Биыл алғашқы тоқсанда Түркістан облысында макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі байқалды. Өнеркәсіпөнімінің көлемі 209,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне өсім106,3% құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 118,4 млрд. теңгені,немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,1%-ды құрады Облысэкономикасына 97,2 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 1,6 есе артты. Аппараттыңапталық отырысында Түркістан облысының әкімі индикаторларды сапалы орындап,ішкі жалпы өнім мен кірістер көлемін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтудітапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте жалпы ішкі өнімнің өсімін жыл сайын 6 пайыздық деңгейде қамтамасыз етуді тапсырды. Тиісінше инфляцияны осы жылдың қорытындысымен 2 есе төмендету қажет. Бұл үшін өсудің қосымша көздерін табуымыз керек. Атап айтқанда, өндеу өнеркәсібінде, агроөнеркәсіптік кешенде, құрылыс пен қызмет көрсету секторында резервтеріміз бар. Осы бағыттарда әлеуетімізді толық пайдалану үшін нақты шаралар қабылдансын. Әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыста І тоқсанда оң өсімдерге қол жеткізілді. Бірақ жекелеген аудан, қалаларда бірқатар бекітілген индикаторлардың орындалуы төмен деңгейде қалыптасты. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторларының орындалуын қамтамасыз етпеген басқарма басшыларының жауапты орынбасарлары мен аудан, қала әкімдері орынбасарларының жауапкершілігі қаралады. Облыстық басқарма басшылары және аудан, қала әкімдері, белгіленген көрсеткіштердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етсін. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары өз мерзімдерінде жүргізілуі шарт, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жандандыруды, «Ауыл аманаты» бағдарламасын сапалы атқару және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім саласын көтеру, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша да жауаптыларға тапсырмалар берді.
Өңірде бірінші тоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі 31,5 млрд. теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 117,9% құрады. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 5,5%-ға артып, 120,2 мың шаршы метрге жеткен.
Аудан, қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына талдау жүргізу мақсатында 15 индикатор бойынша рейтингтік бағалау жүйесі енгізіліп, меморандум түзілді. І тоқсан қорытындысымен 14 индикатор бойынша бағалау жүргізілді, 1 индикатор тоқсандық статистикалық деректердің шықпауына байланысты есепке алынбады. Жалпы, 14 индикатордың 10-ы бойынша жоспарланған межеге қол жеткізілген. Аудан, қала әкімдіктерінің рейтингі әзірленіп, тиісті бақылауға алынды.
Облыста 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша жергілікті бюджетке 37,7 млрд. теңге кіріс түсіп, жоспар 120,9%-ға немесе 6,5 млрд. теңгеге асыра орындалды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда түсім 5,0 млрд. теңгеге артқан немесе өсу қарқыны 15,3%-ды құрап отыр.
КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ ТАБИҒИ ГАЗ ЖҮЙЕСІ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жеке қабылдауына жазылған азаматтардың өтініштерін тыңдады. Жеке бастарына қатысты мұң-мұқтаждары мен өңірге ортақ әлеуметтік мәселелерді жеткізген тұрғындар аймақ басшысынан сұрақтарына тікелей жауап ала білді.
Кезектілік тәртібімен жазылған тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, көкейде жүрген мәселелерін тыңдады. Облыс басшысы жеке қабылдауға жазылған азаматтарды толғандырған мәселелер заң аясында жүзеге асатынын айтып, жауапты сала басшыларына әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуін тапсырды.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік көмек, жер дауы, экология, тұрғын үй мәселесіне қатысты сауалдарды көтерді. Баспана сұрап келгендер де болды. Облыс әкімі пәтерлер кезекте тұрғандарға заң аясында ғана кезек тәртібімен берілетінін түсіндірді.
Дархан Сатыбалды қабылдауына келген азаматтардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдады. Кей азаматтар қабылдауға онлайн режимде қатысты. Жеке қабылдауда Түркістан қаласының тұрғыны «Отырар» мөлтек ауданында орналасқан 5 қабатты 36 тұрғын үйлердің газ жүйелерінің жүргізілмегенін жеткізді. Анықталғандай, көпқабатты тұрғын үйлерге табиғи газ жүйесі жүргізіледі. Былтыр бюджеттік өтінім берілген. «Ұлттық қордан» қаржы бөлініп, қазіргі уақытта ашық конкурс жарияланған. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамыр айына дейін жоспарланған.
Жер дауына қатысты мәселе көтерген Келес ауданының тұрғынының шағымы бірнеше сотта қаралған. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ортақ жайылымдағы жерлерді аукционға қоюды тоқтатуды тапсырды.
Облыс әкімінің жеке қабылдауында болған Төлеби ауданының тұрғыны ветеринария мамандары жүктемесін қайта қарастыру мәселесін көтерді. Заңға сәйкес бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретінде. Ұсыныс орталыққа жолданатын болды. Сондай-ақ ол орталықтанған «Ветеринария қызметі» ШЖҚ МКК-ны тарату туралы ұсынысын айтты. Бұл қызмет осыдан 2 жыл бұрын облыста пилоттық режимде құрылған.
Бұған дейін ветеринариялық қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер жеке әр ауданда болған. Қазіргі таңда орталықтандырылған мекеме құру арқылы әкімшілік мамандар саны азайтылған. Алайда ауданнан облысқа көшуінің тиімділігі қосымша талдауды қажет етеді. Аймақ басшысы аталған мәселенің зерттеп-зерделеу қажет екенін айтты.
Айта кетейік, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov порталы арқылы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша арыз тастау арқылы жазыла алады.
«ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН КӨТЕРУГЕ ӨЗ СЕПТІГІН ТИГІЗЕДІ»
Түркістан облысы, Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешенінің капсуласын қою рәсімі өтті. 500 гектар аумақта орналасатын өнеркәсіптік жылыжайлар жобасы «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен жүзеге аспақ. Оның ішінде алдымен көлемі 51 гектардан астам жылыжай салынады. Жоба толық жүзеге асқанда 8 мыңнан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады деп межеленген.
Жаңа жобаға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі: 524 млрд. теңге болса, 1-кезеңіне 51,6 млрд. теңге. тартылмақ. Оның ішінде 25 млрд. теңгеге 27 га жылыжай салу жоспарлануда. Қуаттылығы – жылына 225 мың тонна қызанақ өсіру.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды,«Қазақстан Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров, «KazakhInvest» АҚ-ның Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «ЭКО-культура» агрөнеркәсіптік холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Рудаков қатысты. Облыс әкімі бұл жобаның аса маңызды екенін, өңірде агроөнеркәсіп кластері дамитынын жеткізді.
– Өздеріңізге белгілі, Түркістан – республика халқын жеміс-көкөніс өнімдерімен, оның ішінде жылыжай кешеніндегі қызанақ, қиярмен қамтамасыз ететін негізгі өңір. Облыста 1569 гектар алқапта 3366 бірлік жылыжай бар немесе республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы орналасқан. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның ішінде 87 гектары – өндірістік, ал 1482 гектары фермерлік жылыжайлар. 2015 жылмен салыстырғанда осы салаға тартылған инвестиция көлемі 7 есеге ұлғайды, былтыр 74,7 млрд. теңгеге жетті. «ЭКО-культура» компаниясының елімізге инвестиция салуы біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жобаны жан-жақты қолдауға дайынбыз. Жобаны іске қосу, өңірде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Ресейлік «ЭКО-культура» агрөнеркәсіптік холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Рудаков та құттықтау сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына тоқталды. Бұл әріптестік агросаланы дамытуға серпін беретінін атап өтті. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен, жоғары жалақымен қамтуға асталысатындарын мәлім етті.
Келес ауданы, Бірлік ауылында жүзеге асатын жобаның бірінші кезеңінің құрылысы 2024 жылы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған. Ал бүкіл жоба 2027 жылы жүзеге асырылмақ. Бірінші кезектегі жұмыс орындарының саны – 1000.
Жылыжай мегакешенінің жобасы серіктес «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің қазақстандық «Green Land Alatau» компаниясының көмегі арқылы жүзеге асырылмақ. Заманауи жылыжай кешендері жылыту жүйесі мен салқындатуды, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталады деп жоспарланған.
СУ НЫСАНДАРЫН КҮТІП ҰСТАУҒА АРНАЛҒАН ЗАМАНАУИ ТЕХНИКАЛАР АЛЫНДЫ
Түркістан облысындағы «Тұран су» мекемесі су нысандарын күтіп ұстауға реттеуге, механикалық тазалауға қажетті заманауи, жалпы құны 1 млрд. теңге болатын 17 техникамен қамтылды. Сатып алынған техникалар облыстың су және ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша серпін береді деп күтілуде. Ұлыбритания мен Жапонияның «JCB»,«HITACHI» компанияларының 10 шынжыр табанды және 2 дөңгелекті, заманауи экскаваторын мамандар жоғары бағалап отыр. Оған қоса бульдозер және өзге де техникалар ел игілігіне қызмет етпек.
Ордабасы ауданындағы аталған мекеменің өндірістік-техникалық базасында өткен жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып қайтты.
– Өздеріңізге белгілі, әлемде су тапшылығы мәселесінің өзектілігі жыл өткен сайын артуда. Сондықтан әр тамшы суды үнемдеуді үйренейік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін қамтамасыз ету — стратегиялық маңызы бар міндет екендігін атап өтіп, Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатқандығын, осы тұста су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аударуды тапсырды. Бұл мақсатта Түркістан облысында жұмыстар атқарылуда. Түркістан өңірінде орташа есеппен жыл сайын 210 млн. текше метр ағын су тапшылығы орын алған болатын. Осы мәселені шешу үшін, облыста бір қатар су нысандарының құрылыстары басталып, 2 ірі су нысандары пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймаларын салу жобалары әзірленуде. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады, – деген Дархан Сатыбалды облыстағы су шаруашылығының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтарды марапаттап, құрмет көрсетті.
Облыс әкімі өз сөзінде «Тұран су» кәсіпорны аудан, қала әкімдерімен бірлесіп, халықтың сұранысы негізінде каналдар мен қашыртқылардың тазалау көлемін арттырып, ағын сумен қамтамасыз ету шараларын жандандыруды тапсырды.
Облыста 552 мың гектар суармалы жер бар, Республикалық көрсеткіштің 4/1 бөлігі. Өңірде су нысандарының құрылыстары басталып, 2 ірі су нысаны пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта облыстық коммуналдық меншікте 17 су қойма, 3 су торабы, 3 магистральды канал және 107 ішкі шаруааралық канал бар. Оларды күтіп-ұстау қызметін «Тұран су» кәсіпорны атқаруда.
Механикалық тазарту арқылы су арналары ашылып, ағын су жеткізу сапасы артады. Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен бірге бұл төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының бірі.
Түркістан облысында сыйымдылығы 18 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн. текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды. «Түркістан» магистралды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы жылына 60 млн. текше метр ағын суды үнемдеуге қол жеткізілді. Сонымен қатар «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобалары әзірленуде.
«ЕЛ СЕНІМІН АҚТАУҒА КҮШ САЛУ КЕРЕК»
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапарымен барып, облыс және аудан активімен көшпелі мәжіліс өткізді. Аймақтағы қордаланған мәселелер, түрлі салалардағы кемшіліктер сараланып, ұсыныстар айтылды. Ауданның экономикасын жақсарту, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын және басқа да салаларды дамыту жолдары талқыланған мәжілісте осы жұмыстарды кері тартатын әрекеттер де қатаң сыналды.
– Ауданда соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық фактілері жиі тіркелді. Осыған байланысты өз құзыреттеріңіздің шегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіз. Бұл бағытта нақты, нәтижелі шаралар қажет. Кәмелетке толмағандар қылмысының алдын алу, есірткіге қарсы күрес, жасөспірімдердің құқығын қорғау бойынша полиция департаментімен бірге қажетті іс-шаралар жоспары қабылдансын. Мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаяу жүргіншілер жолы, бағдаршам және жарық бағаналары орнатылсын. Жалпы, білім беру ұйымдарының жұмысын жақсарту, білім сапасын арттыру бағытында жүйелі өзгерістерді қабылдау керек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында жылдар бойы шешімін таппай жүрген мәселелер бар. Игілік елді мекеніндегі ауыз су жүйелерінің құрылысы қолға алынғанымен, нысан екі жылдан бері іске қосылмай тұр. «Қызыләскер» қосалқы станциясының құралдары қараусыз қалған. 2021 жылдан бері 8 елді мекен табиғи газға қосылмаған. Аудан әкімі тиісті басқармалармен бірлесе отырып, қысқа мерзімде шешімін тауып, нысандарды іске қосу бойынша қажетті жұмыстарды атқарсын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамыту бойынша маңызды міндеттер жүктеп отыр. Ел сенімін ақтауға күш салу керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың есебі тыңдалды. Ал Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов облыс әкімі аппараты тарапынан Келес ауданының өзекті мәселелері талданғанын, бірқатар кемшіліктер анықталғанын мәлімдеді.
Ауданда былтыр бірқатар негізгі көрсеткіштері орындалмаған. Өнеркәсіптің нақты көлемі индексі 91,3 пайызды құраса, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі көлемінің индексі 84,7 пайызды құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның көлемі 90,7 пайызға, оның ішінде ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция 85,3 пайызға, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция 84 пайызға орындалған.
Сүт өндірісі 7,4 пайызға, жұмыртқа өндірісі 2,4 пайызға, ет өндірісі 1 пайызға, ірі қара мал саны 8,4 пайызға, қой саны 18,5 пайызға, жылқы басы 13,2 пайызға, құс саны 13,8 пайызға кеміген. Нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 93,1 пайызға жеткізу жоспарланған, орындалуы 88,3 пайызды құрап, межеге қол жеткізілмеді. Жергілікті бюджеттің түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау жұмыстары төмен деңгейде жүргізілуде.
Келес ауданы бойынша 41 көп қабатты тұрғын үй болса, олардың басым көпшілігі 1951-1985 жылдары салынған. Бүгінгі күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстары ұйымдастырылмай, жағдайы ескірген.
Жиынды түйіндеген облыс әкімі ауданда өндіріс орындарын ашу, инвестиция мен аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайту, ауыл шаруашылығын жан-жақты дамыту, жолдарды жөндеу, санитарлық тазалықты жақсарту және өзге де салаларға қатысты тапсырмалар берді. Тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.