БАСҚАРМА ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТІ КҮШЕЙТУДЕ

Қоғам Құқық
746 Views

Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, соның ішінде Қазақстанда да әлеуметтік құбылыс ретінде жалғасып келеді. Ол тек ауқымдылығымен ғана ерекшеленетіні баршаға аян.

Жең ұшымен жалғасқан сыбайлас жемқорлық бүгінгі қоғам дертіне айналғаны жасырын емес. Онымен күресіп, аталмыш дертті түп-тамырымен алып тастау да оңай шаруа емес. Елбасы ұсынған 5 институционалды реформа да, толыққанды жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның да жемқорлықты жоюға мүмкіндігі мол. Бұл құжат қоғам ішінде жаңа көзқарас қалыптастырады. Ұлттық жоспар саналатын 100 нақты қадамның әуелгі 15 қадамы түгелдей дерлік мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге, сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталғаны айқын. Сыбайлас жемқорлықпен күресу – Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі екені де ақиқат.

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейткен Шымкент қаласы білім басқармасы осы бағытта бағамды істер атқарып отыр. Орысша айтқанда «нулевая терпимость» к проявлениям коррупции в сфере образования» ұранымен жуырда аталмыш басқарма ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен меморандумға отырған болатын. Жемқорлықтың жолын кесуде кідіріссіз жұмыс атқаруда белсенділікпен ортақ мәмілені мүдде тұтқан екі тарап бүгінде нәтижелі жұмыстар көрсетуде. Бүгінде басқарма басшысы Ақерке Абылайханқызы жемқорлықпен күресуде ешкімге аяушылық болмайтынын байқатып отыр. «Жау жоқ деме жар астында» демекші, басқарма ішіндегі сіресіп қалған былықтардың бетін ашып, құзырлы органның назарына ұсынып, ылаңның алдын алуда.

Алдымен білім басқармасына қарасты барлық білім ошақтарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар өтті. Аталмыш департамент қызметкерлері қарқынды қимыл нәтижесінде бірқатар директор лауазымындағы тұлғалардың бетпердесін ашып берді. Пара алу, пара беру сатыларына тосқауыл болуды мұрат еткен заң өкілдері 50 мың теңге көлемінде пара алу үстінде Максим Горкий атындағы №12 жалпы орта мектеп пен №131 жалпы білім беретін мектеп басшыларын құрықтады. Алдыңғы мектептің директоры болған оқиғаны растады. Сондай-ақ, бүгінде аталмыш мектеп басшысы 2019 жылдың 30 қаңтарынан бастап мектеп директорлығы лауазымынан босатылды. Ал, екінші мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы нәзік жандыға қатаң түрдегі шара қолданылды. Шара қолданылған мектеп басшыларының қисынсыз әрекеттері нәтижесінде білім басқармасы мен ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдері қатысқан алқалы жиын өтті. Онда абайсызда жемқорлыққа жол берген білім саласы қызметкерлерінің іс-әрекеттері жайында ой қозғап, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты барлық білім мекемелерінің басшыларына баса айтылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермеулерін жеткізді.

Сонымен қатар жемқорлықты болдырмау және оның алдын алу мақсатында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұсынған арнайы мониторинг топ құрылған болатын. Топ қоғам белсенділері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, сонымен қатар журналист блогерлермен жасақталған. Ондағы мақсаты аталған департаментке мектептерден келіп түскен арыз-шағымдарды қарайтын топ мүшелері жұмыс жасауда. Олар тұрғындардан немесе ата-аналардан келіп түскен арыз-шағымдарды зерттеп, зерделеп, нәтижесін департаментке жолдайды. Осы күнге дейін екі рет шағыммен шыққан топ мүшелері онға тарта білім ошақтарының үстінен түскен арыздарды қарап, қарқынды қимылдауда. Құптарлық іс. Сонда да Шымкентте сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен жойып алып тастау мүмкін болмаса да жасалып жатқан іс-әрекеттер жемісін беруде. Бұл ілкімді іс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *