ҰСТАНЫ СОҚҚАН ПЫШАҒЫНАН ТАНИСЫҢ

Қоғам
811 Views

Қазақ қолөнерін ағаш ұсталығы мен зергерліктен бөліпқарауға болмайды. Өйткені бұл екі өнер де шеберліктің төресі болып саналады.Қазақ халқының дәстүрінде осы екі ұғым ежелден жақсы дамыған. Соның айғағыретінде біз бүгін «Еңбек» бағдарламасы аясында қолдау тауып, ағаш ұсталығымен айналысатын кәсіпкерге тоқталатын боламыз. Он саусағынан өнер тамған НүркенАнартайұлы он жылдан бері ағаш ұсталығын өзіне кәсіп етіп келеді. Шебердіңсөзінше, кез – келген бұйымды жасамас бұрын оны өлшеп, көлемін анықтап соған сай шикізатын дайындау керек дейді.

Нүркен АНАРТАЙҰЛЫ, ағаш ұстасы:

– Бұл өнерді киелі десем қателік болмас. Ұсталық өнерді қазақ атам ежелден сый-құрметке бөлегені тарихтан да белгілі ғой. Мен бұл кәсіпті табиғи қызығушылықпен таптым. Әулетімізде аса бір айтарлықтай шебер болған ешкім жоқ. Бірақ, әкем ағаштан бұйымдар жасауға қызығатын еді. Ал үлкен ағам, темір ұсталығымен айналысқан. Өзім жоғары білімді, бюджет саласында 20 жылдық еңбегім бар. Бұл кәсіпті қолға аламын деген ой менде жүре келе пайда болды. Алдымен интернет желісі арқылы түрлі шеберлердің жұмыстарын бақылап көріп жүрдім. Олардың ағаштан жасайтын бұйымдарын жіті қарап қызығушылығым оянды. Негізі өмірде, «адам жасағанын, адам жасайды» деген қағиданы ұстанамын. Осы ұстаным мені жеке цех ашып, алға жетеледі. Жұмыспен қамту аясында берілетін мемлекеттің гранты туралы таныстарымнан естідім, сұрастырдым. Содан тәуекел деп, құжаттарымды дайындап, жобаға кірістім. Айта кету керек, менің ұсынған бизнес жобам ерекше болды. Ағаш ұсталығымен екінің бірі айналыса бермейтіні анық қой. Өйткені талант пен қызығушылықты талап етеді. Бұл өнер – сатып алып, қайта сататын кәсіп емес. Міне, соның арқасында мен грантқа ие болып, жобам комиссияның оң шешімінен мүлтіксіз өтті. Алған қаражатқа арнайы станок сатып алдым. Ол ағашты өңдеп, кесіп, жонып бұйымды тез жасауға мүмкіндік береді – дейді кәсіпкер.

Елу үш жастағы шебердің бес баласы бар. Жасыратыны жоқ отбасын осы кәсіппен асырап отыр. Нүркен Анартайұлы бұған дейін орталықта ағаш ұстаханасында жалдамалы жұмыс жасаған. Кәсіптің болашағын көрген соң, өзі жеке цех ашамын деп шешкен. Алғашында 1-2 тапсырыс пен бастаған кәсіпкер, қазір айына 15-ке жуық халықтың сұранысын барынша қамтамасыз етіп келеді. Шебердің шағын цехы өзінің үйінің ауласында. Алайда болашақта цехты кеңейтіп, жұмыс күшін де көбейтсем деген жоспары бар. Ол үшін қосымша құралдармен толыққанды қамтамасыз етілуі тиіс. Шебер бүгінгі күні түрлі бұйымдар жасайды. Күрделілігіне байланысты әр түрлі уақытты алады. Бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Аз да болса ауданның жұмыссыздығы бір адамға азайғаны қуантарлық жағдай. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтемін деген ниеті жүзеге асса, шебердің цехы 5-6 адамды жұмысқа қамти алады. Дегенмен шебер, кәсіп бастамас бұрын арнайы білім мен практика болғаны дұрыс. Қызығушылық пен ынта болса, бәрін істеуге болады – дейді түлкібастық шебер.

Тапсырыс берушілер көбіне ағашты өзі таңдайды. Таңдаған ағаштың сапасына қарай жасайтын жұмысымның еңбегін айтамын. Көбіне мен жаңғақ, қарағаш және қарағай қолданамын. Бүгінде осы ағаштардан үстел, орындық және есіктердің әр түрлісін жасаймын. Болашақта станоктарды көбейтіп, цехымды үлкейтіп жатсам қазақи ыдыс-аяқ, астау сияқты дүниелерді жасасам деген ниетім бар. Қазірше оларды жасауға мүмкіндігім аз. Бірақ ағаш шебері болған соң, барлығының қыр-сырын толық білемін. Қолымнан келеді деп сеніммен айта аламын. Он жылдан аса айналысқан кәсібім, қазір өзіме жақын серігіме айналып үлгерді. Шынын айту керек бұрын біреудің қол астында жұмыс жасайтын кезде, ақшаны көбірек табу үшін тапсырыстың санына жұмыс жасайтын едім. Көп тапсырыстан табатын табысым да мол болады дегендей. Ал қазір өзім жеке цех ашып, өз алдыма кәсіпкер болған соң, санға емес сапаға жұмыс жасауды мақсат еттім. Бір бұйым жасасам да оны әдемі, мықты етіп жасауға тырысамын. Қиындықтар болды әрине. Барлығы оңай қолға тие қалған жоқ. Қателескен кездер болды. Тапсырыстар ойдағыдай шықпаған сәттермен де кезіктім. Ал қайта тұрып, өзіңді алға қарай тартсаң жеңуге болмайтын нәрсе жоқ екенін түсіндім. Өмірдегі ең қиын күрес – өзіңмен күрес. Әлі күнге дейін күнде өзіммен жұмыс істеймін. Шыңдаламын, күнде үйренетінім бар – дейді кәсіпкер.

Алланың берген ғұмырын босқа өткізбей пайдалы өнерді игерген шебердің жұмысына тәнті болатындар баршылық. Керек десеңіз, осы кәсіпті үйренуге де қызығушылық танытатындар болған. Алайда ағаш ұстасы болашақта осы кәсіпті өз ұлы үйреніп, жалғастырса деген ойда. Өнерді игеру оңай дүние емес. Сондықтан қиын өнерді арқалаған кәсіпкердің алтын қолынан шығатын құнды дүниелер көбейе берсін. Бір ғана ауданның емес, бүкіл елімізге танымал шебер атануына тілектестік білдіреміз.

Құрмет ДОСЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *