ЕЛ ЖАДЫНДАҒЫ ЕСІМ

Білім Тұлға
305 Views

Саяси қуғын-сүргін құрбаны, бүкіл саналы өмірін оқу-ағарту ісіне арнаған КСРО Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақ ССР Оқу ағарту ісінің үздігі,»Құрмет» белгісі орденінің иегері, ұлағатты ұстаз ТұрсынғалиҚатауовтың есімі Батыс Қазақстан облысына кеңінен мәлім.

Елім деп еңіреп өткен Тұрсынғали Қатауов 1927 жылы 15 наурызда БҚО, Қаратөбе ауданы, сол кездегі Батпақ көл селолық округіне қарасты (қазіргі Сулыкөл ауылының округі) Төлен ауылында дүниеге келді.

Талапты жас 1946-1947 жылы Орал қалалық педагогикалық училищесін (қазіргі Ж.Досмұхамбетов атындағы педагогикалық колледж) аяқтап, 1947 жылы Орал мұғалімдер даярлайтын институтының (қазіргі БҚМУ) тарих факультетіне оқуға түседі. Болашақ тарихшы жоғарғы оқу орнында үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Жас жігіт халықты Ресей большевиктерінің отаршылдығынан азат ету және қараңғылықтан құтқару мақсатында студенттер арасында «Қазақ ұлтшылдық жасырын ұйым» құрып, Алашорда үкіметін дәріптеп, Алаш зиялыларын шығармаларын кеңінен насихаттайды. 1949 жылы 30 мамырда Тұрсынғали тұтқындалып, 1949 жылдың 1 шілдесінде РСФСР кодексінің 58-бабының 10-11 тармағымен «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген жапон шпионы деген ауыр баппен он жылға соттап жібереді.

Елінің азаттығын, халқының жарқын болашағын ойлаған зиялы азамат Т.Қатауовтың саяси белсенділігінен, ұлтшылдығынан қорыққан НКВД қызметкерлері «халық жауларына» арналған Қарағанды саяси лагеріне (КарЛАГ) қазіргі Ұлытау облысы Жезқазған қаласындағы ерекше күшейтілген «Степной» түрмесіне жібереді. 1953 жылы Сталин өлген соң екі жылдан кейін 1955 жылы бостандыққа шығады. Лагердегі саяси тұтқындарға мал ретінде қарап, өмірлері өте ауыр жағдайда болады. Терең шахтада жұмыс жасап, дұрыс тамақтанбағандықтан, жататын жері суық болғандықтан денсаулығынан айырылып, ұзақ науқастан кейін асыл азамат 1992 жылы 27 шілдеде 65 жасында дүниеден озды.

Тұрсынғалиды жас кезінен Алаш идеяларын санасына сіңіріп, ұлттық рухта тәрбиелеп саяси сауатын оятқан әкесі Ғатауолла Шеруенұлы 1894 жылы дүние келген. Саяси сауатты болып той-жиындарда халықтың арасында Алаш қайраткерлерінің өлеңдерін оқып, азаттық идеяларына қызығушылығын арттырады. Діни сауаты болып, Кеңес үкіметі орнағанша мешіт салдырып, ауыл балаларының сауатын ашуға атсалысады. Ғатауолла Шеруенұлының да тағдыры ауыр. Әкелі-балалы жандарды 1949 жылы 30 мамыр күні тұтқындап, бір уақытта соты болады. Қарт кісіге «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген жапон шпионы, халық жауы» деген жалған ауыр айыптар тағылып, он жылға сотталып саяси тұтқындарға арналған ерекше күзетілген Ресейдің Иркутск облысындағы «Озерный» түрмедегі жазасын өтеп, ауыр азапты көтере алмай 07.09.1953 жылы қайтыс болады.

Көптеген халықтар сияқты қазаққа да қуғын-сүргін бақытсыздық әкелген, аштықтан қырған зәлім Сталин өліп, екі жылдан соң ақталып, түрмеден шыққан Тұрсынғали Қатауов Орал қаласындағы үзіліп қалған оқуын жалғастырып, қолына дипломын алып, Соналы мектебінде ұстаздық жолын бастады. Тарих пәнінен сабақ беріп, бүкіл саналы өмірін жас ұрпақтың тиянақты білім, терең тәрбие алуына арнады.

Кеңес Одағы кезінде Қаратөбе ауданының басшылары Тұрсынғалидың ұйымдастырушылық қабілетін, әдістемелік шеберлігін, біліктілігін ескере отырып, Төлен бастауыш мектебінің меңгерушісі, кейін Үшана, Саралжын, Қаракөл және Қоскөл орта мектебінің директор етіп тағайындады.

Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін іскер басшы, ұлағатты ұстаз барлық көрсеткіштер бойынша артта келе жатқан орта мектептерді алға сүйреп, оқу-ағарту және тәрбие ісі бойынша озат білім ордасы қатарына енгізді. Өз ісіне берілген ұлағатты ұстаз, үлкен ұйымдастырушы уақытпен есептеспей еткен еселі ісі еш кеткен жоқ. Ол аудан бойынша тұңғыш рет КСРО Халық ағарту ісінің озық қызметкері атағына ие болды. Сондай-ақ Қазақ ССР оқу ағарту ісінің үздігі атанып, кеудесін «Құрмет белгісі» орденін тақты. Бар өмірін білім мен оқу саласына арнап, көптеген шәкірттерге сапалы білім, тағылымды тәрбие беріп, қанаттандырды, биікке ұшырды. Тұрсынғали ұстаздан білім, тәлім-тәрбие алғандарын мақтаныш тұтады.

Жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында ел ардақтысы, ұлағатты ұстаз, қайраткер Тұрсынғали Қатауовты еске алу кештері болып, еңбектері мен ерлігі дәріптеліп келеді. Иә, жақсы адамның есімі мәңгілік өшпейді.

Салтанат ӘБДІҒАЛИ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *