ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӨНІМДЕРІНЕ СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

Экономика Қоғам
223 Views

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӨНІМДЕРІНЕ СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылған. Өз кәсібін ашамын деушілерге мемлекеттік қолдаулар көп. Ниет білдіргендерге түрлі бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие де қарастырылған. Бұл бағытта сайрамдықтар да өз ісін дөңгелетіп отыр.

Сайрам ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қайнарбұлақ ауыл округіндегі «GEN GROUP KAZAKSTAN» жылыжайына барды. Фермерлік жылыжай кешені 2023 жылдың маусым айында іске қосылған. 150 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Жобаның құны 1056 млн теңгені құрайды. Жылына 3000 тонна өнімді ішкі нарыққа өткізу көзделген. Жалпы 5,0 гектар алқапта банан өсіріледі. Мұндағы құрал-жабдықтар Түркия елінен алынған.

Былтыр 5,3 га аумаққа тәжірибе ретінде бананның «Анамуз» сортының 7400 көшеті отырғызылған болатын. Мамандардың сөзіне сүйенсек, банан бұтағы 10-15 жылға дейін өнім беруге қауқарлы. 1-2 айда өнім береді деп күтіліп отыр. Алдағы уақытта жылыжай кешенін шыны жабындысымен кеңейтіп, 3,7 га жерге құлпынай өсіру жоспарда бар.

Бүгінде Сайрам ауданында бананнан бөлек, лимон, құрма тәрізді тропикалық жемістер де жерсіндірілген. Атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан өңір басшысы осы бағыттағы жобаларды көбейтуді тапсырды.

Іссапар бұдан әрі Әйтеке би ауылында орналасқан «Dala fruit.kz» ЖШС-інде жалғасты. Облыс әкімі алма бауының жұмысымен танысып, өнім сапасына, экспорттық әлеуетін көтеруге баса назар аударуды тапсырды. Өткен жылы іске қосылған кәсіпорында 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның құны – 2485 млн теңге. Жылына 7000 тонна өнім ішкі нарықтан бөлек, көршілес Ресей еліне өткізіледі. Жалпы жер көлемі – 100 га. Қазір қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрған өндіріс орнында алма және табиғи шырын өндіріледі. Құрал-жабдықтары Германия және Ресей Федерациясынан әкелінген.

ҚЫРЫҚҚАБАТ НАРЫҚҚА ЖОЛ ТАРТАДЫ

Мақтаарал ауданында 545 гектар алқапқа қырыққабат дақылы, 1219 гектарға бақша дақылы, 414 гектарға жоңышқа дақылы егілген. Жақын арада қырыққабаттан алынған өнімдер нарыққа жол тарта бастайды. Бүгінде мақта дақылын егу үшін сор шаю жұмыстары түгелдей аяқталып, жерді тырмалау, шыжылдау жұмыстары жүргізілуде.

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов жұмыс сапарымен Иіржар ауылдық округінде болып, көктемгі дала жұмыстарымен танысты.

Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл аудан басшысына биыл мақта дақылын егу үшін 954 ауыл шаруашылығы тракторы, 415 чизель, 3876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникалары дайындалғанын жеткізді. Сондай-ақ аудан аумағындағы тұқым шаруашылықтары мақта шитін дайындап, алыс-жақын шет мемлекеттерден, оның ішінде Түркия, Өзбекстан, Қытай мемлекеттерінен қосымша тұқымдар келіп жатқанын да тілге тиек етті.

Аудан әкімі ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына сәуір айының әрбір қолайлы күнін пайдаланып, көктемгі дала жұмыстарын жылдағыдан ертерек аяқтау үшін шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар мемлекет тарапынан берілетін жанар-жағармай мен басқа да көмектерді беруді сапалы ұйымдастыру керектігін ескертті.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданының егістік жерлеріне Өзбекстан Республикасындағы «Сырдария» аумақтық су шаруашылығы бірлестігінің есебіндегі «Достық» магистральды каналы арқылы ағын су жеткізіледі. Аудан басшысы аталған каналдан кіші каналдарға құяр басындағы тоспалар мен шлюздердің жай-күйін бақылап, су тасқынының алдын алу жұмыстарын да пысықтап қойды.

БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСУҒА НИЕТТІ КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ АРТУДА

Төлеби ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Аудан экономикасы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, бизнестің тұрақты көзі болатын саланың бірі – балық шаруашылығы. Сондықтан балық өсіруді қолға алып, шаруашылықтың бұл түрін кәсіп көзіне айналдыруды көздеген кәсіпкерлер саны артып келеді.

Аудан әкімі Төлеген Телғараев пен аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров Бірінші Мамыр ауылдық округіне арнайы іссапармен барып, жеке кәсіпкер Нұрлыхан Әшірбековтың шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер Жаңажол ауылының шетіндегі 3 гектар аумаққа 7 арнайы бассейн жасап, форельдің 3 мың басын жіберіп, өсіруде.

Кәсіпкер басқаратын «Шымкент Балық» ЖШС жылына 300 тонна балық өндіруді жоспарлауда. Мұнда 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 800 млн. теңге. Жеке қаражат есебінен жүзеге асырып жатыр.

Кәсіп иесімен кездескен аудан әкімі балық еті адам денсаулығына өте пайдалы, балық шаруашылығымен айналысу тиімді кәсіптердің бірі екенін айтып, аудан әкімдігі тарапынан заң талаптарына сай барлық қолдаулар болатындығын жеткізді. Кәсіпкердің жұмысын оң бағалап, ісіне сәттілік тілеп, балық шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндірді.

Технологияның барлық талаптары ескеріліп, қажетті температура мен дұрыс қорек жасалса, балық тез өсетінін айтқан кәсіпкер жыл соңына қосымша бассейндер дайындауды көздеп отырғанын жеткізді.

Жалпы, аудан аумағында балық шаруашылығымен 14 кәсіпкер айналысады, оның ішінде 5 шаруашылық 2023 жылы ашылды. Шаруашылықтар негізінен бекіре, фарель, сазан, карп, дөңмаңдай, ақ амур балығын өсіруде.

ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨҢДЕП,  ҚАЖЕТТІ ЗАТТАР ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ БАР

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапарында ерекше кәсіпорынның қазіргі жай-күйімен танысты. Атап айтқанда, Біртілек ауылдық округі аумағында орналасқан «Келес Пласт» ЖШС-нің қайта өңдеу цехында болды.

Аталған цех 2018 жылдан бері ауыл шаруашылығына қажетті пленка, пресс жіп, жылыжайға арналған қысқыш (зажим), көшет өндіруге арналған стакан түрлерін шығарады. Жергілікті тұрғын Нұржан Омаров жетекшілік жасайтын кәсіпорында жылыжай шаруашылығына қажетті заттар шығарылып, шаруалар арасында сұранысқа ие болып отыр.

Сонымен бірге былтыр тамшылатып суғаруға арналған заттар да өндірісін де қолға алған. Бұл жоба облыс делегациясы мен кәсіпкерлерінің Қытай мемлекетіне сапары нәтижесінде жүзеге асқан. Кәсіпорын сағатына 12 мың метр өнім шығаруға қауқарлы.

Кәсіпкермен кездескен Дархан Сатыбалды осы бағыттағы жобаларды көбейту маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ кәсіпкердің қадамын жоғары бағалап, отандық өнім көлемін арттыру қажеттігін атап өтті.

Тамшылатып суару технологиясын шығаратын кәсіпорынның жобалық қуаттылығы сағатына 12 мың метрді құрайды. 2023 жылы іске қосылған кәсіпорынның жер көлемі 0,80 га құрайды. Жобаның жалпы құны – 100 млн. теңге. Аталған кәсіпорынды жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен ашқан. 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған цехта жұмысшылардың орташа жалақысы – 200 мың теңге.

Айта кетейік, цехта жарамсыз полиэтилен пленкалары, пластмассалар қайта өңделеді. 2023 жылдың қорытындысымен жалпы Келес ауданы бойынша 3900 тонна қоқыс жинақталып, оның 741 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды (19%).

Цехтың жұмысымен танысқан соң облыс әкімі Келес ауданы кәсіпкерлерінің өнімдері мен жобалары ұсынылған көрмені көрді. Жауапты басқармалар мен аудан әкіміне өндіріс орындарын көбейту, жұмыс орындарын ашу жөнінде тапсырмалар берілді.

МИНИСТР ТҮРКІСТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Түркістанға жұмыс сапары барысында өңір кәсіпкерлерімен кездесу өткізді.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров модераторлық етті. Сондай-ақ кәсіпорындар мен құрылыс ұйымдарының басшылары, БАҚ өкілдері кездесуге қатысты.

Кездесу барысында бизнес жүргізу үшін қалыптасқан жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар, оның ішінде отандық кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа механизмдерін енгізу мүмкіндіктерін қарастыру туралы өтініштер айтылды. Әрі отандық шикізат тапшылығы мәселесі де талқыланды.

Өз кезегінде министр мемлекет отандық өндірісті жан-жақты қолдайтынын айтып, қазақстандық шикізатты экспорттау үшін лицензиялауды енгізу жоспарлары мен өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету бойынша келісімдер жасау міндеттемелері туралы айтты.

Кәсіпкерлер тарапынан нақты нарыққа қажетті өндірісті іске қосу мәселелерін реттеуді енгізу үшін Өңірлік индустриялық даму картасын әзірлеу қажеттігі туралы ұсыныс айтылды.

Министр ұсыныстарды толық қолдайтынын айтып, мәселелерді бақылауға алып, қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.

КӘСІПОРЫН ИЕЛЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Түркістан облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «QazIndustry» АҚ өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың ұсынылатын шараларын түсіндіру бойынша 12 сәуір күні ақпараттық-консультациялық семинарын өткізді.

«QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарларды ішкі нарыққа таралуына бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну жөніндегі операторы қызметін атқарады. Орталық мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету қағидалары шеңберінде шығындардың бір бөлігін өтеу жолымен мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынады.

Осыған орай, Түркістан облысының кәсіпкерлері мен мемлекеттік орган мүшелеріне семинар аясында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың ұсынылатын шараларын түсіндіру бойынша ақпараттық-консультация іс-шарасы өткізілді. Онда өңірдің 50-ге жуық кәсіп иесіне өнеркәсіп орнына алған құрал-жабдығының шығынының бір бөлігін өтеу, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға жұмсаған қаржысын өтеу және т.б. қолдау шаралары түсіндірілді.

НЕСИЕ АЛЫП КӘСІБІН БАСТАҒАН ЖАСТАР

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директорының орынбасары П.Есқұлов Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Бабашев және аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Н.Ошантаевпен бірге мемлекеттен 2,5 пайызбен несие алып кәсібін бастаған аудан жастарымен танысты.

Ең алдымен П.Есқұлов бастаған топ Атакент кентінде орналасқан «Арайлым» қыз-келіншектерге арналған фитнес клубқа барды. Кәсіпкерліктің басшысы Арайлым Сейітжанова бұған дейін «Megamix» түзете дамыту орталығын, ал биыл ағылшын тілін оқыту орталығын ашқан. Бүгінде 25 жастағы кәсіпкер қыз 6 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Арайлым мемлекеттік кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларының арқасында елімізде кез келген жас азаматтар өз кәсібін бастауға мүмкіндіктер көп екенін жеткізді.

Мұнан соң басшылар Жамбыл ауылдық округі Кеңесшіл ауылында орналасқан мал бордақылау алаңына барды. Қожалықтың төрағасы 26 жастағы Бақдәулет Озаев 2,5 пайызбен 8,4 миллион теңге несие алып, 24 мал басын сатып алған. Жас кәсіпкер мал бордақылау ісіндегі қиындықтар мен келетін пайда туралы кеңінен түсіндірді. Ет өнімдеріне деген сұраныс көп екенін айтып, аудан жастарын мал бордақылау ісімен айналысуға шақырды.

Топтың соңғы барған жері – Иіржар ауылдық округінде орналасқан «Мұқағали» қожалығының жылыжай кешені. Қожалық иесі Мұқағали Көшекеев 2,5 пайызбен 5 миллион теңге несие алып, жылыжай кәсібімен айналысып отыр. Қазіргі таңда жылыжайда болгар бұрышы өсірілуде. Аса қатты күтімді талап етпейтін, қырық күнде өнім беретін көкөністі базар нарығында жақсы саудалауға болады екен. Бүгінде қожалық иесі ауыл жастарына да жұмыс тауып беріп отыр.

Айта кетейік, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ жастарға берілетін 2,5% несие бойынша арнайы үн парақшаларды таратып, биылдың өзінде 41 рет түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырған.

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Сәрсенбі күні Түркістан облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен “Инвест-Керуен” іс-шарасы аясында Шардара ауданында орналасқан инвесторлармен аудандық кәсіпкерлік мектебінде кездесу ұйымдастырылды.

Мәжіліске Түркістан облысы прокуратурасы қоғамдық мүдделерін қорғау басқармасының аға прокуроры Ізтілеуов Серік Нұрмаханұлы, аудан прокуроры Абдраимов Руслан Әлжанұлы және аудан әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы, қала әкімі, кәсіпкерлер палатасы, дербес бөлімдерінің басшылары, мемлекеттік кірістер басқармасы, аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы, «Kazakh Invest» және «Түркістан инвест» инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша өкілдері, аудан кәсіпкерлері, баспасөз қызметі қатысты.

Күн тәртібінде Серік Нұрмаханұлы сөз сөйлеп, облыста іске асырылып жатқан жобалар, оның ішінде ауданымыздағы «Қазкрахмал» ЖШС және «Шебер» мүгедектер қоғамы бірлестігінің инвестициялық жобалары прокуратура тарапынан сүйемелдеу және қадағалау барысында және өзекті мәселелер туындаған жағдайда шешілуге жұмыстар атқарылатындығы айтылды. Сондай-ақ аудан прокуроры Руслан Әлжанұлы сөз сөйлеп, ауданда ірі, орта, шағын кәсіпкерлік суъектілерді қадағалаушы мекемелер тарапынан тексеру үшін алдыменен прокурорлық сүзгіден өтетіндігін, қандай да бір кәсіпкерлік нысан тексерілетін болса прокуратурадан келісім алу керектігін, яғни әрбір кәсіпкер прокурордың назарында болатындығы баяндалды. Жиналыс қорытындысы бойынша хаттама түзіліп, бірқатар тапсырмалар берілді.

АҒА ПРОКУРОР КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысы прокуратурасының аға прокуроры Серік Ізтілеуов жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Басқосуға аудан әкімдігі және ауданның құзырлы мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері де қатысты.

Кездесу барысында кәсіпкерлердің уәждері тыңдалып, олар бойынша құқықтық түсіндірмелер берілді.

Кездесуде аудан прокуратурасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстары да баяндалды.

Жиын соңында аға прокурор кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі болып табылатынын айтып, аталған бағытта жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.

“Аудан прокуратурасында бизнес құқығын қорғау мобильді тобы қызмет етеді, оның сенім телефоны арқылы ауданның кәсіпкерлері құқықтары бұзылған жағдайда жылдам шағым білдіре алады. Прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі болып табылады, сондықтан аталған бағытта жұмыстар жалғасады”, — деді аға прокурор

“ИНВЕСТ-КЕРУЕН” НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында «Инвест-Керуен» науқаны басталды. Облыстық прокуратура бастамашылық еткен науқанда — уәкілетті органдар жедел әрекет ету және туындаған мәселелерді шешу үшін өңірлердегі инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайымен танысады.

Науқан Сауран ауданынан бастау алып, ондағы кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында инвесторлардың түйткілді мәселелері, оларды шешу жолдары талқыланып, іс-шаралар жоспары бекітілді.

Айта кетейік, “Инвест-Керуен” науқаны бизнес субъектілерінің құқығын қорғап, өңірде қолайлы инвестклиматты қалыптастыруға бағытталған. Іс-шара әрі қарай облыстың өзге де аудан, қалаларында жалғасын таппақ.

КЕДЕРГІСІЗ КӘСІПКЕРЛІК

Қалалық Бизнесті қолдау және туризм бөлімі «Кедергісіз кәсіпкерлік» жобасы аясында Түркістан қаласының тұрғындарына жеңілдетілген пайызды несиелер, қайтарымсыз гранттар, субсидиялар және т.б. сұрақтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік несиелеу бағдарламалары аясында консультациялық кеңестер мен бағыт-бағдарлар беруде.

Сонымен қатар, Түркістан қаласының білім ошақтарының, арнаулы оқу орындарының түлектері мен студенттеріне, жастарға кәсіпкерлікке баулу мақсатында индустриалды аймақта орналасқан зауыт, фабрикаларға, әр түрлі бағыттағы өнеркәсіп орындарына шолу ұйымдастырылды.

Жалпы, «Кедергісіз кәсіпкерлік» ақпан айынан бастап іске асырылды. Тікелей ұялы байланыс нөмірі: 8707-412-11-43 немесе 8(72533) 57919

Жоба жұмысын бастағалы:

— Индустриалды аймақтан жобаны іске асыру мақсатында жер учаскесін алуға заң аясында сүйемелдеу жүргізілді — 4 жобаға;

— Жобаны іске асыруға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді — 3 жоба;

— Жеңілдетілген несие алуға заң аясында құжаттарын рәсімдеуге — 3 жобаға сүйемелдеу жүргізілді.

Одан бөлек, жоба аясында Түркістан қаласында іске асырылған өңдеу саласындағы 4 инвестициялық идеяға жеңілдетілген несиелер бойынша заң аясында құжаттандырылуына көмек көрсетіліп, сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *