2018 жылғы 5 қазан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын арнады. Қоғам өміріндегі аса маңызды бұл тарихи құжат «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталады. Егемен еліміздің барлық саналы азаматтары қатарында Жолдаумен етене танысып, мол әсерге бөлендік.
Біз, жастарды әсіресе Елбасының келесі 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялауы айрықша қуантып отыр. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған ізгілікті де игілікті іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланған. Мұны егемен еліміздің ертеңіне деген сенім деп қабылдаймыз. Алдағы жылы жас маман кадрларды жұмысқа қабылдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, барлық саладағы аса талантты дегендерін марапаттау, ынталандыру шаралары, тағы басқа да әлеуметтік-тұрмыстық жағдаяттар жан-жақты қамтылса екен деген ниеттеміз.
Жолдауда білім мен ғылымды дамытуға айрықша мән берілген. Өйткені, «Оқусыз – білім жоқ, білімсіз – күнің жоқ» екені екінің біріне мәлім жайт. Білімді ұрпақ – ұлт болашағы екені даусыз. Келесі 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау көзделген. Онда мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игіліктер қарастырылмақ. Ұстаздар мен тәрбиешілердің оқу жүктемесі азайтылумен қатар олар жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан құтылатын болады.
Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту жоспарланып отыр. Олар 4 К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істеу білуге дағдылану керек. Бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне баланы кезекке қою, жолдама алу шаралары автоматтандырылған. Кішкентайларды балабақшаға орналастыру жөніндегі өтініштерді осылайша тек электронды түрде ғана беруді жолға қою қажет. Осы жүйе бойынша 12 мыңнан астам бала мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қабылданған.
Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт ретінде саналмақ. Білім сапасын бағалау жүйесі Халықаралық стандарттарға сай негізделетін болады. Оқушыларды мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Бүкіл мектептер мен балабақшалар бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілмек. Педагог психологтардың жұмысын барынша күшейту көзделген. Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу мақсатында мемлекет қазынасынан қомақты қаржы қарастырылатын болады. Мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдалана білгеніміз мақұл. Осылайша салауатты өмір салтын қалыптастырып, мемлекеттің басты басымдылығы – ұлт саулығы деңгейін жоғары сатыға көтере аламыз. Мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында оқушылардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру шараларын қарастыру қажет. Осы орайда өлкетану жұмыстарын өрістетіп, мектеп туризмін дамыту да уақыт талабына айналып отырғанын терең сезінуіміз тиіс.
Оқушыларды мектепке қабылдау mektep.sіtcen.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүргізу жұмыстары қолға алынғаны қандай ғанибет. Биыл Түркістан облысындағы осы жүйе бойынша 53031 шәкірт бірінші сыныпқа қабылданған.
Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау jumys.sіtcen.kz сайты арқылы электронды түрде жүргізіле бастағанына да бек қуаныштымыз. Биыл Түркістан облысында осы жүйе бойынша 321мұғалім жұмысқа орналасқан. Алдағы уақытта мұғалімдерді жұмысқа қабылдауды мектеп басшыларының құзырынан алып тастап, T-hunter сайты арқылы тестілеу бағдарламасы бойынша конкурстық негізде маман таңдауға басымдық берілгені мақұл дер едік.
Жaлпы алғанда, білім саласындағы жариялылық жұмыстарын барынша жетілдіре түскеніміз жөн. Бос жұмыс орындары туралы мәлімет бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ай сайын жарияланып отыруы тиіс деген ойдамыз. Мәселен, бүгінде Түркістан облысында білім саласы бойынша 652 бос жұмыс орны туралы мәлімет бар. Шымкенттегі орыс тілді мектептерде 130 мұғалім жетіспейді. Әрине, мұның бәрі жас педагог кадрларды жұмыспен қамтып қана қоймастан, шәкірттерге білім беру деңгейінің біршама арта түсуіне де оң ықпал ететіні белгілі. Әрі сыбайлас жемқорлық оқиғаларының алдын алуға септігі тиетін еді.
Жоғары оқу орындарындағы маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейту көзделген. Мемлекеттік грант саны көбейтіліп отыр. Енді жауапкершілікті арттыру міндеті тұр. Түлектердің жұмыспен қамтылуы басты назарда ұсталатын болады. Бұл дегеніміз – қай жоғары оқу орнының түлектері жұмысқа көп орналасса, сол университет, яки институт сапалы маман даярлайды деген сөз. Алдағы уақытта жоғары оқу орындарын ірілендіру саясаты жүргізіледі. Сөйтіп, уақыт талабына сай сапалы білім беретіндері ғана өздерінің жұмыстарын жалғастыратын болады.
Қорыта айтқанда, төрткүл әлемдегі өркениетті отыз елдің қатарына қосылуды ізгі мақсат-мұрат тұтқан Қазақстан қарыштап дамып келеді. Егемен еліміздің өсіп, өркендеп, гүлденіп, көркеюіне белсене атсалысу – әрбір саналы жастың басты міндеті болып қала бермек.
Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
педагогика психология ғылымының магистрі.
Шымкент қаласы.