Сәрсен Бек САХАБАТ, ақын: «ӨЛЕҢІМНІҢ ӨМІРІ ҰЗАҚ БОЛСА ЕКЕН»
– Аға алпыстың ауылын аралап, бел ортасына жетіп қалыпсыз. Жасар жасыңыз, жазар дүниеңіз молыға-толыға берсін. Осы орайда «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ой тарқатып ортаға салар қандай жаңалығыңыз бар? Жаңадан жазған дүниеліктеріңіз бар ма?
– Жаңа деп жалайырға жар салатындай бола қойған жоқ. Бәрі де сол өзің көрген, білген жерде. Өлеңімнен қол үзген емеспін. Мәселе аздығында, көптігінде емес. Көлем қуған емеспін, солай қала беріппін. Зейнетке жеткелі бір ой келді. Қол босады, ендеше осыған дейін жазғандарымды неге бір қайта қарап шықпасқа деген. Мінсіз пенде болмайтыны сияқты пенде жазған соң мінсіз кітап та болмайды. Кейде бір қаріп, орынсыз қойылған тыныс белгісінің өзі ілгекке аяғыңнан төмен іліп, аударып-төңкере салады емес пе. Алпысты араласақ та қартайған жоқпын. Есесіне есейдім. Ендеше, өзіңе де бір мезгіл сын көзімен қараған дұрыс болар.
Сыншы деген біреуді сүзе салатын қызылкөз, яки біреуді жер-көкке сыйғызбай мақтайтын желөкпе емес. Мұның екеуі де білімге-білікке жатпайтын ет пен тері арасындағы әдепсіздік. Жасқа қарағанда жасамыстың сынды қабылдауы қиын. Бір кісідей өмір көрдім дейді, табақтай дипломым бар дейді, әйтеуір мойын бұрғысы келмейді. Кеудесін сабалай береді. Сыншылық біліммен келеді. Қазақ әдебиетінің сыны Нәзір Төреғұлұлынан басталғанымен, қазақта жылқының жүйрігін тайынан танитын атбегілер, болар баланы балағына жұққан шаңынан танитын билер болған. Негізіміз, әне, қайда. Батырды да баулып хан жасағына қосатын, ханды да таңдап ақ киізге салып төрт бұрышынан ұстап төбесіне көтеретін де сол билер кеңесі. Қазекемде «Өз қатесін танитын кісі ғана жанжалдасып қалған екеудің дауына төрелік бере алады» дегендей, бір тамаша нақылсөз бар. Бұл Батыс философтарының, Шығыс молда-қазыларының аузына түсе қоймаған дала даналығының басқадан биік даңғыл көкірегі. Тәкен Әлімқұлов та ақын-жазушыны әуелі өз басына сыншылдықпен қарауға үйретіп кетті емес пе. Сыншы ақын-жазушымен дос бола білмейінше, оның жанашыр оқырманына айналмайынша, бәрі де бекер.
– Сіз не үшін өлең жазасыз?
– Өлең – басты жанрым. Жұлын-жүйкем. Жан-дүниемнің жарасымы. Сондықтан арзан атаққа бола жазбаймын. Он алты жасымнан бастағам, әліге тастап кеткен, араздасып қалған жерім жоқ. Біреулердей «ақынға сөйлегеннен, өлең оқу оңай» деп жиналыс, кездесулерде оқымаймын. Өйткені, өлең жиналысқа, тойға бола жазылмайды. Осыған бола мені ақын қатарында атағысы келмейтіндердің өзі біледі. Жазушыны, ғылыми атағы барларды ақыннан жоғары санайтын. Мұндайларды ешқашан, еш жерде қолдаған емеспін. Небір аузымен құс тістеген дүлдүл жазушылар қалың романымды биттің қабығындай өлең жинағына ойланбай айырбастар ем дегенді өз аузымен айтқан.
Мәскеулік ноғай текті жазушылары И.Тургенев, И. Бунин, дворянин Алексей Толстой қаламгерлікті жалпы өлең жазудан бастаған. Біздің қазақ жазушылары арасында өлеңнен бастағанға сүрініп жығыласыз. Текті Тәкен Әлімқұлов, Т. Ахтанов, Ә. Кекілбаев, О.Сәрсенбаевтан бастап, марғасқа Мархабатқа дейінгілер.
Бұл өзі «Әкең күшті ме, шешең күшті ме?» дегендей, оспадарлау ойын ғой. Бала күнімізде сондай бір ойын болатын. Әлгі сөзді айтып, біріміздің иығымызға екіншіміз секіріп мінетінбіз. Әкесін жақсы көретін бала иығына секіргеннің жасы үлкен немесе денесі бұдан ірі болса да амалсыздан шыдап көтеріп тұруға әрекет жасайтын. Әкесінің күштілігін дәлелдемекке, әлбетте. Орта ғасырлық ел билеушілер ақынға бойымен, яки салмағымен бірдей алтын төлепті дегенге өз басым әсте сенбеймін. «Утка» ғой кәдімгі аузымен асыраған. Шындығында, көркем кесене салатын хас ұстаның қолын шабатын, қайталанбас ғазал жазған ақынның көзін оятын. Қараулық қой, қызғаныш қой, басқаға бұйырмасын, менен ешкім асып кетпесін деген. Сәбет заманы да ақын-жазушысын есіркеген жоқ. Атып-асты, айдады. Қорыққан, жүні жығылған, илеуіне көнген ақын-жазушыға ғана көсіп қаламақы төледі, атақ-насихатқа көміп тастады.
– Мағжан Жұмабаевты Ресей империясының ақыны депсіз, мұныңыз қалай?
– Солайы солай. Мұндағы айтып отырғаным – азаматтығы. Мағжан да, Әлихан да, Нәзір мен Тұрар да Ресей империясының азаматы емей кім еді? Ресей ақыны деп отырған жоқпын ғой. Мағжан Ресей азаматы бола тұра империяның ары мен мақтанышы – орыс тілінде жазбады. Сондықтан оны әсілі бөлек болғанмен орыс тілінде жазған А.Блок, С.Есенин, А.Ахматова немесе Б.Пастернак қатарына қоспайды. Қане, қара қылды қақ жарған әділдігі? Нарағам, мен, мына Сіз де КСРО азаматы едік. Нарағам орысша жазған Олжекеңнен, К. Кулиевтен, Р. Гамзатовтан, Э.Межелайтистен осал ақын ба еді. Тіпті Нарағаң өлеңдерінің дені сол КСРО заманында жазылған. Алайда, орысша жазылмады, авторлық тәржіма жасап қолма-қол аударылмады. Міне, Сізге шынайы ұлттық ақынның трагедиясы. Аллаға шүкір, Нарағам бұған бола азып-тозып кетпеді. Атақты, соның ішінде Ресейдің К. Симонов атындағы алтын медалін аттан аударып алды. Ана тіліме, ұлттық дәстүріме бәсекелес болмауға тиіс. Мұхтар Әуезов, Саттар Ерубаев, Тәкен Әлімқұловтың орысша жаза алатын қабілеті бола тұрып неге жазбағанын әр жерде ежіктей беремін. Бір қызығы, үшеуінің де мұсылманшылық сауаты жоғары.
Мағжанды өзіміз жаладан арашалай алмағанда, башқұрт Сайфи Құдаш жанұшырып араға түсті. С. Құдаш – башқұрт ағартушылығының, Ғабдулла Тоқай татар ағартушылығының бас көтерері. Міне, мәселе қайда? Өзіміз салғырт, енжармыз демесек, Мағжанның түркішілдіктің атасы екенін Түркия, Құдаш біледі. Әдебиеттану ғылымына бұл жарамайды. Сөз орайында айта кетейін, атаулы ақындарымыз Сырағаң (Мәуленов), Қуанағам (Шаңғытбаев) поэзиясындағы татар ағартушылығының оң ықпал-әсері жүрдім-бардым айтылып, терең талдауға бара бермейміз. Ғ. Тоқайға дейін небір шебер ақын-жазушы, оқымыстылар болған. Олардың айыбы – «Мәскеу патриоты» атанамыз деп орысша жазып, мұсылман жолынан таймаймыз деген Ш. Марджани мен оның шәкірттері болған. Екеуін де тән алмаған Ғ. Тоқай таза татар тілінде жазудың үлгісін танытты, ұлтының махаббатын иеленді. Қазақ болғанның жөні осы деп бұлардан тысқары қала алмаймыз.
Өзі ертеден қалыптасқан үрдіс. Мәселен, Әбілқасым Фирдоуси Туси парсы тілінде жазсақ, ертерек әдібұлаққа жетеміз деген жолды ұстанды. Жаны таза түркі Сұлтан Махмұт Ғазнауиды жерге тыға жамандады. Оған керісінше, туған елі Хорезмнен қуылған Әбу Райхан Бируни Ғазнауидан пана тауып, тіпті, Үндістанға барғанда да Ғазнауиге еріп жүрді. Бируни араб әліпбиін тұтынды, бірақ бақ іздеп Бағдатқа аунап кетпеді, өзінің тегі Қият екенін Алладан да, пендеден де жасырмады. Араб тілді оқымыстылармен айтысып-тартысқанда үнемі жеңіп кетіп отырған аса білімдар һәм ел мен жердің қадірін жете білген..
– Анна Ахматованы жақсы көріп оқитыныңызды, «Қазығұрт» журналына бір топ өлеңдерін аударып жариялағаныңызды білуші едік. Мұнша ыстық ықыласыңыздың себебі неде?
– Мағжанның Блок, Ахматовамен иықтас ақын екенін әлгінде айтып өттім. Блокты аштан бұралтып өлтірді. Аннаның жан жары ату жазасына кесілді, екі ақынның жалғыз ұлы Лев Гумилев Гулагқа екі рет айдалды. Бала ғой әлі демеді. Аннаның өзі Ташкентке жер аударылды. Осының себебін жиі ойладым. Бүгінде ойламаймын. Анна қарақыпшақтың қызы, шын пәмилесі – Горенко. Ахматова – таһаллусы. Алтын Орданың соңғы билеушісі Ахмет ханның жиені деген әуезе айтылады. Алтын Орданы, Қазан хандығын, Шыңғыс қағанды былай қойғанда, Жошы ханның, әсіресе Есентемір ханның иелігі дегенге мені ешқашан сендіре алмайсыз.
Бұл мәселеде көзқарасым мүлде бөлек. Ахмет хан Мәскеуге қарсы күресінде Даланы емес, католик дініндегі Литва-Польша королдігін таңдаған. Еділ бойын тоңқаңдатқан мәшһүр Тохтамыш ханнан қалған жол. Мәскеуге қарсы күрескендерді тұйыққа тіреген жол. Ахмет хан да литвалықтар уәдесінде тұрмай келіскен жерге келмеген соң Мәскеу дружинасымен соғыспай, Угра өзенінде үн-түнсіз кетіп қалған. Өйткені, қолы шағын болғандықтан, шамасы жетпейтінін біліп, әскерін қырып алмайын деді. Қазан хандығын билеген әулеттің негізін қалаған Ұлық-Мұхаммед ханның басы бұрылған жол осы. Бұларды бас-көзсіз Жошының Есентемірінен тараған ұрпаққа, қазақ хандарының тегіне тықпалай бермеңіз. Жошының басқа ұлы Сыбаннан тарағанға телимін дегендерге қарсылығым жоқ. Тохтамыш ханның қазасынан соң елді тоздырған Өзбек хан мен әулетінің, есентемірліктермен билікке таласқан шайбандық сұлтандардың бүлігі Жошы ұлысын талап кетті. Ақырында Мәскеу кінәздігі нығайып, кешегі отары балақтан басқа өрлеген битке айналды. Бұл – аса күрделі, күрмеуін тарқату қиын тақырып. Сондықтан, сөзді осымен шегере тұрайын.
Аннаның ақын ретіндегі шын ерлігі – Түркі тарихының әр тілде әрқилы жазылатынын бетімізге шыжғырып басты. Мұнымен, ол әлбетте, түркілік жолына түсе қоймады. Орыстілді ақын болып қала бермек. Өз басымның аңғарғаны – ақын жүрегінің Түркіге тілеулестігі. Тіл тарихына қозғау салғаны. Осының өзі ақын Аннаның әз басын құрметтеуге мейлінше татитын қисмат. Небәрі осы, егер маған сенсеңіз. Тілге тілеулестігін бағалау. Ал, Тургенев, Достоевский, Тютчев, Бунин, Ахматовадан қазақ жасауға өзгені қайдам, өзім қарсымын. Бұлай танымды лайлауға болмайды.
– Тарихты тамаша білесіз, сөйте тұра тарихшы емеспін деп бас қашыртасыз. Неге?
– Осы алдымнан шыға беретін сауал. Тіпті мектеп партасынан бері осы пәннің мұғалімдері бауырына тартты. ЖОО-ға түскенімде де тарихшы оқытушының назарына ілігіп, ғылыми жұмысқа тартылдым. Үлкен кісінің көңіліне қарап Алматы қалалық, облыстық турларына қатысып, жеңімпаз атансам да республикалық турдан өзім бас қашырттым. Оның орнына әдебиеттен «Сәкен Сейфуллин – фольклорист» деген тақырыпта республикалық турда жеңімпаз атандым. Тарихшы – ақын-жазушыға, әдебиеттанушыға қарағанда табансыздау, идеологияның ыңғайына жығыла кететін осал пенде. Е.Бекмахановтан басқасы. Кешегі сәбет заманында партияның қаулы-қарарларын насихаттаған лектор болса, бүгінде шежіре айтатын шалдардың аузын бағып кетті. Бұл кәсіпке адалдыққа жатпайды. Талай мәрте бұлтарып кетсем де қоймай шынымды айтқыздың. Қадалған жеріңнен қан алмай қоймайтын қыз екенсің. Өкпем емес, шыным. Нағыз зерттеуші ғалым осындай табанды болуға, айтпай-ақ қояйын дегенді айтқыза білуге тиіс. Мұны басыңызға құрметім деп біліңіз.
– Сізді түркітанушы деп жатамыз елге таныстырғанда. Осы өзі қандай пән, қандай ғылым?
– Орынды сауал. Айтайын. Түркітанушы жаза білетін жазушы яки публицист ғана емес, тағдыр-тарихымызды, дінді, әдет-ғұрпымызды, басқалармен салыстырып сараптама жасау үшін бірнеше тілді білуге тиіс. Нағыз синтез. Бәрібір қоймассың, түркітану – Ресей империясының түркі халықтарын өз отарына айналдыруға барын салған ғылым. Айла-амалын да, ақшасын да аямағандар Шығыстануға жүһүт, Түркітануға татар мен неміс оқымыстыларын тартты. Қазанда Ибраһим Хальфин, бізде Шоқан отандық түркітанудың негізін қалап, патшалық режимнің ғылым-білімімен күресті. Шоқанның орысша жазғанының себебі осында. Басты кедергі қазақ оқырманының бұған дайын еместігінде. Кешегі күні Шоқанды «Еуропаға терезе ашты» деп келдік. Мұнымен өз басым келіспеймін, Шоқан Ресейге болмасын, сол арқылы Батысқа болмасын, «Азия терезесін» ашып кетті. Әлбетте, оның қызығын қолында билігі бар, ақшасы мен басқасы бар империя көрді.
– Өткеніме, өміріме өкінбеймін дегенді айта салатындар бар. Сәнге айналғандай. Сіз не дер едіңіз? Бала күнгі арманыңыз орындалды ма?
– Негізінен орындалды. Бала күнде елден қалыспай талай нәрсені қиялдадық. Ақырында ақын боламын дедім. Орындалған арман дегенім де осы! Бос қиялымның бірі – барлаушы болу. КСРО-ны қорғайтын, елімнің намысын таптатпайтын. Рихард Зорге туралы әдебиетті қоймай оқыдым. Сәбет әскерінде міндетті парызымды өтеген жылдары қиялымның кеуектігіне көзім анық жетті. Солай бұдан бас тарттым. Өзім сұранып штабқа қызметке тұрғанмын. Мамандығым жоқ, жер қазуға жіберді. Бір тәжік жігітпен тіл табысып, бірер аптадан соң қоймашылыққа (кладовщик) қол жеткердім. Үш айдан соң штаб тілмәші боп тағайындалдым. Жағдайым жаман емес, екі рет демалысқа келіп қайттым. Алайда бұл пысықтығымнан жерідім. Образды тілмен айтқанда, КСРО – маскүнем өгей әкем екен. Түркітануға дендегелі бала күнгі барлаушы болмақ ойым да орындалғандай көретін болдым. Әскери маман болмасам да мылтықсыз майданның әпесеріне айналыппын. Аталас ағайыным бар, бір жылдың төліміз, сол Ресейдің бір қаласында әскери гарнизонды басқарып зейнетке жетті. Елге оралмады. Оның өміріне қызықпаймын.
– Өлеңімнің өмірі ұзақ болсын дегендегі ишараңыз қандай?
– Пенде ғұмырым ұзақ болсын, бала-шағам да өмірлі болсын демей ме. Ерсі дәнеңесі жоқ, кәдуілгі тілек. Ешкім де жатсынбайтын. Өлең де ақыл-ойың. Мәртебесі мәуіге жеткен мәрт. Пенденің өмірі өткінші. Мұны бәріміз де білеміз. Кей ақынның өлеңі өзімен бірге өшіп жатады. Владимир Маяковскийдің поэзиясы өзі құлдық еткен қоғаммен бірге келмеске кетті. Өзі өлсе де, өмір сүрген қоғамы өтіп кетсе де дәуірден дәуірге жалғаса беретін Ақындар бар. Жасы отызға, қырыққа жетпей қыршынынан қиылса да. Өлеңімнің өмірі ұзақ болсын дейтін ақынның қабырғасы осынын қамын ойлап қайыса бермек. Уәзипасын ақтамаққа. Бұл айтуға ғана оңай, орындалуы аса қиын. Қазекем айтпақшы, «Жақсының аты, ғалымның хаты қалады». Кімнің хаты қалады? Ақын да ғалым ғой бағасын білген кісіге. «Пайғамбарлардан соң өмірге ақын келеді» дедік. Орта ғасырларда, діннің дәурені жүре бастағанда. Дін де ғылым. Дана дегенге араб тілінде «дін алымы» деп баға-мінездеме беріледі екен. Ғұламалар заманы туғанда.
Абай заманында ұлттық ағартушылық – Алаш жолының шарты түзілді. Исі мұсылманның көсемі Әлихан Бөкейхан Еуропадан қалыспайтын мемлекеттік жолына шақтап елін тәрбиелеп кетті.
– Иә, Алаш жолын аузыңыздан тастамайсыз. Алаш афоризмдерін қаттап жинастырып жүрсіз. Бұл жайында да таратып айтқаныңызды қалар едік.
– Мархабат Байғұттай дос-ағама разылығымды айта кетейін сөз орайында. Нәзір мен Сұлтанбектің афоризмдерін басасыз ба журналыңызға дегенімде «Жақсы айттың ғой, өз аузыңнан қағынып, сен ол екеуін ғана емес, барша Алаш қайраткерлерін түгендеп жинастырсаң, арнайы айдармен нөмір сайын беріп тұрайын. Жарай ма?» дегені. Марғасқа ағамыз Шымқалғадағы барша қаламдас бауырларына шынайы жанашыр жан емес пе. Бұл үлкен кісілікті мәдениет. Есқара Тоқтасынов деген тамаша стилист жазушымыз бар. Соны Махаңнан басқа ешкім тани да бермейтін, насихаттай қоймайтын. Оған ортадан қасқыр көрген ешкідей қашып жүретін өзі кінәлі. Тұсаукесері өтіп жатқанда «Есаға, елдің алдына шығыңыз, танысын, бой көрсетіңіз» десек, сендер айтып жатырсыңдар ғой, осында залда отырып-ақ тыңдай берейін де» деп былқ ете қоймайтын. Қолтығынан сүйеп емес, сүйреп шығару керек. Алаш жолын насихаттайтын некен-саяқтың қатарында да Марғасқа ағамыз жүреді. Қалғандарымыз әліптің артын баққан әсіресақпыз.
Қазақта мемлекеттік болмаған деп көкитін талмасжақтарды қайтесіз. Алашорда солардың бірі ғана. Басқалары еуростандартқа түсініксіз, жанаса қоймайтын десек те Алашорда Еуропаңның өзін басып озған. Бұған таңырқайтын дәнеңесі жоқ. Еуропа Азияны танымайтын, танығысы да келмейтін, оған білім-білігі де жетпейтін мәдениет. Алаштың артықшылығы – өзін де, өзгені де тең ұстап, алға түсіп кете береді. Тарихи таным түзелмейінше әдебиет те, өнер де түзелмейді. «Сөздің басы – тарих, ортасы әдебиет…» деген Ахмет Байтұрсынұлының аталы сөзін жадымыздан шығармайық.
Шәрбатты «шарап» дегеннен не шықты. Омар Хайямнан бастап мұсылман ақындарын, тіпті, билеушілерін ішкілікбаз атандырдық. Одан кім ұтты, әлбетте, ібілістің ішімдігін атасының асы санайтындар тасада қалып, ұтысқа шықты. Танымды тіл ғана түзей алатынына, міне, татымды жалғыз мысал. Ата-бабамызға қандай жала жабылмады. Бәрінен асып түскені дәретсіз қалам ұстамайтын ақынға шабыт шәрбатының орнына шарап жұтқызу. Билеушісіне де шараптан ұрттатып, намаз оқыта беру. Қисыны қайда? Ар-ұяты қайда? Шайыр мен ақынның айырмасын білмейміз. Жазба ақынымызды көкке көтергіміз келсе «шайыр» деп шалқыта да, шалқайта да саламыз. Сонда осыны айтып тұрған кісінің, мейлі ол жүйрік қаламгер болсын, әдебиет пәнінен теориялық білімі қайда? Неге әдеби терминологияда ақын, шайыр, жырау бөлек аталып, бас-басына жеке түстеледі? Шығыс пен Даланың қанша жерден дін-мұсылман болғанымен, тілдік айырмасы да осында. Сайрамнан шыққан қанша дін ғұламасын безбеннің бір басына салып, жалғыз – Бекасыл әулиені екінші басына салып тартып көріңіз. Бекасыл жалғыз болғанымен, безбеннің басын басып кете береді. Несімен деген орынды сауал туады. Ділімен, тіл тазалығымен. Дала перзенті – қыр баласына етене жақындығымен, әлбетте. Фалды «пал» деу, таһаратты «дәрет» деу, рәкағатты «пәлен бас намаз» деу дала тілінің де, дінінің де тазалығы. Американың зәңгілері Исламды қабылдап жатыр деп дабыра көтереміз. Атақтылары – Мұхаммед Әли атанған боксшы Кассисус Клей, әнші Майкл Джексон. Майкл неге Мекайыл атанбады? Жарайды, ең бастысы, мұсылманға өткен зәңгілер аяттарды, Құранды ағылшын тілінде айтып, оқып, насихаттайды екен, мұның несі тақуалық? Біздің ата-бабаларымыз діни сауатын араб тілінде ашты емес пе? Одан кейбір қожа-молдаларымыз жастайынан тілі жаттыққан соң елді «арабпыз» деп алдағаны болмаса, ел түгелімен араб бола салмады.. Осылайша елдің, Пайғамбар ұрпағы – сәйидтің нобилдік тегі бұзылды, жаңа ұлт, жаңа мемлекеттер пайда болды. Аяқ астынан.
Өлең жазған ақынның бәрі «форсийға» айналды. Сауал тастай кетейін ендеше, «неге ғарабқа емес?». Мұның жауабы айтылмайтынын да жақсы білемін. Пенделердің қу іші бәрін де біледі, бірақ айтуға ерні жуыспайды. Кейін парсы ақындарын «парсы-тәжік поэзиясының өкілдері» деп атай бастады. Ойламаған тұстан, КСРО «кемел социализмге» аяқ басқаннан. Орта ғасырлық феномен – мұсылман ғазиларының орнын басқан мәшһүр Қаңлы-Қият-Қыпшақ одағы қайда кетті? Көкке ұшты ма, Жер-Суға еңді ме? Жоқ, әрине, олар Таяу Шығыстағы парсылық алабажақ субстратқа сіңісті. Тілден айрылғанның көретін күні, барар жері, басар тауы осындай. Әлбетте, өткенді пенде де, азуын Айға білеген мемлекет те қайтара алмайды. Бұл аксиома.
Алайда, өтмүштен сабақ алу, қателіктерді қайталамау, демек үйрену деген бар емес пе. Тілі бұзылған, шұбар тартқан тауарих нені айта алады? Басын тәуір бастағанымен біраздан соң дініне шалынысып, нілдей бұзылады, жалт беріп жығыла кетеді. Тарих та, мемлекет те ұлттық негізіне, ана тіліне бас қоймағы керек. Мемлекет көпұлтты феномен, сондықтан бұл зәру атрибут. Алаш автономиясының ала келген жаңашылдығы осы. Ешкім басқаларды елден қуып жатқан жоқ. Ана тілін, ата дінін, тағдыр-тарихын қастерлеуге, осыны үйренуге шақырып отыр. Білімге шақырады. Еураазиат дегеніміз осы. Көк Түркі заманында Сары теңізден Дунайдың шығыс жағалауына дейін кеңінен көсілген. Ешкімнің дініне, ана тіліне көлденең тиіспей, билігін ғана мойындатып, қатар өмір сүре білген. Көк Түркінің реаниматоры Шыңғыс қаған құрып кеткен зор иелік те осыны қайталаған, қалпына қайтарған.
– Өлеңге қайта оралсақ, өйткені, ең алдымен ақынмын дегенді баса ескерткен едіңіз.
– Солайы солай. Мәселен ақын-жазушы деген ұғым бар, демек, бұл ұғымға ие болған қаламгер қос жанрды – қара өлеңді де, қара сөзді де қатар игерген. Абайдан бері солай, оның қарасөзін пәлсапалық прозаның мектебі деп қарауымыз керек-ақ. Сұлтанмахмұт, Саттар, Тәкен де солай етті емес пе. Титан сыншы Добролюбов болашақта поэзия болмасын, проза болмасын ғылымға бет бұрады дегенді айтып кеткен. Абай абызымыз айтқандай, «қолымды мезгілінен кеш сермедім». Ол заман басқа заман. Кеш сермеудің мәнісі осында. Дер кезінде ғылымға қол созған Шоқанның орысша жазуына тура келді. Амалсыздан, әрине. Әлихан, Нәзір орысша да, қазақша да жазудың қандай болатынын көрсетіп әкесін танытты. Мұсылманша да. Әлихан тәрбиелеген алашшылдар журналистикаға төселіп, мемлекеттік қызметке де кірісе бастағаннан билингвист көсемсөзшіге айналды. Мәселен, басқаны айтпағанды Тұрар мен Сұлтанбек. Мұның барлығы да уақыттың сұранысына сай дәуірдің тамырын тап басу. Отаршылдың өз тілімен сөйлесу, пікірталасына шақыру. Алайда Әуезов, Ерубаев, Әлімқұлов орысша оқығанымен, бұл тілде әдебиет жасалмайтынын әдемі дәлелдеп берді. Бекерден-бекер осыны жиі қайталап-қайталап жүрген жоқпын. Шоқаннан Әлімқұловқа дейінгі рух сабақтастығы, өмір сүрген ортасына сәйкес өзгере білудің ілкімділігі.
Татар туғанымның біреуі орысша, біреуі мұсылманша, біреуі ана тілінде жазып, тыртыңдап бір-бірімен айтысып жүрсе, Нәзір Төреғұлұлының жалғыз өзі мұсылманша, орысша, ана тілінде қатар жазып, тауды қопарып тастай салды. Толағай (титан) екеніне міне, дәлел. Желөкпелер Нәзірді Қоқанда туған, өзбекшені ана тілі санаған деп көкіп жүр емес пе. Екеуі де қып-қызыл өтірік. Қоқанның Нәзірді өзіне икемдегісі келетінін өзім де жақсы түсінемін. Бауырмашылдығы, қимастығы болар. Бірақ, шындықтан ешкім аттап кете алмайды. Қоқанда дүниеге келіп, өзбекше тілі шыққан Нәзірден қандай қазақжанды мемлекет қайраткері, ағартушы ғалым шықпақ?
Бұл аздай анасы – қаратәжіктің қызы, жары – Сібірдегі итжеккеннен қашып келген татардың қызы. Нәзірді екінші рет НКВД жансыздары үпелік еврей қызына күштеп үйлендірді. 1927 жылдың желтоқсанында Һижазға елші боп баруға Үкіметтен өкім алған Нәзірдің аяғы келесі жылдың қыркүйегінде ғана Жиддаға әзер жетті. Неліктен? Мәселе Кузнецов көпіріндегі шеберханада ауы алты ай тігілген диппломатқа лайық кәстөм-шалбарда емес. Отбасында орныққан дау-дамайда. Мәриям жеңгеміздің Сауд еліне барғысы келмеген, үзілді-кесілді бас тартқан. Елші отбасылы болуға тиіс. НКВД Нәзірді Мәрияммен дереу ажыратып, А. Левашоваға үйлендірді. Әлбетте, өзінің ішкі есебімен.
Нәзір де жас күнінде өлең жазған, қарындашпен сурет салған. Бірақ оны қанша жерден жақсы көргеніммен, айтулы ақын санай алмаймын. Бұл жерде де мәселе тілге барып тіреледі. Осыны Төреғұлұлы дер кезінде түсінді. Мұсылман сауатында, орысшада көсемсөз жазуға, ғылыми еңбек жасауға болғанымен, өлең жазуға болмайтынын. Оның ерекше ақылдылығы осында. Нәзірдің «Қазақ» кәзитінде жарияланған алғашқы мақаласын бар зейініңмен оқып шығыңыз. Сонда дорбалап долбар тасымайтыныма көзіңіз жетеді. Нәзірдің інісі мен қарындасы Қоқанда туып-өскен. Метіркелері бар, айы-күні, туған жері Қоқандағы Байбота көпіріндегі үй екені нақты көрсетілген. Нәзірде мұндай метірке жоқ. Салдары қандай осының. Жас кезінде басына құндыз бөрік киіп жүрген Қадырдың (туған інісі) есейгенде сол бөрігін ала тақияға айырбастап кеткенінде. Нәзір Төреғұлдың тұла бойы тұңғышы, ол көрген елдегі ата-әжесінің тәрбиесін Қадыр да, Фатима да көрмеген. Бар мәселе осында.
– Біраз жерге шаптыңыз, тағы не алып-қосарыңыз бар?
– Осы да жетіп қалар, айтып қойғанымды, ауыздан шыққанын кері қайтарып ала алмаспын. Сөзге қол көтеріп шығатын белсенді емеспін, сәбет заманынан қалған. Қанына тартқан қазақ болудан бастаған ек сөз ләмін. Ақынмын ғой дегеннен. Ақын ең алдымен ана тілді болуға міндетті. Бұл Алладан жеткен уәзипасы. Барша ақынмен дос болу, бірге жүріп-тұру әсте мүмкін емес. Үйірім басқа. Қандай жағдайда да қол үзіп кетпеймін.
Көрген тәлімім сөз киесімен, өлең иесімен ойнамау. Осыған берік болсам, онда дітімнің анық өтелгені деп білемін. Әңгіменің бәрі Өлең төңірегінен өрбіп жатыр ғой. Бір ләтипа айтып берейін де етек-басымды жинақтайын. Нарғасқа, Марғасқа ағаларыммен жол үстінде бір көлікте келе жатырмыз. Жол қысқарсын деп әңгіме бастадық. Көбірек тыңдағанды ұнатсам да кейде араласып қала бересің ғой. Мархабат ағамнан баяғыда Ханбибімен, енді Әселханның өзімен әй-шәйсіз айтыса кетесіз. Домбыра ұстамайсыз, ауызекі қағытпамен-ақ ентелей бересіз. Соған қарағанда жас кезіңізде өлең жазып бастағансыз-ау деймін.
– Иә, өлең жазып бастағаным рас. Бірақ өзімнен ақын шықпасына көзім жетпегесін қойып кеттім ғой. Өзімді де, өлеңді де әуре етпейін деп. Дә, осылай, – деп Махаң қолымен төбесін бір сипап қойды.
– Онда неге қойып кеттіңіз?
– Түркібасының аудандық кәзитінде істеймін. Ара-тұра өлең жазамын. Содан бір күні қолыма мына Нарғасқа ағаңның өлеңдері түсе қалды. Бас көтермей оқып шықтым да таң қалдым. Өлеңді мынандай етіп жаза алмағасын қоя салу керек қой деген ойға қалдым. Ол кезде Нармаханның өзін танымаймын. Жылтыңдап көп те шыға бермейтін баспасөз бетіне. Кейін ғой танысқанымыз.
– Қой, әй – деді Нарағам қысылғанынан қызарақтап.
– Жоқ, шыным. Уәллаһи-биллаһи, – деп Марғасқа да қайтатын емес. Баяғы емей немене, сәбет заманында лирик ақын, эпик ақын деп қасқалап жататын. Кейіннен лириктер мен физиктер деген анықтаманы қолға ұстата салды. Аса дәл емес, бірақ бұл қағидатқа амалсыз көнетінбіз. Талғамыма лирик жақын. Десе де тұлғатануға, қоғамтануға бара беремін. Лирик, эпик, физик – бәрі-баршасы бір елдің баласы емес пе. Бір оқымысты бауырым Қуанағамды, Нарағамды, мені «таза өнер серілері» депті. Мұнысына рақмет, әлбетте. Алайда үшеумізді «престелген ақындар» дегеніне қосыла алмадым. Немене, шөппіз бе нығыздап сыға салатын? Сыншы Төлеген Тоқбергенов «шөп те өлең, шөңге де өлең болып бара жатқан» заманда Қуанағама арашаға түсіп, мақала жазған. Престелген шөптің арасына шөңге араласпайтынына кім кепіл бола алады? Престі қыста малға береді, күн суықта ашыққан мал, тазасы табылмағасын шөп пе, шөңге ме бетіне қарамайды. Тарпа бас салады. Тұлпар жылқы өзендегі судың лайқасын ішпейді, кешіп барып ортасындағы тұнығын сүзіп-таңдап ішеді. Өнердің таза серісі де солай таңдағанын теріп жазады. Таза сері мен престелген шөптің басы сыйыспайтыны содан. Сұрыпталған десе бір сәрі. Табиғатын дөп басар еді һәм мінездемені қазақы бояуға мала салар еді. Мақталған да, мақтаған кісі де тыныш.
Қуанағамның маған тәлімгер ұстаз болғаны, жақсы көретінім де рас. Шымкентке келгесін барып Қуанағам маған бас-көз боларсың деп Нармаханға табыстағаны да рас. Өзіме ештеңе айтпастан. Бұған дейін «Жалын» журналында топтама өлеңдерін оқығаным болмаса көзім көрмеген Нарағаңды, Махаң айтпақшы, мен де танымаушы ем. Атасына рақмет, текті Нарағам өзі тауып алып, Қуанағамның аманатын орындайтынын айтты. Таныстық солай, танысып қана қоймай, табысып кеттік. Қаражаттан қысылған кездерімде аударма жұмыстарын беріп, қаламақы табуыма көмектесті. Қалтасынан суырып ешкім бере қоймас. Мұны қалай ұмытарсың? Елдің бәрі нарық деп қарақан басының қамынан аспай кеткен заманда өзі аударып, қаламақысын жамбасына басып қалуына әбден болады ғой. Тырнақ астынан кір іздеген бәлеқорлар шүйіле кетпесін деп бұрын мұны да айтпаушы ем. Қашанғы бұғып қала береміз. Бұл – жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жатпайтын, кісінің қабілетін танып көмектесу деген сөз. Осы да жетіп қалар, сұхбатымыздың жүгін арқалауға. Тәмам.
– Рақмет Сізге!
Сұхбаттасқан Зылиха ЖАНТАСОВА,
филология ғылымының кандидаты, доцент