ШАЛҒАЙ ЖАТҚАН ЖАЙЫЛЫМДАРДЫ ПАЙДАЛАНУ КЕРЕК

Экономика Қоғам
747 Views

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеевтің назарына!

ШАЛҒАЙ ЖАТҚАН ЖАЙЫЛЫМДАРДЫ ПАЙДАЛАНУ КЕРЕК

Біздің елде шалғай мал жайылымдарын пайдалану 1960-1990 жылдар аралығында кең қолданылған болатын. 1960-шы жылдардан бастап Бетпақдала мен Қызылқұмдағы тың жатқан мал жайылымдарын игеру мақсатында жаңа шаруашылықтар ашылып, соның нәтижесінде 1980-шы жылдары Қазақстандағы қой саны мемлекеттік және жеке секторларды қоса есептегенде 40 млн-ға дейін жетті.

Мал бағудың тиімді тәсілдерінің бірі шалғайдағы мал жайылымдарын пайдалану. Бұл тәсіл әлемнің көптеген елдерінде, атап айтқанда Австралия, Аргентина, Бразилия, Жаңа Зеландия мен Ауғанстанда кеңінен қолданылып келеді. Австралияда 170 млн. қой түгел жайылымда бағылады.

Қазір статистикалық басқарманың дерегі бойынша Қазақстанда 20 млн-ға жуық қой, 8 млн-дай мүйізді ірі қара, 3 млн-дай жылқы мен түйе бар. Малдың бәрі жекенің қолында, сондықтан түгелге жуық ауылдың маңына шоғырланған. Мал басы жылдан-жылға көбейіп келеді, соған сәйкес жайылым мәселесі де күрделене түсуде. Ауыл маңындағы жайылымдар қысы-жазы пайдалануда болғандықтан мал тұяғына тапталып, шөбінің өсіп-жетілу қабілетінен айрылуда, яғни қалпына келе алмауда. Өсімдік те тірі организм. Олардың да өсіп-жетіліп, гүлдеп, дән шашуларына мүмкіндік беру керек. Бұлай болмаған жағдайда жайылым жылдан-жылға азып, тақырға айналуы мүмкін. Осындай тиімсіз пайдаланудың салдарынан республика бойынша 10 млн. гектарға жуық жайылым азып-тозып, мал жаюға жарамсыз жағдайға келіп отыр. Егер Қазақстан үкіметі жайылым мәселесімен шұғыл айналыспаса, енді он-он бес жылда мал жаятын жердің табылмай қалуы ғажап емес.

Мәселені шешудің негізгі жолы, жоғарыда айтылғандай, шалғайдағы жайылымдарды пайдалану болып табылады. Ол үшін Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі ұзақ мерзімге (стратегиялық) бағдарлама дайындап, осы бағдарлама бойынша мал бағумен айналысатын шаруа қожалықтары мен серіктестіктерге әдеттегідей 49 жылдық арендамен тың жайылымдар бөліп, жаңа жерде шаруашылықтарын жүргізу үшін қаржылай көмек көрсетулері керек. Бұл қаржы пайызсыз және мақсатты берілуі тиіс. Себебі, фермерлердің шалғай жайылымда әлеуметтік инфраструктура мен заманауи құрал-жабдықтарды — күн батареяларын, желден электр қуатын өндіретін құрылғыларды, құдықтан су тартатын агрегаттарды сатып алатындай мүмкіндіктері болу керек. Бұл қиял емес, дамыған елдерде әлдеқашан қолданылып келе жатқан технология.

Біз жер асты байлықтарымызбен қаншама мақтансақ та Қазақстан бұрыннан аграрлы ел болатын, әлде де сол қалпында қала береді. Жер асты табиғи байлықтарының таусылуы мүмкін, алайда адамның өз қолымен өндірген өнімі еш уақытта таусылмайды. Сол себептен мемлекет мал шаруашылығының тауар өндірушілеріне өгей баладай қарамай, өз қамқорлығына алу керек.

Бір сөзбен айтқанда, шалғайда жатқан мал жайылымдарын пайдалануға кірісу кезек күттірмейтін мәселе.

Ислам АХМЕТ,

ғалым-зоотехник,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *