Анадолы, Қытай және Қазақстан елдеріне есімі белгілі, 20 жылдық тарихы бар Түркиядағы «JS Холдингі» компаниясы Ыстанбұлда теңіз жағасындағы көрікті Маслак ауданындағы 36 қабатты «Beybi Giz Plaza» ғимаратының 18-ші қабатына қоныстанды. Түркиядағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан Сапиев осы компанияның жұмысымен танысты.
Холдингтің құрамындағы Қазақстан мәдениет және сауда орталығында Қазақстан мен Түркияның байланыстарына 34 жылдығы, Түркияның 101 жылдығына орай 100 фотосурет көрмесімен орталықтың жетекшісі, ТҮРКСОЙ-дың Бас кеңесшісі Ержан Уәйіс таныстырды. Кезінде, 1992 жылы Қазақ телевизиясының Түркиядағы алғашқы тілшісі болған Ержан Уәйіске Түркия президенті Тұрғыт Озал арнайы фотоаппарат сыйлаған еді. Яғни, президенттен бірінші сұхбат алған және сол фотоаппаратпен түсірілген суреттер осында қойылған. Қазақстанды 50 жыл басқарған ел ағасы Дінмұхаммед Қонаевтың өмірінен сыр шертетін сан-алуан суреттер де осы көрменің төрінен орын алған.
Қазақстан елшілігі, Ыстанбұлдағы Бас консулдық және ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен Алаш арыстары, белгілі тұлғалар Абайдың, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сатпаев, Бердібек Соқпақбаев, Шыңғыс Айтматов, Кемел Тоқаевтың кітаптарының түрікше аудармаларының осы орталықта тұсаукесері өткізілді. Түрік мемлекеттері қоғамдық ұйымдарының бірлестіктерімен бірлесіп мәдени шаралар өткіземіз. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Ыстанбұлдағы кеңсесінің үйі де осы орталықта жұмыс істейді.
Түркияда оқитын қазақ студент жастарының бір тобына Қазақстан мәдениет және сауда орталығының атынан (төраға Ғани Ғайсаның шешімімен) шәкіртақы тағайындалды. Сондай-ақ, мәдениет орталығында жыл сайын Наурыз мерекесінде Қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен және жастармен бірлесіп бірқатар шаралар ұйымдастырдық. Түркияда тұратын Қазақ ағайындардың 80, 90, 100 жылдық мерейтойларының өткізілуіне ұйытқы боламыз. Осыдан екі жыл бұрын Түркияда болған зілзала апатына 50 мың АҚШ доллары қаржылай көмек, жылы киім-кешек, екі контейнер баспана үйін Газиантеп қаласына тапсырдық. Бұл жұмыстар үшін де Түркия үкіметінің алғысын алдық.
Кездесуде JC Холдингінің негізін қалаушы, Дүниежүзі Қазақтары іс-адамдары ассоциациясының төрағасы Ғани Ғайса өз сөзінде бұл компанияның Түркияда 2004 жылы құрылғанын және де жақында 20 жылдық мерейтойларын атап өткенін баяндады. Алтай өңірінде туып-өсіп, Пекиннің екі бірдей жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған инженер-экономист Ғани мырза Шығыс Азияда, Қытай елінде жасалған жаңа технологияның құрылғыларының үлкен тобын Түркия жеріне орналастырды. Қағаз-картон әзірлейтін кәсіпорын – комбинат, күн энергиясынан қуат алатын акку батареялар жасайтын зауытта, желдің қуаттылығынан энергия алатын фабрикалардың жаңа технологияларын іске қосты. Осы 20 жыл ішінде әр жыл сайын Түркияның бірнеше қалаларында өткен 2023 жылы Анкара маңындағы Полатлы өндіріс елді мекенінде күн қуатынан батареялар зауыдын, ал 2024 жылы Кайсери қаласында қағаз-картон жасайтын комбинатты пайдалануға берді. Қазір толық қуатында жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарында 500-600 адам еңбек етуде. Олар негізінен жергілікті халықтар. Сонымен бірге, қазіргі таңда Анкарада күн қуатын алатын зауытқа қажетті мыс талшықтары кәсіпорны да холдингтің құрамында жұмыс жасайды. Яғни, Қытай Халық Республикасы мен Түркия және Қазақстан арасындағы экономикалық байланысқа өзіндік үлес қосып отырған холдинг басшылығына кәсіпкер Ғани Ғайсаның қажірлі істеріне Түркия үкіметі жоғарғы баға берді.
Қазақ елшісі Еркебұлан Сапиев мырза холдингте атқарылып отырған жұмыстарға оң бағасын берді, алғысын білдірді. Қазақстанның тәуелсіздігін алған таныған Түркия елімен дипломатиялық байланыстың 34 жылдығына қадам бастық. Өйткені, түбіміз Түрік дегендей бір халық, тіліміз ортақ, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің тамыры тереңде жатыр. Осы бауырмалдық, туысқандық істерімізді бағалай білейік. Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысымыз мәңгі жасай береді. Тағы да жаңа жылдарыңыз құтты болсын. Осы жаңа ғимаратта жаңа табыстарға жете беріңіздер, — деп сөзін аяқтаған елші Еркебұлан Сапиев елшіліктің атынан естелік сыйлықтар табыстады.
Холдинг басшылығынан Ғани Ғайса және Ержан Уәйіс елші мырзаға да мекеменің естелік сыйлықтарын ұсынды.
Холдингтегі елші Еркебұлан Сапиевтің кездесуіне Ыстанбұлдағы Қазақ консулы Сәлімжан Тойлыбек, холдинг төрағасының орынбасары Әсия Тілеухан қатысты.
Ержан УӘЙІС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас кеңесшісі