АЙБАРЛЫ АБЫЛАЙ АҚСАҚАЛ

Тұлға
1 470 Views

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Жерлестеріміз әсіресе Мәскеуді, Сталинградты жаудан азат етуде асқан ерліккөрсеткені баршаға белгілі. 500-ден астам қазақстандық, соның ішінде 100-денастам қандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Алматыда жасақталған28-панфиловшылар дивизиясының ерен ерлігі ұмытылмақ емес. Сұрапыл соғыс жылдарыдивизия басқарған Бауыржан Момышұлы мен Сабыр Рақымовтың, Кеңес Одағының Батырыатағын екі мәрте иеленген Талғат Бигелдиновтың, Сұлтан Баймағамбетов пен НүркенӘбдіровтың, жау ұясы – Берлиндегі Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың,тағы басқа да ерлеріміздің есімін қашанда мақтаныш тұтамыз. Әлия Молдағұлова,Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова секілді қазақ қыздарының қаһармандық ерліктеріде ел есінде, халық жадында мәңгілікке сақталып қалған.

Оңтүстік өңірінен майданға аттанғандардың бәрінің аты-жөндері Шымкенттің Абай саябағындағы мемориалдық кешенге алтын әріптермен ойып жазылған. Мұнда келіп, ерен ерлікке тағзым етушілердің қатары көп. Сонымен қатар қаланың Жеңіс саябағындағы «Ерлік» музейінде сан алуан тәлім-тәрбиелік іс-шаралар жиі өткізілетінін де тілге тиек етуге болады.

Бір ғана Оңтүстік өңірінен 141160 адам майданға аттанған. Соның ішінде Шымкент қаласынан 33348, Сайрам ауданынан 12028 жан сұрапыл соғысқа кеткен екен. Бүгінде шымкенттіктерден 54 адам ғана тірі қалған.

Ел басына ауыр күн туғанда етігімен су кешіп, ел қорғаған есіл ерлеріміздің қатары күн өткен сайын сиреп барады. Мәселен, Шымкентте олардың 54-і ғана жанымызда жүр.Соның бірі – Сайрам ауданындағы Қайнарбұдақ ауылының тумасы Абылай Қазыбеков болатын. Жеңіс күнінің қарсаңында айбарлы ақсақалдың үйінде болып, аз-кем сұхбат құруымызға тура келді. Оның төрт-ақ сыныптық білімі бар еді. 1942 жылдың соңында ауылдық кеңестегілер оны майданға аттанатындардың тізіміне қосып жіберген. Сөйтіп, 16 жасар бозбаланы аудандық әскери комиссариатқа шақырған. Бес-алты дәрігер тексеріп, оны майданға жарамды етіп тіркеген. Содан 1943 жылдың қаңтар-ақпан айларында Ташкентте алғашқы әскери дайындықтан өткен.

Бұдан ары Батысқа қарай жол алған. 15 наурызда Төртінші Украина майданының генерал Баграмян басшылық жасайтын дивизиясынан бір-ақ шығады. Кейіннен Үшінші Беларусь майданына ауысады. Сөйтіп, Ресеймен қоса-қабат Украина мен Беларустағы басты-басты шайқастарға қатысады. Бойы бәкене болғандықтан, мылтығы жерге сүйретіліп жүреді екен. Донбасс, Витебск, Таганрог, Минск, Вильнюс қалаларын қатерлі жаудан азат етуде ерен ерлік көрсетеді. Днепрден өту кезінде нөсер жауынның астында қалып, жамбасынан жараланады. Севастопольде басынан жарақат алады. Дегенмен, қазақтың қайсар ұлы қаһармандық қасиетін жоғалтпаған. Рома деген қаланың маңында неміс ұшағын «тұтқындаған». Минскінің маңындағы Орша қаласында неміс барлаушысын қолға түсірген. Әлгінің әскери шені майор екен. Осылайша оның «тіл» әкелудегі қырағылығы мен өжеттігі қарулас достарын таң қалдырған. Соғыс кезінде сыртқы жаудан бөлек ішкі жаудың да тигізген зардабы аз болмаған. Кей кездері украиналық бандералар мен қырым татарларының жымысқы әрекеттеріне қарсы шығуға да тура келген көрінеді.

1945 жылы 30 сәуірде сұм соғысты Кенисбергті алумен аяқтаған. 8 мамыр күні Кеңес әскерлері Берлинге Жеңіс туын қадайды. Ертеңіне, яғни 9 мамыр – Жеңіс күні деп жарияланған. Сұрапыл соғыс Қазыбековтердің отбасына орны толмас қайғы-қасірет әкелген. Абылай өзінің Ақтай, Жұмай, Төлек есімді ағаларынан айырылған. Олар-дың бәрі дау-дерексіз кеткен. Соғыс біткенімен, кіші сержант Абылай туған елге бірден орала қойған жоқ. Бес жылдай уақыт соғыс зардабын жою жұмыстарына қатысады. Қираған қалаларды қалпына келтіру, минадан тазарту тәрізді ауыр тірліктерді атқарады.Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург), Псков қалаларында күн демей, түн демей тынымсыз жұмыс істейді.

1950 жылы Шымкенттегі қорғасын зауытына жұмысқа кіреді. Осындағы ТЭЦ-2-де 33 жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа шығады. 1967 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі атағын алады. Соғыс кезіндегі ерен ерліктері мен бейбіт өмірдегі еселі еңбектері үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, «Жуков», «Батыл әскери қызметі үшін», «Кенисбергті алғаны үшін», «Германияны азат еткені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20, 30, 40, 50, 60, 70 жылдық» мерейтойлық медальдарымен, Украина мен Беларустың мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар Тәуелсіздік жылдары «Астанаға – 10 жыл» мерейтойлық, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарын кеудесіне таққан. Аудандық, қалалық, республикалық дәрежедегі елу шақты Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттардың иесі.

Абылай Қазыбеков атамызға арнап оның немере інісі, сазгер Сәкен Дартаев «Қарт жауынгер» атты ән жазған, бейнебаян түсірген. Оны жас әнші Әлібек Қарабеков орындайды. Бұл әнді Сіздер Интернет желісі арқылы тыңдай аласыздар. Жыл сайын Жеңіс күні жергілікті телеарналардан жиі көрсетіледі.

Құдайберген есімді ұлы мен Балжан атты келіні бүгінде жасы 95-ке таянған қазыналы қарияның қас-қабағына қарап отыр. Олардан төрт немере, үш шөбере сүйген. «Сегіз түрлі сырқатым бар», — дейтін қария таяқ сүйеніп жүргені болмаса әлі де тың көрінеді. Тәуелсіздік алған егемен елінің келешегі бұдан да кемел болатынына кәміл сенеді.

Кезінде сан түрлі себептермен жергілікті билік тарпынан берілген тұрғын үй мен жеңіл автокөліктен де құралақан қалған. Оны айтасыз… Таяуда Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне арнап ақ дастарқан жайғанда жаға ұстатарлық жағдай орын алған. Сөйтіп, оларға бет сүртетін сүлгі секілді болмашы естелік сыйлықтар табыстаған. Қазыбеков қариямызға «кір жуатын мәшине» тарту еткені әкімнің қай сасқаны?! Ұят емес пе?!. Әзірге бұл әңгіме қала әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымовтың құлағына жетпеген шығар, бәлкім. Егер жетсе не болмақ?! Қала басшысының мұндай қателікке жол бермейтініне сенімдіміз.

Әрине, біз көзі тірі ардагер ағаларымыздың арамызда сау-саламат жүріп, ұзақ ғұмыр сүруін қалаймыз. Мерекелеріңіз құтты болсын, майдангерлер! Сіздер барда мерекеміз де берекеміз де көбейіп, қазынамыз молая түсері анық.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *