КСРО мен оның құрамында болған Қазақ КСР-да 1960-1991 жылдары орын алған саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі ретінде мені және 10 (он) жанды отбасымды саяси тұрғыдан заңды және толық ақтау (әрі қарай мәтін бойынша «ақтау») мәселесін тәуелсіз Қазақстан Республикасының құзырлы және өкілетті органдары 1993 жылдан бері әртүрлі себеп-сылтаулармен бүгінге дейін созбалап келеді.
Оны қарап, тиісті оң шешім қабылдауға негіздер беретін 1993 жылғы №2-200 Заңның тиісті баптарына «мен ұсынғандай» толықтырулар енгізу, немесе жаңа Заң қабылдау туралы ұсыныстарым дер кезінде қаралмады, әлі де ескерілмеуде…
Менің айтқан тілектерім мен табыстаған сот шешімдері, архивтік құжаттар мен ресми материалдар ескерілді деп айта аламын – құрбандарды ақтау жөнінде құрылған Мемлекеттік комиссияның мүшесі, оның қызметін үйлестіру офисінің басшысы С.А.Қасымовтың жетекшілігімен дайындалған, құрбандарды ақтауға қажетті деген «екі заңның» жобасы Үкіметке берілген, бірақ ол Парламентке, оның депутаттарының талқылап, шешім қабылдауына жіберілмеген!?
Сонымен қоса, басқа да себептермен, бізді ақтауға «негіздер жоқ» деген түсіндірулер алғандықтан, менің ҚР Президентінің, Парламентінің, оның депутаттарының, Мәжіліс төрағасының, Бас прокурорының назарларына ұсынылған сын мақалаларым «Әділет» газетінің 2010 жылдан бергі сандарында, қажеттігіне қарай жарияланып келді.
Солардың қорытындысы мен салдары деуге болатын, жалпы жағдайды тікелей түсіндіруім үшін, Қ.К.Тоқаевтың жеке қабылдауына сұранған кезекті арызымды қарап, тиісті шешім қабылдауға Бас прокурорға жолдаған едім, ол Шымкент қаласының прокуроры Ғ.Мұқановқа жіберілген екен.
Соған байланысты, осы мамыр айының өткен апталарында, қала прокуроры Ғабит Қасымбекұлыны ұсынысы бойынша, прокуратураның тұрақты комиссиясының кеңейтілген мәжілісі болды.
Оған арнайы шақырылған мен, тұңғыш қызым Гүлиананы ертіп барып, кезінде орын алған саяси қуғын-сүргіннің ауыртпалығы, шек-кен моральдық, қаржылық-материалдық қиындықтарымыз, зардаптарымыз, бұзылған құқықтарымыз, ақталуға қатысты күресіміз тура-лы баяндадық. Ақталуымызға қажет деген сот шешімдерімен, архив-тік және ресми құжаттармен таныстырып, басқаларына қысқаша түсіндірулер жасадық. Комиссия мүшелерінің қойған сұрақтарына, қолда бар құжаттарға негізделген жауабыңызды бердік. Қорытындысында, отбасымызбен ақтау мәселесіне қатысты оң шешім қабылдауды өтіндік.
Бізді ыждаһаттылықпен тыңдаған комиссия мүшелері, бұл іс бойынша мемлекеттің тиісті органдарына қосымша сұраулар салып, олардан алынған ақпараттарды мұқият зерттеп, бұрын кеткен кемшіліктерді ескеріп, прокуратураның дұрыс, оң шешуіне бағытталған ұсыныс жасалады дегендей пікірлерін білдірді.
Біз 30 жылдай «шиеленіп қалған түйінді» тарқататын сәт пен жағдайдың қалыптасқанына, ең бастысы – еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдың оңғарылуына оң ықпал ететін азаматтардың барына, арта түсетініне сеніміміз нығайып қайттық. Осыған орай, құрметті оқырмандар, Сіздердің назарларыңызға «Тегімді тану – таныту» деген буклетімді қосымша ұсынамын.
Аманқұл КҮМІСБЕКҰЛЫ