ОРБҰЛАҚ ШАЙҚАСЫ: ДЕРЕК ПЕН ДАҚПЫРТ

Тарих
2 618 Views

ОРБҰЛАҚ ШАЙҚАСЫ: ДЕРЕК ПЕН ДАҚПЫРТ

 

Жақында ғана жарыққа шыққан «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің бірінші нөмірінде жарияланған жазушы-журналист Захардин Қыстаубаевтың «Қазақ империясы» мақаласын оқығанымда, автордың шынында да ойланарлық мәселерді көтергенінің куәсі болдым. Ол сол мәселелермен бірге қасиетті Орбұлақта жасалып жатқан кісі қуантарлық жұмыстарды да айтыпты. Қазақтың жанын қорғаған, жерін қорғаған, мал мен байлығын, діні мен ділін қорғаған, сол үшін шыбын жандарын аямаған Салқам Жәңгірдей ерлер мен боздақтарды жадымыздан ұмыт қалдырмай, белгі қойып, халық есінде мәңгілік қалдыру өте жақсы іс. Бұл әрекетті жасап, жасатып жатқан ел ағалары мен белсенді қауымға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Осы мақаланы оқып отырып менің есіме мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин ағамыздың «Қазақ тарихының әліппесі» деген еңбегіндегі Салқам Жәңгір туралы жазғандары түсті: «…Жәңгір сұлтан қалмақтың елу мың қолын небәрі алты-ақ жүз адаммен жеңді деген түсінік – баланың мақтаны, қисынсыз ертегі. Тарихи құжаттарда нақты аталатын, Салқам Жәңгірді шынында да ұлы жеңіске жеткізген алты жүз адам – қазақ әскерінің сауытбұзар екпінді тобы, сол замандағы құдіретті қару – күркірей атылатын қорғасын оқты мылтықпен қаруланған бір ғана бөлігі…».

Дәл осы сияқты және осыған ұқсас пікірді осы мақаласында Захардин ағамыз да айтады. Бұл кісі де Жәңгір бес жүз әскерімен жоңғардың елу мың әскерін жеңгені шындыққа келіңкіремейтінін білдіреді. Дұрыс, баяғыда бұл тарихи деректерді оқығанымда мен де осылай ойлағанмын. Бірақ…

Кейінірек тарихи материалдарға дендей кіріп және қиялға еркіндік беріп, ойланғанда мынадай тұжырым жасадым. Егер ерінбей оқып көрсеңіздер ойлануға тура келер.

Қазақтың ұлы хандарының арасында Есім ханның билік құрған (1598-1646) заманында да қазақ халқының басынан не бір қилы жағдайлар өткеніне тарихи жазбалар мен ауыз әдебиеті куә. Қазақтың ата жауы болып есептелінетін жоңғар билігімен олардың басып алушылық, тонаушылық ниетіндегі әскерімен айқаста жүріп, денсаулығынан айрылған хан сал ауруына шалдыққаннан соң, елдің әскері жағдайын оның баһадүр ұлы Жәңгір сұлтан өз қолына алады.

Денсаулығы зор еңсегей бойлы алып ханның кездейсоқ ауруға шалдыққаны да осы Жәңгірдің себебі еді. Есім хан еті тірі арыстандай жүректі, жас та болса ақылгөйден ақылы асқан ұлын өте жақсы көретін және еркіне тосқауыл болмайтын. Жастайынан әке жаттықтыруымен сайыс өнерін жете меңгеріп алған Жәңгір балаң жігіт кезінен-ақ жаумен айқасқа шығып жүрді. Ол алғашқы рет айқасқа түскен 1627 жылғы соғыста, басқа әскерлер қырқысып жатқанда бұл тікелей, алдындағы жауларды бір өзі жарып өтіп, қалмақ-хошоут ханы Хора Хулоның (бәлкім Қара Құлы) ту ұстаушысын өлтіріп, туын жерге сүйретіп, жаудың рухын түсіріп, жеңілулеріне себеп болды. Осы жолы жоңғарлар екі жүз мың жауынгермен келіп Есім ханнан күйрей жеңілген еді.

Жаудан беті қайтпайтын Жәңгір келесі бір шайқаста, яғни 1635 жылдың қара күзінде болған жоңғар ханы Хото Хочиннің жүз тоқсан мыңдық жер қайысқан әскерімен ұрыста бетпе-келген жауды жапырып араларына ендеп кетеді. Оның мына жанкештілігіне ызаланған қалмақ жауынгерлері жабылу әдісін қолданады. Оның астындағы Ақбақай қара тұлпарын оншақты жерінен садақпен жаралап, Жәңгір атымен бірге құлаған шақта қалмақтың сарбаздары аттарынан секіре қарғып, жабыла алысуға түсіп, оны байлап-матап кейін қарай, хан шатырына алып кетеді.

Осы жайт туралы «1607 – 1636 жылдардағы орыс-монғол тарихы бойынша материалдар» жинағында: «…Талай-тайша, да контайша (Батор), да Кужи-тайша, да Тоургоча-тайша со всеми черными калмаками ее зимы ходил на Казачью орду, а Казачьи орды люди пошли было на черных калмаков. И как де черные калмаки сошлись с Казачьи орды с людьми, и был де у них бой великой. И черные де калмаки Казачьи орды людей побили и взяли у них царевича Янгыра Ишимова сына, а Ишим в Казачьи орде был царь и тот де царевич в Черных Калмаках. И иные черные калмаки, те же тайши, Талай Тайша с товарищи, пошли опять войною на Казачьи орду. И кочевья де черных калмаков по сю сторону Иртыш реки, не все кочует за Иртышом» деп жазады.

Бұл соғыста қазақтар Жәңгірден айырылып қалғанымен қоймай қалмақтардан ірі жеңіліске ұшырайды. Ірі дейтініміздің себебін мына бір өлеңнен іздеп көрейік.

…Менің ер екенімді көргенсің,

Әуелден бірге жүргенсің.

Дегенімді қылғансың,

Қайратымды білгенсің.

Сіздің естен кеткенмен,

Біздің естен кеткен жоқ.

Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,

Соқыр бурыл байталға,

Сонда бір жайдақ мінгенсің.

Бұл өлең-толғау Жиембет жыраудыкі. Бұл кісі Алшынның он екі ата Байұлы руларын ежелден билеген ірі феодалдар тұқымынан шыққан Жиембет Еңсегей бойлы Ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, әскербасы батыры қызметін атқарады.

Бұл өлеңді келтіріп отырғанымыз, осы шайқаста Ер Есім қатты жараланып, астындағы аты өліп, осы аласапыранда үстіндегі егесі аударылып, жайдақ қалған, бір көзіне жебе тиіп, қаны ағып тұрған атқа жайдақ мініп, амалсыздан майданды тастай кері шегінеді. Қасындағы қаландарлары жаралы Есім ханды қақпақылдап жүріп соғыс майданынан аман алып шығады. Хан жау қолына түспей аман-сау Түркістанға келген-ді. Қалмақ қолы да мақтанарлық жағдайда болмай жорықты осы жерден тоқтатып кері қайтады.

Есім хан өмірінде бұндай масқара жеңілісті басынан өткермегендіктен де шығар, мына тірлікке қатты ызаланып әрі қапаланып, сенім артқан батыр ұлының қалмаққа бодан болып кеткеніне налып, ауруға ұшырайды. Денесінің бір жақ қапталы істемей және тілі бұратыла сөйлеп, тіпті кей сөздеріне адам түсінбейтін жағдайда болады.

Осы жағдай әсер етті ме, әйтеуір тарих Есім хан туралы ешнәрсе демейді. Тіпті кейбір тарихшылар Есімді 1628 жылы өлді десе, көбісі оны әлгі сұрапыл соғыста, яғни 1635-ші доңыз жылы өлді деп жазады. Бұл қисынға келмейтін нәрсе. Себебі бұл жылдары тарих бойынша Жәңгір «сұлтан» деген атпен жазылған. Ал Есім 1628 жылда өлсе, Жәңгір 1643 жылы сұлтан болса, сонда Қазақта хан кім еді? Ешкім. Тарих үнсіз. Яғни Есім әлі тірі. Бірақ ауру. Тарих сахнасындағы ірі оқиғаларға араласа алмай амалсыздан, жаралы арыстандай бұлқынып Түркістанда жатыр.

Хан сарайындағы ақылгөй уәзірлердің кеңесімен жоңғар салт-дәстүрі мен тілін білетін мықты жігіттерді төбелес өнеріне әбден дайындап, оларды Батор хан еліне жіберіп еді. Алла сәтін салып, ол жігіттер Жәңгірді 1637 жылы тұтқындықтан ұрлап, аман-есен елге алып келді.

Жәңгір тұтқында жүргенде көресісін әбден көргенге ұқсайды. Оны хандардың әдет-ғұрпы бойынша еркіндікте ұстамай, қол-аяғына бұғау салып, тіпті дәретке шықса да қарауылмен шығаруы тіпті қорлағандық еді. Осы қорлық Жәңгірдің жауға деген кегін қайрап, жоңғарға деген дұшпандық көзқарасын есінен әсте шығарған емес.

Оның тұтқында жүргенінде бір байқағаны дәл қазіргі Жоңғар мемлекетін қарсы келіп ешқандай әскермен де алу мүмкін еместігі еді. Бұл Жоңғар одағын немесе Батыс Монғол мемлекетін тек ғана айланың күшімен алуға болатынын екшеп жүрген-ді.

Ол небір жолдарды ойлады. Жек көргенінен көз алдынан кетпейтін Жоңғардан қалай үстем болудың амал-айласын іздеумен болды. Қазақ хандығындағы Алты ата Орта жүздің, Үйсін мен Алшынның, өзінің уәкіл әкесі саналатын хошоуыт-Күнделең тайшының, Қарақалпақтың, Теріскей қара қырғыздың қанша күш шығара алатынын екшеді. Бірақ қазір қараса, әкесінің аурулығы салдарынан бұл жұрттардың басшыларының көңілдері де, көзқарастары да баяғыдай емес. Есім ханға да, хандыққа да онша сый көрсетпей, ынта білдірмей, суықтау көзқарас қалыптасқан сияқты. Осыны түсінген Жәңгір сұлтан қалмақтарға тиіп-қашу соғысын жүргізбек болып, әр ру мен тайпадан бір-бір көзсіз батырларды берулерін сұрап сауға айтады.

Ел еңсесін көтерумен бірге, қалмақтан өш алу мақсатындағы ой үстінде есіне Ташкент, ондағы сонау өткендегі әкесінің кек алған қатаған ханы Тұрсын түседі. Сол Тұрсын басқаратын Ташкентті әкесі Есім хан қоршағанда Тұрсын ханға көмек көрсетуге Самарқан әскер қолбасшысы Жалаңтөс баһадүр мың-сан сарбаздарымен келіп еді ғой…

Жалаңтөс баһадүр кім? Есім хан Ташкентті неліктен қоршады және Тұрсынды не үшін өлтірді? Бұл рас па? Бұл туралы білу үшін ең әуелі дәл сол кездегі Хорезм елінің билеушісі (Хиуа ханы), тарихшы, ғұлама әрі батыр Әбілғазы баһадүрдің «Шажиреа-и-Түрк» кітабынан үзінді оқып көрейік: «… Түркістанда Есім хан қасында үш ай тұрдым. Ол уақытта Қазақтың ханы Тұрсын хан еді. Ол Ташкентте тұратын еді. Түркістанға келді. Есім хан оны көре барды. Мені есік алдына қойып, өзі барып, Тұрсынға көрініс қылып, қайтып келіп, менің қолымнан жетектеп оған алып барды. Тұрсын ханға: «Бұл – Ядгар хан ұлы Әбілғазы. Еш уақытта бізге бұл жамағаттан кісі келіп, қонақ болған жоқ еді. Бізден барғандар көп болар. Бұл сіздің қызметіңізде болғаны жақсы», – деді. Тұрсын хан: «Жақсы, сенің айтқаның болсын» – деп, өзімен бірге Ташкентке алып кетті. Ташкентте Тұрсын хан қасында екі жыл тұрдым. Екі жылдан соң Есім хан Тұрсын ханды өлтірді. Есім ханға: «Сіз екі ханнан пайда тие ме деп келіп едім, Сіздің ісіңіз мұндай болды, енді рұқсат болса, Имамқұлы ханның қасына кетейін» – дедім. Ол: «Жақсы айтасың, солай қыл» – деді».

Әбілғазы баһадүрді Есім хан Тұрсынға өткізген себебі дәл осы тұста жоңғарлар Қазақ хандығына үлкен жорыққа шыққан еді. Өзі жорыққа кетіп бара жатқан соң, Әбілғазының жағдайы бұл жерде бола қоймас деген оймен оны Тұрсынға тапсыруы мүмкін.

Есім хан жорықта жүргенде Тұрсын хан 1629 жылы Парғана өлкесіндегі Әндіжан, Төреқорған, Чуст, Қаратау бойындағы Түркістан, Созақ маңайын ту-талақай шауып, хан әулетін құлдыққа айналдырады. Аңыз бойынша Есім хан 1628-30 жылдардағы қара қалмаққа жасалған жорықтан қайтып келе жатқанда жолай (қазіргі Жамбыл облысы) Күйік асуында қой бағып жүрген кейуананы көріп, жағдай сұраса, ол өзінің анасы екен. Ол бұл жағдайға таң қалып, «күйік» ауруына ұшырай жаздаған соң, сол жер «Күйік» атаныпты дейді. Арып-ашыған елін көріп, бәрі Тұрсынның шапқыншылығынан болғанын біліп, ол Ташкентті қоршайды. Тұрсын жәрдем сұрап, Бұхараға хабаршы жібереді. Қазақтың Ташкенттегі ханы қазақты тонап, Бұхарадан неге көмек сұрайды? Тарихи құжаттар мен кітаптарды ақтарсақ мынадай жауаптарды табамыз.

«Политическая история Бухары в ХҮІІ в» деген құжатнамада былай дейді: «…После гибели Абдул-момин хана среди представителей династии шейбанидов не оказалось достойного приемника, которому можно было бы передать верховную власть», «…сколько ни искали такого человека, ни кого не нашли». «В это смутное время сановники и влиятелные эмиры шейбанидского государства решили избрать ханом проживавшего в Бухаре выходца из Астрахани, царевича Джанибек-султана, происходившего в родстве с шейбанидами. Когда начались наступления Москвы на Астрахань, после взятии Казани Джанибек-сұлтан в 1554 г. бежал в Среднюю Азию и нашел приют у Искандер-хана, отца Абдулла-хана. Искандер хан выдал за него свою дочь. От этого брака у него родилось три сына: Дин-Мухаммед хан, Баки-Мухаммед хан и Вали-Мухаммед хан.»

Бұл жерде Бұхар хандығының тізгінін, тіпті ол түгілі бүкіл өзбек аймағын осы кезге дейін басқарып келген шайбани ұрпағы жойылып, енді баяғыдан бері бүкіл қазақ аймағын басқарып келе жатқан Жошы ұрпағына тиюінде үлкен мән бар. Түп туысқанның аты – түп туысқан. Абдулла мен оның ұлы Абдул-момин басқару кезінде Тәуекел ханмен өле-өлгенше қырқысып келген бұхаралықтар солардың екпінімен Жәнібектің балалары мен немерелері – Пірмұхаммед пен Бәкимұхаммедтің Тәуекел ханды Самарқан түбінде жаралағаны болмаса, әрі қарай соғыс өрбіген жоқ. Тәуекел хан Ташкентте ауыр жарақаттан көз жұмды.

Осыған дейін Бұхараға, оның ішінде шайбанилерге жау болып келген Тәуекел хан дүниеден өткен соң, Бұхара әмірлері ойлана келе түбі бір Жошы ұрпақтары болып келісімге келіп, Қазақ-Бұхара достығы орнады. Ташкентке хан қылып Бәкимұхамедтің немересі Тұрсын Мұхаммедті таққа отырғызды. Ташкент Қазақ хандығында қалды. Сонда да тарихтан тағы бір деректерді келтіре кетейін.

«Углубление феодальной раздробленности в Узбекистане в ХҮІІ в» деген тарихи құжатта: «…Совремменик того же Имамкули – эмир Ялантуш-бий имел до 3000 рабов, которых он использовал в частности для возведении грандиозных городских построек…», «…Ялантуш-бий, управляющий в течение нескольких десятилетий Самаркандом, Махмуд-бий катаган, аталык Рахим-бий и другие, опираясь на военную силу возглавлявщихся ими племен, играли большую роль как в жизни всего государства, так и отдельных его областей. Деление на уделы между членами ханского рода сменилось теперь делением на удели между отдельными племенами».

Сосын елді аштраханидтер билеген кезеңде жер-судың барлығы ханға емес, ру-тайпалардың қарамағына өтіп кетті дейді. Яғни Бұхараны астрахандық немесе Жошы әулеті басқарысымен өздерінің қазақшылығына басып, егіншілік, мал шаруашылығы жерлерінің бәрін ру мен тайпалардың қарамағына беріп жіберген.

Осында жоғарыда айтылған Ялантуш-бий, яғни қазақша Жалаңтөс би туралы да айта кетсек.

Бұрынғы ғасырларда жазылып, парсы тілінен өзбек тіліне Абдулмомин Сатторий аударған Абу Тахир қожаның «Самария» деген еңбегінде былай делінген: «Шердор мадрасаси Улуғбек мадрасасининг қаршисида, унинг кунчиқар томонидадир. Бу мадраса вилаятпонах Ялантұшбий оталиқ томанидан солингандир. Ялантұшбий олчин аймақиндандир. 1028 (1618) да ушбу мадраса солинди.»

Бұл жерде Тахир қожа «Жалаңтөс алшын аймағынан» дейді. Яғни қазақ. Сол кездегі тілде «вилаятпанох», яғни уалиятқа пана болушы, демек әміршісі. Ол кезде ол маңайды Алшын аймағына кіретін Әлімнің Төртқара, Кете, Қарасақал, Шекті рулары, Шөмекейдің бір бөлігі, Жетірудың Керейіт, Кердері, Жағалбайлы, Телеу, Рамадан, Тама, Табын руларының бөлек-бөлек тайпалары, Он екі ата Байұлының Адайының кейбір ауылдары жайлаған еді. Сол жердегі Тама руынан шыққан Әбділуаси да ілгеріде Абдулла ханның әмірлерінің бірі болған. Сол аймақта, яғни Нұр Атадан бастап Хузар, Зарафшан дариясының өн бойындағы аймақта, шығыс таманғы Хожент, Ұратөбеден Самарқанға дейінгі жерді жетіру көтерілісі шарпыған (Тарихтағы аты әйгілі «Жетіру» көтерілісі. Өзбек тарихында «Еты-уруг»).

Шежіре бойынша Кіші жүздің арғы атасы – Алшын. Сондықтан да «Самария» жазбасындағы «олчин» сөзі кіші жүз, яғни қазақ деген мағынаны білдіреді. Жалаңтөстің шежіресінде оны Әлімнің Төртқарасы, яғни Қазақтың әйгілі үш биінің бірі Әйтеке би оның шөбере інісі деп келтірген. Жалаңтөстің шын аты – Жалаң. Қазалыда осы кісіден тараған Жалаң аталығы бар.

Тарих деректеріне сүйенсек, Жалаңның әкесі Сейітқұл Бұхара хандығына қарасты Парғанадан Керменеге дейінгі аймақты басқарған әмір болған. Ол қартайғанда Ақша деген ұлына Парғана уалиятын, ал Жалаңға Зараушан аймағын басқаруға береді.

Енді әңгімемізді әрі қарай жалғасақ, Есім ханның Ташкентті қоршағанында Тұрсын ханның Бұхарадан не үшін көмек сұрағаны түсінікті болды. Осы көмекке Ташкентке Жалаңтөс он мың әскермен келеді. Ташкент маңайында және қала сыртында қырғын ұрыстар болады. Ол қала ішіне кіргеннен соң Есім ханмен айқасқа түспей тұрып, жағдайдың мән-жайын біліп алу үшін ханмен кездеседі.

Бұл жағдайға түсінген Жалаңтөс Тұрсынға емес, қайта Есімге жәрдем беріп, Бұхара әскерлерін кейін қайтарып жіберіп, Ташкент әскерінің Есімге бағынуына жарлық береді де, өзі Есіммен бірге хан сарайына беттейді.

Тұрсын хан алдына ұрыссыз кірген оқиғаны Есім ханның оққағары әрі ақыны Марқасқа былай жырлаған:

Ей, Қатағанның ханы, Тұрсын!

Кім арамды ант ұрсын.

Жазықсыз елді еңіретіп,

Жер тәңірісіп жатырсың.

Хан емессің, қасқырсың,

Қара албасты басқырсың.

Алтын тақта жатсаң да,

Ажалы жеткен пақырсың.

Еңсегей бойлы ер есім,

Есігіңде келіп тұр,

Алғалы тұр жаныңды,

Шашқалы тұр қаныңды!

Осы кездесуде Есім хан өзінің ең жақсы көретін ұлы Жәңгірді Жалаңтөспен таныстырады. Осы Есімнің ағасы, қазақтың Ұлы хандарының бірі болған Тәуекел мен Бұхара әмірлерінің атақтысы Сейітқұл да кезінде Есім мен Жалаңтөсті Ташкентте таныстырып еді. Ол кезде екеуі де осы Жәңгірдей балаң жігіт болатын. Тәуекел хан мен әмір Сейітқұл дос еді.

Жалаңтөске Жәңгір қатты ұнады. Тіпті Бұхараға білім алуға шақырған. Бірақ Есім жақсы көретін ұлын қасынан шығарғысы келмеген. Сонда да Жалаңтөс Жәңгірге басына жазатайым қиындық түссе, хабар айтуын тапсырған. Қарапайым да ақылды, күші тасыған, ірі денелі жігіттің көп мінездері өзіне ұқсағанын көріп, көңіліне қатты ұнап, Жалаңтөс оны өзіне туған бала есебіне алғанын Есімге білдірген де еді.

Жәңгір сұлтанның өтінішімен жиналған мың-сан «сен тұр, мен атайын» жігіттер Түркістанға жиналғаннан соң оларды астанадан аулақтау, Қаратаудың жықпыл-жықпыл қойнауында, тау өзені жағасында, киіз үйлер тіктіріп, сонда жаттығуға кірісіп кетеді. Соғыс өнерін, жеке қимыл-әрекеттерді жетік білетін тәлімгер жалдап, жігіттерді қиын-қыстау мезгілдердегі әскери әрекеттерге үйретеді.

Бұл жұмысы басталған соң Жәңгір сұлтан Самарқандағы Жалаңтөске барып жолығуы мүмкін. Егер жолықты десек, онда ол екеуі жоңғарлармен соғыс жоспарын бірге жасаған. Себебі Жәңгір Орбұлақта шайқасып жатқанда Қазақ қолы емес Самарқаннан Жалаңтөс әскері келуі соны меңзейді. Қазақ әскерінің келмей қалуы, Жәңгірдің сарайдағы жағдайға алаңдаулы көңілінен болуы керек. Әке ауыр халде жатқанда әскер жинап, тыныш жатқан жоңғарға шабуылға шығамын деу тәрбиелілікке жатпайтын әрекет. Оның үстіне Жоңғар жақтан Қазақты шаппақшы деген ешқандай хабар да, сыбыс та жоқ. Ойрат та, Эрдене Батор да тыныш жатыр.

Жалаңтөс баһадүр де Жәңгірге әкесі Есім хан ауырып жатқанда Ойратқа соқтықпауды айтқан болар. Бірақ Жәңгір тұтқында жүріп көрген қорлығын ұмыта алар ма? Сол бір кездері ойрат әпербақандарының күнде көрсететін кемсіту мен жанға тию әрекеттерін істеген сайын бұл іштей «осыдан бір аман шықсам, бір сойқанды салармын» деп, іштей кіжінетінін есінен шығара алар ма? Жәңгір өзіне әкесіндей қамқор көңілмен қараған Жалаңтөске бұл жағдайын айтқан да болуы керек. Мінездері айнымай қалған баһадүр Жәңгірдің мына айтқандарынан соң оған: «Ойбуу, қарағым-ай, әбден ит қорлықты көрген екенсің ғой» деп, ұзақ ойланған болар. Ақыры бір шешімге келіп: «Онда былай қылайық, балам. Сен бұл әрекетіңді әкеңе де, сарайдағы ақсақалдарға да айтпа. Түркістанға бар да, мықты жігіттеріңді ертіп, шекараға тарта бер. Батордың Қазақ шекарасына келетін жолы Жаркенттен жоғары тұста болар. Ол жерде мен барғанша не істейтініңді өзің білерсің. Ал мен өз қоластымдағы әскеріммен сені Іленің Құлжадан келер аңғарының Жаркентке қапталдасатын тұсында күтемін» деген болса керек. Бұл шешімге Жәңгір қатты қуанса да, іштегі дүдамалын жасыра алмай: «Көке, Сіз әскер тартып Ойрат барсаңыз Жоңғар-Бұхар соғысы ашылып кетпей ме? Бұған хан не айтады? Сіз қырық нөкеріңізбен барсаңыз бір сәрі, ал әскер тарту күрделі іс болмай ма? деп бастырмалата қойған сұрағына Жалаңтөс рахаттана күліп алып: «Жәңгіржан, түйткілің дұрыс, бірақ мен Бұхар әскеріне тимеймін, тек өзіме ғана қарасты самарқандық отыз мың әскер туралы айтып отырмын, соның оның шаһар қорғанысына қалдырып, жиырма мыңымен барсам, ойратыңды сонымен-ақ тындырмаймыз ба?» деген шығар. Мейлі, бұл екі баһадүр арасындағы әңгімені қиялға беріп соза берсек, айтылар әңгіме жеткілікті, одан да Жәңгірдің одан әрі не істегенін қысқаша баян етейін.

Көңіліндегі мақсаты ойлағанындай болып, Самарқаннан көңілді оралған Жәңгір сұлтан Түркістандағы «қырық рудан» құралған, әбден дайындықтан өткен, қазіргі тілмен айтқанда мың шақты «омондарын» соңына ертіп, шығыс шекараға аттанған.

Осыдан біраз жыл бұрын Есім хан мен Тұрсын хан екеуінің арасындағы текетірес жағдайды пайдаланған торғауыттар өзді-өздеріне келіп, ес жиып алған соң күш жинап, Еділ тұсқа жорыққа шыққан еді. Олар ол жерге барған соң Еділ-Жайық аралығында қоныстанған Ноғай халықтарын ту-талақай тонап, жерлерінен айырады. Оларды Кавказға қарай бостырып жібереді. Қалмақтар сол күшейгеннен күшейіп, ол жерді өздеріне қоныс етіп алады. Қалмақтың бұл жаңа қонысы Қазақтарға бұрынғы ноғайлардай емес, өте қауіпті еді. Олар тіпті жаман ойлап, шығыстағы Батор хонтайшымен келісімге келіп, Қазаққа жорық жасар болса, екі жақтан қыспаққа алып, өте қауіп төндірулері анық еді. Осы қауіпті ойлаған Жәңгір мыңдықтың тең жартысын Еспембет батырға беріп, оларды батыс шекараны бақылап тұруға жібереді. Өзі қалған бес жүз әскерімен суыт жүріп отырып, Іледен өтіп, алға жылжып, ойрат жерінің шекарасына да жетеді.

Жауына деген жеккөрушілігі бұны одан сайын қайраттандырып, осы келген бетімен Талай тайшының елін шабады. Талай тайшының өзін ол жерден таба алмай, қыбырлаған адамын қалдырмай тып-типыл етіп, қалмақы шошақ үйлерін өртеп, елін жойып, малдарынан тұяқ қалдырмай айдап кетеді. Айдалған малдың өздеріне керегін қалдырып, үлкен бөлігін шекара маңында қоныс теуіп отырған қазақ ауылдарына бөліп береді. Ал өздері тау жықпылдарының арасынан ыңғайлы қоныс жер тауып, сол жерге тұрақтайды. Жәңгірдің шапқыншылық басын Талай тайшыдан бастаған себебі, тайшы өткендегі соғыста жеңілген қазақ ауылдарын қайта-қайта шаба берген еді. «Қайта шапқан жау жаман» дегендей, Талайдың қайта шапқан ауылдары тұралап, ел болып кете алмай жойылып кеткен еді. Сол кекті қайтарған Жәңгір енді Тарбағатайтың батыс беткейінде жазықта қоныстанып отырған Төөргэш тайшының елін шауып, тып-типыл етеді. Содан Хоргэн тайшы, Тээнэ тайшы сияқты бірнеше қоныстарды шауып, адамын қалдырмай, малын айдап кетеді. Бұл жағдайдан хабар алған Батор хонтайшы Қазаққа алдағы көктемде жорыққа шығуға дайындала бастаған екен. Бұны айтып келген Жәңгірдің сол жаққа жіберген тыңшысы еді. Бұны естіген Жәңгір енді шапқыншылықты тоқтатып, шекараны күзету үшін қысты осында өткізбекке бекінді. Ол осы жеке салқам-саяқ жүріп жасаған шапқыншылықтарына бола «Салқам» атанды.

Жоңғар келетін жолды зерттеп, жауды тосып алатын ыңғайлы жер іздеуге де кіріскен.

Көктемде Жәңгірдің жер іздеген көңіліне Орбұлақ өзені өтетін, екі таудың өте жақын келіп, қақпа сияқтанып тұрған орыны дөп келеді…

Тағы бір айта кететін жайт, Жалаңтөс батыр бұл жерге Самарқаннан қашан, қай мезгілде келді? Бұдан бұрын да айтылып келе жатқандай Жәңгір мен қалмақ Батор хонтайшы ұрыс салып жатқанда келіп қалды ма, әлде одан бұрынырақ келіп, осы маңайда Батор қолын күтіп жатты ма? Меніңше, ол осында ерте көктемде-ақ келіп қалған. Жәңгірдің Орбұлақ бекінісін көріп, оны қоштаған. Сосын бұл тар аңғарға 20 мың әскер сыймайтынын біліп, сәл кейінде айқас тағдырын күтіп тұрды.

Хонтайшының елу мың әскері үздік-создық келе жатқанын бұлар білгенімен, Батор қазақтардың дәл осы Орбұлақтың тар шатқалында оларды қарсы алатынын білмеген. Тіпті ойламаған. Жәңгірдің үш жүз тосқауылшысы әуелі жаудың шолғыншы бес жүз сарбазын осы бекіністе қырып салады. Содан оның соңынан шұбап келе жатқан екі мың жауынгерді қырып салады. Бұл жағдайды соңдарынан келе жатқан жаудың үшінші легіне білдірмеу үшін, шатқалда жасырынып тұрған Жәңгірдің екі жүз жауынгері ойраттардың кейін қашқан адамдарын тып-типыл жойып жіберіп отырды. Үшінші лекте де екі мыңдай жауынгер бар екен. Оларды да жаңағыдай тәсілмен жояды да, бұлар енді жоңғардың негізгі күшіне шабуыл жасайды. Бұл соғысқа Жалаңтөс әскерлері де араласады. Күтпеген жерден қазақтардың шабуылына ұшыраған қалмақтар қырыла бастайды. Алдыңғы лектердің қырылып қалғанын түсінген Қонтайшы шегіне қашып ұрыс салады. Бұл маңайдың жер жағдайына әбден үйреніп дайындалып алған Жәңгір мен Жалаңтөстің әскерлері қалмақтардың он мыңдай әскерін жойып, қалғанын қашуға мәжбүр етті…

Сөз аяғында айтарым, Орбұлақ шайқасына қатысқан батырлардың ауыз әдебиетінен алынған, сондай-ақ кейбір тарихи құжаттарда аттары аталған бір парасы ғана дәріптеліп жүр. Шындығында әскер негізінен қазақтың барлық аймақтарынан, сол сияқты Самарқан аймағын мекендеген қалың қазақтан да жиналған деп ойлаймыз. Сондықтан бұл тарихты әбден зерттеу керек.

Әбдінағым КӨШЕРОВ,

жазушы-журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *