Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу жобасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен қолға алынды. Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласына жұмыс сапарында жергілікті инвесторлармен кездескен өңір басшысы бірқатар жаңа жоба ұсынған болатын. Соның бірі – Шардара ауданындағы индустриалды аймақта салынатын Крахмал өңдеу зауыты. Жүгері дақылын терең өңдейтін зауытта 500 — ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Шардарадағы индустриалды аймақта болған облыс басшысы кәсіпкерлермен кездесіп, жұмыс барысын бақылады. Инвесторлармен құрылыс жұмыстары мен өндіріс орнының әлеуетін талқылады. Облыс әкімдігі тарапынан зауыт құрылысына қажетті инфрақұрылым мәселесін шешуге жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Инвесторлар зауытты іске қоспай тұрып ауданнан жүгері дақылын егуге арналған аумақтарды белгілеуде. Түркістан облысының оңтүстік аумақтарында мақтадан бөлек жүгері егуге бет бұру көзделген.
– Біз кәсіпкерлерді қашан да қолдауға дайынбыз. Инвесторларға жағдай жасап, инфрақұрылымы бар тегін жер телімдерін ұсынып жатырмыз. Бұл – кәсібін дөңгелетемін деген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Түркістан облысында бірнеше зауыт, фабрика ашуды көздеп отырмыз. Кәсіпорындардың көбеюі ауданның экономикасының дамуына да, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да өз септігін тигізбек. Жаңа өндіріс, жұмыс орындарын көбейтуден басқа жол жоқ. Өзіндік табысты арттырмай, өңір де, мемлекет те дамымайды. Шардарадағы бұл зауыт талай отбасының табысын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Дархан Сатыбалды.
35 гектар аумақта орналасқан зауытта крахмал сірнесі шығарылмақ. Бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады.
Осы ретте крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етеді.
Зауыт түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін, мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығарады. Ал сірне – осы крахмалдан алынатын қою шәрбат тәрізді тәтті өнім. Зауыт бұдан бөлек крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны шығарады. Глюкоза алынатын шикізат тағы сол – крахмал.
Айта кету керек, зауыт глюкоза балшырынын өндіру кезінде генетикалық түрлендірілген шикізатты қолданбайды, бұдан тыс жүгеріні қалдықсыз қайта өңдеу циклын жолға қойған.
Кристалдық глюкоза таза тəтті, әрі тез сіңетін жоғары сапалы тамақ өнімі. Кондитерлік нан-тоқаш өнімдерін, жеміс консервілерін, қоюлатылған сүт, балмұздақ жəне өзге де аспаздық өнімдерді шығару үшін осы глюкоза пайдаланылады.
Инвестиция көлемі – 31,2 млрд.теңге. Жобаны іске қосу 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде биыл дәнді дақылдарды сақтау және кептіру кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Екінші кезеңде 2024-2025 жылдары крахмал-сірнесі зауыты құрылысын аяқтап, іске қосу көзделіп отыр.
Жеке кәсіпкер өнімдерді ішкі нарықпен қоса сыртқы нарыққа да шығаруға ниетті. Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні өздері егіп отырмақ.
СОЗАҚТА 7 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ
Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі өткен жылы 19 млрд. 671 млн 500 мың теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 429,2 млн теңге, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 113,6 млн теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков айтты.
Спикердің сөзінше, өткен жылы ауданда 14 275 га жерге егіс егілген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы үшін 25 жаңа техника сатып алынған. Ауданда ағын суды үнемдеу мақсатында Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығына 40 га, «Жанболат» шаруа қожалығына 12 га, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10 га, барлығы 62 га аумаққа жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған.
– 2022 жылдың қорытындысымен барлық санатта 35 445 мүйізді ірі қара, 288 829 қой-ешкі, 23 656 жылқы, 14 375 түйе, 25 587 құс өсіріліп жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 5416 мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Фермерлік шаруашылықтар 3914 қой аналығын несиелендіру жолымен сатып алды. Ал биылғы I тоқсанның қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 3 млрд. 867 млн 100 мың теңгені құрады. Бұл саланың негізгі капиталына биылғы I тоқсанда 46,6 млн теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ, 11 920 га жерге егіс егілді. Бүгінде 3 техника сатып алынды, — деді Мұхит Сексенбайұлы.
Сондай-ақ Шолаққорған-Түркістан бағытында «Жасыл белдеу» аймағы ұлғайып келе жатыр. Демеушілер есебінен жол бойындағы 3 гектар жерге бүгінге дейін 6 мыңға жуық тал егілген. Тал көшеттері отырғызылған аумақ шарбақтармен қоршалған. Бүгінде өткен жылы отырғызылған тал көшеттері толықтай өніп тұр. Алдағы уақытта ол жерге қосымша бақша дақылдарын егу жоспарланған.
Сонымен қатар, өткен жылы 1207, биыл 28 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, жалпы саны 4 792-ні құрады. Осы жылы инвестициялық 7 жоба іске асырылады. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі саласындағы «Созақ Фосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндірісі, «Састөбе» инновациялық комплексі ЖШС-нің тұз сақтау қоймасы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ күкірт қышқылын өндіру. Осы аталған 3 жоба биыл басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал агроөнеркәсіп саласы бойынша «Атамекен» ш/қ» мен «Дәмен» ш/қ жаңбырлатып суару, «Қуаныш» ш/қ органикалық тыңайтқыш Биогумус өндіру, ЖК «Б.Исаев» Шағын сүт фермасы биыл аяқталады деп жоспарланған.
Одан бөлек, индустриалды аймақта 5 кәсіпорынға 10 га жер телімі берілген. Яғни «Uko-S Star» Уран тасымалдауға арналған болат бөшкесін шығару, «Uko-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС техникалық май тасымалдауға арналған болат бөшкесі, «Дархан-Ас» ӨК өз жұмыстарын жүргізіп отыр.
2021 жылдан өтпелі болып іске асырылған 4 нысанның құрылысы 2022 жылы толық аяқталды. Олар — Жуантөбе және Қаратау ауылдарының әкімшілік ғимаратының құрылысы, Шолаққорған ауылындағы Қожанов көшесі бойынан әкімшілік ғимаратына қосымша жай құрылысы, Аққолтық елдімекенінде 75 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы. Сондай-ақ, құрылысы жүргізіліп жатқан Созақ ауылындағы спорт алаңы биыл желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Қаратау ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы басталды. Биыл қыркүйек айында ел игілігіне тапсырылады.
Аудан орталығы Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту үшін 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пунктінің орындары дайындалған. Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталады. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елдімекені тұрғындары табиғи газбен қамтылады.
«АУЫЛЫНА ҚАРАП АЗАМАТЫН ТАНЫ»
Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың халықпен кездесуі Қарғалы, Темір ауыл округтерінде жалғасын тапты. Алдымен Қарғалы ауылындағы егістік алқапта болып, бидай егуді қолға алған шаруалардың жұмысымен танысты. Жалпы биыл отырарлық дихандар жаз айларында су тапшылығының салдарынан бос жатқан 160 га алқапқа түрен салып, күзгі бидай еккен болатын. Күз және көктемгі мезгілде мол ағын суды тиімді пайдаланған «Біржан-2» ЖШС, «Ақсақал», «Сағындық-М», «Әшірбай» шаруа қожалықтары аңқасы кепкен даланы жасыл желекке бөлеп, мол өнім алуды көздеп отыр. Аралау барысында аудан басшысы тың тәжірибені аудандағы өзге ауыл округтерінің дихандары да қолға алу керектігін айтып, бұл жоба аймақтағы су тапшылығын жоюдың ең тиімді әдісі болатынын атап өтті.
Мұнан соң ауыл округіндегі көне тұрмыстық заттар мен тарихи жәдігерлерді жинап кішігірім музей үйін жасаған Жұмахан Әбдіқадіровпен кездесіп, тарихты сөйлеткен құнды заттарды сақтау мәселелерін талқылады. Кездесуде ауыл тұрғыны жинақтаған жұмыстарын сақтап қалу мақсатында аталған жәдігерлер мемлекет бақылауына алынып, жай берілсе деген ұсынысын жеткізді. Аудан басшысы аталған мәселені саралай келе алдағы уақытта өлкетану ғылыми орталығын ұйымдастырып, жауапты мамандармен кеңесе отырып осы орталықтан жай беру жағдайын қарастыратынын айтты.
Одан әрі ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде ауыл қариялары Базарбай Дайрабаев, Нұрқұл Ердемқұл, Есенбай Шынтерековтер ескірген ауыл округі әкімшілігінің ғимаратын жөндеу, Отырар елді мекенінің ауыз жүйелерін жаңарту, көрші ауылдардың малдарының егістік танаптар жиі түсуін тоқтату секілді бірқатар мәселелерді көктерді. Аудан әкімі айтылған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар беріп, аталған жұмыстардың орындалуын өз бақылауына алатынын ескертті.
«Ауылына қарап азаматын таны» деп дана халқымыз атап өткендей ауылдағы іргелі істерге себепші болып жүрген азаматтың бірі Темір ауылының тұрғыны Божаев Дүйсенбек. Ауыл халқын ынтымақ-бірлікке шақырып, жастарды туған еліне, туған жеріне қызмет етуге үндеп жүрген өнегелі қария өз демеушілігімен балаларға арналған ойын алаңшасын салып беруде. Бүгін аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ауыл халқымен кездесу барысында аталған ойын алаңшасының құрылысын көріп, балалардың қуанышын еселеп, ауылдағы салауатты өмір салтын насихаттауға, ауылды көркейтуге атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Темір ауыл округі тұрғындары үшін жағымды жаңалықтың бірі көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізуі еді. Ағымдағы жылы газдандыру жұмыстары аяқталып, ауыл халқы толық газға қосылады деген жоспар бар. Ауыл округіндегі газдандыру жұмыстарының құрылысы барысымен танысқан аудан әкімі мердігерлерге жұмыс сапасының маңыздылығын ескертіп, ауыл әкіміне тұрғын үйлерге кіретін ішкі жүйелерді қосу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында ауыл қариялары Өксікбай Мырзабай, Амантай Төрехан, Бекетау Жүсіптер ұсыныс-пікірлерін айтып, малдарға қашырым пунктін салу, ауыз судың тұрақты берілуін қамтамасыз ету, тұрғын үйлерге қойылған газ өлшеуіш құрылғыларының жарамдық мерзімінің өтуі секілді мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Аталған мәселелер туралы жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеп, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Екі ауыл округіндегі кездесулерден соң аудан басшысы Сәкен Асылханұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға келген азаматтардың жайылымдық жер, ауыз су, жұмыссыздық секілді мәселелер бойынша айтқан өтініштеріне заң аясында жауап берді.
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ ҚАЛЫПТАСТЫ
2023 жылғы 12 маусымда сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс үшінші сессиясы өтті. Алдымен қатысушылар Абай облысындағы орман өртін сөндіру барысында қаза тапқан азаматтарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.
Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің мүшелері, басқарма басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов жүргізді.
Облыс әкімі мәслихаттың жұмысына табыс тіледі.
– Бүгінгі сессияда көтерілген ұсыныстар қолдау тапты. Депутаттарға алғысымды білдіремін. Өңірді дамыту бағытында жүйелі жұмыс жалғасуы тиіс. Біз мектептерді қоршау, лицензиясы бар күзетпен қамту және өзге де мәселелерді түбегейлі шешуді жоспарлап отырмыз. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады. Бес жылда облысты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Өңірдің экономикасы, Түркістан қаласының жаңа келбеті қалыптасты. Шаһардың әлеуеті, сәулеті артып, республикалық іс-шаралар өтіп жатыр. Түркістан қаласының инфрақұрылымы жасақталды. Ендігі кезекте ауылдарға көңіл бөлуіміз керек. Халықпен кездесу және көшпелі мәжіліс өткізу үшін ауыл-аймақтарды бірнеше реттен аралап шықтым. Жағдайын, мәселелерін жақсы білемін. Президентіміздің тапсырмасымен «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асуда. Өңірімізге 20 млрд. теңгедей бөлінді. Осы ретте жобаны жүзеге асыру үшін 32 ауылға бір-бір депутаттан бекітіліп, жұмысқа атсалысса деген ұсыныс бар. Елге түсіндіріп, кәсіппен қамту керек. Екіншіден, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстарға сіздер де үлес қосады деп сенемін. Тұрғындарымыздың 90 пайызы ауылда тұрады. Оларға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту маңызды. Ауылдағы ағайынның әлеуетін көтеру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Күн тәртібінде Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 24 тамыздағы №14/172-VI «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №42/442-VII «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі Түркістан облыстық комиссиясының дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі 17/220-VII «Облыстық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелері қаралды. Сонымен бірге «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы; Түркістан облысының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ұсыныстар да қаралды.
Аталған 5 мәселе бойынша тиісті басқарма басшылары баяндама жасады. Сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.
КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТУГЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ БАР ТЕГІН ЖЕР ТЕЛІМІН ҰСЫНДЫ
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес Түркістан облысында тұрғындарды мәселелері бойынша қабылдау кестеге сәйкес жүргізілуде. «Ашық әкімдік» кеңсесінде кезекті жеке қабылдауды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров өткізді. Тұрғындарды толғандырған мәселелерін тыңдап, өтініштері мен ұсыныстарына құлақ асты. Жеке қабылдауға Түркістан облысына қарасты аудан, қалалардан 30-ға жуық азамат келді. Кездесуге келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй алуға ықпал етуді сұрады. Өтініш иелеріне тұрғын үй тек қолданыстағы заңға сәйкес кезек реттілігімен берілетіні түсіндірілді. Одан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу, қаржылай көмек көрсету, денсаулық саласына қатысты мәселелер, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау білдіру, жол және тағы басқа мәселелер қозғалды.
Сарыағаш ауданынан азаматша тұрғын үй кезегінен шығарылғанын айтып, қайта кезекке тұрғызуды сұрап келген. Тұрғынның атына үй тіркелгендіктен, тұрғын үй кезегінен шығарылған. Өтініш иесіне заң бойынша кеңес берілді.
Тағы бір тұрғын немересіне «мүгедек» санатын алып беру мәселесін көтерді. Көрсетілген диагнозбен мүгедектік алуға мүмкіндік жоқ. Балаға білікті дәрігерлердің көмегімен тегін ота жасалатын болды.
Жеке кәсіпкер әкімдіктен кәсібін жүргізуге қолдау сұрап келді. Облыс әкімінің орынбасары кәсіпкерлікті әрқашан қолдауға дайын екенін жеткізіп, кәсібін дөңгелетуге инфрақұрылымы бар тегін жер телімін ұсынды.
Түркістандық азаматша немересін «мейірбике» мамандығы бойынша жұмысқа орналастыруды сұрады. Оған жұмысқа тұру тәртібі түсіндірілді. Нұралхан Көшеров облыс орталығынан жақын арада үлкен аурухана пайдалануға беріліп, тұрақты жұмыс орындары ашылатынын айтып өтті.
Облыс әкімінің орынбасары қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары бойынша оңтайлы шешу жолдарын қарастырып, заңдылығын түсіндірді.
Нұралхан Көшеров жауапты сала басшыларына әр мәселені жіті қарап шығып, қысқа мерзімде заң аясында шешуді тапсырды. Көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, шешімін тапқанша облыс әкімі орынбасарының жеке бақылауында болады.
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімі мен орынбасарларының жеке қабылдауына «Басқармалар үйі» ғимаратында орналасқан «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазылуға немесе е-Өтініш ақпараттық жүйесі арқылы мәселелерін көрсете отырып, тіркелуге болады . Жеке қабылдаулар бекітілген кестеге сәйкес жалғасын табады.