2024 жылғы 20 желтоқсан күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кешегі Целиноград инженерлік-құрылыс институты, бүгінгі Сәулет-құрылыс факультетінің құрылғанына 60 жыл толуына арналған «Қазақстандағы ниженерлік-құрылыстық білімінің бастаулары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Целиноград инженерлік-құрылыс институтының түлектері, профессор-оқытушылар мен студенттер, магистранттар, докторанттар қатысты.
«BI Group» құрылыс холдингі ЕҰУ-дың Эндаумент қорына 100 миллион теңге аударды. Ректорға қомақты сомаға сертификатты Еуразия ұлттық университетінің түлектері, «BI Group» холдингінің басшылығы Айдын Рахымбаев пен Бауыржан Исабаев табыс етті.
«Бұл біздің шағын үлесіміз. Әрине, мұнымен шектелмейміз. Біз сәулет-құрылыс факультетін бірге дамытуға дайынбыз. Біз түлектердің инженерлік-құрылыстық құрамды күшейту керек деген пікірімен келісеміз», — деп атап өтті Айдын Рахымбаев.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов таяу уақытта Қазақстанда эндаумент қорлары туралы заң қабылданатынын айтты.
«Осы 100 миллионды Эндаумент қорына аударып, сәулет-құрылыс факультетінің студенттері үшін «BI Group» компаниясының ЦИСИ ғылыми гранты мен стипендиялық бағдарламасын құру ұсынылады. Болашақ ғалымдар мен мамандарды ынталандыру үшін арнайы бағдарлама, арнайы стипендия болады», — деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Айта кетейік, «BI Group» холдингінің құрылтайшылары Айдын Рахымбаев, Бауыржан Исабаев, Нұрдәулет Әкімжанов, Асхат Омаров ЦИСИ-да бір топта оқып, жатақханада бірге тұрған.
Сонымен қатар Айдын Рахымбаев «Bi-Group» бүгінде еліміздің қалаларынан бөлек, Түркия, Араб, Әзірбайжан, Өзбекстан, Украина секілді шетелдің алты елінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқанын айта келіп, мамандардың дені кешегі Целиноград институты, бүгінгі ЕҰУ Сәулет-құрылыс инстиутының түлектері екенін баса айтты.
Атап көрсетерлік жайт, ЕҰУ-нің Эндаумент қоры мақсаткерлікпен жұмыс жасап келеді. Осы қордың жүйелі жұмысының нәтижесінде бірқатар үздік оқитын студенттерге оқу ақысын төлеуге гранттар бөлді. Басқа да ұйымдастырушылық шаралары өткізіліп келеді. Осы орайда ЕҰУ-нің Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Рамазанұлы Айтмағамбетов мырзаның аталмыш маңызды жобаны іскерлікпен әрі тұрақты үйлестіріп келе жатқанын атап көрсеткен жөн.
М.ТӘУКЕБАЕВ,
Астана қаласы