ҰЛЫ БАБАЛАР НАСИЯТЫ

Таным
2 716 Views

Сайрамдағы  «Сансыз  Баба» (Кер Сақ Аб Баба) туралы

Сайрамдағы «Сансыз Баба» — деген  сөзді  қазіргі  ел  ішінде есепсіз, Араб елдерінен ислам дінін таратуға келген өте  көп  баптар, яғни әулиелер  өткен  деп  ұғады. Бұл түбірімен қате  ұғым. «Сансыз Баба» Сайрамдағы алғаш рет «Мен Құдаймын!» — деп, астамсынған Перғауынға (фараонға) : «Сен Құдай емессің, Құдай жерде емес, Құдай көкте!» — деп, Сақтардың 16 тайпасын, яғни 16 барыс аталған 16 көсемдерін  біріктіріп, соғыс ашқан  алғашқы  адам.

«Сансыз Баба» — деп, атының  өзі  айтып  тұр. Бұрынғы дәуірлерде Ұлы Ата Бабаларымыз  «Құдай  Бір, Құдай  жалғыз!» — деген  соң, мұндай  атақты  адам  баласына  бермеуге  тырысқан. Оның  ішінде  әулие  адамдарға, солардың ішіндегі бірегейі  «Кер Сақ Аб Сансыз Баба»! Бұл кісі санға  кірмейді. «Сансыз» — бұл, «Жер Жаһанды сол ескі дәуірлерде билеп тұрған Перғауындар (Фараондар) мен оларға бағынып тұрған адам жегіш  тайпаларға  қарсы  алғаш  соғыс  ашқан  адам!» — деген  ұғымдарды білдіреді. Ұлы Бабаларымыз «Бір» — деген санды: «Ұлы Жаратушымыз, Көк Тәңірі,  мың  бір  аты  бар  Бір Аллаға  ғана  лайық!» —  деп есептеген. Ал басқа 2 мен 9 арасындағы сандар: «Бұл адамға лайықсыз» — деп, санға кірмейтін, яғни сандарға симайтын «Сансыз Баба» — атымен  аталып  кеткен.

Ата – Бабаларымыз  өте  атақты  ірі  тұлғаларға, оның  ішінде  осындай  әулие  бабаларға, бірдің  орнына «Пір», «Сансыз», яғни  санға  жатпайды» — деп, «Жеке», «Жекен» – деген  сияқты атақ берген. «Жалғыз» — деген  сөзді  жетімге, батырға  берген. «Жетім  көз, жасы  көп —  құдайдың  сағыры, өзі  жылап  өтсін, елдің басына бермесін!» – деген. «Батырлар ел қорғады, мойнында жазықтының да, жазықсыз адамның да қаны  бар, елге зияны тимесін, өзімен кетсін!» — деген.

Әрбір  айтылған сөздің киесін бағалай білген халқымыз «Жалғыз» — деген атауды жерге, төбеге, т.б. жансыз  тіршілікте  кездесетін  тұтынатын  затқа  берген. Сондықтанда Бабаларымыз: «олай атаған жағдайларда елде таршылық, соғыс, жастар өлімі көп болады» — деп, туыс-жақындарын  немесе  ұл-қыздарын: «жалғызым?!» — деп атауға атауға тиым салған!

 

Дасқұт Ұсалы Жәддінің  Шыңғысханға Сайрам шаһары туралы айтқаны

Тарихаттың — өсиет тартар тұсында  ақиқат болған!

Тарихаттың — өсек тартар тұсында аңыз болған!

(Майқы Би)

Керегеней  Сабулайдың ұлы Тәмүршын  Шыңғыс Қаһанның  Бас Жәддісі (жырау) Дасқұт Ұсалы  Жәдді  Шыңғыс Қаһанға былай депті:

 

Түп Атаңыз Кер Сақ Аб Сайрамдағы!

Отырар Тектілердің туы болса,

Керден туған  Керейлер,

Көк тәңіріне сыйынса,

Көкбөрідей ұлыса,

Мәрқұт (Меркіт) Қият жиналса,

Арна тоғысып көл болар сай – сайдағы!

Алты Арыстың баласы,

Таққа таласып бәтуәсін басса аяққа,

Ынтымағы  ыдыраған ойрандағы!

Алты Арыстың туын көтер «Қансуарлап!»

Топырақ азып шаң болмай,

Адамзаттың баласы!

Мынау: «Қазақ» — деп, таң қалмай,

Тәубасына келтірер ойланғаны!

 

Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы бидің Алты Арыстың баласына айтқаны

—  Арғын — Аға баласы,

Керей — Батыр тонның жағасы!

Уақ — ерке ботасы,

Найман — «тоғашыларға» арашы,

Қыпшақ — Ата баласы,

Қоңырат — момын баласы!

Уа, Ғайып Ерен Қырық Шілтен!

Сен Алладан тілесең,

Алты Арысқа бақ сұрап

Оң көзіңмен қарашы!!!

Арғын — Аға баласы

Ақылымен шайқайды!

«Қанды кек» етек алсада,

Әділдіктің ноқтасын бергенде,

Түйінін шешіп шайнайды!

Керей — Батыр тонның жағасы!

Жау жағаласып келгенде,

Найза ұшында ойнайды!

Қасарысып қас келсе,

Алысса алмай қоймайды!

Уақ — ерке ботасы!

Алты Арысқа бақ тілеп,

Бауырларын ойлайды!

Найман — «тоғашыларға» арашы!

Бітістірмей қоймайды!

Қыпшақ — Ата баласы!

Он саусағынан өнер тамған!

Саналы ойы таста қалған!

Алымдар туған ұсталар!

Көздің құртын байлайды!

Қоңырат —  момын баласы!

Қызыр келіп қыз берген!

Ырысы мол дәм — тұз берген!

Төрт Құбыласынан жол көрген!

Қонақ асы балдайды! — депті.

 

Ежелгі Сайрам шаһары және Ғайып Ерен Қырық Шілтен туралы

Сайрам шаһары «Құсілім» заманында, топан су қайтып өмір қайтадан жандана бастағанда  пайда болған. «Сайрам» — сөзі, ежелгі Сақтар тілінен аударғанда, қазіргі сөз саптауына салғанда «Қарлығаштың  ұясы» — деген ұғымды білдіреді. Ежелгі замандарда Сайрамда қарлығаштар өте көп  болған. Бес  мың  жыл бұрын Сайрам шаһарының «қырық қақпасы» болған. Ең қасиетті саналатыны «Ел табан» қақпасы, екіншісі «Дәліз» екен. Дәліз — бұл қазіргі Шымкенттің  Сақтар заманындағы аты. Бұл қос қақпа  киелі тау Қазығұртқа қарап салынған. Арада мыңдаған жылдар өтіп, бірнеше ғасырлар аунағанда Ескендір Зұлқарнайын Мұзақар (Алатау) тауы жағынан шабуылдаған тұсты «Зіл қақпа» — деп атаған.

Қазығұрт тауының маңайында «Мұң құлқын шейіт» — дейтін мекен бар. Бұлай аталу себебі Сайрам шаһарынан сақталған сонау Атаұллы (Атилла) заманынан жеткен «Асұр» қазыналар Қазығұрт тауының «Қасқасу» маңайында «Көкі» дейтін оқ жыландар жайлаған үңгірінде сақталған.

«Көкі» — үңгірінің ішіндегі қазына байлықтар Қыпшақ Атаұллының (Атилла) туған ағасы Маңғұрт ұстаның қолынан шыққан асыл қазыналар болатын. Осы Маңғұрт ұрпақтары үлкен ел болып, кейінгі орта ғасыр дәуірінде осы Атадан тарағандар «Маңғыттар» тайпасы — деп аталып, ғаламдық тарихқа өз үлестерін қосады. Қыпшақ Атаұллы (Атилла) өзімен қосқанда Маңғұрт (Маңғыт), Шілік  атты ағайынды үшеу болған.

Маңғұрт — Ердәуіттің әруағына бас иіп ұсталық жолды таңдаған.

Атаұллы (Атилла) – «Керегесі — ағаш, Түбі — Алаш, Сүті — Қазақ Еліне қорған боламын!» — деп,  Қазақ Қаһанның әруағына арқар шалып, ант ішіп бес қарудың пірін ұстайды.

Шілік – Бағбан Ата, Дихан Атаның жолына дән сеуіп, бау – бақша егіншілік жолды ұстайды.

Арада ондаған ғасырлар етек – жеңін өзгертіп, көйлек жібектен, көңіл ниеттен болатын заман келгенде, Қыпшақ Әл Сауран Қараши Гүрханның дәуірінде, Ислам діні Қазақ Еліне  кең жайылып,  Отырарға керуен тартып келген Арабтар осы киелі «Көкі» үңгірге ұрлыққа түсіп бір құмыра «Асұрды» алып кетеді. Бұл қақаған қыстың аязында болады. Келесі жылы Арабтар осы үңгірге тағы келеді, бұл жолы он керуен тартып, әр керуенде шейіхтер бастаған жүз сарбаздан тұрған, басшысы Әл Сүзүк Мұстафа  Хазірет бес қаруы сайланған шеру жаз мезгілінде жасырын жолмен қайта оралады. Осы  Әл Сүзүк Мұстафа  Хазірет  бастаған керуен Қазақ еліне  бірнеше рет сауда айналымын жасап,  «Асұр» қазынаны дәреуіштерден естіген. Енді үңгір ішіндегі басқа бөлмелерді аралай бастайды.

Бірінші келгендерінде құран оқып Қазақтың Сүтінен тараған Қыпшақ Атаұллының әруағына тағзым етіп, зікір салған екен. Ал екінші келгендерінде ниетінің барлығы қу дүниеге ауып:

— Өткендегі зікіріміз пәлсәпа! Алла бізді қолдап тұр, әруақтарды айтып, құран оқығанымыз күпірлік екен! — деп ниеттері бұзылып, баса — көктеп бұрын кірмеген үңгірдің бөлмелерін  аралай бастайды. Орасан зор «Асұр» қазынаны көргенде, шейхтардың сарбаздарының арасында қызғаныштан дау туып, ақыр соңы кескілескен өзара қырқысқан шайқасқа ұласады. Шейхтар шайқасты зорға тоқтатады. Бірнеше адам ауыр жаралы болып, тең жартысынан көбі ажал құшып, он жеті  түйе, жиырма бір жылқы,   шейхтарды қосқанда жетпіс адам  ғана аман қалған екен. Шейхтар бір тоқтамға келіп Әл Сүзүк Мұстафаға бас иіп:

— Билік, шешім – кесімді өзіңізге салдық Хазірет! – дейді. Осылайша «Асұр» қазынаны өзара тең бөлісіп жолға шығуға бет бұрғанда, өзара қырылысып қайтыс болған  сарбаздарының және  өлген түйе мен жылқылардың еттері ағып қу қаңқа сүйектерін көргенде естерінен тана жаздайды.

— О, Алла! Әлгінде теңкейіп жатқан өліктердің қаңқа сүйегі ғана қалыпты, бұл қалайша болды?! — деп, естерін жинағанда, әрбір қаңқа сүйектің астынан бір-бір оқ жылан пайда болады.  Бұл оқ жыландардың қасиеті  жануарлар мен адамдардан қасірет шексе ғана шаққан. Уы денеге бір сәтте тараған және сүт пісірім мезгілде адамдардың, малдардың еттері сұйыққа айналып жерге сіңіп кетеді екен. Тонаушылар көліктерінен түсуге қорқып тұрғанда Қараши Гүрханның сарбаздары келіп қоршап алады. Оқ  жыландар тау сызаттарына кіріп жоқ болады. Қараши Гүрхан  Алты Арыстың туын көтеріп, алтын сауыты жарқылдап, жетпіс ұрыға қарап:

—  Сендердің күнәларың өте ауыр, әруақтың қаһарына ұшырадыңдар! Мен сендерге қылыш көтеріп, қандарыңды төкпеймін! Керегесі ағаштан! Түбі Алаштан!                                Сүті Қазақтан!  тараған  Ата – Бабамыздың қасиетті мекені Ұлсай Емер Анамыз  Қос перзенті Қазақ пен Созақты туған, Ұлы Әулие  Ғайып Ерен Қырық Шілтен өмір сүрген Қос Емер есігіне алып барамын! Ол қасиетті киелі таңбалы мекенде, Қазақ пен Созаққа аяғы  ауырлап, босануға айы – күні толғанда Адам Ата мен Хауа Анамыз, Ұлсай Емер Анамыздың түсіне еніп аян береді:

-Тәңірім сенің  құрсағыңа Қос белбеу байлады, Айыр таудың (Қазығұрт) «Сәби сүрлеу» арасынан аман — есен өтсең, құрсағыңдағы қос белбеу тамырын жайып орманға айналады. Ал өте алмасаң «Сәби сүрлеудің» арасында  отқа оранып күл боласың! — деп ғайып болған екен.

Жарықтық Ұлсай Емер Анамыз  аман – есен «Сәби сүрлеуден» сүрінбей,  қос ыиығы тасқа сүйкенбей өтеді. Қос егізі Қазақ пен Созақты осы киелі, қасиетті «Қос Емерде» босанады. Созақ мейірімсіз болғандықтан, бұл Бабамыздан ұрпақ жоқ. Ал «Мейірім мен Шапағатты» берік ұстанған, Ақиқат пен Әділдікке екі қайыра соқпаған Қазақтың «болашымы» (болашағы, ұрпағы)  біз боламыз!

Тағы бір қасиеті  Қос Емер «Сәби сүрлеудің» табанында үш түрлі бұлақтың сызаты бар бір жерге құятын:

Алғашқы сызат көз!

Ортаншы сызат тіл!

Кенже сызат құлқын!

Ниеті бұзылған пенденің:

Көзі тоймайды!

Тілі алдайды!

Құлқыны құдық толмайды!осы үшеуі бір жерге құйғанда, әр пенде өзі емген ақ сүтін көреді! Тәубамнан иманым қашты! – деп, есін жинап зарлайды! Осы жетпіс адамның  қайсысы «Қосемер Есігінен»  аман өтсе, сол пендеге «Асұр» қазынаның бәрін беріп еліне қайтарамын! Өте алмаған пенделер анау жатқан қаңқа сүйектердің жанынан орын табады! – деп, қаһарланған Қараши Гүрхан  Қазақ пен Созақ туылған және Ғайып Ерен Қырық Шілтен мекендеген Қос Емерге жетпіс тонаушыны алдына салып айдап барады. Жетпіс тонаушының ішінде Әл Сүзүк Мұстафа Хазірет қана «Сәби сүрлеуден» аман есен өткен екен. Хазірет Мұстафа  «Сәби сүрлеуден» өткен соң,  теңселіп тұрып:

  • Уа, Тұран Елінің Гүрханы! Менің күнәмді кешірдіңіз ба?! – деп сұрағанда Әл Сауран Қараши Гүрхан:
  • Алла кешірсе, мен кешірдім! – дегенде, Хазірет Мұстафа  жан тапсырады. Сонда  Гүрхан Қараши сарбаздарына пәрмен беріп, былай деген екен:
  • Хазірет Мұстафаны арулап жаназасын шығарыңдар! Ал қалғандарының сүйектерін жинап «Пұтжыраға» тастаңдар! Жаназа  бұйырмасын! —  деп, «Асұр» қазынаны «Көкі» үңгірге алып барып өз орындарына қойдырады.

Қазығұрт тауының ішінде «Сүйектас» — дейтін  жерді «Мұң Құлқын шейіт» — деп айтады. Арада  бірнеше мың жыл өңін өзгерткенде Шығай Ханның  тұсында Қытай, Парсы, Арабтар «Жібек жолымен» керуен тартып, Қазақ Елімен сауда – саттық, бейбіт жолмен жүріп тұрған дәуірде «Көкі» үңгіріне тағы да қызығушылық белең алады. Ақыр соңы шапқыншылыққа ұласып, қарақшылық жол «Қанды кекке» айналады.  «Көкі» үңгірінен қарақшылық жолмен «Асұр» қазынаның тең жартысы ұрланып тыныштық болмаған соң,  қайтадан оқ жыландар пайда болып жан – жануар адамдарға шабуылдай бастайды. «Көкі» үңгірінің жанындағы Маңғұрт (Маңғыт) Қыпшақтардың екі ауылын бір түнде қырады. Себебі осы ауылдан шыққан ірі керуен тартатын көпестер «Көкі» үңгіріндегі «Асұр» қазынаны  ұрлауға қатысы болған. Осы екі ауылдан үш баласын жетектеген жесір әйел туған ауылына талақ тастап Ташкентке жолға шыққанда, оқ жыландар қоршап алады. Жесір келіншек перзентеріне бір – бір күлше наннан ұстатып, өзі бір табақ ұн алып, оқ жыландардың алдарына қояды.  Жыландар ысқырып тұрып кері қарай бұрылып кетіп қалады. Қазір «Көкі» үңгірінің орны «Жылан бұзған» — деп аталады.

Шығай Хан дүниеден озған соң, ұлы ойшыл ғұлама алым Ескендір Мұңшының ақылымен «Жеті Жарғы» жобасы туындап,  аузы дуалы, көреген Мәруан Ақыра Малдас Бидің қолдаумен, қасиетті Ұлытауда, Берке Науан Хан Тәуекел Алты Алаштың  игі азаматтарын жинап Тектілердің бәтуә — бітімімен таққа отырады. Осы «Жеті Жарғыны» елге, елшілерге мойындату жолын Алты Арыстың баласы «Ұлы Асар»  — деп, Ұлытауда Төрт Құбылаға жар салады.

«Ұлы Асар»  жиынына Алты Арыстан тараған Арғын Аға баласы  Ағынтай Батыр, Бұқар жыраудың әкесі Оқпанзар Ашқабат,  Ашамайлы Керей Мәруан Ақыра Малдас Би, Ашамайлы Керей Ескендер Мұңшы, Ашамайлы Керей Шілмекенұлы Қостоқты Батыр,  Тоқсан баулы Қоңыраттан Сабайдараұлы Әз Ғараб Алатау Батыр мен айдарақ шенді Жаманбай Батыр,  Бөгежіл Жақсығұл мерген, Шапырашты Қарасай Батыр, Тоқсан екі ұлы тараған Қыпшақ Атаның Барлас әулетінен шыққан Мұңзары бақсы, Беріш Ағатай Батыр, Сіргелі елінен  Байжігіт әулетінен Құлақа шешен,  азуын айға білеген Алшын Жалаңтөс Баһадүр, қызыл тілдің, қызыр шайырын ұстаған  Жиембет жырау қатысады.

«Жеті Жарғы» бекітіліп, «Қанды кек» тоқталып, Қызылбастармен келісімге келеді.  «Көкі» үңгіріндегі «Асұр» қазынаның қалғандарына Алты Алашты жинап  Тектілерден бата алып, Алты Арыстың әруағына құран бағышталады. Бұл жиын «Қанағат қонар!» — деп аталды. Осы жиында аузы дуалы, көреген Мәруан Ақыра Малдас Би, Алты Арыстың баласына былай деп өсиет тастады:

-Уа! Түбі Алаш!

Сүті Қазақ!

Керегесі ағаш!

Алты Арыстың асыл Тектілері!

Пендеден қанағат кетсе,

Шайтан арбайды!

Бойында иман, сөзінде тәубә қалмайды!

Пейілі қашып, көзбен жұтып, ешбір тоймайды!

Тілмен түртіп, сиқырға айналып бәрін алдайды!

Мыңнан жинап, мың кісіден қайыр жесе де,

Құлқыны құдық түбі жоқ құйсаң толмайды!

Халықтың ноқта жібін тізгінін ұстатпа «Тексіз азғынға»!

«Келімсекті» төрге шығарып елді жалмайды!

Иман, ынтымақ, қанағатты белден баспаңдар!

Әруақтың қарғысына ұшырайсыңдар!

Ханың құзғын, халқың азғын болар!

Жолы болмайды!

Атажұрттан қасиет бір тайған соң,

Қайғы мұң қасіреттің бұлты торлайды! – деп, халықты толқытқан екен. Мәруан Ақыра Малдас Бидің  осы өсиетінен кейін Хан Тәуекел «Қанағатқа қасиет» байлап «Көкі» үңгірдегі «Асұр» қазыналарды түйелерге артып, Ұлы Қызыл құмның ішіне алып барып  белгісіз құдыққа салып көмдіреді. Көмген азаматтардың  бәрін өлтіріп жібереді.  Осыдан кейін оқ жыландар  Тараз шаһарына қарай ауып кетеді. Осыдан кейін Сайрамдағы көктемде есебі жоқ ұшып келетін қарлығаштарда ғайып болады. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында 1979 жылы Тараз шаһарынан  ауған жыландар Мойынқұмға сіңіп жоқ  болып кетеді.

Түсіндірме:

Ұлсай Емер «Үлшіл Бөпе» Анамыз – Ұлы Бабамыз Алаш Қаһанның Тәңір қосқан қосағы, Қазақ Қаһан мен Созақ Қаһанның, және олардың қарындасы Құзын Сауғаның анасы.

«Сәби сүрлеу» — деп, бұрын Ата — Бабаларымыз Ұлы әулие  Ғайып Ерен Қырық Шілтен Бабамыз өмір сүрген киелі  жерде тұрған «Ата» және «Ана» — деп аталатын, зияратқа келген пенделер арасынан екі қолын жайып, «Ана» тасқа бет — жүзін беріп, батыстан шығысқа қарай жүріп өтетін сүрлеуі бар, бір – бірімен қатар тұрған кітап сияқты екі жартасты атапты. Бұл екі жартастың арасынан кедергісіз өткен пенделерді «Сәбидей күнәсіз пәк таза екен» -деп санаған. Осыдан барып бұл киелі орын «Сәби сүрлеу» — деп аталған. Екі жартастың арасынан өтер пенде, қас – қағым сәтте — ақ бар өткен ғұмырын саралап, біліп – білмей істеген күнәларын еске алғанда қатты толқып, екі тастың арасында қысылып, Алладан басқа ешбір пенде жәрдемге келе алмайтын жерде жаны мұрнының ұшына келеді екен. Зияратқа келуші талай пенделердің өз — өздеріне сенімді болып: «Мен намаз оқып жүрмін, күнәм жоқ, тазамын! «Ата қолтығынан» да, «Ата» мен Ана» сүрлеуінен де өтіп кетемін!» — деп, асылық сөйлеп, астамсынғанда екі жартастың арасына қысылып қалып, тәубаларына келіп, құдайы атап пұшайман болған кездері де болыпты. Ал Ұлы Жаратушы Алладан күнәсінан тазартуды сұрап, мал шалып, әруақтарды еске алып, дұрыс жолға түскен пенделер уақыт өткізе қайта  келгенде «Сәби сүрлеуден» оп – оңай өтіп кетеді екен.

«Сәби сүрлеуден» 100 қадамдай төменде ағып жатқан бұлақ көзінен үш түрлі дәмді, яғни ащы, тұщы және кермек шипалы сулар ағып жатыр. Зиярат аяқталған соң ғана бұл бұлақтан ішуге рұқсат беріледі.

«Сәби сүрлеудің» айналасында Ресей отарлауына шейін неше түрлі ғажайып үңгірлер болған. Патша генералы Черняев алтын және басқа да қазыналар іздеп, бұл үңгірлерді оқ – дәрі қойып жарғаннан соң «Елерме» — деген ауруға ұшырайды. Ешбір медицина жәрдем бермеген соң күнәсін кешіруді сұрап, киелі жерлерге зиярат жасап, мал шалып, күшті молдаларға оқытылып жазылады. Жазылып шыққан соң өзі зеңбіректен атқылап, қабырғаларына жарық, сызаттар түсірген Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесін жөндетеді.

«Асұр» — деп, үлкендігі алақандай дөңгелек етіп, таза алтыннан құйылған, сауда мен тауар алмасқанда кепіл орнына жүретін алтын құймаларды атаған. Бұл қазыналарды Ұлы Бабаларымыз: «Болашақта  халқымыздың «Алтын ғасыр» дәуірі келгенде ашылар мұрасы!» — деп, киелі дұғалармен бекітіп қалдырған екен. Бұл «Аманат мұралар» уақытысынан бұрын кездейсоқ табылып, орнынан қозғалып алынса, бұл қазыналарды көрген пенделер естерінен ауып, ол жерде қантөгіс қырғын соғыстар басталады екен.

 

Ұлылардан  жеткен  сөз…

Садақа  берсең жемісті  болады, бермесең  тегіс  солады!

(Қарахан  патша)

«Қазақ  жерінде  кісіге  несібеге  арамдық  у  қосуға, жақсылықтың  алдын  тосуға, жаудан  жосуға, сәбидің  белін  басуға, әулиеге  тіл  тигізуге, ғұламаға  қатты  сөйлеуге,  Жарғыны  аяқ  асты  етуге, мал  жайылымы мен  орманды өртеуге, сүйген  жарыңды  перделеуге  болмайды!» —  деп, киелі  Қазығұрттан  шыққан  63 пайғамбар  айтып  кетіпті.

 

1.Тұз-астың дәмі, өсиет – ұрпақтың  дәмі. Атасынан өсиет  қалмаған Елінің соры, Әруақтың әні.                                                                                                  (Әл  Хорезми)

  1. Қонағына төрін бермегеннің, босағасынан  Қыдыр  не  жесін!

(Жекен Шайық Әулие)

 

  1. Алдын болжап айту — Алланың ісі, өткенді  қозғап  айту — Әруақтың  күші.                                                                                                             (Төрт  Құлақ  Әулие)
  2. Қазығұрттың есігі «Қағба»  болды  Меккеде, Ашамайлы  бесігі  «Олжа»  болды  Меккеде. Қалжа  жесең  ұл  туып, Ту  көтерсін  Ұрандап, Орда  салсын  осы  Елге!                                                                         (Хиссамуддин)
  3. Ата – Бабаның өсиетін ұмыту, мұрахатын  сақтамау, әруағына  бас  имеу,  дүниеге  естімейтін, соқыр  перзент  әкелгенмен  бірдей!

(Әбу  Насыр  Әл  Фараби  Таңсәуір)

 

  1. Пара — өткелсіз көпір, өшпес  өрт!

Жемқорлық – ұятсыз  өмір, жазылмас  дерт!

Екеуіне  де — өлім  серт! Құны  қанжығада!                                           (Әз  Жәнібек  Хан)

 

  1. Өшпес өсиеттің тамыры – Қазығұрт! Бұлағы – Алаша  Қаһан! Арнасы — Өр Алтай!                                                                                                                                     (Әмір Темір Көреген)

Шешеннің  сөзі  өлмейді, тектілердің  ісі, ізі  өшпейді!

  1. Бұтаққа су, ұрпаққа  Рух  бермесең  көгермейді!                                  (Абылай  Хан)

 

  1. Киелі өсиет — елдің қазығы, ұрпақтың азығы, сұлудың  наз  үні,  періштенің  шаңырағы, әруақтың  есігі, иманның  бесігі, Құранның  өңі, шариғаттың  белі, тектіліктің  төлі! Бұрмалаған  пенде — Елдің  шөлі!                               (Пір  Бекет  Ата)

 

  1. Құлды хан етуге  болады,

Көтерер  құрығы  болса!

Ханды  да  құл  етуге  болады,

Әділетсіз  биі  болса!

Сөз  құдретін  өсекке  таңар,

Шұбар  ала  тілі  болса…

Ер Тектісін  есекке  таңар,

Басында  боданды  күні  болса!

Елді  Ел  ететін  Тектілер,

Теңіздің  иіріміндей миы  болса!                                            (Байғұт  Ырысымбетұлы)

 

Ата – Бабаларымыздың  бата  беруі

Бұрынғы  ата-бабаларымыз  әруаққа  құран  бағыштағанда  батысқа, яғни  құбылаға  қарап  оқыған.

Ал  жақсылық  істерге  бастарда, тойда, шілдеханада  міндетті  түрде  шығысқа  қарап  бата  қайырып, тілек айтқан. Бұл  ата  салтымыз  тура  осылай  бұлжытпай  орындалуды талап еткен. Бұл  рәсім  бұзыла  қалған  жағдайда  арты  үлкен  дауға  айналып, қайғылы  жағдайлар да болып  тұрған. Себебі  жаназада  жаңылып  батысқа, яғни құбылаға  қарап  оқылмаса, ол  молданы  немесе  имамды  жазаға  тартқан.

Ал  біреу  қуанышқа, не  болмаса  шілдехана  жасап  бата  тілегенде, ол  адамы  қалай  болса  солай  бата  қайырып  тілек  айтса, мынау  дұшпан  деп  өлтіріп  те  жіберген  қанды  оқиғалар  да  болған.

Сондықтанда құран оқитын, бата  тілек  айтатын азаматтар  төрт  құбыласына  қарап, шариғаттың, елдің рәсімін  бұзбай, бұлжытпай  орындауға  тырысқан.

«Жақсының  сөзі – жарым  ырыс, бұйыра  бермес  әркімге!

«Тектінің»  батасы терең  болады – терезеңді  Қызыр  қағады!».

«Тексіздің»  батасы өлең  болады,

Көңіліңе  ұнаса  ғана  қонады!».

 

«Жаназаның  тонын  уақытылы  бер, тойдың  тонын  кеш  бер» — деп  дана  халқымыз  неге  айтады?

«Тойдың  тонын  кеш  беру, тойдан – тойға  жетсін!» —  дегені.

«Ал  жаназаның  кебінін  тарату — киелі  аруақтар  ырза  болсын!» —  дегені.

Ал «Жаназаны өз қалтаңнан бар азаматқа байлық беру, ырыс ұсыну, бұл бұрынғылардың дәстүрі бойынша көргенсіздік болып саналған!» Себебі: «Сіздіңде еліңізде өлім көбейе берсін!» — деген  жағымсыз  рәсім  екен. Ал  «Жаназаны»  құрметтеп  силаған  иманды  азамат  бесті  айғыр  немесе  серке  алып  барған. Бұл  «Қанаты  талмасын — қатары  көбейсін, Еркесін  алмасын – Серкелі  мүйіз  құрбан!» — деген  рәсім  екен.

Фәнда дүниеден озғанда  жаназасында  молданың  міндетті  түрде  бірінші  сұрайтыны  «Азан  шақырылып  қойылған аты!». Ал  туған-туыстары  лақап  атын  ғана  білеміз «Таңбалы»  атын  білмейміз  десе, жаназа  шығаратын  молда, имам  т.б. болсын  қайтыс  болған  азамат  еліне  қанша  абыройлы  болса  да, қанша  немере, шөбере, шөпшек  сүйсе  де «Адам Ата мен Хауа Ананың  перзенті!» — деп  жаназа  шығаруға  мәжбүр  болған.

Фәнда  дүниеден  озғанда  қырық  күнге  дейін  азан  шақырып  қойылған  атын  өзгертпей  айтып  құран  оқыған. Бұл  рәсім  бұлжытпай  орындалған.

Сәби  дүниеге  келгенде  азан  шақырып  есімін  қояды. Қырқынан  шыққанша  атын  тура  айтып  сөйлей  білу  керек! Қырқынан  шыққанша  жанама, лақап  есімдер  айтылуға  тиым  салынған!

 

«Қажылықтың» шарты

1.Көпшілік жерде ең соңынан ас жейді. 2.Мал шалынғанда: «Обал – Сауап» — деп тұрады. 3.Әр жұмада «Қорым» басына барып құран оқиды. 4. Жетім көрсе, қанша жерден жақтырмай, жек көрсе де маңдайынан сыйпайды! 5. «Қажылық» – «Қанағаттың Атасы». 6. Наурыз мейрамында «Қажының батасы» он кісінің сауабына парапар. 7. «Қажылар» осы шартты орындамаса ол елде жұт болады.

Әлиасқар Байғұтұлы (22.03.1898ж.–21.03.1981ж.) – Ұлы Сыпыра шежіреші. «Бестаңба», «Ізбөрі», «Ғасыр Табақ насияттары» кітабынан «Құсілім», «Қадым», «Ықылым» замандарынан қалған баға жетпес жәдігерлерді жеткізуші, басты бұлақ көзі.

Ақпантай Әлиасқарұлы (02.02.1962 ж. – 10.05.2009 ж.) – ерекше қабілет иесі, құйма құлақ, қазіргі заманғы «үн таспаның» қызметін атқарып, халқына мол жәдігерлерді, мұрахаттарды жеткізіп  кеткен «Екі дүниенің арасын жалғаушы «Дәнекер!»

Асан Тұрабаев – бұл ұлы мұраларды тұңғыш рет қағаз бетіне, үнтаспаға жазып алған тарих танымгері, өнертанушы.

Шежірені ғалам тарихымен салыстырып, жүйелеп, қалпына келтіріп халқымызға жеткізуші, түсіндірме жазып, ғаламторға, баспаға дайындаған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,  Ілесбек Байжанов. Шымкент шаһары.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *