ҚАРАСАЙ БАТЫР: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Тарих
4 488 Views

Қарасайдың әкесі – Алтынайды ел абыз деп атайды. Абыз дегені – көріпкел, айтқаны келген әулие деген сөз. Қарасай ірі денелі, орасан күш иесі, көзі шоқша жайнаған алғыр болып өсіпті. Ірілігі сонша бір өгіздің терісі екі аяғына етік тігіп беруге әзер жетеді екен. Қарасай он алтыға толғанда әкесі шақырып алып айтыпты:

– Құдайға шүкір, алдыма он сан көк ала жылқы бітті. Бірақ, биыл әлемет жұт болады. Сен жаныңа қарулы жігіттерді таңдап ал да, жылқыларды алдыға салып айдап жай да отыр. Жылқы малы өте кірпияз, алдын қайырма, өрісін өзі табады.

Қар кісі бойынан асып, қақаған қыс ұзаққа созылып, ақсүйек жұттан елдің тігерге тұяғы қалмай қырылады. Күн жылына көктеуге, жазға салым ел жайлауға көше алмай қалады. Сол кезде алдына салып берген биелерін құлындатып, шұрқыратып дін аман Қарасай елге оралады. Алтынай абыз Қарасайды шақырып алып:

– Қойды серке бастар, тойды ерке бастар, ал елді ханием өрге бастар деген. Ал, ел – ерге қарайды. Ел басқарған ханиеміздің малы түгел қырылып, хан ордасымен көше алмай ескі жұрт – қыстауында отырып қалды. Ол алты атасынан бері Қыдыр дарыған төре атаның баласы, жерге қаратпайық. Енді балам, мына жылқының қақ жартысын ханға сыйла, апарып бер! – деп жолға салады.

Тігерге тұяқ қалмай жұртта отырған хан қалың шаңды үлкен тобырды көріп:

– “Жұт – жеті ағайынды” деуші деді. Мыналар жұтаған елді шапқалы келе жатқан жау болмаса игі, – деп үрейленеді. Жаяулап болса да жауға қарсы тұруға дайындала басталғанда шапқыншы келіп сүйінші сұрапты:

– Алтынай абыздың ұлы Қарасай қаптаған қалың жылқыны айдап әкеле жатыр, – деп.

Қарасай сондай-ақ, ханға жүк артар келе-келе түйе, сауынға табын-табын сиыр да әкеп тарту етіпті.

Ел аққа жарып, тойынып, ханды жайлауға көшірісіп, Қарасай хан ордасында ай жатып мейман болыпты. Ханға келіп Қарасай қайтуға рұқсат сұрайды. Сонда хан:

– Бүкіл ел-жұртымды ашаршылықтан аман алып қалдың. Не тілегің бар, балам! Үкідей етіп өсіріп отырған үш бойжеткен қызым бар, таңдағаныңды ал, күйеу балам бол! Күйеу демейін, ұлым бол! – дейді хан шын разы болып, ниеті қатты ауып.

– Ниетіңізге рақмет, ханием. Маған мына өзіңіз отырған қара босағаңызды берсеңіз өмірлік ризамын, – дейді Қарасай. Сонда хан тағынан атып тұрып, екі санын сарт ұрып:

– Алтынай, абыздығын істеді. Айтқаның болсын, балам, мына қара шаңырақ – сенікі. Ақ батамды берейін, – деп шыға жүре беріпті де өзінің екінші отауына барып кіріпті. Сонда хан тағынан тұра бергенде оң жақ иығына қызыл шұбар жолбарыс пайда бола кетіпті. Ханның соңынан ілесе шығып барып екінші отауына кірмей қайта бұрылып келіп, ақ ордада тапжылмай отырған Қарасайдың етігін жалап, оң жақ иығына басын артып, еркелеп жанына шоқиып отыра кетіпті.

Қарасайдың қара босағасы мен қызыл жолбарысы елімізге солай келген екен!

Айбынынан тау қозғалып, бұлт үркетін аты алты Алашқа кеткен Қарасай баба да нұр жауған, бата қонған әруақты кісі ғой. Жақсы адамға көз бен сөз тигіш болады. Қарасай батырдың келіншегі жылда босанады, жылда шекесі торсықтай, әкесінен аумайтын ұл туады. Бірақ та жарық дүниеге келген сол нәресте келесі сол уақытына жетпей шетіней береді, шетіней береді. Біреулер Қарасайға көз тиген, содан мұның баласы тоқтамайды деседі, енді келесі жолғы бала тұрып қалады деп үміттендіріп, жұбатады. Әйелі босанды деп бүгін сүйінші сұрап келсе, ертесіне ұлы толық өмір сүрмегенін естіртуге шапқыншы жетеді. Осылай келіншегі үш құрсақ көтеріп, шекесі торсықтай үш ұл тауып, үшеуі де шетіней беріпті.

Қанша батыр болғанымен Қарасай да ет пен сүйектен жаралған жан, сырттай сыр бермегенсігенімен іштей қатты мүжіліп, опыныпты. Ұлтарақтай жерімді бөтенге таптатпаймын, елімнің намысын ешкімге бермеймін деп жүріп талай жауының қанын суша шашып едім. Олар да пенде ғой, солардың көз жасы жібермегені ғой. Олардың ұрпақ-жақындары қарғап, мына дүниеден қубас болып өтпекпін бе? – деп күңіреніпті. Үшінші ұлын жерге бергенде самай шашы ағарып сала беріпті.

Төртінші мәрте келіншегі жүкті болып, айы-күні жақындаған сәтте бар қару-жарағын асынып:

– Мен аң аулауға кеттім. Мына найзамды тастап кетемін. Егер туған бала тірі болса отауымның төбесіне бөрілі байрақ іліңдер. Егер олай-бұлай болып кетер болса тұлдандырып, қара жылқының қара құйрығын байлаңдар. Көз көрмес, құлақ естімес алысқа кетемін. Сүйіншілеріңді үш күннен кейін ғана келіп сұраңдар. Сүйіншісіне қалағаныңды беремін. Ал, егер сәби өліп қалып, жаман хабар әкелген жанның тілін кесемін. Үш күн күтемін, – депті.

Аң қағып, құс салып, тау-тасты аралап қанша серуен құрса да батыр көңілі алаңдай береді. Бір күні үйінің үстіне бөрілі байрақ ілінгенін көріп: “Иә тәубе, тәубе, ұзағынан сүйіндіре гөр”, – деп көзінен жасы ағып, қайта қарауға жүрегі дауаламай ары ұзай береді, кете береді. Қанша жанарын сарқып қараса да туу алыстан түк көрінбейтін жаққа кетіп, алабұртып енді жақсы хабар күтеді. Екінші күні де еш хабар болмайды. Үшінші күні таң атысымен бір орнында тұра алмай, жаны байыз таппай, сергелдең күйге түседі. Елі жаққа мойнын созып, аузына күні бойы түйір ас-су алмай сүйінші сұраған жан келе жатқан жоқ па деп тесіле-тесіле шаршайды. Қырық мың қалмаққа қасқайып қарсы тұрғанда да, небір алпауыт айдаһардай ысқырынған жаудың баһадүрлерімен жекпе-жекке шыққанда да титтей “селт” етіп шімірікпеген жүрегі тарсылдап, дегбірі қашады.

Үшінші күні кеш батып бара жатқан сәтте көз ұшынан шөкімдей шаң көрінеді.

“Иә, ақсарыбас, ақсарыбас!” дегенше болмады әлгі шаң аннан бір, мұннан бір бұрқ-бұрқ етіп жанына жетіп-ақ келіпті. Анықтап қараса – өзінің жауға мініп шабатыны – Айтұяқ тұлпары! Асыл туған жануар күмбір-күмбір кісінеп, батырды үш мәрте айналыпты. Тұлпарының құйрық жалын тұттай етіп күзеп тастапты, алақандай екі көзі қанталап, шатынап батырдың қарсы алдына басын тосып, дір-дір етіп тұра қалыпты.

– Ә, жаманат хабар әкелген сен екенсің ғой. Бұ жалғанда қубас өттім десеңші! Дүниенің бәрі тәрк! Қубас, сорлап қалдың, сорлап қалдың десеңші! Енді сен де өлік, мен де өлік, – деп алмас қылышын алып, қақ шекенің тұсы деп, өлер жерің осы деп тұлпарының маңдайын ала періп кеп жібереді. Сонда өмірі сілтегенін жібермеген батырдың батпан қолы тұңғыш рет қалт кетіп, тұлпарының оң жақ құлағын шорт кесіп түсіпті.

Тұлпары да аузын кере ашып аспанға шапши бір секірді де иесінің алдына бас кессең міне дегендей сұлқ жата кетеді.

Батыр мына адамнан артық туған асыл тұяқты тұлпарын құшақтай өгіздей өкіріпті. Баяғы төгілген жібек жалы жоқ, енді бір құлағы шұнақ болған аттың алақандай екі көзінен де жас бұлақтай ағыпты дейді. Кенет жануар атып тұрады, үстінде батыр, ауылға қарай құс болып ұшады, жел болып еседі, құйын болып ұйтқиды. Әне-міне дегенше ауылына жетіп-ақ келеді. Қараса әйелі есік алдында баланы бесігіне салып, боздап отыр екен. Сол шапқан күйі бесікті іліп ала сала беті ауған жаққа ағызып кете береді. Ішінде өлген баласы бар бесікті құшақтаған Қарасай тау асады, құм басады, орман кезеді, айдыны шалқыған көлден өтеді, айбыны асқақтаған тау-белдерден өтеді. Асыл туған жануар тоқтамастан бір күн, бір түн шауыпты. Бір кезде тұлпары тоқтағанда дір-дір етіп, құлағының түбінен аққан қара тер тұяғынан бұлақ боп жерге құйылыпты.

Қарасай батыр атынан түсіп шетінеген нәрестені бауырына басып күндей күркірепті, түндей түнеріпті. Қапаланып, күңіреніп: “Әй, бүйтіп бұ жалғаннан қубас атанғанша, осы баламмен бірге өліп-ақ кетейінші… Ел-жұрттың көзіне көрінбей-ақ қояйын біржола”, – деп өлі бала бар бесікті тербете-тербете әбден қалжырап, таңға жуық көзі ілініп кетіпті. Көзі ілініп кеткенде түсіне жарықтық абыз атасы – Алтынай кіріпті. Күмістей әппақ сақалды, әппақ киінген абыз әкесі қасына келіп:

– Ау, балам, тұр, еңсеңді көтер! Құдайдан әр нәрсенің түбін сұра, қайырын сұра! Еліңнің төрт құбыласына қорған болар төрт ұлың болады. Міне, сенің көз жасың, ақ тілеуіңе қырық шілтен Қыдыр баба берген балаң міне, қабыл ал! Аты – Әуез балаңның! – деп бесікке қол аяғы тырбаңдаған балпанақтай баланы салып беріп, абыз атасы ұзап барып, көрінбей кетеді.

Ояна кетсе кеудесін түртпектеген бесіктегі бала тірі, маңдайы торсықтай ұл, шырылдап жылап жатыр. Жалаңаш қойнына сала сап, бешпентін қаусырынып, белдігін буынып, тұлпарына мінеді. Айтұяқ та тып-тың.

Ауылға келіп, отауына жақындайды. Шашын жайып жіберген, бетін керегеге осқылап, сұңқылдап жоқтау айтып жатқан әйеліне:

– Қане, тоқтат, өшір үніңді! Міне, қырық шілтен Қыдыр баба қолдап-қорғап баламыз тірі қалды! Тірі! Мә, еміз! – Абыз атам аян берді, аты Әуез болады. Мал сойыңдар, той жасаймын, – депті қуаныштан жарыла.

Осы Әуез ақжолтай болып одан кейін Қарасай үш ұлды болады. Әуезді жас кезінде Қарасай шақырып алып сынамақ болады.

– Сен менің өрісте жүрген Айтұяқ тұлпарымды ұстап скеле қойшы, – деп жұмсапты. Ертесіне тұңғышы бос қайтып келіп:

– Құздан құзға секіріп, ортекедей орғыған Айтұяқ ұстатпай қойды,– депті әкесіне.

– Әй, әбден қартайған сол жылқыны қайтсең де ұстай алмаған не деген жігітсің сен! Батырдың баласы деген атыңа дақ емес пе бұл! – деп ұрсып-ұрсып, қайтсең де алып кел деп қайта жіберіпті.

Аспанға атылып, бұлтпен жарысқан, садақтың жебесіндей зулаған тұлпарға құрық сала алмай, қасына жолай алмай, Әуез бір қора жігіттерімен қуа-қуа әбден қалжырап, зорығыпты. Ақыры құр қол бос қайтса әкесі оңдырмайтынын біліп, “Кәужіреп әбден жасы асқан жылқы ғой, бәрібір енді мұны мінбес”, – деп әлгі Айтұяқты атып алып, үйіне өлігін сүйретіп әкеліпті. Мұны көрген Қарасай батыр қатты назаланыпты дейді:

– Әй, Әуез балам-ай, әттеген-ай!.. Ер жігіт астындағы атын қойнындағы қатынынан артық көреді. Өйткені ат – ердің қанаты, жауға алдырмайтын, ажалға қалдырмайтын сол астыңдағы ат емес пе? Әй-әй! “Жақсы бала ардан пайда болады, жаман бала жардан пайда болады демекші”, бұл жылқы емес, киелі тұлпар еді. Оның қанат-пырағымен сен өмірге келіп едің. Талай бәле-жаладан аман алып шыққан менің бір жақ қабырғамдай болып кеткен тұлпарым-ай! Аса текті жануар еді-ау! «Сойылды сала білмеген өзінің санын сындырар» дегендей, мұның не масқара, балам-ау?! Сені сынайын деп жіберген едім. Үш мәрте “Қарасай, Қарасай, Қарасай!” десең, жуасып жүгенін өзі кигізер еді. Соны ұқпағанбысың, балам?! Қызыл шұбар жолбарысым балаларымның ешқайсысына ермей сенің оғыңнан үркіп кететін болды-ау… Әй қайырылса, кейінгі бір ұрпағымнан кейін оралар… Әттеген-ай десеңші!.. – деп бабамыз тұлпарының басын құшақтап қатты назаланыпты.

* * *

“Әке – балаға сыншы” дегендей Қарасай баба өзінің төрт ұлын бірде сынамақ болыпты. Әуез, Өтеп,Түрікпен, Көшек деген балалары ат жалын тартып мініп, жігіт болып қалған уақыты екен. Қаңтардың сақылдаған сары аязында жылқышылардың қасына апарып, семіз тайды сойдырып, тұтас астырады. Ет жегізіп, қойдың құртын қосқан қою сорпасын ішкізеді де төртеуіне төрт ішік береді.

– Сендер батырдың балаларысыңдар! Мына ішікке оранып, анау жылқының шетіне барып ұйықтаңдар. Қардың үсті, сары аяз кеуде сарайларыңды ашып, күш-қуаттарыңды тасытады, қара жер қасиет береді, – деп ақ қар, көк мұзға балаларын бір-бір ішікпен жатқызады да өзі жылқышылармен қоста әңгімелесіп отырады. Таңға жуық әбден суық шалған, аяз сорған шақта балаларым қалай жатыр екен деп сынауға шығады. Төртеуінің шеттеріне тақай бергенде:

– Көке-ау! – деп Әуез ұйықтамай ояу жатыр екен.

– Әуез, сен өмірі ел ішінен ұзап шықпай, ортада ғана отыратын ел болады екенсің, – депті батыр әкесі.

Өтеп екі жұдырығын түйіп ұйықтап жатыр екен.

– Өтеп балам есесін ешкімге бергізбейтін, ішіне бөтен жанды кіргізбейтін ақ адал малыңмен күн көреді екенсің, – деп сынапты.

Түрікпен ішікті айқара ашып тастап, кеудесі көріктей көтеріліп, үстінен буы бұрқырап, екі қолын екі жаққа керіп, кіжініп ұйықтап жатыр екен.

– Түрікпен балам-ау, қолың жетер жерді сұрайсың-ау. Сенен жаужүрек батырлар көп шығып, қара ормандай көбейіп, еліңе қорған боларсың түптің түбінде, – депті.

Кенжесі Көшек ішікті түгел қымтай оранып, басын ішке бүгіп, пысылдай ұйықтап жатқанын көріп:

– Көшек ұя бұзбас, еңбегі бойына даритын бай, сөзі ісіне сай, атағы күн мен ай болады екенсің, – деп Қарасай батыр Көшегіне баға беріпті.

* * *

Қартайған шағында Қарасай батыр балаларына былай деп өсиет айтыпты:

– Сендер тіршілігінде әулие атанған Алтынай абыздың немересі, Қарасай батырдың баласысыңдар. Жақсы қыз – жағадағы құндыз, жақсы ұл – көктегі жұлдыз. Жақсылап ұғып алыңдар. Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы, көпке салса – дұрысы, көнбесе болар – ұрысы. Алдымен еліңнің, жеріңнің қамын ойлаңдар, сөзіме терең бойлаңдар. Дауға араласпай әділін қақ тіліп айтар биге жүгініңдер. Әулекі би ат үстінен билік айтып, елді бүлдірер. Қара қылды қақ жаратын, елінің ығын табатын, көпті ұйытатын биді қасыңа алыңдар.

Биік төбеге шықсаң – көзің ашылады,

Жақсымен жолдас болсаң – көңілің ашылады.

Ақылды бимен болсаң – дауың басылады.

Хас батырмен бірге жүрсең – жауыңды қашырады.

Құтты адаммен қоңсы қонсаң – әруағыңды асырады.

Атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы,

Қатының жақсы болса – жанып тұрған шырағың.

Биің жақсы болса – сөзің елде тұрады,

Балаң жақсы болса – еліңнің асыл шынары.

Қызың жақсы болса – өрісті болар тұрағың,

Жақсы жан ешкімді жатырқамайды.

Жан жолдасың ешуақытта алдамайды,

Әңгүдік жаман ғана сөзіңді тыңдамайды.

Арғымақ аттың баласы – аз оттап, көп жусайды.

Асыл ердің баласы – аз сөйлеп, көп тыңдайды.

Қаңқу сөз – жаныңды жаралайды.

Жала сөз – тірілей қаралайды.

Жақсы сөз – дем берер,

Күш-қуат әл берер.

Болат қайнауда шынығады,

Батыр майданда шынығады.

Ер ат үстінде көп жүріп,

Елі үшін аз тынығады.

Бұл айтқандарымның көбісі – бұрынғы өткен атам қазақтан қалған асыл сөз! Сендерге осы сөзім жолбасшы болсын. Батам қабыл болып, жортқанда жолдарың болсын! – деп батасын беріпті. Төрт ұлына төрт асықты жілікті тұтас мүжітіп, төрт асығын алып, оң жақ босағасына апарып көміпті де: “Ынтымағы жарасқанның ырысы артық” дегендей мен бұл қара шаңырағымның оң босағасына бұл асықтарды әдейі көмдім. Төртеуіңнің ешқашан уық-керегелерің ажырамасын, араларыңа қылау түспесін. Сонда береке-құттарың тасып, жақсылық өздері-ақ келеді. Ал, біріңді-бірің көре алмай, күншілік етсеңдер, таршылық жасасаңдар, берекелерің кетеді. Осыны кейінгі ұрпақтарыңа аманат етіп жүріңдер Қарасай бабамыздың өсиеті деп! – деген екен.

* * *

Иә, шынында да аты ұрпақтан-ұрпаққа тараған Қарасай батыр кім? Ол жөнінде қысқаша мәлімет бере кетуді жөн көрдік.

Ұлыларды заман туғызады. Жақсылардың аты ел санасынан ешуақытта өшпейді.

Қарасай Алтынайұлы 1598 жылы Алатау бөктеріндегі Суықтөбе тауының бауырында Қарасаз деген жерде дүниеге келеді. Қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысқан батыр, қолбасшы. Ұлы жүздегі Шапырашты руының Есқожа тармағынан шыққан. И.Э. Фишердің «Сібір тарихы» атты кітабында Қарасайдың 1653 жылы Сібір-Тобыл ұрысына қатысқаны айтылады. Сондай-ақ, оның 1643 жылы Орбұлақ шайқасына қатысқаны туралы дерек бар. 1652 жылы Қарасай қазақ жасақтарын басқарып, жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ержүрек, көреген қолбасшы ретінде көзге түседі.

П.П. Румянцевтің «Жетісу облысының материалдары» деген еңбегінде: «Батыс Қастек өңірінде Шапырашты руынан шыққан Қарасай батырдың ұрпақтары тұрады. Оның бейіті Көкшетау уезінің Айыртау деген жерінде (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы) орналасқан» деп жазды. 1997 жылы тамыз айында Қарасай мен оның жорықтас жолдасы Ағынтай батыр жерленген төбеге ескерткіш-белгі қойылды. Қарасай батыр есімі Шапырашты руының ұранына айналған. Сүйінбай Аронұлының «Қарасай батыр» атты тарихи дастаны бар. Оның ерлігін Жамбыл да көп жырлаған. Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылының маңындағы биік жота, сондай-ақ бұрынғы Қаскелең ауданы Қарасайдың есімімен аталады. Ұзынағаш ауданында батырға ескерткіш орнатылған. 1999 жылы батыр туралы телефильм (сценарийін профессор Сұлтанғали Садырбаев жазған, режиссері. Берік Құсанбек) түсірді.

Қарасайдың тарихқа енуі Тәуекелден кейін Есімханның таққа отыруымен тұспа-тұс келеді. 1620 жылы Есімхан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бірігіп отыз мың қолымен ойратқа шабуыл жасады. Бұл ұрыста 79 жасар Сүйіндік Жанай батыр бөрілі байрақ туды жас жолбарыс Қарасайға тапсырды. Қара Ертістің оң қанатындағы осы соғыста Есім “Еңсегей бойлы ер Есім” атанды. Осы жылы Тобыл бойындағы соғыста Қарасай ойраттың екі тайшысы – Тойлы мен Қарақалды қолға түсіріп, хан алдына айдап әкелді. Сонда Есімхан риза болып: “Сен енді бүкіл қазақтың Қарасай батыры болдың”, – деп айтыпты. Шынында да қазақ жерінде Қарасай батырдың тұлпарының тұяғы тимеген жері жоқ деуге болады.

1627 жылы Тобылдан ығысқан ойраттар ес жиып, Еділ мен Жайықтағы Алшындарды шауып тыныштық бермегені, Еділдің Хазарға құяр жеріндегі қазақтарды қырғаны жөнінде суық хабар жетті. Осыған байланысты Есімхан Түркістанда жиын өткізеді. Хан қазақтың Қарасай батырын, Арғын Ағынтай, Найман Көксерек, Қаңлы Сарбұқа, Әлімұлы Төртқара – Жиембет батырларды шақырып, әрқайсысына бес мың қол сарбаз беріп, Жайыққа аттандырады. Хазар теңізінің жағасында 83 күн ұрыс болып, біржарым ай батырлардың жекпе-жегімен өтті. Қарасай батыр тоғыз рет майдан алаңында жекпе-жекте Манжы, Танжы бастаған жаудың он бір батырын жеңді. Ал, Ағынтай батыр бұл соғыста жеті рет жекпе-жекте шайқасқан. Осы ұрыста ойраттар жеңіліп, орыс еліне қарай қашты.

1635 жылы Есімханның ұлы Жәңгірді қалмақтар тұтқындап әкетеді де қазақ қолын Қарасай батыр басқарады. Қалмақтар бұл шақта Жетісудың терістік-шығысын басып алып тұрған. Қазақ қолы күш жинап тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды Жоңғар қақпасына дейін қуып, күйрете соққы берді. Қарасай мен досы Арғын Ағынтай батыр екеуі бірігіп, Жәңгірді үлкен ерлікпен қалмақ тұтқынынан босатып әкеледі.

1640 жылы Есім ханның орнына Жәңгір таққа отырады. 1643 жылы Алтын ханның ұлы Омбы бастаған елу мың ойраттар қазаққа лап қойды. Жәңгір мен Қарасай Доңызтауына кіріп келе жатқан жауды көп қырды. Осы кезде Алшын Әлімұлы Төртқара, Жалаңтөс баһадүрлер келіп, көмекке жетті.

1646 жылы қазақ-қалмақ соғысы Қосқолаң тауының арасында өтті. Қарасай мен Ағынтай қолын оқпанға жасырды. Ордағы сарбаздарды көрмеген қалмақтар үлкен шығынға ұшырады.

1652 жылы қалмақтар қырғыздарға шабуыл жасады, оған болысуға Қарасай батыр сарбаздарымен көмекке барды. Осы соғыста Қарасай батыр қалмақтың қолбасшысы Батыр қонтайшының қолын шауып түсіріп, ол содан өлді. Жәңгір хан қайтыс болған соң орнына Тәуке отырды. Батыр қонтайшы өлген соң алты жылдан кейін оның үлкен ұлы Сенге бастаған қалмақтар тағы да шабуыл жасады. Оның 23 мың қолы Алматыны басып алды, одан Далатау Таласқа жетті. Құлан төңірегінде алты күн ұрыс болды. Осы жерде Қарасай мен Ағынтай әрқайсысы қол бастап, 200 мәрте ұрысқа кірген екен. Осы өңірде екі батырдың есімімен жер аталып қалыпты.

1664 Ұлу жылы Арқас аңқайынан (Жоңғар қақпасы) екі мың торғауыт Наймандар мен Жалайырларға шабуыл жасап, Қарасай мен Ағынтай ұрысқа бірге кіріп, жауды қуысқан. Осы соғыста Ағынтай батыр аяғынан жараланып, ақсақ болып қалған, Қарасай батыр да жараланған.

Ел іші тынышталғанда Қарасай батыр бірсыпыра туғандармен, өзінің қандымайдан досы Арғын Ағынтай еліне барды. Онда бір жылдай тұрып, 1671 доңыз жылы тамыз айында қайтыс болды.

Келесі жылы Арқада ат шауып, ас беріледі. Досының асын берген соң сол жылы Ағынтай батыр да қайтыс болып, оның да сүйегі өз өсиеті бойынша Айыртаудағы Құлшынбай төбесінде Қарасай батыр бейітінің жанына жерленген.

* * *

Профессор П. Румянцевтің жинатып, соның басшылығымен 1913 жылы шыққан “Верный уезі” деген кітапта былай жазылған: “… Қарасай мүрдесі Көкшетау уезінің Айыртау сағасында!”. Қарасай батырдың есімімен екі жүздей жер, су, тау, сай аттары аталған, бүкіл бір тайпаға есімі ұран болған.

Қарасай батыр жөнінде Шоқан Уәлиханов өз еңбегінде атап кеткен. Зерттеуші-қайраткер Мұхаметжан Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкент қаласында шыққан “Қырғыз-қазақ халқы тарихынан материалдар” деген еңбегінде (25-бет) “Шапыраштының ұраны – Қарасай, таңбасы – Ай, Тұмар” деп атап көрсетілген.

Қазыбек бек Тауасарұлының “Түп-тұқияннан өзіме шейін” атты кітабында Қарасай батырдың өр өмірі, түп-тамыры, ерлік хикаяттары, қолбасшылық дарындылығы жөнінде кеңінен баяндалады. Балғабек Қыдырбекұлы “Қазақтың Қарасай батыры” атты мақаласында батыр баба жөнінде жан-жақты жазды. Сәрсенбі Дәуітұлы, Сұлтанғали Садырбаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Жанат Ахмади, Мұхаметжан Етекбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Нысанбек Төреқұлов, Есберген Естаев, Хафиза Бәкірова, Нұртілеу Бәкіров, Әбубай Байғазыұлы, Бейбіт Сапаралы, Арықбай Ағыбаев, Мамытбек Қалдыбаев, Жабал Ерғалиев, Доғдырхан Тұрлыбек, тағы басқалар батыр жайлы зерттеу мақалаларын баспасөз бетіне шығарды.

Қарасай батыр жайлы көптеген ежелгі ақындар жырлаған, дастан-қиссалар шығарған. Олардың ішінде Сүйінбай мен Жамбыл өте көп жырлаған.

Атақты Сүйінбай ақын былай деп толғайды:

Үйсіннің бір руы – Шапырашты,

Жауына жаны ашымас қаны қасты.

Соларда бір ұл өсті – ер Қарасай,

Қақ жарған атқан оғы қара тасты.

 

Қарасай ұран салды өз атынан,

Дұшпаны қарсыласқан болғандай таң.

Қазақтың жалпақ жатқан кең даласы

Батырдың шайқалады қайратынан.

 

Үлкен ұран Қарасай әуел бастан,

Содан бері Қарасай даңқы асқан.

Оған берген ерлердің батырлығын

Ақын-жырау келеді етіп дастан!

 

Жамбыл ата әрбір өлеңін бастар алдында батыр әруағына сыйынады екен:

Арғы атам әруақты ер Қарасай,

Теңселген дүбіріне тау менен сай.

Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан

Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай! – деп жырлаған.

Халық ақыны – Өмірзақ Қарғабаев былай деп жырлаған:

Ұран болған халқыма,

Алтын діңгек салтыма.

Қарасайдай батырдың

Кім түсінбес нарқына.

Ұқпайтын ол жасынға,

Мін болар ма асылда.

Бұлтқа туын қадаған

Суықтөбе басында.

Ұранымыз Қарасай

Қарасай кімнен аласа-ай,

Әруағына пір тұтқан

Айналайын Алаш-ай!

Әбдіғали Сариев, Үмбет Дәулетбаев, Әсімхан Қосбасаров, Қожабек Ахметов сияқты ақындар батыр ерлігі жайлы дастандар жазды.

Нұрғиса Тілендиев Қарасай батыр жайлы күй шығарды. Балнұр Қыдырбек, Жолдасхан Құрамысов батыр баба жөнінде ән жазды.

Жалпы, ұлы тұлғалардың ұлылық қасиеті көп болады. Қарасай тек ірі батыр ғана емес, айтқаны дәл келетін әулие көреген, біреуге қатты ренжіп, зіл тастаса, теріс бата берсе, қара жер қарс айырылғандай қара жамылтатын арқалы, әруақты жан болған.

Қартайған шағында шыбық мініп, ойнап жүрген бала Төлені өзі іздеп барып, ақ батасын берген екен. Төле кейін күллі қазақ елінің тізгінін ұстаған әз Төле би атанғаны белгілі. Атақты, әруақты, қасиетті жандардың киесі, пірі болады. Қарасай бабамыздың жолға шығарда, ұрысқа аттанарда соңынан қызыл шұбар жолбарысы бірге еріп жүреді. Ол батырдың өзіне ғана көрініп, аян беретін қасиетті киесі, қыдырлы қызыры екен. Қарасай бабамыз бұл дүниеден өткен соң қызыл шұбар жолбарысы Төле биге, одан Сұраншы батырға, одан Сарыбай биге, кейін Жамбыл атаға еріпті, – дейді.

Қарасай батыр жарты ғасырдай ат үстінен түспей, талай ұлылы-кішілі ұрыстарға қатысты, талай жекпе-жекке шықты, майданның сан қырлы тәсілін меңгерген қолбасшы болды. Төңірегіне қазақтың кіл мықты батырларын топтастырды. Атап айтқанда, Арғын Ағынтай, Қоңырат Алатау, Алшын Жиенбай, Қаңлы Сарбұқа, Әлімұлы Төртқара Жиембай, Найман Көксерек, Жалаңтөс баһадүр, Суан Елтінді, Асыл Әйтей, Қырғыз Көден мен Табай, тағы басқа да хас батырлармен тізе қосып, еліміздің төрт құбыласын түгендеп, дұшпанына қарыс жерін таптатпай жандарын шүберекке түйді.

Қарасай батырдың ұрпақтары арасынан да аты ауызға іліккен батырлар көптеп шықты. Жарылғап, Қараш, Кәшке, Дәулет, Жәпек, Қаумен, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, тағы басқа ерлігімен ел есінде қалған ерлер қаншама?!

Қартайған шағында ел ағасы атанып, әділ би болды, салиқалы мәселелерді шешуге қатысты. Мәселен, 1669 жылы Қарасай батыр, Тама Тұғынай, Матай Кеден би үшеуі Ресейге келіссөзге барған.

Ел арасында Қарасай батыр жайлы аңыз-әңгіме, деректер көп-ақ. Жалпы, Қарасай батырдың ғұмыры мен елі үшін істеген ерлігін зерттеу, екшеу, тұғырлы өмірін қазіргі күн тұрғысынан зерделеу – бүгінгі ұрпақтың асыл парызы…

* * *

… Құлшынбай төбесінде қос батыр бейіті қатар жатыр.

– Ей, бізден тараған бауырларым, біздің асыл текті ұл-қыздарымыз! Алтын айдарлы ұл, күмістей қыз – тек ынтымағы жарасқан, берекесі асқан елде ғана туады. Бар қазақ баласы бөлінбеңдер, мәңгі бірге болыңдар, – деп ұрпаққа үн қатқандай қос батыр бейіті бақилық болып жатып-ақ үлгі-өнеге тастап аманаттап кеткен екен-ау.

Шапырашты Қарасай батыр мен Арғын Ағынтай

батырлардың бірге жатқан бейіттерінің басына тәует етіп, белгітас қойғанымызда көкірегімізде осындай ыстық ойлар ұялады. Батырлар жатқан бейіттен бір-бір шымшым топырақ алып тастап:

– Бабаларымыздың әруағы қолдап, еліміздің ынтымақ-бірлігі арта берсін!

– Жатқан жерлеріңіз жарық-мамық, жандарыңыз жәннатта болсын! – дестік тебірене құрбан шалып, бата оқытып.

Құлшынбай төбесінің іргесіндегі бұрынғы Мәдениет ауылы бүгінде Қарасай ауылы деп аталады. Кезінде Қарасай батырдың қара шаңырағы тігілген – Көкшенің әсем де құлпырған жеріне көзім талғанша қарадым. Осы жерді Қарасай бабам басып жүрді-ау деп ой тербетіп, төңіректі араладым. Ақанбұрлық өзеніне бетімді жудым. Анау жерде Жаңатай батыр жерленген. Елі-жұрты батырлар бейітіне Құран оқып, құрметтеп тұратынын біліп, тіпті разы болыстық.

Қарасай ауылының адамдары да шетінен мәрт, даланың ақкөңіл желіндей жомарт қолды, ашық жандар екен. Бірінен соң бірі қонаққа шақырып, батыр бабалар жөнінде тебірене іліп алып әңгімелеп кетті дерсің. Атадан балаға мирас болып қалған қазақтың ғажап кең даласы-ай, қайран асыл сөздер-ай!..

Қарасай батырдың ұрпағы Бегжар бабасының бейітінен алған бір уыс топырақты қазір батырдың қара босағасын ұстап тұрған Асқарға әкеп тапсырды.

* * *

Қара босаға! Қарасай батырдың қара босағасы!..

Зәуімнен бір қиналсам немесе сүйінші хабар келсе Қарасай бабамның қара босағасына барамын. Былғарымен сырты қапталған ұрпақтан-ұрпаққа асыл мирас, ұлы мұра болып келе жатқан маңдайшаға маңдайымды тигіземін. Оның бетінде – Батыр Баба түсінде көретін, аян беретін Ай және ұрпақтарына аманаттап кеткен тілегі – Тұмар. Екеуі де қастерлі, қасиетті ұғым. Бойым жеңілдеп, күш-қуат аламын.

Батырдың қара босағасы жайлы қаншама аңыз, әңгімелер естідім.

Қарасай батырдың қара шаңырағының босағасы мен маңдайшасы қазір Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында, ұрпақтарының қолында бойтұмардай сақтаулы тұр!

* * *

Қарасай батыр бейіті қалай табылды?

Қарасай бабамыздың бейіті Арқада деп еститінбіз.

Ал, профессор П. Румянцевтің жинатып, соның басшылығымен 1913 жылы шыққан «Верный уезі» деген кітапта: «… Қарасай мүрдесі Көкшетау уезінің Айыртау сағасында!» – деп жазғанына орай мен университетте бірге оқыған курстас достарым – сол кездері Ақмоладағы журналист Бәдуан Имашевқа, Көкшетаудағы Жабал Ерғалиевқа қайта-қайта хабарласып, іздеуге, көмектесуге қолқа салдым. Ақыры қуанышты хабар келіп жетті.

Көкшетау өңірінің белді азаматы, жасынан арғы-бергіні танып зерттеп жүрген көкірегі даңғыл, шешен де білгір жазушы-журналист Жабал «Қарасай бейіті табылды!», – деп сүйінші сұрады.

Іле «Егемен Қазақстан» газетінде бұл жаңалық бүкіл елімізге тарады:

“Біз үшін, ел үшін, еркіндік үшін күрескен батырлар, хандар болғанын айта білу аса қажетті іс. Шүкіршілік, бұл орайда алғашқы зерттеулер, алғашқы еңбектер жазылып, жарық көре де бастады.

Ендігі арада батыр бабаларымыздың бәріне де құрмет көрсетерлік мәселені ойласақ етті. Алайда сол батыр бабалар мүрделері қайда, қай жерге жерленген. Міне, біз осы бір жайды анықтап алғанымыз дұрыс болар еді.

Бұл орайда мені Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-түқианнан өзіме шейін» деген қазақ тарихы кітабындағы Қарасай батырдың «Хижраның 1049 Доңыз жылы тамыз айында жетпіс үш жасында дүниеден өтті. Сүйегі Арқада, Айыртау деген жерге қойылды», – (208-бет) деген жолдар ойға қалдырғаны анық-ты.

Шапырашты Қарасай батыр хақында жазылып, басылған әдеби, тарихи дүниелердің біразын сүзіп оқығаннан соң Көкшетау қаласынан 90 шақырым қашықтықтағы қасиетті Айыртауға барып, батыр баба зиратын іздеу ісімен айналысқан едім. Айыртау ауданының әкімі Армиял Әбілқайыров: «Батырлар жерленген бейіт осы біздің Мәдениет ауылының төңірегінде көптеп саналады. Сондағы қариялардан сұрау салу керек», – дегенді айтты. Біз осы әңгімеден кейін Мәдениет ауылына бет түзедік. Ең әуелі сонау Алатау бөктерінен түстіктегі Көкшетауға, соның ішінде Айыртауға Қарасай батыр баба неге, қашан келді, сүйегі неге Арқада қалды деген сауалдарға жауап іздеп, өз ойымызбен алыстық.

Осынау сауалдардың жауабы белгілі жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының «Егеменді Қазақстан» газетінің 1992 жылғы 29 ақпан күнгі санында жарық көрген «Қазақтың Қарасай батыры» атты көлемді зерттеу еңбегінде айтылған да еді. «Қазыбек бек жазбаларындағы Қарасай батырдың қайда өліп, жерленгені туралы пікірді, – деп жазады Балғабек Қыдырбекұлы, – профессор П.Румянцевтің жинатып, соның басшылығымен 1913 жылы Петербургтен шыққан «Верный уезі» деген Жетісу облысының көптен тұратын жергілікті халық пен орыстар шаруашылығы және олардың жер пайдалануы туралы кітапта ашық жазылған. Кітап материалдары әлі көнекөз қариялардың барында, тіпті кейбір қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданына қоныс аудармай тұрғанда туған адамдардың кезінде, 1911 жылы жазылып алынған… Қарасай мүрдесі Көкшетау Айыртау сағасында».

Қазыбек бек жазбаларында, тағы басқа да зерттеу еңбектерінде 1671 Доңыз жылы тамыз айында жетпіс үш жасында дүниеден өткен Қарасай батыр Айыртаудың қай жерінде болды екен?

Қазақ даласында не көп, мола көп, қорым көп. Бірақ Айыртау ауданына қарайтын Мәдениет ауылының іргесіндегі Құлшынбай төбесіндегі осы бір ескі қорымды ең әуел бастан батырлар жерленген жер деп қасиеттеп қарайтыны бар-ды. Құлшынбай төбесі батырлар жерленсе жерлейтіндей-ақ ғажайып жер екен. Көз ұшында қос өркешті Айыртау сілемдері мұнарланады. Төбенің етегін шайып Ақанбұрлық өзені ағып жатыр.

Биік төбенің ұшар басында жан-жағы таспен қоршалған ескі қорымды «Қарасай бейіті» деген ауыл ақсақалы Қыпшақ Қалдарбекұлының үнінде сенімділік бар еді. Бала кезімде әкем жарықтық бұл арада батыр адам жерленген, – деп өткен-кеткенде дұға оқып жүретін-ді. Содан кейін Мәдениет ауылының ақсақалы, көпті көрген Құбаш Мәжіғұлұлы да бұл қорымның Қарасай батырдың бейіті екенін құптап, Құран бағыштады.

Айыртау сілемдерінің етегін алып жатқан осынау биік төбе басындағы мына қорымда Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батыр бабаларымыздың қатар жатуы екі ұлы адам арасындағы мәңгілік достықты, адами қарым-қатынастағы адалдықтың белгісіндей әсер еткен-ді. «Осы бір жылдары қазақ жері аз да болса тынышталып, жаға жайлау, етек қыстау болған заман бола қалды. Қарасай батыр бірсыпыра туғандарымен өзінің қанды көйлек досы Ағынтай еліне көшіп барды», – деп жазған Қазыбек бек жазбаларын дәйекке алар болсақ, Қарасай батыр бейіті осы Құлшынбайдың төбесінде деп тұжырым жасауға болар еді.

Көкшетау кедені бастығының орынбасары, Қарасай батыр ұрпақтарының бірі Ерлан Игіліков өзінің қуанышын жасыра алмай: «Бәсе, батыр баба осындай биікке жерленсе етті», – деп толқи сөйледі.

Келесі, яғни 1998 жылы Қарасай батыр бабаның туғанына 400 жыл толады екен. Міне, осыған орай батыр бабаның туғанына төрт ғасыр толу құрметіне арналған игі шаралар осы бастан жасалғанын қалар едік. Ең әуелі Көкшетаудың Айыртау өңіріндегі Құлшынбай төбесінде жатқан арасынан қыл өтпеген достығы бар халқымыздың қос батыры Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батырлардың басын көтеру, мазар тұрғызу – парызымыз деген ойымызды айтқымыз келеді. Бұл орайда қазір біз Көкшетауда Қарасай батыр атындағы қор ашудың қамын жасап жатырмыз. Іс оңғарыла қалса, халқымыздың ауыз-бірлігінің белгісіндей боларлық ескерткіш соғу, түрлі шаралар өткізу қажет-ақ”, – деп қуанышты хабарды тұңғыш рет бүкіл елімізге жазып таратқан Жабал Ерғалиев еді.

* * *

Әрқашан жақсы істерді бастап жүретін сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетов 11 адамға билет әперіп, дереу ұрпақтары Көкше өңіріне ұштық.

Айыртау тауының бөктеріндегі Құлшынбай төбесіне барып Шапырашты Қарасай батыр мен Арғын Ағынтай қос батырдың бейітіне Құран оқытып, құрбан шалып, белгітас қойдық. Сол жерде мынандай аманат хат жаздық:

«Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батырларының бүгінгі ұрпақтарына аманат сөзі:

Бір қазақ елі мен жерін жат-жұрт шапқыншыларынан қорғау жолында күресіп, ерлік пен елдіктің, батылдық пен батырлықтың ғажайып үлгілерін көрсеткен Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батырларының ұрпақтары осы сөзімізді егемен еліміздің барлық халқына арнағымыз келеді.

Ғасырлар қойнауында жатқан бай тарихымыздың беттерін жасқанбай ашып, алаңдамай оқитын сәт туған қазіргі кезеңде біз бабаларымыздың ұлы ерлігі мен ұлы достығына тәнті болудамыз. Мынау байтақ та бай, қасиетті де әруақты даланы білегінің күшімен, найзасының ұшымен, атының тұяғымен бірлесе қорғай білген бабалар рухы бізді қайран қалдырады.

Қасиетті ұлы бабаларымыз Шапырашты Қарасай батыр мен Арғын Ағынтай батыр қазақ даласын басынғысы келген жауға қарсы ұрыста біріне бірінің арқаларын түйістіріп қойып айқасады екен. Егер сол бабалар бір-біріне арқаларын сүйеп, бірін-бірі қорғай ұрыс салмаса қаншама білекті, қаншама жүректі, қаншама батыр болса да жау найзасына түйреліп, жау қылышына туралып қалар еді ғой. Бір-біріне арқа сүйей білген, бір-біріне қорған, пана бола білген сол бабалар қанды ұрыстан өздері де аман шығып отырады, қасиетті туған жерімізге де жау аяғын тигізбеді.

Ел шетінен жау арылып, тыныштық орнаған бір сәтте Алатаудың ен бөктеріндегі елінде жатқан Қарасай батыр бабамыз Арқадағы қанды көйлек досы Ағынтайды сағынып, өз көшімен Сарыарқаға досының жанына қоныс аударған-ды. Арқаға, қасиетті Көкшетауға келіп, өзінің қанды көйлек досы Ағынтай бабамызбен 73 жасында дүниеден өткен. Арғын Ағынтай батыр 1672 жылы, яғни Қарасай батырдан соң бір жылдан кейін фәни дүниеден өтті.

Қайран бабалар, неткен қасиетті едіңдер! Қанды көйлек достар мәңгілік дүниеге сапар шеккен сәтте де бір төбенің басында болуы, құшақтарының жазылмай бірге қалуы бұл құдіреттің өмірі, құдіретті бабаларымыздың қасиеті болар!

Мынау Көкшетау жеріндегі Айыртау өңіріндегі Құлшынбай төбесінің биігінде қатар жатқан Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай бабаларымыздың әруағы бұл күндері бір қазақтың баласын жүзге, руға бөлгісі келгендерге, қазақтың ауыз бірлігі, ынтымағы болмаған деп өзеурейтіндерге ескерту жасар еді. Ел шетіне жау тигенде оған бірге шапқан, ажал жеткенде де бір төбенің басында бірге жатқан қасиетті бабалар салған достық пен бірлікті, ерлік пен елдікті енді біз қастерлей білейік!

Егемен қазақ елі көшін әлемдік өркениетке қарай түзеген осынау тарихи кезеңде ел бірлігін, ел ынтымағын нығайту, халқымыздың ауыз бірлігін күшейту аса қажетті әрі маңызды деп білеміз.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жүргізіп отырған экономикалық реформаны қолдаумен бірге ел мен жердің игілігі үшін жұмыла еңбек етейік. Қазақ даласының байтақ жеріне ие болайық, шетелдің елімізге келіп жатқан іскерлерінен жұмыс істеуді, өнім өндіруді тезірек әрі тереңірек меңгерейік. Қазақстанды мекендеп отырған барлық халықтың достығына ұйтқы болу да біздің тарих алдындағы үлкен жүгіміз болса керек.

Біз Шапырашты Қарасай батыр мен Арғын Ағынтай батыр бабаларымыздың қабірі жатқан Құлшынбай төбесінің басында бас қосқан бір топ азаматтар қазақ халқын, барлық қазақстандықтарды еліміздің ертеңгі болашағы үшін ынтымақшыл, бірлікшіл, еңбекшіл болуға шақырамыз!

Аманатқа қол қоюшылар:

Нұртілеу Бәкірұлы – еңбек ардагері, Аубай Байғазиев – қоғам қайраткері, шежіреші, Нағашыбек Қапалбекұлы – жазушы, Халықаралық Жамбыл қорының бас директоры, Асқанбай Ерғожаев – республикалық «Арай» журналының бас редакторы, Доғдырхан Тұрлыбеков – «Қазақтелефильмнің» бас редакторы, Ермұқан Артықбаев, Бекжар Ысқақов – кәсіпкерлер, Армиял Әбілқайыров – Айыртау ауданының әкімі, Оразбек Ахметов – Көкшетау аймақтық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Айбат Есентұров – Қарасай батыр шаруашылық серіктестіктің төрағасы, Еркін Жүсіпов – «Златогор» өндірістік кооперативінің бастығы, Сұлтан Шәймерденов, Темірбай Қабдылмәжитов – соғыс және еңбек ардагерлері, Бақберген Амалбек -«Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, Қыпшақ Қалдарбекұлы, Қайдар Әшімұлы, Ж. Семтіков, Ж. Қанафин, Е. Қабиденов, С. Қинаятов, К. Мұқышев, Е. Дүкенбаев, А. Әшімов, Ж. Көшімбаев, Д. Жұмағұлов – Мәдениет ауылының тұрғындары, Жабал Ерғалиев – жазушы, «Көкшетау» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қарасай батыр қорының президенті.

(Бұл аманат сөз 1997 жылдың 8 тамыз, жұма күні Қарасай мен Ағынтай батырлардың басына құлпытас қою рәсімінде оқылып, мақұлданды).

* * *

Бақберген Амалбек “Егемен Қазақстан” газетінің 1997 жылғы 14 тамыз күнгі санында “Құлшынбайда құшақ жазбай жатқан” атты мақаласында былай деп жазды:

“Қасиетті Көкше жері халқымыздың атын шығарып, абыройын асқақтатқан асыл тұлғаларымен құнарлы. Төрткүл дүниеде сал-серілер дәстүрі осында ғана кездеседі. Бұл өңірдің ханы да ақыл-ғұлама, батыры да шешен, сұңғыла. Тарих осыны тағылымдайды.

Халық тарихы халықтың пайда болған күнінен бастау алатынын ескерсек, өлке шежіресін Абылай, Кенесары хандармен, Ақан сері, Біржан салмен тұйықтауға хақымыз жоқ. Еліміздің ертеңін олардан да ертерек бағамдаған арыстарымыз алыстан қол бұлғайтындай. Солардың ішінде Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батырлардың өшпес ерлігі, ерен достығы ұлысқа өнеге, ұрпаққа мақтан. Бұл туралы жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының 1992 жылы 29 ақпанда газетімізде жарияланған «Қазақтың Қарасай батыры» атты зерттеу мақаласында қаузап жазылды. Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» биылғы 25 маусымда көкшелік қаламгер Жабал Ерғалиевтің бабалар бейітінің табылғаны жөніндегі мақаласын оқырманға ұсынды. Көп ұзамай газеттің бас редакторымен бірге біз де Айыртау ауданындағы Құлшынбай төбесінде құшақ жазбай жатқан қос батырдың зиратына тәует етіп қайтқан едік.

Әйгілі Айыртау мен Арықбалықтың кең қолтығындағы Құлшынбай төбесі ат терлетпей алынбайтын тастақты қырат. Әртүрлі қорымға толы. Төрт ғасыр өтсе де қозықарын тастары мүжілмеген, аумағы алты қадам қос моланың жатысы бөлек. Қыпшақ Қалдарбекұлы, Хайдар Әшімұлы, Құбаш Мәжіғұлұлы сияқты қариялар аталардан қалған аңызға сүйеніп, мұнда 1671 доңыз жылының тамыз айында дүние салған Қарасай батыр мен араға жыл салып опат болған Ағынтай батырдың жерленгенін қазықтап айтты. Мәңгілік ұйқыдағы сарбаздардың бейіті қос батырды қаумалап, шеңбер тізгініне қарағанда Ағынтай тобының оқыстан келген алапат шайқасты бастан өткергенін айғақтайды.

Шапырашты Қарасай батырдың бірсыпыра туғандарымен қанды көйлек досы Ағынтай еліне келуі Алатау мен Көкшетауды байланыстырып жатқан ыстық бауырмалдық, қаймағы бұзылмас құт-береке, сына түспес тұтастықтың белгісіндей ғибрат төгеді. Аманат арқалаған бүгінгі ұрпақтың, иншалла, беті бері қарағандай. Құлшынбай төбесінен алты-жеті шақырым жерде жерленген Жанатай батырдың зиратына Ақмола облысындағы Шапырашты жайлауында Қарасай батыр рухына ас берілді.

Халқымыз алабөтен құрметтеп, «Қызырлы қызыл жолбарыс» атаған Қарасай батырдың туғанына келесі жылы 400 жыл толады. Осынау айтулы оқиғаға Айыртау ауданының жұртшылығы айрықша дайындық үстінде. Жақында батырлар зиратына белгітас қойылды. Оған жазушы, Халықаралық Жамбыл қорының президенті Нағашыбек Қапалбекұлы, Қарасай батыр ұрпағы, тарихшы Аубай Байғазиев, Нұртілеу Бәкіров, «Арай» журналының бас редакторы Асқанбай Ерғожаев бастаған Алматы облысының делегациясы қатысты. Аудан әкімі Армиял Әбілқайыров, Қарасай батыр атындағы серіктестіктің директоры Айбат Есентұров, аумақтық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Оразбек Ахметов, халық ақыны Шәкен Отызбаевтың баласы Темірбай Қабділмәжит ақсақал ой толғамдарын ортаға салды.

«Қазақтелефильм» студиясының бас директоры Доғдырхан Тұрлыбек «Қарасай батыр ізімен» атты деректі фильмнің арқау желісін әңгімеледі. Жиналған қауым Көкшетаудағы Қарасай батыр атындағы қоғамдық қордың президенті Ж. Ерғалиевке Халықаралық Жамбыл қорының сыйлығы берілетіні туралы хабарды қуанышпен қабыл алды.

Мәдениет ауылының тұрғындары батырлар әруағына арнап Құран шығарып, ас берді. Қарасай батыр атындағы қор құрылды”.

* * *

Осы айтулы оқиғаға қатысушылар Көкше өңірінің шежіреші қарияларымен, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, көптеген деректер жинап қайттық. Осы сапардан кейін «Қарасай батыр ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырып, батыр баба жөнінде екі жыл бойы деректер жинадық. Бүл экспедицияның ел-жер дегенде жанын үзіп беруге бар ұлтжанды шежіреші елағасы Аубай Байғазыұлы ағамыз бар жан-тәнімен басқарды. Оның құрамындағы Нұртілеу Бәкіров, Үшкемпір Әбдіхалықов, Ермұхан Арқабаев, Сәрсенбі Дәуітұлы, Бегжар Ысқақов, тағы басқа да арқалы азаматтар қабақ шытпай тарихи жерлерді бірге аралап, әрқайсысы көп көмек көрсетті.

Бәйдібек баба, Домалақ ене кесенелері, Бетпақдаладағы Болатты, Бүркітті таулары тағы басқа да Қазақстанның түпкір-түпкірінде Қарасай батыр жайлы бір дерегі бар-ау деген тарихи жерлерді түгелдей араладық. Осының нәтижесінде тележурналист Доғдырхан Тұрлыбек батыр Баба жайлы екі телефильм түсіріп шығарды, бірнеше телехабар берілді, баспасөзде материалдар жарияланды. Бұл орайда энциклопедист-ғалым Хафиза Бәкір келіні көптеген құнды деректер тауып, ерекше көмектесті.

* * *

Қарасай батырдың туғанына 400 жыл толуы қалай өтті?

Қарасай батырдың 400 жылдық мерейтойын өткізу алдында бір жыл бұрын танымдық, тарихи материалдарды газет-журналдарға жаздыруды

бастадық.

Өткен тарихи кезеңдегі Қарасай батырдың зор қолбасшылық, батырлық тұлғасын нақты айқындап, дәлелдеу міндеті тұрды. Сол үшін Алматы қаласындағы бұрынғы Үкімет үйінің үлкен мәжіліс залында «Қарасай батыр – қазақ тарихындағы айтулы қолбасшы, атақты батыр» деген тақырыпта үлкен ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Оны Серік Әбікенұлы Үмбетов мырза кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясы тарих және этнология институтының директоры, ғалым, тарих ғылымының докторы Манаш Қозыбаев «Қарасай батыр – үлкен тарихи тұлға» атты кең көлемде баяндама жасап, ғылыми тұрғыда дәлелдеп, батыр баба жайлы құнды тұжырымдар айтты. Ғалым, заң ғылымының докторы Арықбай Ағыбаев, жазушы Шерхан Мұртаза, полковник Бақытқали Ибрашев, тағы басқа ғалымдар, жазушы қайраткерлер сөз алып, бәрі бірауыздан Қарасай батырдың қазақ тарихындағы орны ерекше екенін дәлелдеп, мәлімдеме қабылдады. Мұндай ғылыми-теориялық конференция Тараз қаласында да өткізіліп, оны сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Сарыбай Қалмырзаев мырза кіріспе сөзбен ашты. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, ғалым, ғылым докторы Уәлихан Бишімбаев «Қарасай Алтынайұлы – қазақтың үлкен батыры әрі қолбасшысы» деген бағалы баяндама жасады. Университет ғалымдары Қарасай батырдың сан қырын талқылаған кең көлемді ой-пікірлерін ортаға салды. Ғалым Сәрсенбі Дәуітұлы, журналист-зерттеуші Бахтияр Әбілдаұлы, жыршы-термеші Хамза Екейбаев, шежіреші-тарихшы Аубай Байғазыұлы, тағы басқалар Қарасай бабамыздың өмірі мен ерлігі жайлы тың мағлұматтар айтты, деректер келтірді. Бұл ғылыми-теориялық конференция материалдары жеке жинақ болып шығарылды.

* * *

Шапырашты Қарасай батыр мен Арғын Ағынтай батыр бейіттерінің басына биік кесене-мазар салуды ұйымдастырған, талай-талай тамаша игі істерді атқарып жүрген қайраткер ұлтжанды Қайрат Сатыбалдыұлы бауырымыз. Алыстан көз тартатын ғажап архитектуралық үлгіде жасалған бұл кесенені ашуға арналған салтанатты рәсімге қазақтың игі жақсылары, ғалым, жазушы, қайраткерлері шақырылды.

Айыртау бөктеріне қаз-қатар ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ас берілді. Сол кездегі мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев, сол кездегі Президент аппаратының жетекшісі Сарыбай Қалмырзаев бастаған Үкімет адамдары, бірнеше облыстың әкімдері келіп, батыр бабалар жайлы салтанатты жиында тағылым-ғибрат болар ересен істері мен ерліктері жайлы сөз сөйледі.

Жиналғандарға ас беріліп, бәйге өткізілді. Менің пьесам бойынша кең сахара далада Қарасай батыр ерлігі мен өрлігін дәріптейтін театрландырылған көрініс көрсетілді.

Айыртау тауының әсем етегіндегі Құлшынбай төбесіндегі Қарасай батыр мен Арғын Ағынтай кесене-мазары бұл күндері бүкіл ел тәует ететін қасиетті имандылық жерге, киелі мекенге айналды. Тек ұрпақтары ғана емес, игі тілекті мұсылман баласы, түркі жұрты, алыс-жақыннан бастап меймандар барып, бабалар жайлы мағлұмат алып, бата жасап, тілек етеді.

Ұлы әруақ басына түнеп, зиярат етушілер қысы-жазы арылмайды. Бүл жерге арнайы келіп, Құран оқытып, жолын ашып, тілегіне жетіп жатқандар қаншама десеңізші!

Жақында ғана полковник Бақытжан Мұңалбаев өзінің жақын көретін әпкелері Жұмакүл Солтиева мен Майра Тұрғанқызы Амантаева оны бүкіл отбасымен Қарасай баба кесенесіне апарып, тәует етіп қайтқанын, рахат жан ләззатына бөленіп, керемет рух алғанын айтып келді.

* * *

Қарасай батырдың 400 жылдық мерейтойы Алматы облысы Жамбыл ауданында 1998 жылы 10 қыркүйекте кең көлемде аталып өтті. Той салтанаты жайлы Уәлихан Қалижан сол кездегі өзі бас редактор болып істейтін «Егемен Қазақстан» газетінің 11 қыркүйек 1998 жылғы санында былай деп жазды:

“Қазақ халқы өсіп-өркендеу, өз мемлекеттілігін қалыптастыру жолында қилы-қилы жағдайды: дәуірлеп, дүркіреген кездері де, жер бетінен жойылу қаупі төнген шақтарды да бастан кешті. Елдігін, ұлан-байтақ жерін аман-есен сақтап, болашақ ұрпақтарына ең қымбат мұра ретінде қалдыруды мақсат еткен бабаларымыз сол жолда бастағы ақыл-парасат пен жүректегі бауырмашыл сезімге де, іштегі рух қуаты мен қолдағы қаруға да жүгінген. Барлық мәселені алыстан болжап, ақылмен шешкен алғыр хандары мен дана билерінің айтқанына тоқтап, үшқыр найза мен өткір қылышта ешкімге дес бермеген батырларының соңынан ерген. Соның арқасында қазақ халқы, Қазақ елі, Қазақстан ғасырлардың тылсым тереңінен бүгінге дейін жетіп отыр.

Сондай батыр бабаларымыздың бірі – Қарасай батырдың тойына бірқатар облыстардың делегациялары, Алматы қаласы мен Жамбыл ауданының жұртшылық өкілдері, батырдың ұрпақтары көптеп жиналды. Той Ұзынағаш ауылындағы баһадүр бабаға арналған ескерткіштің ашылуымен басталды. Қалың көпшілік тойдың мәртебелі меймандары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Асқар Ақайұлы Ақаевты жылы шыраймен ду қол шапалақтап қарсы алды. Ескерткіштің ашылу рәсімін Алматы облысының әкімі Заманбек Нұрқаділов қысқаша кіріспе сөзбен бастады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің арқасында ғана тарихымызды түгендеудің мүмкіндігі туғанын, батырларымыз бен билерімізді танудың арқасында бірлік пен топтасушылықтың қадір-қасиеті арта түскенін атап өтті. Қарасай батырдың ерліктері туралы айта келіп, ол қазақ жерінің қай пұшпағына болсын қорған болғанын баяндады. Ал Президент Асқар Ақаев қазақ пен қырғыз сарбаздарының бір сапта болғанына тоқталды.

Ескерткіш шымылдығы түсірілгенде Қарасай батырдың ат үстіндегі асқақ қола мүсіні айнала төңіректі айбындандырып жібергендей болды. Ерлік пен қайсарлық, парасаттылық пен кемеңгерлік қасиеттерін бойына жинақтаған батыр баба бүгінгі ұрпақтарды берекенің басы болатын бірлікке, кез келген сәтте елді қорғай алатындай әзірлікке шақырып тұрғандай.

Мұнан соң Көкбастау алқабында ұлттық ат спорты ойындары өтті. Топ бәйге, сондай-ақ аламан бәйге жұрттың ерекше көз қуанышы болды. Салтанат соңы кешкі Гала-концертке ұласты.

Той салтанатына мемлекет басшылары, министрліктер мен ведомстволардың жетекшілері қатысты».

* * *

Қарасай батыр есімі Алматы облысындағы бұрынғы Қаскелең ауданына, Отардағы әскери дивизияға, Алматыдағы Виноградов көшесіне берілді.

Шамалған ауылына Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қарасай батыр атындағы облыстық мешіт салдырды. Сол мешіттің жанында Қарасай батырдың қара босағасы мен маңдайшасын сақтаған қара шаңырақта – Асқар Тоқтамысов бауырымыз тұрады. Бүкіл бір елдің ұраны болған Қарасай батырдың қара босағасына – кие тұтып, қастерлеп, Құран бағыштаған ел-жұрт әсте үзілмейді.

Бұл Қарасай батыр мешіті мен Қарасай баба қара шаңырағына Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев жиі келіп тұрады. Өйткені, ол кісі – атақты қолбасшы Қарасай батырдың тікелей ұрпағы. Ұрпақ шежіресіне көз жүгіртсек ол былай түзіледі:

  1. Қарасай
  2. Көшек
  3. Айдар
  4. Мырзатай
  5. Кенбаба
  6. Еділ
  7. Сапақбай
  8. Назарбай
  9. Әбіш
  10. Нұрсұлтан

 

«Атадан ұл туса игі,

Ата жолын қуса игі!» – деп дана халық айтқандай, тегіне тартып туған Елбасымыз еліміздің тәуелсіздігін алып беріп, ХХІ ғасырда Қазақстанды экономикасы мен мәдениеті гүлденген әлемнің алдыңғы қатарлы еліне жеткізу жолында керемет жоспар жасап, ғаламат ұлы істерді жүзеге асыруда. Н.Ә.Назарбаев бүгінгі таңда ұлы істерді жүзеге асырып жатқан ұлы тұлға екенін әлем мойындады.

* * *

Қарасай батырдың ұрпақтарынан батырлар көп шыққан. Әсіресе, Түрікпен баласынан бүкіл қазақ жерін жаудан қорғауда үлкен ерлік көрсеткен ержүрек батырлар көп-ақ.

Түрікпен Қарасайұлы (1617-1688) Іле Алатауы бөктерінде туған. Жаркенттегі Орбұлақ деген жерде ойраттар мен торғауыттарға қарсы соғыста ерен ерлік көрсеткен қолбасшы батыр.

Түрікпеннен тараған Жарылғап, Қараш, Дәулет, Қастек, Қаумен, Жәпек, Кәшке, Саурық, Сұраншы, Сыпатай, тағы басқа да елін, жерін қорғаған ерлер көп болған.

Өтеп батырға ұрпақтары Жамбыл ауданындағы Шиен ауылына кіреберістегі жол бойындағы жотаға үлкен кесене тұрғызды.

Қарасайұлы Көшек батыр бейіті – Жамбыл облысы Талас ауданында. Оны алғаш тауып, зерттеп, жазып, бейітті қоршатқан Әлібек Әмзеев деген рухы берік бауырымыз. Ол драматург, көптеген игі істерге ұйтқы болып жүрген үлкен жүректі азамат. Көшек батыр бейітіне кейін үлкен кесене салынды, жанындағы ауыл Көшек батыр есімімен аталады.

Тараз қаласында Көшек батыр ескерткіші ашылып, оған бір топ ұрпақтары арнайы барып, бейітіне құран оқытып, батыр бабасына тәует етіп қайтты. Көшек батыр жайлы Ахабай Молдахметов, Жанғара Дәдебаев, Бақтияр Әбілдаұлы, тағы басқалар естелік-зерттеулер жазып, жариялады.

Ұзынағаш етегіндегі Алматы – Бішкек жолының бойының тау жақ беткейінде жотаға Көшекұлы Айдарға және Мырзатай балаларына арналған кешенді кесенелер мен еңселі ескерткішті тұрғызған ұрпақтары Болат Назарбаев, Мейрамбек Таймерденовтің әруақтарға деген игі ісін ерекше атап айтқан жөн.

* * *

Мен күнделік жазуды әдетке айналдырғаныма көп болды. Әруақтарға деген шексіз сүйіспеншілігім шығар, талай-талай атақты, ұлы адамдармен кездесіп, жүздесіп, сұхбаттастым. Иә, ол бөлек әңгіме.

Ұлы Отан соғысының ардагері, облыста үлкен жауапты қызметтер атқарған Қазтай Ұлтарақов деген парасатты, арғы-бергіні терең білетін елағасымен жиі кездесіп, көп әңгімелестім. Сол Қазтай ағамыз сексеннен асып, кенеттен дүние салды. Маған жолыққан сайын:

– Біздің Кегенде Қарасай, Шапырашты деген жерлер бар. Менің бала кезімде қариялар айтып отыратын: «Шапырашты Қарасай деген батыр осында ұланғайыр майданда жеңіске жеткен, содан аталып қалған», – деп. Сол жерлерді қазақтың екі аяулы, атақты азаматы Балғабек Қыдырбекұлы мен Сейдахмет Бердіқұловты ертіп апарып көрсеткен едім. Енді сен сол жерлерді көр, суретке, телебейнеге түсіріп ал,– деуші еді. Уақыт – тапшы, дүние – дүрмек, тіршілік қамымен қол босамайды. Әне-міне деп жүргенде асыл аға қайтыс болып кетті. Жақында Қазтай ағаның ұлы Болат Қазтайұлы:

– Әкемнің аманатын орындайын, жүріңдер. Сол жерлерді көрсетейін, – деді. Иә, іздестіре берсе Қарасай батыр жайлы деректер көп-ақ. Қарасайтану жаңа-жаңа басталды.

* * *

Енді Арғын Ағынтай батыр жайында бірер ауыз айтып кеткенді жөн көріп отырмыз.

Ағынтай Көрпеұлы – 1599 жылы Айыртау тауының етегінде дүниеге келген. Алты баланың үлкені. Талай-талай ұлы майдандарға қатысқан атақты батыр, Қарасайдың жан жолдасы болған. Тарихта Арғын Ағынтай батыр есімімен қалған ол 1672 жылы қайтыс болған. Бейіті қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау тауындағы Құлшынбай төбесінде. «Оның ерлігі білегінде емес, жүрегінде еді», – деген досы Қарасай батыр.

Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады. Ердің атын елі шығарады. Ұранды елдің ұрпағы қайсар, рухы биік болады.

* * *

Ұлылар – мәңгілік, ұлы тұлғалар зерттеле береді.

Қарасай батыр туралы жырдан ғажап күмбез тұрғызған қазақтың ұлы ақыны Сүйінбай жырымен батыр баба жайлы бұл толғаныс-эссемізді қорытындыламақпыз:

Ерлердің жақсылығы ұмытылмайды,

Шындықты дұрыс айтса ел тыңдайды.

Ертеде өткен екен Ер Қарасай,

Айтайын тыңдаушыма сол туралы.

 

Ер есімін шалқыған көл айтады,

Еркін ескен самалды жел айтады.

Батырға ескерткішке халық қойған,

Өзен, сай, тау мен сазды жері айтады.

 

Ерлігін, батырлығын құрметтеген,

Қалың жұрты – ұрпағы, елі айтады.

«Қарасай – қасиетті бабамыз» деп

Мен білетін қазақтың көбі айтады.

 

Қазақ елі ертеде болыпты кез,

Жазуда жоқ, халқымда айтылған сөз.

Қалың Жоңғар Шығыстан қаптап келген,

Болыпты ел күйзелген бір қиын кез.

 

Қыл бұраумен қинады батырларды,

Қорлады жас қыздар мен қатындарды.

Жақсының жағасына қолын салып,

Алдына сап айдады ақындарды.

 

Жазықсыз жас сәбиді найзаға іліп,

Арсыз жау шімірікпей жүріп кетті.

Жалғызынан айрылған ана зары

Жүрегін жылағанның елжіретті.

 

Жоңғарлар елімізге ойран салып,

Ер-азамат жол таппай қатты састы.

Қорлығына шыдамай қатал жаудың,

Қаратауды бетке алып халқым қашты.

 

Қара жолмен шұбырып көш келеді,

Талай жүйрік жетекте бос келеді.

Жоқтаулардан кең дала күңіреніп,

Намыс қысқан батырға жас келеді.

 

Үйсіннің бір руы – Шапырашты,

Жауына жаны ашымас қаны қасты.

Соларда бір ұл өсті – Ер Қарасай,

Қақ жарған атқан оғы қара тасты.

 

Қарасай халқы үшін атқа мінді,

Шыдамай жауыздыққа неше түрлі.

Ұл менен қыз тұтқындағы зар жылайды,

Жамандыққа бет алған жаудың түрі.

 

Қарасай ұран салды өз атынан,

Дұшпаны қарсыласқан болғандай таң.

Қазақтың жалпақ жатқан кең даласы

Батырдың шайқалады қайратынан.

 

Қарасай кісі салып ел жинады,

Қорлыққа қарсы тұрар қол жинады.

«Ер кегі – елдің кегі болған кезі,

Халқыңның, құрбаны бол», – деп жинады.

 

Батырынан хабарды алған халық,

Деді: «Біз де, тәуекел, аттаналық.

Ер-азамат – елінің ары емес пе,

Алмас қылыш, тас шоқпар қолға алалық!»

 

Аз күнде неше мыңдай ер жиналды,

Қолбасшы, ту ұстарды сайлап алды.

Қарасайға жіберіп Батыршаны,

Қалғандары хабарды күтіп қалды.

 

Батырша барып хабар біліп келді,

Айтқанын қолбасшының түйіп келді.

Таң алдында Жоңғарды шаппақ болып,

Сайланып өңшең ерлер іріктелді.

«Бүгін таңнан біз қалсақ жол болмайды,

Басталсын бүгінгі күн соғыс деді.

 

«Хан ордасын күйретсек, қалғаны оңай,

Мен шапқанда шабыңдар бірің қалмай.

Аяушылық болмасын зұлым жауға,

Жалынғанға сенбеңдер біліп болмай».

 

Деді де, Айтұяғын алып келді,

Атасы күміс ерін салып берді.

Тартпасын мықтап тартып қайың ердің,

Ұлына қолын жайып бата берді:

 

«О, Қарасай батырым,

Дұшпаныңа ойран сап,

Қарасын жаудың батырғын!

Зарлаған мына халықтың

Үмітін ақта, алтыным!»

 

Қарасай: «Жол болсын!» – деп атқа мінді,

Әкесінің тілегін үнсіз білді.

Бабасы Шапырашты қолдағандай,

Қалың ел соңына еріп дүркіреді.

 

Аттанғаны ерлердің дүйсенбі еді,

Таң ата «Қарасайлап!» дүркіреді.

Жатқанда қалың қалмақ тәтті ұйқыда

Ат қойып, арсыздарды сілкіледі.

 

Басып алды алдымен хан ордасын,

Ағызып қанқұмардың көзден жасын.

Түткен жүндей шатырын талқандады,

Алдына сап қатынын – жан жолдасын.

 

Сол қуғаннан қуылды Шудан бастап,

Қалмақ қашты баласын, малын тастап.

Әйеліне қарауға шамасы жоқ,

Келіп еді, басында жерді ластап.

 

Жауынан құтылатын мезгіл жетті,

Өшіру оңай емес шыққан өртті.

Жылында мың алты жүз алпысыншы,

Қарасай даңқы шықты құдіретті.

 

Үлкен ұран Қарасай әуел бастан.

Содан бері Қарасай даңқы асқан,

Оған ерген ерлердің батырлығын,

Ақын-жырау келеді етіп дастан.

 

Ер Қараш айқайымен жау қашырды,

Атын білген дұшпаны аласұрды.

Қараш десе қарсы жау беттемеген,

Сөйткен батыр ерлерді жер жасырды.

 

Ұрпағы Қарасайдың Дәулет, Қаумен,

Алысқан қан ағызып талай жаумен.

Қайратына Жәпектің жау шыдамай,

Қашыпты Қытай асып Алатаумен.

 

Әулеті Қарасайдың түгел батыр,

Орнатқан дұшпанына заман ақыр.

Сұраншы мен Саурықтың ерліктері

Күн сайын қалың елге тарап жатыр.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Алматы облысының құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *