АҚҚАЙЫҢДА ХАЛЫҚ САНЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Саясат Қоғам
259 Views

Елімізде «Оңтүстіктен — солтүстікке» бағдарламасы аясында түстіктен теріскейге 11 мыңнан астам адам қоныс аударып, тіршілігін түзеп келеді. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, көшкен тұрғындардың 85 пайызы ауылдық жерге қоныс тепкен. Мемлекеттің берген мүмкіндіктерін пайдаға асырып, жеке кәсібін бастап кеткен халықтың саны көп. Жайлы баспана, табысты жұмыс, қолайлы ортаға қоныс тепкен адамдар аталған саясатқа шын ризашылығын білдіріп келеді. Осындай тұрғындардың бірі –Гүлмира Қабанбаева. Кейіпкеріміз 2021 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында Аққайың ауданына қоныс аударған. Оңтүстік өңірде отбасымен талай жыл бойы пәтер жалдап тұрған ол теріскейге келіп, өз мақсаттарымды жүзеге асырдым дейді.

— Шынымды айтар болсам, мемлекеттің бұл мүмкіндігіне айтар алғысым шексіз.Бағдарлама жайлы ести сала, еш ойланбастан, осында келуге бел будым.Оның үстіне қазақи салт-дәстүріміз бен ана тілімізді біз дәріптемегенде, кім насихаттайды? Тіпті, Моңғолия, Қытай сынды елдерден қоныс аударған қандас қазақтардың өзі тілімізді қадірлейді. Әрине, әңгіме тек қана саясатқа келіп тірелмейді. Біздің мақсат — теріскейді гүлдендіріп, қайта жандандыру. Соны әрбір адам түсіне білуі керек, — деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгініп, жанұядағы әр адам басына екі жүз мыңға жуық жәрдемақы алған Гүлмира жайлы баспанаға қол жеткізгенін алға тартты. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстанның Аққайың ауданында халық саны көбейіп, жаңа кәсіпорындар бой көтерген. Тіпті, жақын арада жылына 5 мың тонна өнім шығаратын құс фабрикасы да ашылғалы жатыр. Азаматтарға қосымша жұмыс орындары көбеймек.

— Солтүстіктің табиғаты өте тамаша. Таза ауа, қызмет орталықтары арнайы кезекті күттірмейді. Халықтың жағдайы жақсы. Жұмыс орындары өте көп. Әсіресе, ұстаздар мен ақ халаттылардың айлығы жоғары. Жол мәселесі де бір жүйеге келтірілген.

Көптеген адам жұмысы мен білімін, теріскейдің менталитетін тілге тиек етіп жатады. Бірақ, біз ойлағандай қорқынышты мекен емес. Халқы да жайдары, ауа-райы қоңыр салқын, жоғарыдан көмек сұрап барсаң — бетіңді қайтармайды. Қолдан келгенше көмек көрсетіп, баспана мен жұмыс орнын ұсынады. Меніңше, жұмыр басты пендеге бұл мүмкіндіктерден асқан бақыт жоқ. Тек әрекет етіп, ізденісті жалғастырып, мақсат қойса, бұл дүниеде алынбайтын қамал жоқ, — дейді Гүлмира.

Иә, бәсекелес заманда білім алумен қатар, елімізді қазақыландыруға үлес қосу қажет. Себебі, шекарамызды күзетіп, үлкен даулардың алдын алатынқандастарымыз теріскейде орын тепсе, уайымымыз жеңілдеп, көңіліміз біршарықтайтын еді.

Аружан САМИДИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *