ЖАЗУШЫ КІТАПТАРЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Әдебиет
1 418 Views

Жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Нағашыбек Қапалбекұлының орыс тіліндегі «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр», қазақ тіліндегі «Суықтөбенің ұлары», сонымен қатар түрік тіліндегі «Құс қанаты» атты әңгімелер жинағы оқырманға жол тартты.

Осыған орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада жазушының шығармашылық жолына арналған «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Шараны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, профессор Уәлихан Қалижан ашты. Әуелі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев құттықтау сөз сөйлеп, автордың әдеби зертханасына талдау жасады.

– Нағашыбек Қапалбекұлы өзінің тарихи және әдеби көркем шығармалары арқылы елімізге кеңінен танымал қаламгер. Оның ХХ ғасырдың ұлы жыршысы Жамбыл Жабаев туралы зерттеулері мен деректі шығармалары, Қарасай батыр, Мақыш балуан, Сарыбай би, Құртқа тәуіп туралы тарихи-танымдық кітаптары және «Еңлікгүл», «Дос жүрегі», «Қызыл елік», «Таудан түскен тұман» сияқты повестер мен әңгімелер жинақтары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған сүбелі дүниелер болды деп білеміз. Оның шығармалары сюжеттерінің шынайылығымен, композициялық құрылымының шымырлығымен, тілінің шұрайлылығымен, жоғары идеялық көркемдік құндылықтарымен ерекшеленеді.

Қаламгердің орыс тілінде шыққан «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр», түрік тілінде жарық көрген «Құс қанаты» атты кітаптары орыс және түрік елдерінің оқырмандарына қазақ халқының батырлығын, елдік және ұлттық дәстүрлерін, адамгершілік асыл қасиеттерін, мәдениеті мен салт-санасын кеңінен танытатын құнды дүниелер болды деп ойлаймыз. Сондықтан бұл шығармалардың оқырманы көбейіп, ғұмырлы болуына тілектеспіз, – деді.

Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет шаһар басшысы Бауыржан Байбектің жылы лебізін оқып берді.Онда:

– Біз Сізді ел мен жер, өткен мен бүгін жайлы сабақтастыра отырып, танымдық тағылымы мол тарихи тақырыпқа арналған дүниелер жазып жүрген қаламгер ретінде жақсы танимыз. Сіздің туындыларыңыз көп жағдайда қазақтың шежіресіне, әдет-ғұрпы мен таным-түсінігіне негізделеді. Сондай-ақ қазақ елінің біртуар перзенттері – Қарасай, Шапырашты Наурызбай, Өтеген, Райымбек, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Бекболат секілді дулығалы батырлар, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Өмірзақ, Әбдіғали секілді дуалы ауызды ақындар, Төле би, Балуан шолақ, Сарыбай би, Андас датқа, Тезек төре, Медеу Пұсырманұлы, Құртқа тәуіп, Қырбай сал, тағы басқа тарихи тұлғаларды таныту Сіздің басшы шығармашылық ұстанымыңыз болды. Сіз әрқашан өз еңбектеріңізде ұлттық салт-дәстүрге ерекше мән бересіз. Сізді кезекті кітаптарыңыздың тұсаукесерімен шын жүректен құттықтаймыз! Жазар көбейсін! – делінген.

Анкарадан арнайы келген Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев елші Абзал Сапарбекұлының ыстық ықыласы мен үшбу сәлемін жеткізді. Хатта:

– Жазушы Якуп Омероғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Bengü» (Бенгү) баспасынан жарыққа шыққан «Құс қанаты» әңгімелер жинағыңыз түрік оқырмандары тарапынан жылы қабылданып, үлкен қызығушылыққа ие болды. Сонымен қатар, Сізді бауырлас елде ашылған Сүйінбай Аронұлы атындағы саябақ пен ескерткіш және Жамбыл атындағы көшенің ашылуына орай ұйымдастырылған Халықаралық конференциялар арқылы да жақсы таниды. Сіздің байсалды баяндамаларыңыз бен тұщымды ойларыңыз екі ел арасындағы мәдени байланысты арттырып, рухани достығымызды нығайта түсті», – делінген.

Бұдан кейін Мәлік Отарбаев Нағашыбек Қапалбекұлына түркі мәдениеті мен әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының арнайы сыйлығын табыстады. Қордың төрағасы, жазушы Яxия Акенгин. Сонымен қатар Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Актың, Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлының, Әлем жазушылары мен зиялылар қауымдастығының төрағасы Осман Баштың және Әлем сөз академиясының төрағасы Хайреттин Ивгиннің құттықтауларын тапсырды.Бұған қоса, тұсаукесер қарсаңында Ыстамбұлдан шығатын «Önce Vatan» («Әуелі Отан») газетінің колумнисі М.Кемал Саллының «Құс қанатындағы әңгімелер», сондай-ақ Анкарадан шығатын «Anayurt» («Анажұрт») газетінің колумнисі Орхан Селеннің «Қазақ жазушысы Нағашыбек Қапалбекұлы» атты сараптамалық мақалалары жарияланғанын тілге тиек етті. Онда авторлар қаламгердің «Құс қанаты» атты кітабы мен шығармашылық қолтаңбасы туралы, жалпы қазақ әдебиетінің түркі әлеміне тигізер ықпалы жайлы өз ойларын ортаға салады.

– Жазушы-дипломат Мәлік Отарбаев 25 қазақ жазушысының әңгімелерін аударып, құрастырған «Hüzün Kuşağı – Atayurt’tan Öyküler» («Сырлас буын – Атажұрттан әңгімелер») антологиясынан алғаш рет Нағашыбек Қапалбекұлының «Бір уыс бидай» әңгімесін оқып, үлкен әсер алған едік. Кейін «Құс қанаты» әңгімелер жинағымен танысып шықтық. Біз әдетте түркітілдес халықтардың бірлігі мен ынтымағы туралы жиі айтамыз. Бірақ көп жағдайда барлығы сөз жүзінде қалып қояды. Менің ойымша, түркі ынтымақтастығы саяси-экономикалық келісімдермен шектелмеуі тиіс, мәдени-гуманитарлық салада да қоян-қолтық араласуымыз керек. Халықтарымыз бір-бірімен жақындасуы қажет. Бұл үшін ақын-жазушылардың шығармаларымен танысып, көп оқуға міндеттіміз. Мысалы, бүгінгі таңдағы Түркияның мәдениеті мен дінінің, өркениеті мен ғылымының қалыптасуы жолында Қожа Ахмет Ясауидің алар орны ерекше. Сол сияқты түркі әлемін біріктіретін үлкен идея біздің әдебиет саласындағы ынтымақтастығымызға байланысты өрбігені орынды болмақ. Бұл үшін Түркиядағы кітап дүкендерінде түркітілдес халықтардың әдеби кітаптары сатылмайынша, оларға арналған насихат жүйелі жолға қойылмайынша түркі бірлігі тек қиял болып қала береді. Егер біз өз мақсатымызға жете алсақ, Нағашыбек Қапалбекұлының «Құс қанаты» сияқты әңгімелері түркі әлемі әдебиетіне қосылған үлкен үлес болар еді, – дейді Орхан Селен.

М.Кемал Саллы өз мақаласында жазушының өмір сүрген ортасы, балалық шағы туралы әңгімелей келе Нағашыбек Қапалбекұлы өз еңбектерінде ұлттық салт-дәстүрге ерекше мән беретінін атап өтіпті. «Автордың туындылары көп жағдайда қазақтың шежіресіне, әдет-ғұрпы мен таным-түсінігіне негізделеді. Сондай-ақ Сүйінбай, Абай, Жамбыл сияқты тарихи тұлғаларды танытуды өмірлік ұстаным етіп алған. Әсіресе, туған жері «Қызыл әскер» ауылында өмір сүрген адамдар шығарма кейіпкерлеріне айналған» – дейді колумнист.

Ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Темірхан Тебегенов өз кезегінде «Қа-зақтың бай әдеби тілінің қоры, қолдану тәсіл-дері, сөз тіркестері, жеке сөзге, сөйлемдерге мағына сыйғызатын суреткерлік қасиеті Нағашыбек шығармашылығын даралап тұр. Оның туындыларында соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ отбасыларындағы ауыр тұрмыс, жетімдік, жесірлік, тағы басқа психологиялық ахуалдар қазақы ортаның тілімен, қарапайым адамдардың көзімен баяндалады. Әдебиетте оқырман кейіпкерге айналу деген ұғым бар. Нағашыбек әңгімелерінен әр оқырман өз тағдырын табады», – депті. Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбек, профессор Хангелді Әбжанов, жазушы Жанат Ахмади, Жамбыл ауданының мәслихат хатшысы Саят Жұрын, басқа зиялы қауым өкілдері де сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. «Ақорда» республикалық қозғалысының төрағасы Қайрат Сатыбалдының құттықтау хатын оның орынбасары Қанат Мұсағұлов оқыды. Соңынан Нағашыбек Қапалбекұлы жиналғандарға алғыс айтып, айтулы азаматтарға шапан жапты.

 Салтанат ӘШІМОВА.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *