ӨЗЕГІ ӨЛЕҢ ӨМІРДЕН ӨРІЛГЕН

Рухани жаңғыру
2 205 Views

Ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Лучшие люди» орденінің иегері, Сайрам ауданының құрметті азаматы Баян Тіленшинаның «Өзегі өлең өмір» атты шығармашылық кеші Сайрам ауданындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде өтті.

Уа, тағдыр, тәлкегіңе көнбей кілең,

Ұйытқысаң, жалын болып өрлей білем,

Қинасаң, тамған тамшым жыр болады,

Тілімен ізгіліктің сөйлеймін мен! –

деп жырлаған ақын Баян Тіленшина есімі оқырманға етене таныс.

Фоэеде Керім Тіленшиннің жәдігер бұйымдарынан жасалған көрме. Баян Тіленшинаның шығармашылығына арналған «Қара сөз бен қара өлеңнің жүйрігі» атты кітап көрмесі безендірілген. Ақын, жазушы Баян Тіленшинаның өмірін қамтитын слайд көрсетілді.

Ол «Талғам» , «Таным», «Тағзым», «Тұғыр» атты жыр жинақтарымен бірге прозалық туындыларымен де танылып жүр. Күрделі роман жанрындағы батылдығы мен ізденісі де құптарлық. Себебі, Баян Тіленшина қалам тартқан «Қиямет қайым», «Сұрқия» романдары да қазіргі қазақ әдеби процесіне қосылған көркем дүние.

Шығармашылық кеште Баян Тіленшинаның «Ғибрат» атты романының тұсаукесер рәсімі өтті. «Ғибрат» кітабының екінші басылымының тұсаукесерін жазушы Еркінбек Тұрысов пен Сайрам аудан әкімі Бахтияр Мамаев шешіп, өздерінің ізгі тілектерін білдірді.

Баян Тіленшина «Ғибрат» романында әкесі Керім ағаның білімдарлығы мен адалдығы үшін халықтың құрметіне бөленген өнегелі ғұмырынан сыр шерткен. Алаш азаматтарының ел үшін еткен еңбектері, азаматтық болмыстары мен ел үшін көрген тауқыметтері деректі әрі көркем тілмен бейнеленген. Бұл кітаптың тағылымы ерекше. Алаш азаматтары туралы жазып, ұрпаққа танытып, идеясын ұлықтауымыз керек. Егер алаштықтардың азаттық идеясын өлтіріп алсақ, ұлт ретінде бірте-бірте жойылуымыз мүмкін деген сыншы Амангелді Кеңшілікұлын сөзімен бедерлесек, рух жайында жазылған ғибратты кітап. Кеш кейіпкерлері туралы лебіздер бейнеролигі көрсетілді. Лебіз білдірушілер: жазушы Еркінбек Тұрысов, жазушы Мархабат Байғұт, жазушы Мамытбек Қалдыбаев.

Б.Тіленшинаның «Қызыл террор» атты шығармасынан сахналық қойылым көрсетілді. Негізгі кейіпкер Керім Тіленшин. 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарының тағдыры, жазықсыз қудаланған сәттері сахналанды.

Кешті ақын Қабылбек Төретай жүргізді. Аудан әкімі Бақтияр Мамаев ақын Баян Тіленшинаның азаматтық ұстанымына ерекше тоқталып, алғысын білдірді. Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Еркінбек Тұрысов, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Мархабат Байғұт, ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Ресейдің Константин Симонов атындағы медальдің иегері Нармахан Бегалұлы, сыншы, ақын Сәрсенбек Сахабат қаламгерлік ізденісі, ақындық әлемі жайында сөз қозғады. «Өрлеу» институты директорының ғылыми әдістемелік істері жөніндегі орынбасары Мұқтар Бексұлтанұлы – «Ғибрат» романындағы Керім Тіленшіұлының өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі екенін тілге тиек етіп, ақын Баян Тіленшинаның шығармашылығына толағай табыстар тіледі.

«Отырар» ғылыми – әмбебап кітапханасының ғылыми хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зылиха Жантасова «Баян Тіленшинаның жазушылық әлемі» атты баяндама жасады.

«Ғибрат» атты роман – Қазақ мемлекетін қалыптастыруда, өркендетуге сүбелі үлес қосқан қайраткер, Ұлы Отан соғысының жанқияр жауынгері Керім Тіленшіұлының өмірінен сыр шертер көркем дүние. «Халық жауы» атанып қиянат көрсе де, қуғын-сүргіннің азабын өткерсе де еліне деген шексіз сүйіспеншілігіне қылаудай кір жұққызбай, тізесі бүгілмей, елім деп еміреніп еңбек еткен,білімдарлығы мен адалдығы үшін халықтың құрметіне бөленген Керім Тіленшиннің ғибратты ғұмырынан сыр шертеді. Әділеттігі, шындық үшін басын бәйгеге тігер адалдығы, табандылығы абыройын асқақтатты. Жазушы сол әке жүрген жолдарға оймен көз тастайды. Ол көрген қиындыққа жаны егіледі, жасаған істерге көңілі сүйсінеді, жүрген жолдарды, адамдық болмысын өзіне үлгі тұтады.

«Халық жауы» атанып тергеуде болған кездері, көптеген азаптарды басынан кешіруі шынайы суреттелген. Керім түрмеде жатып, сан азапты көріп жатып, есі ауып, есі қайта кіріп қиналған сәтте де елі туралы ойлайды. Кейіпкердің жан толқынысын өлеңі арқылы әдемі ашады.

 

Соққыдан қайың мөлдіреп,

Өріктер шөлден жылайды.

Күз келсе, шашы селдіреп,

Қартайса, діңі қурайды.

Жадыма ақын Мағжан Жұмабаевтың:

Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,

 Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

 «Қарашығым, құлыным!» деп зарлаған

Алыстағы сорлы анамды сағындым, – деген өлеңі оралды.

Елім деген Алаш азаматтарының ойы. Жазушы елі үшін азап кешкен атпал азаматтың қапастағы жаны түңіліп, күңіренген кезін мына бір жолдары арқылы сезіндіреді.

«Керімнің тұлпар жүрегі тулай жылады, бірақ көзінен тамар түйір жасты қайнаған қаны кептіріп, жас шықпады».

Кейіпкер отыз тісінен айырылып қиналса да, тоққа тұрып денесі қалтырап дірілдесе де, тырнағының астына ине тыққан азапты кешірсе де рухы төмендемейді. Сонда Керім:

Адамды рух жеңеді. Бүкіл қоғам есінен адасуы мүмкін емес! — деген сеніммен еңсесін тіктейді.

Сондай қияметтен аман қалған Керім соғысқа да қатысады. Өз туған жеріне оралған соң жеті жылдық мектепте ұстаздық етті. Ел іші Керімдей азаматты «тірі шежіре» деп құрметтеді. Адалдық, білімдарлық, әділдік сынды адал қасиеттер Керім ғұмырының ғибратты болуына негіз болды.

Өз туған ауылындағы мектепке, Шымкент қаласындағы жаңа көшеге ел үшін еміреніп еңбек еткен абзал азаматтың есімі берілді. Есімін ел ұлықтауда, ал қызы Баян Тіленшина әке аманатына адалдық танытып, әке ғұмырының баянды болмысын суреттейтін «Ғибрат» атты романын оқырман қауымға ұсынды. Оқырман роман арқылы Керім Тіленшиннің жұрт деп соққан жүрегінің лүпілімен қоса, сол кездегі тарих пен қоғам шындығын түйсіне отырып, жанына ғибрат алары анық деп романға талдау жасады.

Ақын Сабырбек Нұрманұлы ақын әпкесіне жыр арнады. Шәкірттері де арнау өлеңдерін оқып, ұстазына деген ерекше ықыласын танытты.

Ақынның туыстары да, достары да ақжарма пейілдерін бірі естелік күйінде, бірі өлең жолдары арқылы өрнектеді. Кеште ақынның «Балақандар» биі орындалады. Сөзі мен әнін ақын Баян Тіленшина жазған. 2009 жылғы зейнеткерлік шақта бастауыш балдырғандарға арналған дидактикалық хрестоматия «Әріп-әліп» жарыққа шықты. Қазақ бүлдіршіндерін ұлттық тұрғыда тәрбиелеу мақсатында жазылған ән тұңғыш рет балабақша бүлдіршіндердің орындауымен сахнаға шықты. Көрермен көзайымына айналды.

Баян Тіленшина көп қырлы жан. Ұстаздық ете жүріп жері, елі туралы рухты жырлар жазды, әні де көңілінен толқып шықты.

Б.Тіленшинаның «Мен – сөйлейтін рухани махаббатпын», «Оян, қазақ» өлеңдерін оқушылар мәнерлеп оқыды. Ақынның немересі Баян Тіленшинаның сөзіне, Сәкен Дартаевтың әніне жазылған «Менің Сайрамым» әні, Б.Тіленшинаның сөзіне, Алтынай Лесованың әніне жазылған «Құтханам – кітапханам» әні орындалды. Кеш ақын Баян Тіленшинаның сөзіне, Әбдеш Нұрымұлының әніне жазылған «Сайрам, елім» әнімен аяқталды.

Кеш ғибратты да әсерлі, ерекше болды десек, жаңылыса қоймаспыз.

З. ТҰРАРҚЫЗЫ.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *