ӨМІР
Өмір – несібе, дәулет, дәреже, мәртебесін
Беріп, бермей бай, кедей, пақыр, патша етеді.
Дана, дүмше, есуас, әули, Пайғамбардың
Тегін, тең, қарымталы дәріс алар Ұлы Ұстаз – Мектебі!
Өмір – әр сәт кездесу, қоштасу, достасудың,
Қуанып, ренжіп, абдырап, асқақтаудың маманы.
Табу, жоғалту, бірігу, бөлінудің
Қызығы, қырсығы, жұмағы, дозағы мол Алаңы!
Өмір – күрес, айтыс, тартыс, жекпе — жек,
Жеңіс, жеңіліс, итжығыстай күресетін тойдағы.
Достық, қастық, мәрттік пен сатқындықтың
Қатар жүріп, қақтығысып, соғысатын Майданы!
Өмір – Адам Ата, Хауа Ана, әке — шешенің,
Бізден бұрын өткен барлық туыс, жаттардың «андағы».
Жақсы, жаман істерін моншақтай тізген кітабын,
Артындағы ұрпағына сақтайтұғын сыр Сандығы!
Өмір – адал, арам, жалқау, пысық, сері, пасық,
Иманды, имансыз, арлы, арсыздардың әр түрі,
Бір көгенге байланған қой, ешкі, қасқырдай
Сүзісіп, шайнасса да бірге өтер Көпірі!
Өмір – еңбек, бейнет, зейнет, зардаптың,
Атқарған іс, қолданған күш, ниеттің ақ — қарасы.
Өзгені қорғап, қанап, бақытты, бақытсыз еткен күндерің
Ескеріліп, есептеліп, әділ үкім айтатұғын Сот залы!
Жақсы іс, абырой, атақ қалса ата — анаңнан,
Жан — тәніңе күш — қуат, рақат, шипа берер азығың.
Жаман іс, азғындық, арсыздық қалса арылмас,
Күнде шұқып көзіңді, к … тығар қазығың!
Жақсыны жақтап, сақтап, үлгі етіп өзің де,
Жаманнан жеріп, өзгені де, қайтару – басты Парызың!
Түсінбесең, сезінбесең сәтінде
Қасиет, кие, құдіретін бұлардың.
Қабылданбас кейіннен «анау жақта»
Кешір! – деген өкініш, өтініш, Арызың!
* * *
Алдыңнан шыққан дұшпаннан,
Артыңнан шапқан дос жаман.
* * *
Ақылы саяздың – тілі аяз.
* * *
Ата ақылдан,
Ана асылдан болса,
Перзенті елге ес болуға жарар.
Ата азғыннан,
Ана арсыздан болса,
Онда перзенті бас жарар.
Ақ-қарасы аралас, шұбар болса ата-ана,
Онда перзент жолы лас болар.
* * *
Әділдік қалқаның,
Сенім семсерің болса,
Ешбір жау сені жеңе алмас.
* * *
Дұшпанға аяғыңнан шалдырып,
Жағаңнан алдырсаң да,
Төбеңнен жоғары асырма.
Дұшпаның аяғыңнан шалса – сүріндіруі,
Жағаңнан алса қылқындыруы мүмкін.
Ал төбеңе шықса, мерт етері даусыз.
* * *
Жұбайлар домбыраның қос шегіндей
Бірінсіз бірі үн шығарғанымен,
Көңіл тебірентер күй шығармас.
* * *
Қылмыскер мен парақор –
Бірі алып, бірі берген,
Бір тәндегі екі қол.
* * *
Қыранның қанаты қиылып,
Күш-қуатынан айырылса да
Қырағылығынан айнымас.
Ал қоразға алтын айдар,
Төрт қанат біткенімен,
Малақ шашқанынан айнымас.
* * *
Нағыз дос
Өрттен құтқаруға өз жанын қияр.
Доссымақ
Үстіне шөп тастап, мазақ етуге даяр.
* * *
Өмірде нағыз дос біреу-ақ,
Ол – сенім!
Сенімнің қолынан келмеген іске,
Дүйім досың қолдаса да кіріспе.
Ауысып достар,
айырылысып та жатады,
Сеніміңнен айырылмаған дұрыс де.
* * *
Адалдық – ем, бүлінгенді жөндейді,
Жалғандық – дерт, өзін-өзі жерлейді.
Аманқұл КҮМІСБЕКҰЛЫ