БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚ ПІКІРІНІҢ ҰЙЫСУЫ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

Билік Қоғам
603 Views

«Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деген бірде ұран, бірде басты мақсатты, бірде армандаған саяси-әлеуметтік мазмұнды Ту етіп көтергенімізге, қол созымдайуақыттан соң, екі жыл толады. Біреулер аталмыш Туды қуана көтеруде. Енді біреулер көкірегіне бірде күдік еніп, бірде ол жоғалып кетіп жатқандай сенім Туын ойлана болса да, әйтеуір көтеретін сияқты. Әлеуметтік желіге көз тастасаң, қоғамдық пікірдің тар сегменті болса да, қарсылар да біраз көзге ілінеді.

Мен өзім де, пікірін зерттеу мақсатында әңгімеге тартқаназаматтар да, көбіне «Әділетті Қазақстанды» аңсайды, «Жаңа Қазақстанды» армандайды. Біршама топтағылар осы жаңа идеологиялық мұратты қолдайды. Біраққазіргі қалыптасқан жағдайды түсіну ерекшелігіне байланысты, жүзеге асатынынадүдәмал. Келесі топтағылар өткен «отызжылдықтағы» уәде мен істің арасындағықиылыспаушылықтар санасына сіңгені соншалық, алдағы жарияланған мақсат-мұраттың орындалатынына, тіптен, сенбестікпен қарайды. Әрине, қоғамдағы өз жеке мүддесінбиік қоятындар да, ешқандай саяси дамудың түрлері мен мазмұндарына денқоймайтындар да, некен-саяқ емес сияқты. Мұндай топтардың ішінде бүгіндеқабылданған жаңа даму үрдістеріне ашық та саналы қарсылар да, жайбарақаттық пен бейберекеттік ниетімен қолдамауды білдіретіндер де аз емес десе болатындай.

Қорыта айтқанда, өткен жылғы маусым референдумы мен қарашадағы шешуші сайлаудағы азаматтардың белсенділік көрсеткіші әлі де көзге айқын, аргументтеуді қажет етпейтіндей, екпін ала алмай тұр. Менің жеке ойымша, қазіргі сәттерде «жаңа биліктің» екінші жылының соңғы айында – көпшілік қолдауының жалпылап айтқанда үштен екі бөлігінің емес, төрттен үш бөлігінің қолдауына ие болатындай уақыт өткен сияқты. Демек, тағы да менің жеке пікірімше, экономикалық жаңғыру мен дамыту саясатын, шетел және ішкі заңсыз және жөнсіз кеткен қаржылай байлықты қайтару әрекетін, мемлекеттік органдар мен құрылымдар, саяси партиялар мен ұйымдар тараптарынан еңбек ұжымдары мен тұрғындар арасындағы саяси, әлеуметтік насихатты қарқындату, үдету өте керек деп ойлаймын.

Не себепті!? БІРІНШІДЕН, үміттендірген «жаңа» мен ашындырған «ескінің» арасындағы көзге ашық көрінбейтін, бірақ жұртшылық анық сезетін күрес әлі аяқталған жоқ. Әлемдік және регионалдық алуан түрлі жағдайдың алмалы-төкпелі әсері күтпеген түрде әлі де шыға беруі әбден мүмкін. Қолайлы жағдай қалыптасса, «күнім туса қайтадан, көрер ем сенің күшіңді» дейтіндердің сағы сынуы әлі де болса, алдағы іс-ау, шамасы. Жоғарыда айтылған халықтың «жаңаны» қолдау болжамы осыған да байланысты болса керек. Сондықтан да, фашистердің «не важен метод, важен результат» дегенінде логикалық мазмұн бар сияқты. Қалай болғанда да бұл жағдай есте болуы керек.

ЕКІНШІДЕН, қандай да қоғамда билік ауысу үдерісі болсын, бір формациядан екінші қоғамдық-экономикалық формацияға ауысу қажеттілігі болсын немесе алуан түрлі басқа да себептермен тұрмыстық-шаруашылық дағдарыстар легін шешу барысында болсын, жағдайды емдеудің, елдің сеніміне ие болудың, бірден бір жолы – мемлекетті экономикалық сауықтыру, оны дамыту. Осы арқылы халықтың күнкөріс деңгейін мүмкіндігінше жақсарту. Бірақ ол – өткендегідей алдымен экономика, онан кейін барып саясат деген емес. Қарапайым қазақ арасында түсінікті тілмен айтқанда: «Экономикаңның көкесі – саясат. Экономикалық саясат!». Бүгінде білімі сын көтермейтін, мақтаншақ қазақтың өзі менсінбей қарайтын В.Лениннің, К.Маркстың: экономика саясаттың жинақталған көрінісі дейтін ойын әлемнің көзі қарақтылары жақсы біледі. Экономикалық мәдениет, одан өрбитін өндірістік мәдениет, әркім де болса сөзсіз мойындайтын үлгілі елдердің қоғамдық, ұлттық мәдениетінің өзегі болып табылады. Сондықтан да, әр азаматтың, экономика саласының өкілі болмағанның өзінде, саяси-әлеуметтік және қоғамдық-психологиялық қызығушылығы, қолдау, не сынау пікірі болуы керек. Қоғамдық пікірдің басты қозғаушы әсері де осы бағытта болғаны ләзім.

Экономикалық саясат деп аталатын бұл мәселеде біздің бүгінгі таңдағы хал-ахуалымыз қандай? Меніңше, «жаңа биліктің» балалық кезеңін еске алсақ, жаман деген баға беруге болмайды. Биыл өткен жылға қарағанда көзге көрінетіндей алға жылжу бар деуге болатындай. Жалпы өндірістік даму былтыр 3,1% болса, биыл 5-тен асып жығылатын түрі бар. Инфляциялық көрсеткіш өткен жылғы 20-дан астамнан, биыл 10 пайызға тірелетін сияқты. Негізгі экономикалық көрсеткіштердің түгелге жуығынан алға жылжу әспеттелуде. Бұқаралық ақпарат құралдары берген бұл бағыттағы тағы көп көрсеткіштерді келтіруге болады. Бірақ, бұл мақаланың тікелей тақырыбына жатпағандықтан, оның үстіне осы жолдардың авторы кәсіби экономист емес екенін ескеріп, бұл саладағы терең талдауды компетенттілерге қалдырған дұрыс деймін.

Десек те, аталмыш проблемада тағы бір айтпаса болмайтын, мойындамасқа лаж жоқ, онсыз қоғамдық прогреске, өркениетті тіршілікке іс жүзінде қол жеткізу толыққанды мүмкін емес, бір мәселеге көңіл бөлсек. Ол – этатизм, лаицизм және секурялизация деп ат қойылған, айдар тағылған даму үрдістері мен өркениеттілік талаптары. Алғашқысы (этатизм) – қоғамды құқықтық үрдіспен, мемлекеттік реттеумен көмкерілген, әлеуметтік-экономикалық оңтайландыруға қол жеткізу. Онан кейінгісі (лаицизм) – зайырлылық үрдісімен көмкерілген мәдени-рухани оңтайландыру болып табылады. «Мәдени» дегенде тек қысқаша түсініктегі (ән-күй, сахна өнері, т.с.с.) емес. Адамдардың ақыл-ойы, білімі, еңбегінің үлгісі мен оның үздік нәтижелері, жоғары кәсіби шеберлігі…

Осы айтылған екі оңтайландыру (модернизация) үдерістеріне қажетті үштіктің бірі ретінде секуляризация әрекеті мойындалады. Бұл – зайырлылық талабы, елде діннің ролін төмендету деген түсінік. Қандай қоғамның болса да ішкі өмірінде оның мүшелері толығымен немесе толығына жуығы осы үрдісті саналы түрде мойындамай, алғашқы екі талап толыққандылық дәрежесіне жете алмайды. Сол себепті де, мысалға алсақ, Дания, Швеция, Оңтүстік Қиыр Шығыста – Жапония, Оңтүстік Корея, т.с.с. елдерде жер бетіндегі әлемдік және дәстүрлі діндердің түгелге жуығы бар. Бірақ, олардың рөлі секуляризация талабына сәйкес төмен. Тіптен, атеистердің ара үлесі бәрінен көп. Бірақ, біздің уағызшыларымыз шаршамай айтатындай, адамдарының көшеде жартылай жалаңаш, не әуретті жерін көрсетіп жүреді екен дегенін бұрын-соңды естімеппін. Өтірік болса, күнәсі өздеріне!

Бізде бүгінгі күндерде насихаты әлсіз болса да, қоғамдық идеологияның контуры бар. Мемлекеттік жаңғырылған Конституция бар. Парламент тоқтамай қажетті заңдар легін қабылдап жатқан сияқты. Үкіметіміз, әйтеуір тынбайтын кейіпте. Бірақ сонда да жарқын болашаққа деген күдігі барлар да аз емес. Неге? Тағы да, артық болса да, нағыз қанішер болса да Адольфтың: «Важен не метод, важен результат» дегенін еске түсіргеніміз ұтымды емес пе?..

ҮШІНШІДЕН, маңызы жөнінен халықтың сенімі мен болашаққа деген үмітін жандандыратын шара – коррупция мен қылмыстың барлық түріне қарсы күрес. Бұл қағиданы теория тұрғысынан да, практика тұрғысынан да, дені сау, есі дұрыстың бәрі жақсы біледі. Тіптен, арамдықтан жаралған, ұрлықпен өсіп-өнгеннің өзі де біледі. Қаһарлы «Қаңтардың» қатты ызғарынан соң, бұл күрес ашық, ымырасыз сипатқа ие болғандай көрінді. Қазір де тоқтамай жүріп жатқаны – ғылыми тұрғыдан да, қоғамдық өмір тәжірибесі тұрғысынан да дәлелді талап етпейді. Солай бола тұра, әлеуметтік желілерде де, кейбір қоғам мүшелерімен жеке сұхбатта да, аталмыш күрестің нәтижелігіне көңілі толмайтындар әлі де көп кездеседі.

Осындай ерекшеліктері мен күрделілігі тереңнен келе жатқан қазақтың ең жаңа тарихынан, өкінішімізге орай, «салмақты» орын алатын құбылысты лезде, бет қаратпай өзгерте, жоя салу – қиынның қиыны деп ойлаймын. Аталған проблемаға байланысты қоғамдық пікірде кейде біраз жыл бұрынғы Грузияның президенті Михаил Саакашвили еске түседі. «Асыққанның асығы алшысынан тұра ма?», «Асыққан шайтанның ісі!» дегенді бұрынғы үлкендерден де естуші едік. Осының кері келді ме, әйтеуір, бұл мысалдың соңы жұртқа белгілі. Біздің елде сол сияқты «революциялық өзгеріс» болмай-ақ қойсын…

Коррупцияға, компрадорлыққа қарсы күрес әділеттілік үшін де, құқықтық талап үшін де, аңғалдықпен алданған, «сенгенім сен болсаң» деп ашынған халқымыз үшін де сөзсіз керек. Тек билігіміз әліге дейін кеткеннің ауқымын ресми жариялай қоймаған, желілерде жүздеген млрд. «көк қағаздан» құралған, ұрланған байлық толық қайтады деп ойлау негізсіз, менің пікірімше. Егер жартысы қайтса, қуана тақиямызды аспанға ататын сияқтымыз. Тілі де, валюталары да әлемнің 90 пайызын бетіне қаратқан Батыстың алыптары қарап қалмас. «Екінші сорттағы» елдерді бұрыннан баға қатынасынан да, адекватсыз айырбастан да, басқа да небір айла-шарғымен пайдаланып әдеттенген «кәрі капитал» елдері бұл мәселеде де, заңсыз қаржы ағынында да, қазынасын тегін толтыруда да есесін жібермейтін болар.

Бұл күрестің тағы бір естен шықпайтындай маңыздылығы – болашақтағы мүмкін жемқорларға хрестоматиялық ескерту есебінде. Аспан мен жердің арасындағы биік қамқоршың болса да, түбінде елдің қарғысынан, жауапкершіліктен, жазадан құтыла алмайтындықтың айғағы. Кейбір діндарлар жұртты сендіріп, өзін жұбатқандай, бұл – «мәңгі дүниеде» ғана емес, осы жарық дүниеде-ақ тірінің азабына ұшырайтынының дәлелі.

Атойлап жүріп бірнеше онжылдықтарда аңғалдықпен айрылған, билік жүйесі мен экономикалық жүйенің толық жаңартылып үлгермеуіне байланысты қазір де шетке кетіп жатқан ұлттың майшелпегі «Жаңа Қазақстанымыздың» шынайы патриотымыз дегендерге естен шықпас үлкен тарихи сабақ. Бүгіннен бастап ел билеу саясатының тиімділігін бірінші кезекте айлық, тоқсандық, жылдық экономикалық даму мен әлеуметтік өсіп-жаңару көрсеткіштерінің жоғарылау тенденциясы екпінімен өлшегеніміз күттірмейтін қажеттілік. Саяси, мемлекеттік, әкімшілік басшылар мен қызметкерлерді, депутаттарды мақтау мен мадақтауды, марапаттау мен пиарлауды доғару – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл – үлгілі әлемде, өркениетті сана иелерінде бұрыннан бар, нәтижесі көзге көрініп тұрған нәрсе. Керегі мадақ, марапат па?! Барсын кәсіпкерлік, өндірістік, шығармашылық және басқа да еңбеккерлік қайнаған ортаға!..

Өткен патша заманынан бастап қазақтың атаққұмарлығы шектен шыққан байбатшалары, түгелі, олардың «сарай ақындарының», шашбауын көтерушілерінің өзі медаль және орыс-казактарының төмендеріне берілетін «подхорунжий» атағы үшін елін де сатуға даярлығы көзге жасырынбай көрінетін. Қазіргі кезде де сол атаққұмарлықтың «генетикалық-психомұрагерлік» ауруы жеткілікті. Мұндай саналық-сезімдік ауру-сырқаудың, негізінен тура осы үлкенді-кішілі атқамінерлердің арасында жаппай кездесетініне, бүгінгі күнге жазылмай жеткеніне таң қалмаймыз. Бұл да «ескі жүйенің» уақытындағы коррупция, саяси алдау, өтірік уәде, тамыр-таныстықпен қатар есірді. Таң қалатыны: неге ондай әдет «Әділетті Қазақстанға» бет бұрған заманда да жалғасын табуда! Неге, белгілі бір кезеңге болса да, өткір де ашық қарсы шаралар легі қолданылмайды? Аталмыш аурулар моральдық-психологиялық деградацияның айқын факторлары екені белгілі емес пе?…

ТӨРТІНШІДЕН, қолдарыңыздағы мақалада қоғам ұмтылған мақсаттардың ақиқаттығы, оның халық сеніміне сәйкестігі, көпшілік-насихат жұмысының нәтижелігіне тікелей байланысты екенін тағы да естеріңізге салу. Әрине, «ескі билік» орнын «жаңаға» бергеннен бергі уақытта, әсіресе, ызғарлы «Қаңтар уақиғаларынан» кейін, бұл салада да талпыныс, ұмтылыс орын алды. Бұл күндері небір шен-шекпенділердің, атақты-марапаттылардың сыналғанына, ұсталғанына, сотталғанына ешкім де сенсациялық түрде қарамайтын ахуалға жеттік. Бұны «жаңа биліктің» активіне жатқызса, еш артықшылығы жоқ. Оның үстіне қазақтың ең жаңа тарихындағыдай кінәлі-кінәсіз, дәлелді-дәлелсіз жаза арқалатқандай, кейіннен өткендегілердің осындай жолын еске түсіргендей күйді елестететіндей жағдайлар да естен шыға бастады. Бұл да жақсылықтың, әділеттіліктің нышаны болар.

Десек те, мүмкін үлкенді-кішілі шенеуніктердің басым көбі, олардың бір сөзіне екі қолын көтеретін ескінің қоғамдық белсенділерінің көбі, дәулер мен байларды мақтағанда түбін түсіретін «өнер мен шығармашылардың» көбі, әлі де «тірі» болғаннан ба, әйтеуір, әзірге атқарылып жатқан игі істер аз болмаса да, көпшілік сенімінің айыз қандыратындай деңгейіне қол жетпей тұрған сияқты. Демек, ертеде «идеологиялық жұмыс» деп аталатын, оның негізгі жүзеге асыру жолы болған «үгіт-насихат» дейтін түрі, талапқа сай емес мазмұнда қалың жұртшылықтың жадына жетпей жатыр-ау, өзі. Әйтпесе, неге елге ұнайтын болашақ мақсаттары жоғарыда айтылған қоғамдық салаларда (экономика, құқық, идеология) біршама жүзеге асып жатыр да, ал азаматтар тарапынан бұл әрекеттер толыққанды қолдаудың объектісі әзірге болмай тұр?!

Оның үстіне, бұқаралық ақпарат құралдарының күрделіленуі мен әлеуметтік желілердің қанат жаюына байланысты соңғы онжылдықтарда «ақпараттық соғыс» деген саяси-әлеуметтік күрестің түрі пайда болды. Қауіптілігі сонша ашықтан-ашық өтіріктің өзін қарсы реакциясыз көпшілікке шындық сияқты әрлендіріп көрсете алады. «Фейк» деп ат қойып, айдар тағып алған мұндай бетсіздіктің шеберлері нағыз ақиқаттың өзін фейкке айналдырғаннан нағыз кәсіби және моральдық қанағат алады. Біздің «идеологиялық мамандарымыздың» «Қаңтар уақиғалары» күндерінде дыбысы да шықпауы, кейіннен де «сорлының күнін кешіп» үнсіз бұғуы, биліктегілерге (егер өздері ескінің жұрнағы болмаса) жауапкершілікпен ой тастауы керек.

Қанша жерден «заманауи әдістерге» ден қойғанмен, бәрібір, баяғы бәлшебектерден келіп жеткен «үйме үй», «көше көше», «ұжым ұжым» үгіт-насихат түрлері арқылы қол жеткізген қоғамдық пікір жиынтығы шешуші жағдайда үлкен рөл атқарып кетеді. Егер олай болмаса, депутаттыққа үміткерлер неге осындай тікелей қолдау үгітіне басымдық береді? Әрине, жеке мүддесінің итермелеуімен. Ал неге мемлекеттен тура сол мемсаясатты тұрғындар алдында, ұжымдар алдында насихаттап, қоғам қолдауын қамтамасыз етуге міндетті, сол үшін жалақы төленетін шенеуніктер, мемқұрылымдар жоспарлы түрде халықпен қауыша кездесулер өткізбейді? Бұрынғы биліктің «идеологтарын» ақтауға болмаса да, түсінуге болатын еді, халықтан қашқанын. Ал қазір неден қорқады? Жоғарғы билік иесі – таза. Шенеуніктер – таза. Таза болуға міндетті. «Таза емессің» деп айтып көр. Не болатынын!.. Ең бастысы – саясат, мақсат таза.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында әкімдік аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бастамасымен «Бейсенбі – халықпен кездесу күні» деп аталатын іс-шаралар легі өтуші еді. Әр аптаның аталмыш күні Әкім бас болып аппарат бөлімдері мен конституциялық құрылымдарында қызмет ететін шенеуніктер аудандар мен қалаларға жол тартатын. Сол сәттердегі ең көкейтесті тақырып, арнайы кесте, сұрақтар мен жауаптар, проблемалар және онымен байланысты туындайтын ұсыныстар…

Ауданда шешілетіндер мәселелер жергілікті әкімге, облыста қаралатындар жинақталып, ертеңіне сағат 10-ға дейін облыс әкіміне шаралар легін анықтау үшін жеткізілетін. Жергілікті газеттерде «Ішкі саясат бөлімінде» деген рубрикамен қысқа ақпарат тұрақты басылатын. Жер-жерден келетін арыз-шағымдар саны азайғаны, тұрғындардың мемлекеттік саясатқа сенімі зерттеулер арқылы көзге айқын көрініп тұратын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы, жан-жақты жалпы дағдарыстар тұсындағы, ескі туфлимен, көнетоз киіммен, таңертеңнен кешке дейін, демалыссыз, бірақ ел азаттығымен рухтанғанды мақтан етіп жұмыс істеген біздермен салыстырғанда, бүгінгі шенеуніктердің жағдайы мен мүмкіндігі жер мен көктей емес пе? Оларға бел шешіп «Жаңа Қазақстанның» жаңарған идеологиясын, ұтымды саясатын, қол жеткізуге ұмтылған мақсаттарын, қалың көпшіліктің санасына ұялатуды белсенді түрде қолға алуға кімдер, қандай себептер жол бермеуде?!

Сапарбек САХОВ,

Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының «Қазақстан тарихы және қоғамдық-әлеуметтікпәндер кафедрасының» доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *