Бұл сөзден діннің имандылыққа, адамгершілікке, бейбітшілікке үндейтінін түсінсек болады. Діннің таза бұлағынан сусындаған адамның аталмыш қасиеттерді бойына сіңіретінін білеміз. Алайда діннің атын жамылған теріс пиғылдағы ағымдардың да бары жасырын емес.
Біз жоғарыда келтірген қасиеттерді сырып тастап, тек соғысқа үндеп, елдің шырқын бұзуды көксеп, теріс идеологияны ту еткен жат ағымдардың соңынан талай азаматымыздың еріп кеткені көпшілікке мәлім. Дәл осындай қатыгез идеологияға арқа сүйейтін жат ағымдардың бірі ретінде өздерін Ислам мемлекетіміз деп атап жүрген ДАИШ ұйымын айтсақ болады. Таяу Шығыстың тыныштығын бұзған бұл ұйымның айтқанына сеніп, біздің елімізден де біршама азаматтардың Сирия асқанын білеміз. Сол бауырларымыздың өзге елден тура жол іздеп, шекара асуына нендей себептер болды, теріс бағыттағы діни ұйымның құрығына қалай түсіп қалды? Мақаламыздың мақсаты – дәл осы сұрақтарға жауап табу болмақ.
Жат ағымның жетегіне кетудегі негізгі себептердің бірі – діни білімді әлеуметтік желілерден алу. Ақпараттың ғасыры атанған ХХІ ғасырда әлеуметтік желілердің әсер етушілік күші күннен күнге артып келе жатқаны түсінікті. Мысалы, фейсбуктың әлем бойынша 2 миллиардтан астам қолданушысы бар екен. Инстаграм мен уатсаптың қолданушылар саны 1 миллиардтан асып жығылады. Әрине, осыншама миллиардтар кез келген идеология өкілінің назарын өзіне аудартпай қоймайды. Дәл мұндай қолжетімді аудитория бұрын соңды болған емес. Сәйкесінше жат ағым өкілдерінің серкелері де әлеуметтік желілерді өз пайдаларына шешкілері келетіні түсінікті. Сондықтан да әлеуметтік желіні қолданғанда, әсіресе діни уағыз тыңдауда, таратуда аса сақ болғанымыз жөн. Себебі сіз білмей тыйым салынған уағызға тап болып, эмоцияға беріліп өзгелер таратып жіберіп, соңы жауапкершілікке ұласып кетуі мүмкін.
Таптаурын дерсіз, десе де айтайық, жат ағым өкілдеріне тән негізгі ортақ белгі – білімсіздік. Сөзіміз дәлелді болуы үшін танымал теолог Асқар Сабдиннің сұхбатынан үзінді келтірсек: «Бұл салада түрлі-түрлі жағдайларға куә болып қана қоймай, оларға ақиқатты нақты дәлелмен түсіндіруге барынша күш салудамыз. Мәселен, бір даишиге діни білім туралы айтсам, ол маған «Халид ибн әл-Уалид үш ақ сүре білген» — деп білімнен көрі сахаба Халидтің қылышы керек екендігін айтқысы келді. Бұл мысал ол азаматтың діни надандықты ақтау әдісі екенін түсіндім».
Сөзінің жалғасында А. Сабдин сахаба Халид Құранды көп білмеуін бір мақтаныш, жетістік немесе надандықты ақтау мақсатында емес, керісінше өкінішін, кемшілігін және үзірін білдіру үшін айтылған сөз екендігін түсіндіріп өтеді. Біз бұдан теріс ағымның соңына еріп, шетел асқан азаматтың тек қана білімсіз емес, тіпті сол білімсіздігін ақтауға тырысатындығын байқаймыз.
Осы тұста біз айтқымыз келіп отырған екінші себеп өздігінен-ақ шығады. Ол – сыни ойлау. Мәселен, сізді шекара асып, бейбіт еліңізді тастапсоғысуға үндейтін уағызға тап болсаңыз, эмоцияға берілуге асықпаңыз. Сыни пайымға салыңыз. Бұл уағызды кім айтып жатыр, келтіріп жатқан дәлелдері қаншалықты қауқарлы деген секілді өз-өзіңізге сұрақтар қойыңыз. Сала мамандарына жүгініңіз. Ал деструктивті діни ағымды ұстанушылардың дәл осы сыни ойлауға аса қызықпайтынын айтуға болады. Сондықтан да олардың идеологиясы негізінен буквализмге негізделген. Құран аяттарын барынша тікелей түсініп, өздерінің іс-әрекеттерін ақтағысы келеді. Алайда том-том тәпсір кітаптарды ғалымдарымыз зеріккеннен жазбаған. Құран аятын нақты түсіну үшін әр аяттың қай кезде, қандай жағдайда, қандай оқиғаға байланысты түскенін білу аса маңызды.
Осы орайда Ауғанстан еліндегі қақтығыстан оралған Жансерік Сағынтаев есімді азаматтың «Ең өмірдегі қауіпті нәрсе – адам өзінің дұрыс емес ісін дұрыс деп есептеп істеуі» деген сөзін мысалға келтірсек болады. Байқасаңыздар бұл жай айтыла салған сөз емес: тәжірибеге негізделген ащы шындық. Дұрыс емес нәрсені дұрыс деп істемеу үшін тағы да білім керек. Білген нәрсені дұрыс қолдануда эмоциямызды басқара алатын суық ақыл мен сыни пайымның рөлі өте маңызды. Осыны түсінген және іске асыра алған адам үшін кез келген жат ағымның идеологиясы әсер етпейді деп ойлаймыз.
Исатай БАТЫР,
Шымкент қаласы
Дін мәселелерін зерттеу орталығының
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы