ӨМІР ДЕГЕН…

Әдебиет Өмір-өзен
957 Views

Өмір деген – ұлы сапар осынау,

Қиындықтар кезіксе де жасымау.

Өмір деген – қарап жүрмей досым-ау,

Жұмыс жасау, жанұяңды асырау.

Өмір деген – міне солай жан бағу,

Әр қызыққа тамсану да, таң қалу.

Өмір деген – өкініш пен қуаныш,

Өмір деген – алдау және алдану.

Өмір деген – өз-өзіңді басқару,

Басқара алмай кейде шалқып мастану.

Өмір деген – баю, тою, шірену,

Өмір деген – тиын санау, аш қалу.

Өмір деген – жалындыру, жалыну,

Өмір деген – сырқаттану, сауығу.

Өмір деген – күнә жасап, артынан

Тәубаға кеп заңдылыққа бағыну.

Өмір деген – жыл қарсы алып, жас қосу,

Танымайтын біреулермен достасу.

Өмір деген – бір адамды қарсы алып,

Бір адаммен мәңгілікке қоштасу.

Өмір деген мақталу да, датталу,

Жан досыңа бар сырыңды ақтару.

Өмір деген – күн артынан күн өту,

Бірде жылап, енді бірде шаттану.

Өмір деген – азу, тозу, семіру,

Жастық өтіп қарттыққа да жеңілу.

Өмір деген – сағыну һәм ұмыту,

Өмір деген – ғашық болу, жеріну.

Өмір деген – арғы жақты сөз қылу,

Өз-өзіңе риза болу, жазғыру.

Туған күнді тойлай жүріп бір күні,

Өмір деген – аңдаусызда көз жұму.

Біздің мекен – бағзы өлке, ескі алаң,

Кімдер сірә, табанымен баспаған.

Жердің жүзін билегісі келсе де,

Мәңгілікке ешкім есік ашпаған.

Міне сондай, мен қозғаған ой мынау,

Өмір деген – тек тіршілік жайлы дау.

Қойшы досым, адамбыз ғой бастысы,

Жоқ болғанда қайтер едік деймін-ау…

Мұқағали МАҚАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *