ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ҰЛАҒАТЫ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЛАШАҒЫ

Қоғам
494 Views

Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле.

Қай кезеңде болмасын, қай ұлтта да бала тәрбиесі – басты мәселе болған. Өкінішке орай, қазіргі отбасының басым бөлігінің ұстанымы да, бала тәрбиесіне деген көзқарасы да өзгеше. Отбасы адам үшін ең жақын орта болып табылады. Отбасында бала шыр етіп дүниеге келген күннен бастап алғаш рет өмірді, қоршаған ортаны таниды.Отбасынан ол өзіне керекті де қасиетті барлық нәрселерді, мінез-құлықтарды иеленіп өсе бастайды. Өмірлік алғашқы таным дүниелері қалыптасып, ары қарай даму заңдылықтарының алғашқы іргетасы қаланады.

Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсемен салыстыруға болмайтындай, ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деген ұлы ғұлама М. Әуезов сөзінде отбасының маңыздылығы айқындалып тұр емес пе?! Отбасында өмір сүруші мүшелердің жас шамасы әр түрлі болса да,олардың рухани жақындығы мақсат-мүддесі, ынтымақтастығы бір. Отбасы шағын мемлекет, онда өмір сүрушінің, жетістіктерге жетудің, биік белестерді бағындырудың негізгі ынталандырушы – мотиватор болып келеді. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс және шығыс бюджеті,қастерлеп ұстанатын ұлтттық құндылықтары болады. Осындай ұлттық құндылықтар сол шағын мемлекеттің өзіндік даму тарихы –ұрпағынан ұрпағына жалғасып үлгі болып қалады. Сондықтан құрылған отбасының негізі мықты болса, отбасы мүшелері де өз отбасының сырын шашпауға, намысын сақтауға, мүшелері өзара бір-біріне құрметпен қарап сыйласым күші басымдықта болады. Сондықтан да «Отан –отбасынан басталады» деген сөз осыдан қалған.

Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен оның кәмелетке толған мүшелерін үй болуға, шаңырақ көтеруге әзірлеуі – ең жауапты міндет болған. Жас отаудың түтіні түзу, махаббат пен тату-тәттілік, береке мен ынтымақ орын алып жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы, көбіне жас жұбайлардың үлкен шаңырақта алған тәрбиесінің айқын көрінісі болып табылады. Халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Анасына қарап қызын ал», – деп өзінің басынан кешкен ұлағатын, сынағын өмірлік тәжірибеге айналдырған.Әр адамға өзінің шаңырағы хан сарайындай, халқымыздың мақтанышы атақты Жиренше хан сарайында аунап-қунап келіп өзінің шұрық тесік лашығына келгенде қуанғанынан «Айхай менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», – деген екен. Бұл аңызда үлкен шындық пен мән-мағына жатыр. Сондықтан да әр адамға өзінің жылы ұясынан ыстық, қасиетті, керемет мекен еш жерде жоқ. Кавказ халқында «нағыз жайлы орын: қылышқа қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке – өз үйі», деген керемет нақылдары бар.Ұрпақ бойындағы адалдық пен мейрімділік, жауапкершілік отбасында шын ықылас пейілмен бала бойына бірте-бірте қалыптасады. Қазақ отбасында бірнші – әке, содан – ана екеуі отбасының ұлағатты ұстаздары болады. Ата-ананың ұрпақтарына қоятын бірінші талабы – ұл-қыздары «әдепті» болып өсуі. Сондықтан балаларына « Әдепті бол, көргенсіз болма, бізге жаманат келтірме» деген ескертпені бала кезінен құлағына жиі құйып отырған. Ата-анадан осындай үлгі алып отырған ұл-қыз мейірімді, тілалғыш, иманды, жауапкершілігі мол, өтірік айтпайтын бала болып қалыптасады. Тәрбие басы – әдептілік деп білген ата-ана бала-шағасына өз отбасында сыйласым дағдысын қалыптастыруға үлкен көңіл бөледі.

Тәрбие адам тағдырын шешетін ұлы іс. Тәрбие – кең мағынасымен алғанда, қандайда болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Осы негізде ата-ана балаларының өздерін сыйлап құрмет тұтуға, сыпайы, ешкімді мұқатпу, біреудің кемшілігіне күлмеуге инабаттылыққа үйреткен. Сонымен балаларының адал болып еліне-жеріне қызмет етуін басты міндет етіп қояды. Әйел үйдің алтын діңгегі,ол отбасы ұйытқысы, берекесі болған. Әйелдің бұл рөлі отағасының туыс-жоралғысына, бала-шағаның анасына деген сүйіспеншілігі мен құрметіне, көзқарасынан, қас қабағынан танығыштығы нығайып биіктей береді. Әрине мұның бәрі де әйелдің отағасымен жарасымды сыйласымы кең орын алған кезде шынайы қарым қатынастары арқылы қалыптасады. Өмірге ұрпақ келген күннен ата-ана міндеті, жауапкершілігі артады.

Халқымыз «Баланы – жастан» дейді, менде толық осы пікірге қосыламын. Бірде Бернард Шоудан: «Маған ақылыңызды айтыңызшы, баланы қай жастан тәрбиелеген қолайлы?» деп сұрайды, сонда атақты драматург өзіне қарсы сауал қойыпты: «Балаңыз қанша жаста?», «Өмірге келгеніне екі апта болды» деп сауал қоюшы жауап береді. Сонда Б. Шоу: «Сіз дәл екі аптаға кешігіп қалдыңыз, бала тәрбиелеуден», – деп жауап береді. Міне осының өзінен-ақ, ана құрсағына нәресте біткен күннен-ақ тәрбиелеу керек екенін көрсетеді. Өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің бойына рухани құндылықтарды сіңіретін, баланы балбыратып ұйықтататын, тұңғыш тәтті сазы, жылауын қойдыратын әні, сол ғазиз ананың бесікке сүйеніп отырып емірене айтатын әуені – бесік жыры. Ал, нәресте өмірінің ұлы нәрі – ана сүті.         Халқымыздың байырғы ұғымында баланың ана алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау » деп аталады. Халықта «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, парызын өтей алмайсың »деген дана сөзі бар. Бұл да Ананың бала алдындағы өлшеусіз еңбегінің көрінісі. Ал орыс халқының ұлы жазушысы М. Горький: «Дүниедегі атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаратылған», – деуі де сондықтан. Сондықтан ана сүтін ақтамау мен отанға опасыздық жасау – ең зор қылмыс болып саналады.              

Әке – барлық мұсылман ұғымында өте киелі де қасиетті ұғым. Діни тұрғыдан алғанда «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну, Оның алдында күнәһар болу – Алла алдында күнәһар болу», – дейді Пайғамбарымыз. Ертеде аналарымыз ұрпақтарын «Әкең келе жатыр, әкең шешеді» деген бір ауыз тоқтам сөзбен тәрбиелеген. Осылай әке қадірін асқақтатқан. Бұл әліде халқымыздың отбасы тәрбиесінде қолданылып келеді.

«Алты аға бірігіп – әке болмас,

Жеті жеңге бірігіп – ана болмас» – дейді, сондықтан ата-ананың орнын ешкім бала үшін орын алмастыра алмайды. Ата-ананың арман –мақсаты ұрпағымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі бала-шағасына бағытталған. Ақырында ең қастерлі тілектері бала-шағасының алдында дүние салып, солардан топырақ бұйырса, – дейді. Осындай ата-ананы сыйлау, сәби шағыңда өзіңді олар қалай бағып қақса, қартайғанда соларды аялап бағу қандай ғанибет! «Төріңнен қарт кетпесін»деген халқымыз, жасы үлкенге құрмет көрсету, оларға сүйеу болу – ежелгі ата-бабадан жалғасқан ұлы дәстүріміз.

Өзіңді осынау жайнаған өмірге әкелген, тіршілігіңе мән берген ата-анаңның алдында сенің парыз-міндетің өлшеусіз. Ананың – әкенің –абыройын асқақтату – өз болашағыңды сақтау. Ата-анаңа не істесең алдыңа сол келеді. Дүние кезек. Жайнаған жаз да кетіп қыраулаған қыста келіп орын алмасады. Мәңгілік ештеңе жоқ екенін де есте ұстауымыз керек.

Орыс жазушысы Л. Толстойдың « Қарт пен немере» мысалында, бір үйде төрт адам тіршілік етеді: ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі ыдысты сындырып алады деп келіні тамақты темір тарелкамен береді. Бір күні шалдың немересі ағашты жонып отырады. Әке-шешесі:

– Балам не істеп отырсың? – деп сұрайды.

– Ертең сендер қартайғанда осы ағаш астаумен тамақ беремін, соны дайындап жатырмын,  – дейді баласы.

«Әкесін сыйламағанды баласы сыйламайды», – деген сөзде ата-анасын сыйламаған, қатыгездік жасаған адамнан жақсы адам шықпайды. Ондай адамдарды өмірдің өзі қатаң сынға алады.

«Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада», – демекші қазіргі кезде ата-анаға қатыгездік жасайтындар кең етек жайды. Ата-ана алдындағы парызын түсінбейтіндер, оларды жерге қаратып жылатып кетіп жатқандар қаншама?! Қазақ тарихында болмаған қатыгездіктер: ата-аналарын аңыратып қарттар үйіне өткізіп, ат ізін салмайтындарды көргенде, адамшылықтан төмендеп бара жатқанымызды сезіп отырмыз.Тек ақшамен қарассам болды дегендер өздерінің қанша қателіктерге бой алдырып отырғандарын түсінгісі келмейді. Және өз баласына дұрыс тәрбие беріп отырмын дейді. Осы орайда айтпағым ата-ана тек материалды көмек пен шектелмей олардан өмір бойы жүрек жылуын, мейрімділікті күтетінін жиі есте ұстау қажеттігін де бала бойына сіңіруді қажет етеді. Ата-ана өз баласымен жүзбе-жүз әңгімелесуді, келіні мен немересімен шүйіркелесіп, құдайға шүкір етуді аңсамай ма!? Дүниеге ұрпақ әкеліп, оны бағып-өсіріп қызығын көруде – үлкен арман екенін естен шығармауымыз қажет. Ұлы Абайдың «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік», – деген сөзі де бекерге айтылмаған-ды. Баласы әке-шеше сөзін сыйлап, құлақ асу, айтқан ақылын тыңдау, пікірлес болу – отбасының бір ғанибет тіршілігі ғой. Сол арқылы бала ата-анасының мейірін өсіріп, абыройын асқақтатады. Өз ортасында төрден орын алуына көмектеседі. Осыған керісінше жетесіз ұл-қыздар да болады. Ата-анасының төрдегі басын есікке сүйрейді.

Отбасындағы оңды ахуал, татулық пен тыныштық, жайдары қабақ, сыйласым, шынайы пейіл мен береке – оның барлық мүшелерінің ырысы, ойға алған істерінің өрге басып, мақсаттарының жүзеге асуының кепілі. Керісінше балалардың ұрысқақ, жанжалқой, дөрекі-дөкір – дөрекілігі ата-ананың жүрсе-тұрса ойынан шықпайтын қауіпі мен азабы болады. Ондай ата-аналар үнемі алаңдаушылықта күн кешіп, қабақтарынан кірбің кетпей өмір сүреді.

Өсірген ұл-қызы ата-ана арманын орындап еңбекқор, кең пейіл, жарқын мінезді, ата-анасының қабағына қарап, қал-жағдайларын айтқызбай аңғарып, қас-қабағынан байқап үйренсе, оларды бақытқа кенелтемін десе, ең бірінші әдепті болуы тиіс.

Ата-ана да адам, оларды да түсіне білу де керек. Тіршілік барысында қателесіп те, жаңылысып та жататын кездері болады. Әдепті бала оған түсіністікпен қарауды өз бойына дағдыға айналдыруы міндет. Ұл-қыздарымыздың әдептілігі ата-аналарын риза қылып үнемі алғыс пен ризашылығын алуда. Сонда ғана ұрпақтарымыз өсіп, өз өмірлеріне батыл шешім қабылдайды.  

Мереке ТОҚБЕРГЕНОВА,

Ж. Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қазақ тілі мен әдебиетпән мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *