ШЫРАЙЛЫ ШАҺАРДЫҢ ҚОС ҚУАНЫШЫ

Қоғам
758 Views

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 және Шымкенттің 2200 жылдық мерейтойларын атап өту туралы ресми шешім қабылдағаны туралы қуанышты хабарды ғаламтор арқылы естіп білген біз – барлық шымкенттіктер сияқты шын жүректен қуандық.

Иә, бұның барлығы да Ел Тәуелсіздігінің арқасы. Сонымен бірге елге ғылымды басшылыққа алу ғана өркениетке қарай бастайтын жол екенін үнемі қайталайтын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ойлары мен көп қызметтерінің тағы жемісі көзге көрінді.

Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың ғылымдағы орнын әлем әлдеқашан мойындады десек те оның шыққан тегі, ортасы мен туған өлкесін мойындату жолында отандық ғалымдар қаншама тер төкті. Жалпақ елге «Шығыстың екінші Ұстазын» таныстыруда шығыстанушы, дінтанушы, тарихшы, философ, жаратылыстанушы ғалымдардың еңбектері көп. Бірақ талас түбегейлі тоқтады деп айта алмаймыз. Әлі де сирек болса да тұлғаға қатысты таластар бой көрсетіп қояды. Ондай «даурығуларға» тек ғылым арқылы ғана талассыз жауаптар бере алатынымыз тағы белгілі.

Шымкенттің 2200 жылдығы туралы пікірлердің айтыла бастағанына көп болған жоқ. Қазіргі күнге дейін Шымкент қаласының тарихын ортағасырлық автор Шарафаддин әл-Иаздидің «Зафарнамесінде» алғаш айтылған деген пікірлермен ғана шектеліп келген тарих ғылымына соңғы уақыттарда тарихшы археологтар өзгеріс енгізді. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттай айғақтардың көмірсутектік зерттеулер арқылы қала жасының 2200 жылдың шамасын көрсететіні туралы ғылыми тұжырымдар алға тартылды. Енді міне, Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы шеңберінде тойлауға да қол жетіп отыр. Осы игілікті жұмыстардың басында жерлесіміз, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Әбішұлы Байтанаевтың жүргені тағы мақтаныш.

Осы қуанышты хабардан біраз уақыт бұрын ғана, ОҚМПУ-дің қабырғасында «Шымкент қаласының тарихы және өркениеті» атты аймақтық ғылыми-тәжірбиелік конференция болып өткен еді. Шымкент қаласы әкімдігі мұрындық болуымен өткен жиынның өзі келесі жылы Шымкент шаһарының ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде белгіленуі мен сол миссиясын абыройлы атқаруымен байланысты ұйымдастырылған болатын. Ал ол жиынның Шымкенттегі жоғары білім мен ғылымның қарашаңырағы саналатын – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өтуінің де өзіндік орны бар. Өйткені, Шымкент қаласына 2200 жыл болғанын танытып жүрген тарихшы ғалым, ҚР ҰFА академигі, бұрынғы Шымкент педагогикалық институтының, (қазіргі ОҚМПУ) түлегі Бауыржан Әбішұлы Байтанаев екенін жоғарыда айттық. Ал Бауыржанның әкесі Әбіш аға мен анасы Мырзай апайдың осы оқу орнында жұмыс істегені өз алдына бөлек бір тарих. Конференция жұмысын ОҚМПУ ректоры Анар Мерекеқызы Қайырбекова сөз сөйлеп ашып, ғалымдар мен қонақтарға қарашаңырақ білім ордасына қош келдіңіздер! – деп айтты.

Конференцияға қала әкімі Е.Қ.Айтахановтың атынан құттықтау сөзді Шымкент қаласы әкімдігі Ішкі саясат және дін істері басқармасының бастығы Жанар Әлібекқызы Бектаева жеткізді. Шешен өз сөзінде Шымкенттің еліміздегі ғана емес, әлемдегі ірі мегаполистер қатарына енгенін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде Қазақстанның ірі қалалар саны бойынша Дүние жүзінде 31 орында екенін айтып өтті. Ол өз сөзінде қазіргі Шымкент қаласында бір миллионнан астам халық, оннан аса ЖОО, жүздің үстіндегі орта білім мекемелерінде, оларда мыңдаған жастардың білім алып жатқанына тоқталды. Ендігі жерде шымкенттіктерге қала әкімінің бастамасымен қаланы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев белгілегендей, Ақылды қала, Жастардың қаласы, Қауіпсіз қала тұрғысынан ғана емес, ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби айтқанындай, ең бастысы Қайырымды қала сипатында таныстыру мақсаты көзделіп отырғанын да жеткізді. Олай етуге толық мүмкіндіктер бар екенін атай келе қала халқының мейірімді екені, еңбекке икемді, жаңашыл ойларға қабілеттігі сияқты қасиеттерін де қоса кетті. Шымкент қаласының экономикалық тұрғыдан дамуы да артта емес. Одан ары Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы қалалықтардың мәдени деңгейін көтеру мен тарихи санасының жоғарылауы арқылы «Рухани жаңғыру» мәселелеріне тоқталды. Соның ішінде ғалымдарды Шымкенттің тарихына кешенді ғылыми зерттеулер жасауға шақырды.

Ғылыми конференцияның модераторы ОҚМПУ «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Қайрат Сапарханұлы Анарбаев конференцияның аты аймақтық болғанымен, заты республикалық деңгейге көтерілгенін оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда,Түркістан, тағы басқа өңірлер мен шымкенттік ғалымдар қатысып отырғанын жеткізді. Құрметті қонақтар арасында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Нәштайұлы Рысбаев бастап келіп отырған Шымкент қаласының құрметті азаматтары Шерім Медеуов, Амидолла Ермаханбетов, Темір Өмірбеков, Нұрғали Нұртаев аталар мен ағалар сияқты, тағы басқа қаланың тарихына, мәдениеті мен экономикасына еңбек сіңірген бірқатар азаматтардың және бүгінгі мектептердегі ұстаздар қауымының (олардың арасында ОҚМПУ түлектері бар) өкілдері қатысып отырғанын жастарға таныстыра кетті.

Конференцияда бас баяндамашы ретінде сөз алған ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Әбішұлы Байтанаевтың «Шымкентке – 2200 жыл» атты баяндамасында көпшілікке барлық негізгі ғылыми айғақтарды таныстырды. Астанадан келген шығыстанушы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры міндетін атқарушы З.С. Ілясова ортағасырлық деректердегі Сайрам мен Шымкент төңірегі туралы мағлұматтар беретін тарихи деректер қатарын, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Г. Нурбет жаңа дәуірдегі Шымкентке қатысты тарихты таныстырса, ОҚМПУ доценті А.Б. Есимова қаланың имиджін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Сайрам ауданындағы Ә.Бөкейхан атындағы орта мектеп директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б. Алтаев қала атауына қатысты жаңаша ойларын ортаға салды, яғни Шымкентті тек жасыл деп емес, көнетүркілік «қызыл» атауымен сабақтастық тұстарын айтып, ғылыми жиынға қатысушыларды жаңа ізденістерге бару керектігінің өзекті екенін жеткізді. Алматылық қонақ есімтанушы Бердалы Әсілханұлы Оспан «Тұлғалар тарихындағы Шымкент» атты баяндамасымен көпшілікке беймәлімдеу болып келе жатқан бірқатар деректерді алға тартты. Соның ішінде Шымкент тарихын мақтанышпен айтатын тұстарын да жиналған көпке жеткізді.

ОҚМПУ-дің тізгінін ұстаған ректор Анар Мерекеқызы Қайырбекованың қызметке жаңадан келіп жатқан уақытымен сәйкес келген бұл іс-шара барысында алқалы жиын өткізіп жатқан жаңа басшыға ақсақалдар қауымы баталарын беруді де ұмытпады.

Шымкенттің 2200 жылдық мерекесін тойлау туралы ЮНЕСКО шешімінің ОҚМПУ қабырғасында өткен ақжолтай конференциядан көп ұзамай орын алғанын жақсылыққа баладық. Қуанышты хабар құтты болсын, ағайын!

І. СМАНҰЛЫ,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті ардагерлер кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымының докторы, профессор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *