ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ АҚСАҚАЛДАРМЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Билік Қоғам
889 Views

Сайрам ауданында «Парасат» пікірталас клубы мен ардагерлер кеңесінің мүшелері бірігіп, аудандағы өзекті мәселелерді шешуде. Билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған ақсақалдармен жүздескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ел ағаларын аудандағы мәселелерді зиялы қауым өкілдерінің өз ауыздарынан тыңдап, шешу жолдарын қарастыру мақсатында жиналып отырғанын айтты. Елге еңбегі сіңген абыз ақсақалдармен өткен кездесуде келелі әңгімелер айтылып, тұрғындарды мазалаған мәселелер талқыланды.

«Сайрам ауданы халқы еңбексүйгіш, экономикасы дамыған, Түркістан облысында өзіндік орны бар, татулығы жарасқан, игі бастамаларға толы ауданның бірі. Сіздер халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне және қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрсіздер. Өздеріңізбен дидарласып, тапсырмаларыңызды тыңдау – мен үшін мәртебе. Сіздерден артық жергілікті мәселені білетін ешкім жоқ. Сіздер барын айтасыздар», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімінің ақсақалдармен кездесіп, жергілікті мәселелерді талқылау дәстүрге айналды. Басқосу барысында карантин шаралары сақталуда. Кездесуде сөз алған ақсақалдар кез-келген туындаған жағдайды дер кезінде талқылап, шешімін табуға болатынын айтты. Өңірдегі өзен-көлдерді ластап, экологияға зиян келтіріп жатқан кәсіпкерлердің әрекетіне шағымданды. Облыс әкімі маңызды мәселені түбегейлі шешу үшін арнайы комиссия құрылатынын, табиғатқа зиян келтіргендердің әрекеті заң аясында тексерілетінін жеткізді.

Кездесуде облыс басшысы сансыз баптар мекені – Сайрам ауданының Түркістан қаласымен бірге дамуына күш салынатынын айтты. Шағын және орта бизнесті арттырып, инвесторлар тартып, инфрақұрылымды дамытуда нақты тапсырмалар берді. Тарихы терең өңірде зерттеу жұмыстарын жүргізуге басымдық беріліп, алда ғалымдар мен жастардың қатысуымен үлкен экспедициялар ұйымдастырылатынын айтты.

ҚАЗЫҒҰРТТА ЖЫЛЫНА 2 400 ТОННА АУЫЗ СУ ӨНДІРЕТІН ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында «Aqua the best» сауда белгісімен ауыз су өндіретін цех іске қосылды. Жылына 2 400 тонна өнім беруге қауқарлы мекемеде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл туралы брифингте Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда «Қазығұрт» индустриалды аймағында жалпы құны 7,3 млрд теңге болатын 200 адамға жуық жұмыс орны бар 5 кәсіпорын жұмыс істейді.

«Ауданымыздағы шағын және орта бизнес саласы да қарқынды дамуда. Бүгінге дейін тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 9 251-і жұмыс істеп тұр. Олармен 13 780 адам жұмыспен қамтылып, саладағы өндірілген өнім көлемі 15 млрд 967,8 млн теңгеге жеткен», – деді аудан әкімі.

Жиын барысында аудан басшысы кәсіпкерлерге тиісті деңгейде барлық қолдаулар көрсетіліп жатқанын да тілге тиек етті. Мәселен, қаржы ұйымдары арқылы жыл басынан бері 1500-ге жуық азамат жеке кәсіп бастау үшін 1 млрд 87,7 млн теңге көлемінде несие алған. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы құны 442 млн теңгеге 18 ауыл шаруашылығы бағытындағы жобалар қаржыландырылған.

«Түрлі деңгейдегі мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 4 айда 9 млрд 164,7 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңі-мен салыстырғанда 1 млрд 30,9 млн теңгеге ұлғайған. Оның 7 млрд 903,1 млн теңгесі — мал, 1 млрд 237,6 млн теңгесі — егін шарушылығына тиесілі», – деді А.Айдарұлы.

Сонымен қатар, аудан әкімі инфрақұрылым саласындағы мәселелердің де кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын жеткізді. Мәселен, аудандағы 64 елді мекеннің 59-на таза ауыз су жүйесі тартылып, қамтылу деңгейі 92,2 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін 93,7 пайызға орындау жоспарланған. Ал, ауданның 73 пайызы көгілдір отынмен қамтылса, 98,4 пайызы орталықтандырған электр желісіне қосылған.

TURKISH AIRLINES ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ ТҮРКІСТАН-ЫСТАМБҰЛ БАҒЫТЫ БОЙЫНША ҰША БАСТАДЫ

Turkish Airlines түрік әуе компаниясы Қазақстанның рухани астанасы Түркістан қаласынан Ыстамбұлға жаңа халықаралық тұрақты рейсті іске қосты. Билет құны 119 500 теңгеден басталады. Түркістан және Ыстамбұл қалалары арасында тұрақты әуе қатынасы эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай кезең-кезеңімен ұлғая отырып, аптасына 1 рейс жиілігімен (сенбі) Б-737 типті әуе кемесінде орындалатын болады.

Азаматтық авиация комитеті мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туризмді дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда Түркістан қаласы әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Ыстамбұлға рейстер орындалуда және осы жылдың 2-ші жартыжылдығынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды аптасына 50 рейс жиілігімен 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) қосу жоспарлануда.

Түркістан қаласы әуежайы шетелдік әуе компаниялардың ұшуы үшін «ашық аспан» режиміне енгізілген, бұл оны ұшу географиясын кеңейту үшін тартымды етеді және шетелдік туристер ағынын тартуға ықпал етеді.

Сондай-ақ,осы жылдың 31 мамырынан бастап «Fly Arys-tan» әуе компаниясы Түркістаннан Бішкекке (Қырғызстан) жаңа рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қа-тар, Ташкентке (Өзбекстан) рейстің ашылуы қарастырылуда.

Алғашқы тұрақты рейс іске қосылған сәттен бастап Түркістан қаласының әуежайынан 160-тан астам рейс орындалып, 47 мыңға жуық жолаушы тасымалданды, рейс-тердің орташа коммерциялық жүктемесі 83%-ды құрады.

Рейстер санитарлық – эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компания сайтында жарияланған кестеге сәйкес ұшырылады.

ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛҒАН ЖОБАЛАР САНЫ БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӨШ БАСТАП ТҰР

Кәсіпкерлік мәселелер бойынша өңірлік жобалық кеңсенің кезекті отырысы Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында өтті деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Отырысқа Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков, кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының Нұрбахыт Насырұлы және тиісті басқарма өкілдері, екінші деңгейлі банк және микроқаржы ұйымдары қатысты. Аудан, қала басшылығы мен кәсіпкерлер шараға онлайн қосылды.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры кәсіпкерлердің аудандардағы мониторингтік топтардың жұмысына, қарыздардың сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және кепілдендіру құралдарын іске асыру бойынша проблемалық мәселелерге тап болғандығын жеткізді.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 42,3 млрд.теңгенің 314 жобасы мақұлданған. Яғни, қаржыландырылған жобалар саны бойынша ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысына тиесілі. Қазіргі уақытта 1 745 кәсіпорын паспортизациялаудан өтті, бұл 47,6%-ды құрайды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы паспортизациялауды әрі қарай жалғастыратын болады. Өзекті мәселелерді шешу үшін жауапты тұлғаларды анықтап, нақты шараларды әзірлеуге жіберу жоспарлануда. Қазіргі уақытта 404 кәсіпорын жабдықтарды жаңартуға және өз қызметін кеңейтуге қаржы қаражатын талап етеді. Осы жобалардың тізімі кірістер, кепілдіктердің болуы, несие тарихы бойынша, қаржы ұйымдарының бағдарламасына сәйкес келетін жобаларды іріктеу үшін ӨКП филиалдарына жіберілді.

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА АЛҒАШҚЫ РЕТ СОЯ ЕГІЛДІ

Түлкібас ауданында алғаш рет сояның әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие жаңа сорты егілді. Тәжірибе оң нәтижесін берсе 2022 жылы соя дақылын (бұршақ тұқымдас өсімдік) өндірістік көлемін ұлғайтып 500-600 гектар жерге егу жоспарлануда.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мен арнайы келіп, тәжірибесімен бөліскен «Оңтүстік — Батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми — зерттеу институты» ЖШС-нің атқарушы директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Г.Тастанбекованың қатысуымен Жаскешу ауылдық округінің аумағындағы «Борсықсай» ЖШС-нің 2 гектар суғармалы жеріне ауданда соя дақылын жерсінуін бақылап, зерттеу мақсатында (тәжірибе ретінде) соя дақылын екті.

Өңірде суды үнемдеу, жер құнарын сақтау, арттыру және өнімді көбейту мақсатында бірқатар тың жобалар қолға алынған. Бұршақ тұқымдас соя дақылы әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Көптеген мемлекеттер оны ет тағамдарының орнына тұтынады. Жер құнарын арттыруға септігі де көп екен.

БИЫЛ МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖЕР ТЕЛІМІН АЛАДЫ

Түркістан қаласында өткен жылы жер телімдерін түгендеу бойынша қаржы қаралып, алғаш рет ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде 1 мыңға жуық иесіз жер телімдері анықталған. Жыл соңына дейін барлығы кезекте тұрған тұрғындарға ашық түрде үлестіріледі. Аталған жұмыстар арнайы автоматтандырылған жүйе бойынша жүретін болады. Қазіргі таңда қала бойынша 35 мыңға жуық азамат жер кезегінде тұр. Бұл туралы брифингте Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов мәлімдеді.

Сондай-ақ, шаһар басшысының айтуынша биыл жыл соңына дейін қалада түрлі бағдарлама аясында 1 273 отбасы баспаналы болады. Сонымен қатар, Түркістандағы ескі көпқабатты 40-қа жуық тұрғын үйдің қас беті толық жөндеуден өтеді.

«Жалпы, Түркістан қаласында «Құрылыс бөлімі» тарапынан 103 нысанның құрылысы жүруде. Негізінен көпқабатты тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың саны артқан. Сондай-ақ, облыс орталығында спортсүйер қауым үшін «Теннис орталығы» мен ескек есу каналының құрылысы басталады. Олар қаланың микроклиматын жақсартып қана қоймай, туризмнің дамуына сеп бермек. Бұдан өзге, Ана мен бала орталығы, Реабилитациялық орталық және Назарбаев интеллектуалды мектептері қала тұрғындарына қызмет көрсететін болады», — деді Рашид Абатұлы.

Айта кетерлігі, брифингте шаһар басшысы Түркістан қаласында 4 бірдей жасанды көлдің пайда болатынын жеткізді. Бұл – жазы ыстық Түркістанның ылғалдана түсуіне мол септігін тигізбек.

АРДАГЕРЛЕР ЖАҢАРҒАН ТҮРКІСТАНДЫ ТАМАШАЛАДЫ

Әр түрлі салада қызмет еткен 30-дан астам шардаралық ардагер түрленген Түркістан қаласын тамашалады. Қариялар ең алғашқы зияратын Арыстанбаб кесенесінен бастап, Отырар қалашығын, Керуен сарай, Ясауи кесенесін, Фараб кітапханасын, Алатау медиа орталығын, облыс әкімдігін, Конгресс холл және басқа да Түркістан шаһарынан жаңадан бой көтерген нысандарды аралады. Сан ғасырлық тарихы бар Түркістан өлкесінің өткені мен бүгіні туралы шежіре шертетін көрмеге қатысты. Түрленіп, түлеген Түркістан қаласының бүгінгі келбетін таңдана да тамсана тамашалап, саяхаттан рухани серпіліп қайтты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Еліңді құрметтеу, туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» – деп атап көрсеткен болатын. Елдің болашағы үшін барын салып аянбай еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетіп, оларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың борышы.

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық аудан, қала ардагерлері арнайы ұйымдастырылған сапар аясында жаңарған Түркістанды тамашалауда. Жаңарған Түркістанға қонақ болып келетін ардагерлер — аймақтың, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан білім, мәдениет, ғылым, өндіріс және басқа да түрлі салаларда жетекшілік еткен білікті ақсақалдар. Оларды карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, Түркістанға алып келіп, қаланы аралатуға аудан, қала басшылары жауапты.

БАҒЫС АУЫЛЫ ШІЛДЕ АЙЫНДА ГАЗБЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов наурыз айында Бағыс елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар меншік пен жер телімдерін рәсімдеу мүмкіндігі жоқ екенін айтып мәселе көтерген болатын. Ауыл халқы жайылымдық және суармалы жерлердің жетіспеушілігі мен ауылға газ жеткізу мәселесін көтерді. Кездесу қорытындысымен, проблемалық мәселені шешу мақсатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен мүдделі органдардың басшыларына тапсырмалар берді.

ҚР Үкіметінің 17.05.2021 жылғы №326 қаулысымен Түркістан облысының шекарасы өзгертіліп, мемлекеттік шекара маңындағы Бағыс және Хиебон ауылдары 795,62 га жер аумақтарымен облыстың аумағына енгізілді. Ресми мәртебе беріліп, жылжымайтын мүлікке түгендеу жұмыстары аяқталды. Азаматтардың жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары басталды. Бағыс ауылы тұрғындарына қолайлы болу үшін мобильді ХҚКО ұйымдастырылды. Шілде айына дейін Бағыс елді мекені табиғи газбен толық қамтамасыз етілмек. Газ құбырларын тарту жұмыстары осыдан 2 жыл бұрын басталған. Келесі жылы Бағыс ауылында 300 орындық жаңа мектеп салынады.

Шекара маңындағы Бағыс ауылы Сарыағаш ауданынан 40 шақырым жерде орналасқан. 2009 жылғы санақ бойынша, ауылда 1143 адам тұрған.

КЕНТАУДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖАҢАРТЫЛУДА

Кентау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры ауыстырылып, жер төлелері мен ішкі және сыртқы беттері қалыпта келтіріледі. Модернизация мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асуда. Үйлердің алдына орындықтар орнатылып, LED жарықтандыру көздері орнатылып жатыр.

Кентау қаласы бойынша 368 көпқабатты тұрғын үй (қалада – 334, ауылдарда – 34) бар. Жалпы, 2017-2020 жылдар аралығында Кентау қаласының 205 көпқабатты тұрғын үй бағдарлама аясында жөндеуден өтті. Жөндеуді қажет ететін қалған 119 үй жыл соңына дейін толық жаңартылады. Осыған дейін көпқабатты үйлердің аумағы толықтай жарықтандырылды.

Сонымен қатар, Кентау әкімі Даурен Махажановтың тапсырмасына сәйкес, әрбір аулаға баларға арналған жаңа заманауи ойын алаңшалар орнатылуда. Тұрғындардың санына қарай, аулаларға автобекеттер жасалып, ішкі жолдарға құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, 100-ге жуық балалар алаңқайы ашылып, аулалар абаттандырылады. Құрылыс жұмыстары кезінде сол аймақтың тұрғындарының ұсыныс-пікірлері ескеріледі.

БӘЙДІБЕК: ДЕПУТАТ ФУТБОЛ АЛАҢЫН САЛЫП БЕРДІ

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Түркістан облысы мәслихатының депутаты, кәсіпкер Ғабиден Қапалбаевтың демеушілігімен Бәйдібек ауданы, Кеңестөбе ауылынан салынған заманауи кіші футбол алаңшасы пайдалануға берілді.

Футбол алаңшасының ашылу салтанатына «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсенбай Тәжібаев, облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұлов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, спортқа жастарды тәрбиелеп, келешек ұрпаққа осындай жағдай жасап отырған Ғабиден Заманханұлына алғысын білдірді.

Салтанатты лента қию рәсімінен кейін ауыл ақсақалы ақ батасын беріп, алаңда ауыл жастары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды.

Футболды жақсы көретін ауыл жастары үшін бұл тамаша сыйлық. Бұдан былай шынығамын, шыңдаламын деген ауыл жастары үшін бұл алаңшаның есігі әрдайым ашық болмақ.

«Nur Otan» фракциясының депутаты Ғабиден Қапалбаевтың айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасында өңірде спорт нысандарын салу, инфрақұрылымды жақсарту жоспарлары енгізілген. Осы бағытта жұмыс жалғасады.

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНА 7,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ИНВЕСТИЦИЯСЫ ТАРТЫЛҒАН

Ордабасы ауданында 7,5 млрд. теңгеден астам инвестиция игерілген. Негізгі қорды жаңғыртуға бағытталған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 217,3 пайызды құрады. Оның 75,5 % — бюджеттік емес инвестиция. Кепілсіз несие бойынша 57 жеке кәсіпкер 228,5 млн. тг. қаржыландырылды. Бұл көрсеткіш бойынша аудан облыс деңгейінде 3 орында. Микро несие ұйымдары арқылы 2 млрд. теңгеден астам несие игерілген. «Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы» аясында жеңілдетілген қолжетімді несиені алу мақсатында 37 жоба ұсынылып, 23-і мақұлданды.

Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі де едәуір артқан. Ауданда 39 кәсіпорын өз істерін дөңгелетіп, ұршықша үйіріп отыр. Олардың өндірген өнім көлемі жыл басынан бері 8 млрд. теңгеден асып, облыс көлемінде алдыңғы қатарда. Биыл «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 28,7 млрд.тг. құрайтын 4 жоба жүзеге асып, 500-ге азамат тұрақты жұмыспен қамтылады.

Атап айтқанда, жылдық қуаттылығы 2 млн.тоннаға жететін «Standart Petroleum & Co» ЖШС-нің мұнай-химия өңдеу жобасының жалпы құны 300 млн. АҚШ доллар (129,9 млрд.тг.). Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан «Агро-V» ЖШС-нің жаңа технологиялы қыш зауыты жобасы, жалпы құны 2,3 млрд. тг., жалпы құны 1,6 млрд. тг. Болатын «RZN» ЖШС-нің автоклавталған газдалған бетон өнімін өндіру жобасы. Сондай-ақ жалпы құны 0,8 млрд. тг., болатын «Александровский сад» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы. Жоба 3-тоқсанда іске қосылады деп күтілуде.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ЕЛДЕРІНІҢ БІРЛЕСКЕН КӘСІПОРЫНЫ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында Қазақстан мен Түркия елдерінің бірлескен мақта майын шығаратын зауыты іске қосылмақ. Жалпы құны 2,152 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын 2022 жылы пайдалануға беріледі. Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Көкарал ауылында іске асып жатқан инвестициялық жоба жылына 3 мың тонна май, 14 мың тонна шпрот шығару қуаттылығына ие. Өнеркәсіпте 48 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда Мақта шикізатын дайын өнімге дейін жеткізетін өнеркәсіп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Түркия мемлекетінен бірнеше тоннаға жететін құрал-жабдықтары әкелінді. Бұдан бөлек, 2024 жылға дейін Түркия мемлекетімен бірге жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын текстиль фабрикасы іске қосылады. Онда жылына 6600 тонна жіп иіріп, 143 адамды жұмыспен қамтылады. Әрі қарай оны киім-кешекке, көрпе-кілемге айналдыратын толық индустрия жасау көзделген.

Айта кетейік, шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында 2021-2025 жылы Мақтаарал ауданында жалпы инвестиция көлемі 10,781 миллиард теңгені құрайтын 308 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтуды көздеген 5 жоба іске асырылуда.

80 ЖАСТАҒЫ АРДАГЕР ИНТЕНСИВТІ БАҚ ӨСІРІП ОТЫР

Жетісай ауданының диқандары бау-бақша өсіруді мықтап қолға алып келеді. Мәселен, Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты «Қарой» елді мекенінің тұрғыны 80 жастағы зейнеткер Алиев Әзімжан ақсақал өзінің иелігіндегі 10 гектар алқапқа қауын-қарбыз, жүзім, өрік секілді бау-бақшаларды еккен. Соның ішінде ерекше атап өтетіні 2 гектар жерге интенсивті бақ өсірген.

Ғұмырының тең жартысын медицина мен білім саласына арнаған, жоғары дәрежелі хирург Әзімжан ақсақал зейнетке шықса да еңбек етуден шаршамайды. Ташкент қаласында орналасқан Шредер атындағы ғылыми зерттеу институтында селекция жасалған баудағы алмалар мен шиелер Жетісайдың климатына икемделіп пісіп тұр. Былтыр польшалық алмадан 2 тонна өнім алып, оны ауылдастарына тегін таратып берген. Биыл егілгеніне 4 жыл болған 200 түп шие ағаштары нышан көрсетіп жемісін беріп жатыр. Өз үйінде 20 тоннаға жуық көкөніс сақтайтын тоңазытқышы бар. Жиналған өнімдерді сонда сақтап, одан тиісінше қақ және тосап жасап немерелеріне жіберіп отырады. Баудан бөлек 3 гектар аумақтағы қауын-қарбызына қарап, тиісті агрегаттық шараларды тракторымен өзі жасай береді.

«Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген қағиданы берік ұстанған Әзімжан ақсақал негізгі мақсатымыз – пайда табу емес, болашақ ұрпаққа пайдалы іске жарайтын мол мұраны қалдыру екендігін айтты.

КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Отырар ауданында «Аrm Wind» ЖШС 100 гектар аумаққа 50 МВТ күн электр станциясының құрылыс жұмыстарын бастады. Жобаның жалпы құны 14 млрд. 700 млн теңге. Станция жұмысы толық аяқталғанда тұрақты 50 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Сондай-ақ, ауданда биыл «Тансари ТредингА» ЖШС-ң жоғарғы сұрыпты бақша өнімдерін өндіру кешенінің құрылысы басталады. Жоба құны 1 млрд. 700 млн теңге. Онда тұрақты 153, ал маусымдық 350 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда жобаны кәсіпкерлерді қолдау картасына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2023 жылы Қарғалы ауыл округіне қарасты ауданның индустриалды аймағында іске қосылмақ.

Сонымен қатар, 2020 жылдың қорытындысымен аудандағы автомобиль жолдарының қанағаттанарлық деңгейі 63,9 пайызды құраған. Биыл жергілікті бюджет есебінен 252 млн теңгеге 21 ішкі көшеге орта жөндеу жұмыстары жүрмек. Өткен жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарының аясында туристік бағыттағы күрежолдың бойын абаттандыру жұмыстарын басталған. Биыл осы мақсаттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Беттерді дайындаған Қ. АХМЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *