тұлғалардың кесене-күмбезін тұрғызу жайлы ол құнды ұсыныстар айтты.

Күннің қырық градус қапырық ыстықтығына қарамай бейіттерді аралап, бұрынғы қорған болған жерлерді өлшеп, блокнотына түртіп жазып алып жатты. Мен бұл ғалымның ғылым үшін, тарих үшін жанкешті еңбекқорлығына риза болдым.

Былтыр көктемде Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Сұраншы батыр ауылына бардық. Көп зерттелмеген Әуез Атамқұл батыр жайлы клубта жиын өткіздік. Арнайы осы шараға барған Берекет Кәрібаевқа жиналған жұрт сан түрлі сұрақтарды үсті-үстіне қойып жатты. Академик тарихшы жүзі жайдарлана әр сұраққа байыппен дәлелдерді келтіре отырып, мазмұнды жауап бергенде бәрі ду-ду қол шапалақтап, мәртебесін асырды. Ауыл тұрғындары сонау Алтын Орда дәуірі, қазақ хандығы, қазақ-қалмақ соғысы, қоқан басқыншыларымен шайқас тағы басқа да көкейінде жүрген сауалдарына тұщымды жауап берді. Тіпті халық қанша сұрақ беріп жатса да түк қысылмай жайнап, жадырап, түрі балбұл жанып, рахаттана түсіндіріп жатты. Жиыннан кейін де тарихты білгісі келгендер топ-тобымен Берекетті қаумалап, көпке дейін жібермей әңгімесін тыңдаумен болды.

Жетісудың төбе биі болған, қол басқарған батыр әрі шешен Айдосұлы Сарыбай бидің туғанына 200 жыл толуына орай туған елінде үлкен кешенді ескерткіш орнатылды. Осыған орай осы абыз жайлы жинақ әзірленіп жатқанда алғысөзді кім жазады деген тұста ұйымдастыру алқасының барлық мүшелері «Берекет Кәрібаев жазғаны дұрыс» деген бірауыздан шешімге келді. Қайназар ауылының жанындағы жотаға орнатылған көрнекті ескерткіштің ашылу салтанатына бес мыңнан астам қатысты, Астанада тағы басқа қала, облыстардан қонақтар келді. Алғашқы сөз Берекет Кәрібаевқа берілді. Ол Сарыбай бидің ғұмырнамасын саралай келіп, оның ірі тарихи тұлға екенін атап көрсетіп, тарих көшінен лайықты орнын алу керектігін атап өтті.

Ұлт тарихымызды түгендеп, бүгінгі замандастарымызға жазып та, айтып та тереңнен түсіндіріп жүрген бұл академиктің сан-қырлы білімпаздығымен қоса тынымсыз еңбекқорлығы, үнемі ізденіс үстінде жүретіндігіне риза боламыз.

Қазіргі көп ғалымдарда екі кемшілік бар деп пайымдаймын. Біріншісі, көбісі диссертация қорғап, ғылыми атақ алып алған соң соны малданып жазуды біржола доғарады. Немесе тіпті жаза да алмай қалады. Ал, білімдар, ізденімпаз оқымыстылар газет-журналдарға жиі мақалаларын жариялайды, жаңалықтарын жамағатқа жеткізуге асығады. Міне, бұлар нағыз оқымысты ғалымдар.

Екінші, көп оқымысты-профессорлар қарапайым елмен пікірлесіп әңгімелесуге, түрлі шаралардағы сұрақтардан қашады. Өйткені, бірдеңені білмей қалсам деп қорқады. Тарих пен халық егіз ғой, қайта ұлттың түп-тамыры жайлы айту – тарихшылардың төл міндеті емес пе?!

Ал, Берекет Кәрібаев түрлі баспасөз беттерінде үздіксіз еңбектерін жариялап тұрады. Теледидар мен радиода жиі сөйлеп, елді толғандырар мәселелер жайлы, ұлтымыздың тарихтанудағы мәселелер жөнінде құнды мәселелер көтереді, өз пікірін ортаға салады.

Шетелдерде және еліміздегі конференция, симпозиум, форумдарда ғылыми баяндамалар жасайды.

Былтыр еліміз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты қазақ басына келген нәубеттің 300 жылдығын атап өтті.

Жақында ғана әл-Фараби атындағы қазақтың ұлттық университетінде осы мәселеге орай халықаралық үлкен конференция өткізілді. Оны ұйымдастырған тарих факультетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасы, меңгерушісі Берекет Кәрібаев. Міне, осы жиынға еліміздегі және шетелдегі азуын айға білеген, айтқандары алтын, ойлары гауһар тарих шыңына шыққан небір атақты академиктер, докторлар, профессор ғұламалар қатысып, баяндамалар жасады. Берекет – өзі модератор болып, осы ірі істің бәрін жүйе-жүйесімен ұйымдастырды.

Халқымызға орасан зор шығын әкелген бұл нәубеттің қыр-сыры және еліміздегі басқыншылардан азат етудегі қазақ елінің біртұтас бірігіп, соның арқасында жеңіске жеткендігі жайлы маңызды пікірлер, сом ойлар ортаға салынды. Қандай іс болсын бәрін аяғына дейін тап-тұйнақтай сапалы етіп бітіру – оның басты кредосы.

Б.Кәрібаев – ұстаз. Жай ғана емес ұлтымызға белгілі ұлағатты ұстаз. Өзім кезінде диплом алған КазГУ-ге бүгіндері барсам әдейілеп академик-тарихшыға кіріп шығамын. Оның алды әсте бос болмайды. Студенттер, магистранттар, докторанттар, ғалым-оқымыстылардың бірі кіріп, бірі шығып жатады. Тіпті еліміздің түкпір-түкпірінен шәкірттері, тарихшылар, өлкетанушылар, шежірешілер де келіп-кетіп жатады. Кезінде ішінде Берекет бар бір топ тарихшылар қазақтың бәленбай том шежіресін жазып, кітап етіп шығарғаны өз алдына бір төбе әңгіме, күнделікті оқитын лекциясы бар, кафедра меңгерушісі ретінде сан түрлі шаруаларды реттестіру, түрлі ғылыми жобаларды жүзеге асыру – қаншама қат-қабат мәселелердің бәріне үлгеріп, уақыт табады.

1996 жылы ҚР ҰҒА академигі, профессор Болат Ешмұхамедұлы Көмековтың ғылыми жетекшілігімен «XV ғ. соңғы – XVI ғ. алғашқы ширегіндегі Қазақ хандығының Мауереннахр билеушілерімен саяси қарым-қатынастары» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. 1999 жылы доцент атағына ие болды. Ал 2010 жылы ҚР ҰҒА академигі Б.Е.Көмековтың ғылыми кеңесшілігімен «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап, 2011 жылы профессор атағын алады.

Б.Б.Кәрібаев жалпы саны 700-ден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік жұмыстардың, жеке монографиялар мен ұжымдық монографиялардың, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның ішінде жеке 20 монографиялық кітаптың, 40-тан аса авторлық ұжыммен жазылған кітаптардың, Қазақстан тарихы бойынша 4 тарихи анимациялық фильм сценарийінің авторы, «Ұлы Дала таңы» көркем фильмінің тарих бойынша бас кеңесшісі.

Ол 2012 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, ал 2020 жылы ҚР ҰҒА академигі болып сайланды.

Санасы сергек, ойы орамды, пікірі құнды академик, тарих ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы қазақтың ұлттық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берекет Кәрібаев алпыс деген асқаралы жасқа толайым табыстармен келіп отыр. Осындай ғұлама перзент берген ата-анасына, ел-жұртына алғысымыз шексіз. Оның әлі талай-талай биіктерді бағындыра беретіндігіне кәміл сенеміз.

Нағашыбек Қапалбекұлы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ЮНЕСКО-ның мәдениеттерді жақындастыру

орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *