«АСТАНА» К ТОБЫНЫҢ КӨШІН БАСТАДЫ

Спорт
754 Views

Футболдан Еуропа лигасының топтық бәсекесінде сынға түсіп жүрген елордалық «Астана» клубы екінші турдың ойынын өз алаңында өткізді. Францияның Ренн қаласының осы аттас клубын қабылдаған олар 2:0 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің 64 минутында жиырма жасар жартылай қорғаушы Бахтиер Зайнутдинов баспен доп соғып есеп ашты. Жалпы, астаналықтардың стандарттық жағдайларды тиімді пайдаланып, «екінші қабатта» да шебер ойнауды меңгере бастағаны жанкүйер қауымды қуантуда. Қарсыластар да қарап қалмады. Олардың қауіпті соққыларының бірі қақпа бағанына тиіп, кері серпілді. Ойын соңындағы қосымша уақытта (90+1) хорватиялық легионер Марин Томасов есепті еселей түсті. Өкінішке орай, алғашқы гол авторы (37), сондай-ақ Серікжан Мұжықов (88), команда капитаны Ненад Эрич (88), бразилиялық легионер, елордалық клубтың ең қымбат ойыншысы (3 миллион еуро) Педро Энрике (89) бас төреші тарапынан ескерту алды.

Сол күні Чехияның Яблонец-над-Нисоу қаласының «Яблонец» клубы өз алаңында украиналық Киевтің «Динамосымен» тең тарасты. Қызықты да тартысты өткен бұл кездесу барысында 0:2 есебімен ұтылып тұрған алаң иелері таразы басын теңестіріп үлгерді. Есеп – 2:2.

Осылайша «Астана» К тобының көшін бастады. Елордалық клуб екі кездесуден кейін төрт ұпай топтаған. Алға, «Астана!», алға, Қазақстан! Францияның «Реннінде» үш, Украинаның «Динамосында» екі, Чехияның «Яблонецінде» бір ұпай бар.

Келесі үшінші турдың ойындары 25 қазан күні өтеді. Онда «Яблонец» – «Астанамен», «Ренн» – «Динамомен» жасыл алаңға шығатын болады.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *