ҰСТАЗ БАҚЫТЫ

Білім
1 430 Views

Міне, жаңа оқу жылының да алғашқы айы аяқталды. Жазғы каникулдан кейін қозы-лақтардай шұрқырай табысқан оқушылар біріне-бірі жаз қызығын айтып тауыса алмай, мәз-мәйрам болуда. Оқушыларының осындай қуанышты сәттері ұстаздарының бойларына қуат, жүздеріне шуақ ұялатуда. Балалардың бақытты сәттерінің куәсі болу баға жетпес байлықтың бірі екенін әрбір ұстаз іштей түйсінеді. Түсінген жанға шәкірттерің өз балаңдай болып кететінін айтпаса да түсінікті.

Оқушыларыма қарап отырып, өзімнің балалық шағымды бір сәт көз алдымнан өткіземін. «Қайғы-мұңсыз, көңілде алаң жоқ, қайран балалық шақтар-ай» деп жеңіл күрсінемін де бойым жеңілдеп сала береді. Қарның тоқ, көйлегің көк, әке-шешең алдыңда, армансыз асыр салған күндерімді ойлап, бір сәт қиялға берілемін. Мен де осылардай бала болғанымды, мектепте сабақ берген ұстаздарым – Сайлаубек Рамазанов, Зәуре Балдешова, Зұхра апайларға еліктеп ұстаз болуды армандағанымды, содан қанатымыз қатайып ұшуға жараған соң отбасымыздан алшақтап өз бетімізше ізденіп, білім қуып Түркістан шаһарына келгенмін. Сондағы педагогигалық училищеге түсіп, ұстаздық мамандықты игеріп, алғаш рет балабақшаға тәрбиеші болып орналастым. Бүлдіршіндерді тәрбиелеуде тәжірибе жинағаным әлі күнге көз алдымда. Одан кейін жұмыстан қол үзбей жүріп жоғары оқу орнын бітірдім. Ол кездегі алдынғы буын ағаларымыз бен апаларымыз қандай еді десеңізші! Жан-жақтан қамқорлық жасап, баланы қалай тәрбиелеу керек екенін істерімен де, сөздерімен де дәлелдеп бағушы еді. Жақсы тірліктерінен үлгі алушы едік. Қайран өмір-ай! Селдіреген ормандай олардың да қатары қазіргі кезде сиреп барады.

Ұстаз үшін шәкірттерінің қол жеткізген жетістіктері – үлкен бақыт. Солармен бірге марқайып, солармен бірге қуанасың. Қазіргі таңда жаңартылған бағдарлама бойынша бастауыш сыныбын оқытып жүрмін. 2017-2018 оқу жылында мен оқытып жүрген 3 «а» сынып оқушылары – Райхан Есетова, Іңкәр Қалдарова, Аружан Қорғанбек, Исламбек Кенжебеков, Қарақат Жаңабай атты шәкірттерім «Самұрық» марафонында, «Алтын ұрпақ», математика, қазақ тілі пәндерінен өткен олимпиадаларда топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осындай озат шәкірттер тәрбиелеп жатқаным үшін кеудемді қуаныш кернейді. Олардың әрбір жетістігі көз алдыңда тұрады. Кемшілігіне бірге мұңаясың. Ол сенің де кемшілігің сияқты көрінеді.

Сонымен қатар шәкірттеріміздің жүлделі орындардан көрінуіне және оқушылармен жүйелі түрде жұмыс жасауымызға үлкен мүмкіндік жасап отырған №66 «Қазығұрт» жалпы орта мектебінің директоры Ерхан Қуандықұлы Нұрсейітовке де ұстаздар атынан алғысымыз шексіз. Ұстаз үшін шәкірт тәрбиелеу, оларға өміріне азық боларлық білім нәрін бере білу – бақыт. Алғаш мектепке келгенде қабылдап алып, кішкентай темірқанат балапандарды жетілдіріп, оң-солын танытып, жоғары сыныпқа шығарып саларда алдағы тағдырларына алаңдап қимастық сезімде боласың.

Шәкірттерің білім баспалдағымен жоғары көтеріліп, биік белестерді бағындырса, сырттай тілеулес болып, өзің де жоғары көтеріліп бара жатқандай күйде боласың. Солармен бірге сенің де атақ, дәрежең биіктеп бара жатқандай сезінесің. Ұстазға бұдан артық бақыт бар ма?! Әрбір ұстаздың бақыты – жақсы азамат тәрбиелеп, адами құндылықтарымызды арттыруда жатқан жоқ па? Олай болса, ұстаз бақыты дегеніміз – ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеумен қатар, білімді, парасатты шәкірттер тәрбиелеуде жатқан болса керек.

Құрметті ұстаздар қауымы! Сіздерді алдағы төл мерекелеріңіз – мұғалімдер күнімен шынайы құттықтаймыз! Қиын да жауапты жұмыстарыңызға табыс тілейміз! Дарынды да талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін!

Күлшат ЖОЛДАСБЕКОВА,

№66 «Қазығұрт» жалпы орта мектебі бастауыш сынып мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *