АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ САҚТАУ – ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ АЛДЫНДА ТҰРҒАН МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

мәдениет Саясат
255 Views

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ:
АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ САҚТАУ – ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ АЛДЫНДА ТҰРҒАН МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ


«Көктемгі су тасқыны бүкіл Қазақстан халқы үшін қиын сынақ болды. Табиғат апаты әртүрлі салаларға әсер етіп, ауқымы әлі толық бағаланбаған ауыр зардаптарға әкелді. Бұл жолғы депутаттық сауалға — су тасқыны аймағында орналасқан археологиялық нысандардың тағдыры арқау болып отыр. Археологиялық ескерткіштер – еліміздің тарихи-мәдени мұрасының материалданған түрі, оны сақтау қазақ қоғамының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.
Апат аймақтарындағы тарихи-мәдени мұраның елеулі бөлігін жоғалту қаупі — Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» заңының мәдени құндылықтарды сақтау жөніндегі іс-шараларды қарастыратын 56-бабына сәйкес қазір жедел шараларды қолға алуды қажет етеді. Осы орайда, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және сақтау бойынша тасқын судан кейін шұғыл іс-қимыл салалық бағдарлама әзірлеу қажеттігі бар.
Ол келесі әрекеттерді қамтуы керек:
1-ден, су тасқынынан зардап шеккен археологиялық ескерткіштер аймақтарын анықтау;
2-ден, археологиялық ескерткіштер мен басқа да тарихи-мәдени мұра объектілерінің жай-күйін бағалайтын көшпелі экспедиция жасақтау;
3-ден, су тасқынынан зардап шеккен тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізімін жасау;
4-ден, жағдайы төтенше деп бағаланған ескерткіштерге
авариялық-құтқару археологиялық жұмыстарын қолға алу.
5-ден, Археологиялық жұмыстарға лицензиясы бар ұйымдар тартылып, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы заңының
39-бабының 3-тармағының 4-тармақшасында төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін қажетті шарттарды назарда ұстау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек. Елімізде кәсіби археологтар тапшы, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар» деді.
Заң әлсіз болса, ұрының бағы. Соңғы жиырма жылда, заңның жетімсіз және солқылдақ тұстарын пайдаланып, қарақшы археологтар мен алыпсатар саудагерлер қолынан тоналып кеткен мұра көп. Бірқатар облыстарында қаншама қабір қазылып, жергілікті тұрғындар қымбатты жәдігерлердің тоналып жатқанын мәлімдесе де, көбінің соңы жылы жабулы күйде қалып жатыр.
Жақында Талдықорған облысының малшылары шұрық тесік жайылымдар фотосын әлеуметтік желіге салып, «алтын жәдігер іздегендер қазған шұңқырға біздің малымыз түсіп өліп жатыр» деп дабыл қақса, шығыс қазақстандықтар Шілікті жазығындағы Алтын адам табылған обалардың белден қазылып, табыттары қирап жатқанын хабарлаған еді.
Президенттің «Қазақстанды археология саласындағы күмәнді адамдар жайлап алды. Олар құрылыс фирмаларына жекелеген жер телімдерінің тарихи-археологиялық маңызы жоқ деген жалған ғылыми қорытындылар беріп жүр. Осы қызметі үшін қыруар ақша алады» деп баса айтуының бір себебі осында. Қазір Қазақстанда уақыты шектелмеген, аумағы айқындалмаған лицензия алған арнайы білім біліктілігі жоқ жеке адамдар мен ұйымдардың саны ресми — бейресми мәлімет бойынша 60-тан 100-ге дейін жетеді. Ең сорақысы, олар ешкімге ешқандай есеп бермей, білгенін жасап жүр дейді мамандар.
Елімізде бұл сала бойынша тек екі заң болса, оның бірі үстірт, екіншісі – негізгі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының заңы болғанымен, бұл заңның да кемшілігі шаш етектен. Ал, көршілеріміз көш ілгері. Қытайда археологиялық зерттеу жұмыстарын тек реттеуге байланысты 20-ға жуық нормативтік-құқықтық құжат қабылданған. Ресейде де тарихи – жәдігерлік байлықтарды қорғау әр деңгейде қатал бақылауға алынған. Өзбекстан шетелдегі жәдігерлерді зерттеу бағытында арнайы орталықтар құрып, мемлекеттік бағдарламаны қолға алды.
Сондықтан Үкіметтен:
бірінші, археология саласын цифрландыру және арнаулы сайт ашылып, елдің барлық аумағында қазірге дейін жүргізілген және жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу мен қазба жұмыстарының есептерін жинақтау, бюджеттік-қаржылық есебін де азаматтардың бақылауына қоса ұсыну;
екінші, алыс-жақын шетелдегі тарихи жәдігерлерімізді жинастыру үшін дипломатиялық-халықаралық құқықтық арнайы жұмыстарды қолға алуды қарастыру;
үшінші, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге лицензия уақытын мен объектілерін нақтылау тәртібін енгізуді ойластыру;
төртінші, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бойынша үйлестіру жұмыстарын вандализммен күрестің маңызды міндеттерінің бірі ретінде айқындап, жәдігерліктер контрабандасы бойынша жазаны қатаңдатуға назар аудару;
бесінші, археологиялық қазба нысандарында аспан астындағы мұражай немесе туристік кешен салу ісін бір ізге келтіру, құрылыс нысандарының ауданын, учаскелік аумағын, қабылданатын туристердің шекті санын, билет бағасын, түскен табыстың пайдалану мақсатын қатаң бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін тетіктер әзірлеу», — деді Сенатор Б.Жексенбай ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *