«КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАП, ОЛАРҒА ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ КЕРЕК»

Экономика Қоғам
118 Views

Қазақ-өзбек шекарасының маңындағы жылдар бойы жалғасып келе жатқан «жабайы» саудаға тосқауыл қойылуы тиіс. Маңызды мәселеге нүкте қою үшін Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекетінің айналасы толық реттеледі. Жаңа полиция бекеті ашылады. Бұл жерде заманауи терминал салу жолдары қарастырылуда. Осы аумақтағы барлық сауда нүктелері сонда орналастырылады. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына келіп, кеден бекеті маңындағы жағдайды бақылады. Сауда орталықтарының иелерімен жүздесіп, оларға мәселені кеңесе отырып, заңды шешу жолдарын көрсетті.
– Сарыағаш ауданының әлеуеті жоғары. Шекараның мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Қызмет көрсету орындарын жүйелеп, ретке келтіру керек. Кәсіпкерлікті заңдастыру маңызды, – деген Дархан Сатыбалды барлық құзырлы орган басшыларының қатысуымен өңірлік жедел штабының көшпелі отырысын өткізді. Онда заңсыз сауданы тоқтатып, шекара аймағын тәртіпке келтіруді күшейту мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды. Штаб отырысында шекара маңын бірнеше ірі кәсіпкер меншіктеп алғаны ашық айтылды. Маңызды мәселенің түйінін тарқатпақ болғандар бұл күресті жан-жақты жүргізуге келісті.
Жедел штаб отырысында заңсыз құрылыстың жолын кесіп, шекара аймағындағы шетел валютасын заңсыз айырбастауды реттеу, контрабанда мен өзге де қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау және осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Сондай-ақ құзырлы орган басшылары мұндағы заңсыз тауар айналымы мен заңсыз құмар ойындарына қарсы күрес жайлы да мәлімдеді. Бұл аймақта 4 айда 1700 қылмыс тіркелген.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шекара маңындағы инфрақұрылымды, қызмет көрсету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздікті сақтау, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар жүктеліп, ұсыныстар берілді.
– Шекараның өткізу мүмкіндігі шектеулі. Ал, құрылыс саны артып, толассыз кептеліс кедергі келтіруде. Маңызды аймақта заңсыз кәсіпкерлік нысандары қаптап кеткен. Біздің басты мақсатымыз – шекара аймағында тәртіп орнату. Заңсыздыққа жол бермеу. Қауіпсіздікті, тазалықты сақтау. Әрине кәсіпкерлерді қолдап, оларға жұмыс істеуге жағдай жасау керек. Тек заңды жолмен. Жаппай заңсыздықтың жолын кесу жолында талай тосқауыл болары сөзсіз. Бірақ біз алған бетімізден қайтпаймыз. Заңсыз құрылыстар бұзылады. Ақша айырбастайтындар лицензия алып, тек заңға сәйкес жұмыс істесін. Көше базарында санитария талаптары сақталмайтыны тағы бар. Жаңадан жаңалық ашып отырған жоқпыз. Бұл аумақтағы қирағалы тұрған сауда ошақтары мен заңсыз, рұқсатсыз құрылыстан қарапайым халық жапа шегуі мүмкін. Екі ел арасындағы қақпаның аумағын толық ретке келтіруге күш саламыз. Сол жерді абаттандырып, ретке келтіреміз. Заманауи терминал салу жолдарын қарастырып, ол үшін тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Онда сауда нүктелері болады. Отандық өнімге басымдық беріледі. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру мақсатта арнайы комиссия құрылады, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
«Жібек жолы» кеден бекетінің жанында пайдаланудағы және салынып жатқан ретсіз, заңсыз құрылыстарды анықтап, құқық бұзушылықты жою бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері облыстық бақылау жөнінде басқармасымен 17 құрылыс нысандарында анықталған заң бұзушылықтар негізінде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес хаттамалар толтырылып, 4 млн. теңгеден аса айыппұлдар салынды. Заңсыз құрылыс нысандарын бұзу жөнінде сотқа арыздар жолдануда. Алайда сот айыппұл салумен шектелген. Басқарма сот қаулысымен келіспей, прокуратураға қарсы пікір білдіруге хат жолдап жатыр. Заңсыздықты жою жұмыстары тоқтамайды.
Облыс әкімі шекара маңындағы инфрақұрылымды, қызмет көрсету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар жүктеліп, ұсыныстар берілді. Өңірлік жедел штаб отырысы енді ай сайын өтеді.

«ЭКОНОМИКАНЫ, ӨНДІРІСТІ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БОЛАДЫ»
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш тұрғындарымен кездесті. Кездесуде өзекті мәселелер ашық айтылды. Тұрғындар күрмеуі шешілмеген түйткілдерді тарқатып, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды облысты, ауданды дамыту жұмыстарын қысқаша баяндап, тұрғындардың сұрақтарын тыңдады.
– Сарыағаш ауданының мүмкіндігі өте жоғары. Экономиканы, өндірісті, ауыл шаруашылығын дамытуға болады. Біз ауданды дамытуға назар аударып отырмыз. Мысалы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы Сарыағаш ауданында 10 мектеп салынады. Бұл – үлкен қолдау. Білім сапасын көтеру, осы саладағы жемқорлықты жою күш салып жатырмыз. Инвестиция тарту, яғни, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану да назарымызда тұр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Сарыағаш ауданында 2023 жылы 13 елді мекенде 30 жобаны іске асыруға 2,8 млрд. теңге бөлінді. Әлеуметтік нысандар Мәдениет үйлері, мектептер жөнделіп және салынып, инфрақұрылым жақсарды. 2024 жылы 8 елді мекенде 21 жобаны іске асыру үшін 3,8 млрд. теңге қаралды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,8 млрд. теңгеге 283 жоба қаржыландырылды. Сарыағаш ауданында 21 мектептің интернет жүйесі толық іске қосылды, – деген Дархан Сатыбалды ауданда орындалмаған индикаторларды да ашық айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді.
Ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 43 пайызға өсіп, 2023 жылы 277 млн. теңгеге жеткен. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 48 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға өскен. 2023 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 35 млрд. теңгені құрап, жоспар 9 млрд.теңгеге артығымен орындалды. 2024 жылға негізгі капиталға салынған инвестиция тарту жоспары 37 млрд. теңге көлемінде бекітілген. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 47 пайызға өсіп, 2023 жылы 23 мыңға жетті. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі былтыр 136 млрд. теңгені құрап, артығымен орындалды.
Кездесуде Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың есебінен кейін тұрғындардың өтініштері, сұрақтары тыңдалды. Сарыағаштықтар білім саласындағы жемқорлық, газбен қамту, ауыз су, пәтер, денсаулық сақтау, тазалық және өзге де салаларға қатысты мәселелерді көтерді.
Одан кейін облыс әкімінің жеке қабылдауы өтті. Оған басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының бастықтары қатысты. Мұнда да түйткілдер тарқатылып, арыз-шағымдар, өтініштер тыңдалды. Әрбір мәселе бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі.

БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУДЫ СҰРАДЫ
Түркістан облысында тұрғындар өтініші мен тілектері өңір басшысының назарында. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданындағы жұмыс сапары аясында жеке қабылдау өткізді. Аудан тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді мұқият тыңдап, жауаптыларға заң аясында шешімін табуды тапсырды. Қабылдауға құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары да қатысты.
Тұрғындар жеке қабылдауда түйткілді мәселерді ортаға салды. Азаматтар елді мекендегі инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтерді. Кәсіпкерлік мәселесін қозғады. Жер және ағын су жайын талқылады. Мәдениет саласына қатысты сауал жолдап, Ақтөбе ауылына мектеп салуды және балық шаруашылығын қолдауды сұрады.
Жамбыл ауылдық округі, Байғабыл елді мекенінен келген азамат жер мәселесіне қатысты шағымын айтты. Тағы бірі денсаулығына қатысты көмек сұрады. Сондай-ақ жол мәселесін қозғады.
Абай ауылынан келген азамат жер телімін беруді сұрады. Келесі тұрғын баласын шетелде емдетуге арналған тізімге қосып, қаржылай көмек сұрады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлуге ықпал етуді өтінді. Ал енді бірі Абай ауылындағы мал базардың орнын жаңа салынған базарға көшіруді жөн санайды.
Мәселелер бақылауға алынды. Өңір басшысының халықпен кезекті кездесуі мен жеке қабылдауы Сарыағаш ауданында жалғасады.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША 216 ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ
Келес ауданының тұрғындарын не алаңдатады? Қандай мәселелер бар? Жоспарлар қандай? Осы және өзге де сұрақтар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Келес ауданы тұрғындарымен кездесуінде талқыланды. Мәселелер ашық айтылып, түйткілдер тарқатылды.
Өңір басшысы тұрғындарды ашық диалогқа шақырып, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Облысты, ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарға да тоқтала кетті.
– Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Келес ауданында 2023 жылы 12 елді мекенде 22 жобаны іске асыруға 2 млрд. теңге бөлінді. Бірлік, Абай, Қияжол, Құйған елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 415 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Абай атындағы мектепке қосымша корпус құрылысы жүргізілсе, Жамбыл, Қошқар ата елді мекендерінде Мәдениет үйлері салынып, пайдалануға берілді. Өзге де әлеуметтік нысандар бой көтеруде. 2024 жылы 18 елді мекенде 25 жобаны іске асыру үшін 2,4 млрд. теңге қаралды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 млрд. теңгеге 216 жоба қаржыландырылды.
Облыста Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Келес ауданында 29 мектепте толық іске қосылды. Тұрғындармен кездесудің басты мақсаты – өңірдегі мәселелерді шешу. Сондықтан біз аудандағы кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Қай салада көрсеткіштер төмендеп кеткен болса, соны көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізген жөн, – деген Дархан Сатыбалды инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында жоспар толық орындалмағанына тоқталып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты жандандыру жөнінде тапсырмалар берді.
Келес ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 32 пайызға өсіп, 2023 жылы 118 млн. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 51 пайызға өсіп, 2023 жылы 12 мыңға жеткен. Олардың өндірген өнім көлемі 69 млрд. теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 20 млрд. теңгеге (49 млрд. тг.) немесе 40 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 4 млрд. теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалған.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың атқарған жұмыстары туралы баяндамасынан кейін кезек сұрақ-жауапқа беріліп, тұрғындардың өтініштері, сұрақтары тыңдалды.
Кездесуде белсенділік танытқан келестіктер жайылым жер, ауыз су, газбен қамту, жол және өзге де инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді. Ұсыныстар мен өтініштер хаттамаға енгізіліп, тиісті бақылауға алынды.

ЖЫЛЫЖАЙЛАР МОЛ ӨНІМ БЕРУДЕ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына арнайы іссапармен барып, бірқатар нысандарды аралады. Облыс басшысы жылыжай шаруашылықтары иелерімен кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады.
Облыс басшысы Біртілек ауылдық округіндегі «Орынкүл» шаруа қожалығының жылыжайында болды. Кездесуде шаруалар өткізу нарығына қатысты және өндірісті кеңейту үшін инвестициялық субсидия алу мәселесін көтерді. Облыс әкімі ұсыныстарды тыңдап, мәселелерді жауапты органдармен бірге қарап, шешім қабылданатынын айтты.
Шаруа қожалығында баклажан, қызанақ, қияр, тағы басқа көкөністер мен қара өрік өсіріледі. Жобаның жылдық қуаттылығы – 200 тонна. Жобаның жалпы құны – 110,0 млн. теңге. Шаруа қожалығы 2015 жылы іске қосылған. 10 адам тұрақты, 100 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 150 000 теңге. Жалпы 10,8 гектар жердің 0,80 гектарына жылыжай орналасса, қалғаны – бау-бақша. Облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамыту, осындай жобаларды қолдау жөнінде тапсырма берді.

АЛКОГОЛЬСІЗ СУСЫНДАР РЕСЕЙГЕ ЭКСПОРТТАЛУДА
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы нысандарын аралады. Оларды дамыту жолдарын бірге қарастырды.
«Мерген-Н» ЖШС-нің минералды су, алкоголсіз сусындар шығаратын зауытының жұмысымен танысу барысында да өңір басшысы мемлекетті дамытудағы негізгі қозғаушы күш кәсіпкерлік екеніне тоқталды. Жауаптыларға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Біз жергілікті өндірісті дамытып, экспортты ұлғайтсақ қана өңір бюджеті толығады. Осы бағытта жұмысты күшейту керек, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, бүгінде «Мерген-Н» ЖШС-нің өнімдері елімізбен қатар Ресейге де экспортталып жатыр. Жобалық қуаттылығы – сағатына 2,5 мың дана. 2002 жылы іске қосылған зауытта 35 адам жұмыс істейді.

МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТАТЫН КӘСІПОРЫН ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАМАҚ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы аясында аймақта мақта кластерін дамыту, оған инвесторлар тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров «TURAN» арнайы экономикалық аймағында мақта кластерін құру бойынша жиын өткізді. Басқосуға «Tүркістан» ӘКК», «Turkistan Invest» ЖШС және «TURAN» арнайы экономикалық аймағының басшылары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Жиын барсында жаңадан ашылатын кәсіпорын жұмысы және оны инфрақұрылыммен қамту мәселелері қаралды. Нәтижесінде, келесі айдан бастап мақта кластерін дамытатын кәсіпорын өз жұмысын бастамақ. Жоба құны – 400 млн. АҚШ доллары. Өндіріс орнында 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл – «TURAN» арнайы экономикалық аймағында мақтаның шитінен бастап, жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кезеңдерді толық қамтитын өндіріс орны болады.
Түркістан облысы – республика бойынша мақта өсіріп, өңдейтін жалғыз өңір. Өңірде 23 мақта өңдеу кәсіпорны бар. Олар жылына 100 мың тоннадан астам мақта талшығын өндіреді.
Айта кетейік, «TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағында қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында инвестициялық жеңілдіктер беріледі.

КӘСІПОРЫНДАР ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕЛЕРІМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын, оларға қолдау жасау арқылы елді жұмыспен қамтуды тапсырған болатын. Осы орайда Биыл Келес ауданында жалпы құны 45,7 млрд. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске асыру, яғни 1 150 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.
Бүгінде аудан басшысы Жәнібек Ағыбаевтың нақты тапсырмасы негізінде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалуда. Атап айтқанда кәсіпорындарын инфрақұрылым жүйелерімен қамту, жер, су мәселелерін шешу бағында нақты шаралар қолға алынған.
Биыл іске асатын жобаларға тоқталсақ, «ЭКО-культура» ЖШС-нің Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 500 гектар аумақта орналасатын өнеркәсіптік жылыжай кешенінің бірінші кезеңінде құны 42,0 млрд. теңгені құрайтын 51 гектар жылыжай құрылысын ағымдағы жылы бастады.
Нәтижесінде 700-ден астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, «Нұрболат» өндірістік кооперативі құны 3,0 млрд. теңгені құрайтын «Азия Мед» медициналық орталығы Абай, Ошақты, Біртілек және Ұшқын ауылдық округтерінде ғимарат құрылысын жүргізуде. Жоба толық іске асқан соң 400 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Ал, жеке кәсіпкер «Ағайындылар» Абай ауылы аумағынан жалпы құны 400 млн. теңгені құрайтын 4 қабаттан тұратын қонақ үйдің бастапқы құрылыс жұмыстары бастаса, «Giga Group» ЖШС жалпы құны 350,0 млн. теңгені құрайтын асфальтбетон зауытын орналастыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда құрал-жабдықтары сатып алынып, жер учаскесін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *