ОТБАСЫМЫЗ ҮШІН ОРНЫ БӨЛЕК

Білім
808 Views

Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің белді қызметкеріболып жүрген әкем Мұратбек: «Түркістанда университет құрылды, сонда барыпқызмет жасайық, сол оқу орнының жанынан қазақ-түрік ерлер лицейі де ашылыпты,менің ұлым сонда оқитын болады», — деген екен. Біз әлі мектепке бармағанбыз, ал лицей 6-сыныптан бастап қабылдайтын болған. Ағамның өзі Түркістанға қайтакелгенімізде 1-сыныпқа енді барған-ды (Мұны не үшін айтып отырғанымның себебінкейін түсінесіздер).

Туған қаласына оралуға асыққан әкем келісімен-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің редакциялық-баспа бөлімін басқарған. Оқу орнының сол кездегі алғашқы ректоры Мұрат Жұрыновпен етене араласып, әлдекімдер болашағына күдіктене қараған оқу орнының сол кездегі жетістіктерін БАҚ-да үздіксіз жариялап отырған. Университет ғалымдарының, студенттерінің ғылыми еңбектерінің жарыққа шығуына алғашқылардың бірі болып атсалысқан. Сонау 1993-1994 жылдардағы ел жағдайы белгілі. Баспалық өндірістің те ахуалы шамалы. Сол баяғы электрлі мәшеңкемен жұмыс істейтін кездер. Бүгінгідей компьютер дегеніңіз тіпті тапшы. Енді ғана 1-2 дана алына бастаған кезең. Дегенмен, жоқтан бар жасап, оқулықтар шығаруға ықпал еткен әкем оқу орнының «Ясауи университеті» газетін, «Ясауи университетінің хабаршысы» журналын шығару туралы ойларын ректорға айтып жүріпті. Тіпті тиісті мекемелерге хат жазып, газеттің алғашқы куәлігін алып, министрлікке тіркетіп келген де менің әкем болған. Туған қаласын мейірлене жақсы көрген әкем университетте шабыттана еңбек етіп жүріп, ректордың рұқсатымен «Түркістан» республикалық газетінде (Бас редакторы белгілі драматург, сатирик-жазушы Қалтай Мұхамеджанов), облыстық телеарнада (басшысы белгілі журналист Байділда Қонысбеков) тілші қызметтерін қосымша атқарған. Бүгінде отыз жылдық тарихы бар оқу орнының алғашқы жаңалықтары сол кездегі газет беттерінде жарияланып, облыстық телеарнадан күн сайын сұхбаттары мен репортаждары беріліп жатса, оны мен ерекше сағынышпен еске алатын жан әкемнің еңбегі деп зор мақтанышпен еске саламын. Тағдыр дегенді қойсаңызшы?! Асқар тау әкем осылайша шапқылап жүргенде ойламаған жерден көз жұмды. «Әппақ қызым, моншақ қызым» деп еркелететін әкемнің орны ойсырап қалды. Кешкі алты-жетіде жаңалықтарын шығаратын облыстық телеарнаның өзі дайындаған хабарын көруге асығып-аптығып үйге келетіні де әлі күнге есімде. Университеттің сол бөлімінің тізгінін өз қолына алған асыл анам жалғыз өзі бізді «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіріп, ешкімнің ала жібін аттамауға үйретті.

…Сол баяғы Шымкентте айтқан әкемнің жоғарыдағы тілегі қабыл болғандай. Таңданбасқа лажың жоқ. Қазақ мұндайды «ауызы дуалы» дейтін бе еді?! Университеттің басшылары ауысып жатты. Әкем ұлын оқытуды армандаған ерлер лицейі Кентау қаласына көшіріліп кетіпті. Ал ректорлыққа жаңадан келген Оразәлі Сәбденовтің тұсында университет жанынан қазақ-түрік лицейі ашылды. Біздің бағымызға қарай бұл жолы ерлер, қыздар деп бөлінбепті. 3-4 жыл ғана «өмір сүрген» сол лицей 9-10-11 сыныптарға бала қабылдап, екі бағытта – математика және ағылшын тілін тереңдетіп оқыту мақсатында өз жұмысын бастап кетті. Директоры Жарқынбек Құлбайымбетов болып бекітілген. Бір қызығы, осы кісі 1977 жылы әкем бітірген С.Сейфуллин атындағы мектептің де директоры болған екен. «Әкелерің мықты еді» дейтін ол бізге қамқор көзбен қарап. Ал біз болсақ, әкем бесінші сыныпқа дейін оқыған №5 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің үздік оқушылары ретінде лицейге құжат тапсырып, екеуміз де оқуға қабылдандық. Әрине, ағам менен бір жыл бұрын түсті, тура сол 9-сыныпқа келген еді. Екеуміз де осы лицейді ағам үздік, мен алтын белгімен бітірдім. Таңданып жатқаным сол, біз бітірісімен сол лицей жабылып қалды. Тура сол әкемнің тілегіменен бізге бола ашылып, бітірген соң жабылып қалғандай көрінеді осы күні…

…Әкемнің шығармашылығымен танысып отырып, байқайтыным, ол Түркістанды ерекше жақсы көрген. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде ғана бар, республика бойынша жалғыз факультет журналистиканы ойдағыдай бітіріп шыққан әкем Мұратбек Дүйсембеков 1983 жылы Алматыда қалып, республикалық «Жаңа фильм» (бас ректоры бүгінде белгілі қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанованың кезінде) журналында мамандығы бойынша еңбек жолын бастаған. Қарымды қаламгер Шерхан Мұртаза басшылық жасаған «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қожанасыр қоржыны» аталатын сатиралық беттің жүргізушісі бола тұрып, туған қаласының болашақта қалай гүлденетінін жүрегі сезгендей, біз үшін еліне қайта оралғандай көрінеді маған. Қазақ тарихында аттары алтын әріппен жазылған зиялы қауымның ортасынан туған үйіне оралған жан әкемнің қара шаңырағы ағам үшін аманат болып қалғандай…

Ал енді өзіме келсем, Абылайхан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің аударма ісі факультетін ойдағыдай бітіріп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті арқылы Анкара қаласындағы Гази университетінің магистратура, докторантура бөлімдерінде оқуымды жалғастырдым. Мен өз өмірімде Гази университетіндегі жетекшім профессор Кемаль Синан Өзмен секілді тамаша ғалымды жолықтырғаныма ризамын. Ғылым жолы күрделі. Десе де осы жолда өзіңе дұрыс бағыт-бағдар беріп, зерттеушілік қарым-қабілетіңді жүзеге асыруыңа ықпал еткен, ғылымға адал жетекшімнің білімі мен білігі мені тәнті еткенін айтпай кете алмаспын. Ол кісінің есімі Түркия елінде тек ғалым ғана емес, сонымен бірге көркем шығармашылықпен айналысатын жазушы ретінде де танымал.

…Бұл аралықта адам танымастай көркейіп келе жатқан көне Түркістанның облыс орталығына айналып, біздің бала кезімізде ашылған оқу орнының отыз жылдық тарихты бастан кешіріп, жоғары мәртебе алған тұсында қызметке келгеніме қуаныштымын. Отбасымыз үшін орны бөлек әкем Мұратбек Дүйсембеков пен анам Гүлжан Әбілдаева қызмет жасаған Ахмет Ясауи университетінде жан-тәніммен еңбек етіп, болашақ кадр даярлау ісіне өз үлесімді қосатыныма сенімдімін. Өйткені, қасиетті Түркістан топырағында өскен әкемнің аруағы мені қолдайтыны анық.

Зерде ДҮЙСЕМБЕКОВА,

ағылшын филологиясы және аударма ісі

кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *