«БАЛАЛАРЫМЫЗ ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕ БІЛІМ АЛУҒА ТОЛЫҚ ҚҰҚЫЛЫ»

Білім Қоғам
381 Views

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Түркістан облысында 57300 баланы қамтитын 63 мектеп салынады. Ұлттық жобаның басты мақсаты — мектептердегі орын тапшылығын болдырмау, апатты жағдайдағы және үш ауысымдымектептер мәселесін түбегейлі шешу. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыжауапты басшылармен өткізген жиналыста мектептер салу үшін жер учаскелерінбөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін мұқият ойластырудытапсырды. Барлық аудан, қалада бой көтеретін мектептердің құрылысы бойыншаәкімдер мен жауапты басқарма басшыларына тапсырма берді. Сонымен қатар облысбасшысы құрылысқа қажетті жабдықтарды отандық және жергілікті тауар өндірушілерарқылы қамтамасыз етуді атап өтті.

Ұлттық жоба аясындағы өңірде 2024-2025 жылдары жалпы 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 оқушы орнына арналған екі ауысымды мектептер салынады. Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында іс-шаралардың ашықтығы мен қоғамдық бақылауға ерекше көңіл бөлінеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының қолға алынатынын жария еткен еді. Осылайша 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешіп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтылады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылысқа дайындық жұмысын күшейту бойынша бірқатар тапсырма берді. Ол «Жайлы мектеп» жобасын тұрақты бақылауда ұстау маңызды екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысының жайлы мектептер салу жөніндегі игі бастамасын жүйелі жүзеге асыруымыз керек. Халық тығыз орналасқан және бала саны бойынша көш бастап тұрған біздің өңір үшін бұл аса маңызды жоба. Біздің балаларымыз заманауи мектепте білім алуға толық құқылы. Бұл істе аса жауапкершілік пен жанашырлық қажет. Қағазбастылықтан арылып, жұмысты ширату керек, — деді облыс әкімі.

Жайлы мектептердің басты ерекшелігі, олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы жағдай қарастырылады. Зәулім мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай болады.

Сондай-ақ пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар — бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар қойылады. Тынығу алаңдары болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жағдай жасалады. Дабыл түймесі, бейнебақылау жүйесі орнатылмақ.

КҮН СӘУЛЕСІНЕН ЭНЕРГИЯ АЛАТЫН СТАНЦИЯ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (NIS) күн сәулесінен энергия алатын станция өз жұмысын бастады. Нысанның ашылуына Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және ТМД елдеріндегі «Шелл» компаниясының корпоративтік байланыстар жөніндегі вице-президенті Джоанна Кунсберг, «Мектептерге күн энергиясы» жобасының жетекшісі Ринат Хусаинов, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Күләш Шәмшидинова қатысты.

2022 жылы құрылысы басталған нысанның жалпы ұзындығы – 75 метр, биіктігі – 5 метрге жуық.

«Шелл» энергетикалық ұйымының қолдауымен ашылған станцияның фотоэлектр тақталары мектепте 100 кВт энергия шығаратын күшке ие.

Жүйе мектептің бір жылда тұтынатын электр қуатының 30%-на дейін қамтуға, коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарды қысқартуға, өндірілген энергияның артық бөлігін қала желілеріне бағыттауға, солайша энергияны едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді.

Нысан «Мектептерге күн энергиясы» атты халықаралық пилоттық жоба аясында іске қосылды. Аталған жоба бірнеше өзекті мәселені шешуді көздейді: жас буынның жаратылыстану ғылымдарына, технологияға, инновацияға және кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру, Қазақстандағы энергетикалық ауысым туралы білімдерін нығайтуға көмектеседі. Жоба Қазақстанның 5 қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» базасында іске асырылуда. Олар: Астана, Орал, Атырау, Ақтау және Түркістан.

Жалпы, станция – NIS пен «Шелл» арасындағы «Мектептерге күн энергиясы» бірлескен жобасының бесінші фотоэлектрлік жүйесі. «Шелл» – штаб-пәтері Ұлыбританияның Лондон қаласында орналасқан энергетикалық халықаралық концерн.

Күн сәулесінен энергия алатын станцияның ашылу рәсімінде шаһар басшысы станция қаланың инфрақұрылымына едәуір көмегі тиетіндігін айтты.

Сондай-ақ нысан құрушыларына алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Келесі болып сөз алған Джоанна Кунсберг нысанның халықаралық деңгейде танымал қалада орналасқанына қуанышты екенін жеткізді.

ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНЕ ҚАТЫСТЫ ДА КЕМШІЛІКТЕР РЕТТЕЛГЕН

Түркістан облысында «көлеңкелі экономикаға» қарсы күрес жүріп жатыр. Сонымен бірге құрылыс, тұрғын үймен қамту салаларындағы жемқорлық тәуекелдері де қатаң бақылауға алынған. Осы салалардағы жұмыстар мен жоспарлар Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында талқыланды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

– «Көлеңкелі экономика» – еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін күрделі проблемалардың бірі. Сондықтан оған қарсы күрес сапалы жүргізілуі керек. Салық және кеден төлемдерін төлеуден жалтаруға қарсы күрес жандансын. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту бойынша жұмыстар атқарылсын. Былтыр «Evolution Corporation» және «Индиго 24» қаржы пирамидаларының ісі бойынша 25 адам сотталды. Жаңа пирамидаларға, заңсыз ойын автоматтарына қарсы жұмысты күшейтпесе болмайды. Талай азамат құмар ойынның жетегіне еріп кетіп жатыр. Түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. «7-20-25» бағдарламасымен ипотекалық үйлерді сату, пәтер кезегіне тіркеу, тапсыруға қатысты кездескен кемшіліктерді де жою қажет. Құрылыс саласында сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін жою бойынша жүйелі шараларды қабылдау керек. Талдау барысында құрылыс саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауы жоғары екендігі анықталды. Осыған орай, тиісті басқармалармен бірлесе отырып, осы процестерді цифрландыру бойынша уәкілетті органға ұсыныс жолдансын. Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Басқа салалар бойынша сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар енгізілсін, – деді Дархан Сатыбалды.

Комиссия отырысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов Түркістан қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2021 жылы өткізілген бірнеше конкурстың арасынан кемшіліктер анықталған. Тұрғын үй бөлімімен мемлекеттік қызметті көрсетудің мерзімдерін бұзу бойынша 103 дерек анықталса, тұрғын үй кезегіне қатысты да кемшіліктер реттелген.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бұл олқылықтарды жою бойынша жұмыс атқарылғанын, бақылауға алынғанын мәлімдеді.

Түркістан облысының құрылыс басқармасының басшысы Т.Усубалиев құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жөнінде есеп берді. Ал Түркістан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 1-ші жедел басқармасының басшысы Д.Тобатаев пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы М.Нұрахаев «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың іске асыру барысы туралы деректерді ұсынды.

2023 жылдың 3 айында көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша заңсыз алкоголь өнімін өндіретін 2 жерасты цехы, 2500 литр көлемінде алкоголь өнімі табылған. Тәркіленген дайын өнімді сақтауға арналған қойма, көлемі 1200 литрден астам этил спирті жойылған. Сонымен бірге контрабандалық тауарларға, қаржы пирамидаларына, заңсыз темекі айналымына қарсы күрес жүріп жатыр. Жанар-жағармайды көрші елге заңсыз өткізудің 38 дерегі анықталды, 11.32 тонна мұнай өнімі тәркіленіп, 1 млн. теңгеден астам айыппұл өндірілді.

Одан бөлек, мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің деректерін болдырмау мақсатында мемлекеттік шекарада анықталған 94 факті бойынша 2 341 литр бензин мен 25 335 литр дизель отыны сотпен тәркіленіп, 1,5 млн. теңгеден астам айыппұл мемлекет қазынасына түскен.

Мұнай өнімінің заңсыз айналымын алдын алу бойынша 2 салық төлеуші анықталды, 10109 литр мұнай өнімдері тәркіленіп, 86250 теңге айыппұл алынған. 2023 жылдың 1 тоқсанына тиісті лицензия алмай жұмыс істеп жатқан салық төлеушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 63 салық төлеуші лицензия алды. Акцизделінетін өнімдердің айналымына талдау жүргізу барысында, республикалық бюджетке 7 261,3 мың теңге, жергілікті бюджетке 12 073,4 мың теңге өндірілді.

2023 жылдың 1 тоқсан қорытындысымен 911 салық салу нысаны қайта бағаланып, бюджетке 149 731 400 теңге есептелген.

Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясы бұл бағыттағы жұмысты жалғастырады.

ОРДАБАСЫДА 18 ЕЛДІМЕКЕН ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Ордабасы ауданында өткен жылы 4 елдімекенге табиғи газ берілді. Биыл 18 елдімекен газбен қамтылып, көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 47,8% жетеді. Бұл туралы бүгін брифингте аудан әкімі Нұрбек Бадырақов мәлім етті.

Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта ауданда газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Осы ретте, биыл бірқатар елдімекендер көгілдір отынмен қамтылмақ. Олар — Бірлік, Жамбыл, Ақжол, Мақташы, Бейсен, Қараспан, Төреарық, Көлтоған, Берген, Батыр ата, Ынталы, Аманкелді, Көктөбе, Елшібек батыр, Спатаев, Төрткөл, Қызылжар, Қарақұм елдімекендері.

«Бүгінгі таңда халықты сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 94,6% құраса, биыл жыл соңына қарай көрсеткіш 99% жетпек. Ауданның елдімекендері толық орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген. Ал автомобиль жолдары бойынша елдімекендердегі ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 45%-дан 48%-ға жетті. Топырақ жолдардың үлесі 41,2%-дан 35,6%-ға төмендеді. Сонымен қатар, өңірде елдімекен көшелерінің 20,6%-ы жарықтандырылған», — деді Нұрбек Бақтыбайұлы.

Сондай-ақ ауданда былтыр 6 мектептің құрылысы жүргізіліп, 3 нысан пайдалануға берілді, 3-і 2023 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектеп құрылысы үшін жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынды. Биыл 300 орындық 1 мектеп құрылысы басталмақ.

Халықты жұмыспен қамту бойынша 2022 жылы «Ұлттық жоба» аясында 4 685 адам жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейі 5,2% құраған. Биыл 6137 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып отыр.

БАЛА САНЫНЫҢ АРТУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ МЕКТЕПКЕ ҚОСЫМША ОҚУ КОРПУСЫ ҚАЖЕТ

Сайрам ауданы әкімдігінде жергілікті тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өтті.

Қабылдауға келген ақсукенттік көп балалы ана Тюлебаева Алтынай отбасын тұрғын үймен қамту және атаулы әлеуметтік көмек беруді сұранды. Өтінішіне сәйкес, алдағы уақытта аудандағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж тұрғын ретінде заңда белгіленген тәртіппен және кезегімен беріледі. Алайда, көп қабатты тұрғын үйлердің құрылыстары үшін бюджеттерден қаржы қарауды қажет етеді. Биылғы жылдың мамыр айында атаулы әлеуметтік көмек алу бойынша төлемге жіберілген.

Келесі кезекте Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындары А.Керімбеков және С.Абылаевтар мектеп ғимараттарын және Сиқым ауылына спорт кешенін салуды өтінді. Бөкейхан атындағы жалпы орта мектебінде бала саны жобаның қуаттылығынан артуына байланысты мектепке қосымша 300 орындық оқу корпусы, асхана, шеберхана, спорт залы құрылысының жобалық сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Мектеп құрылысын жүргізу үшін Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының қарауына ұсынылған. Ал, №47 Амангелді атындағы жалпы орта мектеп ғимараты және жылу қазандығының тозығы жетуіне байланысты бала саны мектептің жобалық қуатынан аспауы себебінен жаңа мектеп салуды қажет етпейді. Сондай-ақ, өзекті болып отырған жылыту жүйесінің қазандығын ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, облыстық салалық басқармаға жолданылған. Сонымен қатар, ауылдық округі әкімшілігі тарапынан спорт кешенің құрылысы үшін арнайы жер телімі қарастырылып, тиісті құжаттар рәсімделіп, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің меншігіне өткізілуі тиіс.

Кейінгі кезекте Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек Датқа ауылының тұрғыны Ж.Дусанова ерінің І топ мүгедегіне байланысты әлеуметтік көмек көрсету және тұрғын үйін газ жүйесімен қамтамасыз ету сұраныстарын жеткізді. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, өткен жылы ортопедиялық аяқ киім, бөлмелік және электр жетегі бар әмбебап қоларбалармен қамтылған. Ерінің иелігіндегі пәтеріне ауылдық округінің әкімшілігі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесе жөндеу жұмыстары ұйымдастырылады. Тұрғын тұрып жатқан коммуналдық меншіктегі екі қабатты көп пәтерлі тұрғын үйлерді табиғи газға қосу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Орындаушы техникалық құжаттарын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалына өткізу жұмыстары атқарылуда. Пәтер тұрғындарын 2023 жылдың 10 мамырына дейін табиғи газбен қамту жоспарлануда.

Жеке қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімінің кеңесшісі, тиісті бөлім басшылары және ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.

Қабылдауда тыңдалған мәселелер бақылауға алынып, шешу жолдары заң аясында түсіндіріле отырып, жауапты басшыларға тапсырмалар жүктелді.

СОЗАҚТА БӨБЕКЖАЙ АШЫЛДЫ

Созақ ауданы, Сызған ауыл округінде жеке кәсіпкер Бекжан Алғазиев 75 орындық «Ғибрат» балабақшасын ашты. Ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

– Қазіргі таңда жас ұрпаққа тәрбие берудегі балабақшаның орны ерекше. Бүлдіршіндерімізге барынша жағдай жасап, балалық шақтарында қуанышқа кенелту біз үшін үлкен жетістік. Заман талабына сай соғылған бұл ғимарат ел игілігіне қызмет етеді деген сенімдемін. Аудан аумағында бөбекжай ғимаратын салу қажет басқа да елді мекендер бар. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз, – деді аудан басшысы.

Салтанатты шарада ауылдың ақсақалдары жиналған көпшілікті қуанышты жаңалықпен құттықтап, ғимараттың ашылуына септігін тигізген азаматтарға ақ батасын арнады.

Айта кетейік, аудан басшысының өткен жылы Сызған ауыл округі тұрғындарымен кездесулерінде балабақша салып беру мәселесі жиі көтерілген. Аудан әкімі аталған мәселені шешу үшін тиісті шаралар қолға алынып, бар мүмкіндікті пайдаланатынын айтқан болатын.

540 шаршы метр аумақты алып жатқан балабақша ғимараты заман талабына сай жабдықталған. Асхана, ойын бөлмесі, жатын бөлме, медициналық кабинеттері бар. Балабақшада 19 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *