ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ӘБДІЛАҚ

Мерей
1 055 Views

Әлі ұмытқан жоқпын, осыдан тұп-тура 15 жыл бұрын 2003 жылдың қоңыр күзінде құрдасым, сол тұста республикалық «Жас Алаш» газетінің оңтүстік өңіріндегі меншікті тілшісі қызметін атқаратын Қуандық Оразбекұлы тұңғышы Дәулетін үйлендіріп, кезінде Шымкенттің ең шеткі аймағы болғандықтан жұрт «БАМ» деп атап кеткен Айқап шағынауданындағы екі қабатты зәулім үйінің алдындағы алаңқайда қазақы дәстүрмен «Беташар» рәсімін дүркіретіп өткізген.

Сән-салтанаты жарасқан, шаттыққа толы сол думанды күні мен тағы бір дос тауып, қуанышқа қуаныш қосылып еді. Әбділақ Нұрлақұлы Халила деп таныстырды ол өзін. Аты-жөні мұқият болмасаң, шатастырып аларлықтай күрделілеу болғанымен өзінің түсі жылы көрінді. Айналасы ұстарамен тегістелген қысқа шашы сірескен қардай аппақ екен, онысы өзіне жарасып тұр. Сөйлегенде өзімен бірге көзі де күлімдеп, бұрыннан таныс жандардай жайдары мінезімен қоса мәнді де мағыналы әңгімесімен айналасындағыларды өзіне еріксіз баурап алатын шешендік қасиетін де байқап үлгердік. Сол тұста Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде биология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаратын Әбділақ қажы Нұрлақұлының биология ғылымының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Экология академиясының академигі, сол кездегі Қазақстан Білім және ғылым министрі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың өз қолынан алған «Үздік оқытушы» деген атақтары бар екен. Бірақ мен сондаймын деп шіреніп тұрған жоқ, тектілігін аңғартып, адамға мейірім төге қарайды.

Той қызып жатқанда үйге ауылдан ағайындар келді деген хабар жетіп, жұрттан ерте қайтып кеткен едім, шатасып Әбділақтың күрткесін киіп кетіппін. Бір құдыретті күш екеуміздің достығымызды нығайту үшін әдейі үйлестіргендей сол сырт киіміміздің өлшемі де, түсі де бір-бірінен аумай қалған ғой, бөтен екенін қалтасындағы заттардан ғана айырғанбыз. Ертеңіне қайта жолығып, көпке дейін айта жүрер әңгімеге тұздық, дос болып кетуімізге себепші болған киімдерімізді күле-күле ауыстырып алып едік. “Жақсыменен өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен ғұмырындай” демекші, аурасы жағымды, жүзі жылы жанмен жүздесу, онымен әңгімелесу жаныңа қуат беріп, еңсең көтеріле бір демалып қаласың. Негізі адамның жаманы болмайды ғой. Тек кім-кімге де қара көзілдірікпен қарамай, ішкі жандүниесіне терең үңіле, тіл табыса білсең оның ізгі қасиеттерін аңғара бастайсың. Ал, Әбекеңе сол жақсылардың ішіндегі ең жақсысы деп баға берер едік. Оның сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан, киім киісінен зиялы жан екені, текті отбасынан шыққаны айтпай аңғарылып тұрады.

Елу жасында өмірден өткен әкесі Нұрлақ атаның 100 жылдығы мен анасы Манат апаның 95 жасқа толған мерейтойына орайластырып 2017 жылдың мамыр айында шығарған «Нұрлы мұра» атты отбасы тақырыбындағы көркем әдеби эсселер жинағында бір құрсақтан тараған жеті ұл-қыздан өсіп-өрбіген немере мен шөбере және шөпшектерінің саны 100-ге жеткенін үлкен бақыт ретінде баяндайды. «Алланың нұры» деген мағынаны беретін әкесі Нұрлақ ата мен шешесі Манат апаның отбасына шын мәнінде береке дарып, бақ қонған шаңырақ болған. Жаратушы Иенің жарылқауымен ұрпақтарының екеуі – тұңғыш ұлы Әбділақ Нұрлақұлы мен немересі Сәкен Рақымұлы биология ғылымының докторы дәрежесін қорғаған ғалымдар, тұңғыш қызы Шолпан мен немересі Ақмарал – жоғары санаттағы дәрігерлер, «Профессор-палуан» атанған екінші ұлы Әбдісадық күрестің үш түрі: қазақша күрес, дзюдо және самбодан спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Көптеген республикалық жарыстардың және спорт ардагерлері арасында өткізілетін дүниежүзілік жарыстардың үш дүркін жеңімпазы аталған. Кенже ұлы Әбдіхалық «Қазақстанның мәдениет қайраткері», 1992 жылдан бастап 23 жыл бойына Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтірумен айналысатын «Түркістан реставрация» ұжымын басқарған. Жеті ұрпақтың алтауы қажылық атағын иемденген және әкесі мен шешелерінің кажылық ғибадаттарын өтегенін де ерекше атап өткіміз келеді. Түркістанға жақын маңдағы Бабайқорған ауылында дүниеге келген Әбділақ Нұрлақұлының өмірбаяны – өршіл өрлеумен өрілген өнегелі ғұмыр. Ол бүлдіршін шағында-ақ ерекше зерек қабылетімен көзге түсіп, мектеп директорының бақылау сұрақтарынан мүдірмей өтіп, бес жасында бірінші сыныпқа қабылданыпты.

Орта мектепке математикадан сабақ беретін әкесі Нұрлақ ата үздік оқып жүрген баласының болашағын болжап, төртінші сыныптан кейін білімі мен біліктілігі жоғары ұстаздардан сабақ алуы керек деген ұйғарымға келеді де кезінде аудан орталығы болған Шорнақ ауылындағы мектеп-интернатқа, кейіннен Алматыдағы С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта мектебіне ауыстырады. Сол кезде ел астанасы болған қалада ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, оқу ісінің үздігі Дәмелі Нұғманқызы Даниярова апайының, сол тұста есімі Одаққа белгілі ұстаз, Ленин орденінің иегері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Дүйсенованың, тағы басқа танымал жандардың тәрбиесінен өтіп, ғылым мен журналистиканың майталманы, сол кездегі «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Ұлан», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан») газеттерінің бас редакторы болған, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіне бірнеше рет депутат болып сайланған жазушы Уәлихан Қалижанмен және кинодраматург, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубаймен бірге оқыды.

Әбекеңнің тағы бір бақыты – шаңыра­ғының шаттығымен ұласып отыр. Олардың отбасындағы сыйластық пен татулықтың ұстыны ерекшелеу, биік те тұғырлы екенін көріп сүйсініп жүргеніміз рас…

Алматы, Шымкент және Кентау қалаларында медицина саласында да ұзақ уақыт қызмет істеп, кейінгі жылдары Астанадағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасында дәрігерлік қызметін абыройлы атқарған зайыбы медицина ғылымының кандидаты, доцент Құралай Баймақанқызы бүгінде құрметті демалыста.

Бақытты отбасының тұңғыштары Индира мектепті алтын медальмен бітірген соң, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетіне түсіп, оны да үздік бітіріп, қызыл диплом иегері атанған. Бүгінде Астанада Кардиологиялық орталықта бөлім бастығы қызметін атқарады. Ұлы Ардақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құқықтану факультетінде оқытушы қызметін атқара жүріп мемлекеттік басқару бакалавры біліктілігін «Қызыл дипломға» бітірген еді. Бір өкініштісі, ол кейінгі жылдары Шымкент қаласында банк қызметінде еңбек етіп жүріп қайғылы қазаға ұшырады.

Жақында, нақтырақ айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айында құрдасым Қуандықты жолықтырып қалдым.

– Кездескеніміз мұндай жақсы болар ма, асығыс едім, тоқетерін айтайын, досымыз Әбділақ Халила келесі айда жетпіске толады. Ол кісі – қойдың айналма ауруына қарсы вакцина алу әдісін ойлап тапқан және оны өндіріске енгізген дүние жүзіндегі тұңғыш ғалым. Мерейтойына орай Әбекең жөнінде бір жылы материал жазсам деп жүрген едім, тіпті қолым тиетін түрі жоқ. Осы мәселені өзің қолға алсаң қайтеді? – деген еді сонда.

Әбекеңнің ғылым докторы екенін білсем де мұндай жаңалық ашқанынан хабарсыз екенмін. Ертеңіне-ақ ол кісінің жұмыс істейтін жері Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне барып, көрген бойда қунғаннан құшақтай алдым.

– Ойпар-ай, Әбеке, бір жаңалықты есітіп қайран қалдым. Сіз қойдың айналма ауруына қарсы вакцинаның тұңғыш авторы екенсіз ғой?

– Иә, ол рас, дүние жүзінде вирус ауруына қарсы вакцинаны ағылшын ғалымы Эдвард Энтони Дженнер, микроб ауруына қарсы вакцинаны француз ғалымы Луи Пастер, ал паразит ауруына қарсы вакцина алу амалын ашқан мен болып тұрмын.

– Осы уақытқа дейін неге үндемей жүрсіз? Бұл дегеніңіз сенсация ғой!

– Халқыма қалтқысыз қызмет етіп, елге пайдам тисе, маған одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын, – деді ол сабырлы кейіппен.

– Енді осы жаңалықты ашуыңыздың тарихын қысқаша баяндап беріңізші?

– 1986-1988 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданындағы Куйбышев атындағы кеңшарда бас мал дәрігері қызметін атқарып жүрген кезімде қойдың айналма ауруынан орасан зор экономикалық шығынға ұшырайтынымыз жаныма батып, маған үлкен ой салды. Негізі малға айналма иттен жұғады. Иттің ішегіндегі таспа құрт жұмыртқалары нәжіске араласып, сыртқа шығады. Мал сол құрттарды шөппен қоса жеп, ауруға шалдығады.

Алдымен бұл құрттардың қалай дамитынын, иттердің нәжісінен шыққан жұмыртқадан қалай өнетінін ұзақ уақыт бойына ерінбей терең зерттеп, оларды қолдан жасалған жасанды қоректік ортада өсіріп бақыладым. Осы ортада енді пайда бола бастаған балаң құрттардың антигендерін қозыларға еккенде олар ценуроз (айналма) ауруымен ауырмады. Кейіннен оларға ми құртының жұмыртқасын жасанды жұқтырғанда да ауру белгісі болмады. Сөйтіп, жас төлдің айналма ауруына иммунологиялық төзімділігі артты. Паразиттің балаң құрттарынан алынған антигендерін аз мөлшерде малға алдын ала егу олардың қорғаныш қабілетін арттырып, паразитке қарсы төзімділік түзеді екен. Алғашқы жүргізілген зерттеу нәтижелерінің жетістіктері бойынша біздің «Малдың айналма ауруынын серологиялық реакциялармен анықтауға арналған компоненттер жинағы» өндіріске енгізіліп, мал шаруашылығында кеңінен пайдаланудың арқасында айналма ауруы жас малдарда 15-20 пайызға дейін таралатыны анықталған болатын.

Бұл айтуға ғана оңай, ал шын мәнінде ұзақ жылдар бойына күн демей, түн демей еткен еңбек пен тынымсыз ізденістің нәтижесі оңайлықпен келген жоқ. Әбекең осы тұста университеттің жұмыс бөлмесінде сақтаулы тұрған тарихи құжаттарды да көрсетті. Сарғайған құжаттардан «Малдардың айналма ауруына қарсы вакцина» өндіріске ұсынылып, осы бойынша 1988 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік малдәрігерлік препараттарын тексеру ғылыми-зерттеу институтында толық тексеру үшін Мемлекеттік малдәрігерлік басқармасы бастығының 1988 жылғы 22 наурыздағы № 100 бұйрығымен комиссия құрылғанынан және осы комиссияның қорытындысы бойынша 1989 жылы «Малдардың айналма ауруына қарсы вакцина» өндірістік сынақтардан оң нәтижелер берілуіне байланысты «Малдардың айналма ауруына қарсы вакцина жасау туралы нұсқау» Бүкілодақтық Ауылшаруашылығы министрлігі Агроөндірістік комитетінің Малдәрігерлік басқармасының бастығы А.Д.Третьяковтың №432-3 бұйрығымен бекітіліп, өндіріске енгізілгенінен хабардар болдық.

Сонымен қатар Әбділақ қажы Халила 1998 жылы елімізде алғаш рет биология саласында «Малдың паразит ауруларын иммунологиялық әдістермен анықтаудың биологиялық негізі» атты докторлық диссертациясын мемлекеттік тілде жазып, биология саласында қазақ тілінде қорғаған тұңғыш ғалым ретінде де тарихта қалыпты. Әрине, бұл бағыттағы кедергілер мен қиындықтары өз алдына бір төбе десек те мақсаттың жүзеге асуына республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Уалихан Қалижан мен жазушы Шерхан Мұртазаның тиісті құзырлы орындарға ұсыныс хаттар жолдап, қолдау көрсеткенін айтпай кетуге болмайды.

Қай істе болмасын ерен еңбегімен, іскерлік қабілет-дарынымен, жан-дүниесінің кіршіксіз мөлдір тазалығымен, кісілік мейі­рім-қасиеттерімен, ақыл-па­раса­ты­мен танылған абзал жан Әбділақ Нұрлақұлы Халила жайлы жақсы әңгімелерді айта берсек, бір кітапқа да сыйғыза алмасымыз анық.

Қазақтың белгілі ақыны Қайырбек Асановтың 1999 жылы Әбекеңнің 50 жасқа толған мерейтойына арнап жазған мына сөздерінде біздің кейіпкеріміздің бүткіл болмысы, пайым-парасаты мен жарқын келбеті айнадан қарағандай айқын көрініп тұрыпты, оқып көріңізші…

«Елгезексің, достарыңа сыйлысың, жол табасың кездессе де қилы сын. Кездеріңді көргенім жоқ тарыққан, әрқашанда да қалталысың, күйлісің. Жарасады езу тартып күлгенің, таң қалдырар оқығаның, білгенің. Доктормын деп шіренбейсің басқаға, дос-жаранға ұйытқы болып жүргенің. Ертеменен жүгіресің әр таңда, мінезің бар тынымсыз да, дарқан да. Бір тазарып қалатынбыз қуанып, моншаға да түсіп сенің арқаңда. Ардақ тұтар азаматтың бірісің, отырыстың жарқыраған гүлісің. Ойдағыдай қызметің бар, жұмысың, істеріңде ұсақтық жоқ, ірісің. Сені көріп бір серпіліп қаламыз, шаршамайтын сенен қуат аламыз, Шеберлікпен айтқан әрбір әзілің, бойға тарап күлкіге әбден қанамыз. Түркістанда туған ұлсың иманды, бір-ақ күнде шашасың-ау, жиғанды. Тасып-толып ортамызда жүре бер, аласартпай азаматтық тұлғаңды».

Сыртқы сипаты жетпістің емес, жігіттік шақтың кейпін танытатын балакөңіл Әбділақ қажыны ақсақал деп атау онша үйлеспей тұрғандай. Сондықтан Абыз аға дегеніміз орынды болар. Олай болса, аңдыңыздағы сексеннен секіріп, тоқсанға да тоқтамай жүзге жетіңіз, тәуелсіз еліміздің толағай табыстарына куә болуға жазсын, бекзат болмысты Абыз аға!

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *