МИНИСТР ОҚУ ОРНЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫМЕН ТАНЫСТЫ

Білім
14 Views

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шымкентке келген жұмыс сапары барысында Жұмабек Тәшенев атындағы университетке барып, оның инфрақұрылымымен танысты. Университет ректоры Қанат Байболов жоғары оқу орнының даму перспективалары туралы егжей-тегжейлі баяндап, білім беру үдерісін жаңғырту мен инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған кешенді стратегиялық жоспарды ұсынды.
Министр оқу корпустарын аралап, EDU AI жасанды интеллект және робототехника орталығына барды. Сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істейтін, студенттер мен оқытушылар үшін заманауи білім беру және цифрлық кеңістік болып табылатын кітапханамен танысты. Бұл кітапхананың маңызды ерекшелігі – барлық білім беру ресурстарының тәулік бойы қолжетімділігі, бұл оқу үдерісінің ыңғайлылығын айтарлықтай арттырады. Салалық ведомство басшысы университеттің жоғары деңгейдегі инфрақұрылымын оң бағалап, оның студенттерге сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.
Университет дамуының басым бағыттарының бірі – интернационалдандыру және халықаралық ынтымақтастық. Қазіргі таңда университетте ағылшын тілінде оқытылатын екі бағдарлама жүзеге асырылуда: Management Information Systems және Business Administration. Сонымен қатар Ұлыбританиядағы Queen Margaret University және Keele University университеттерімен IT, дизайн, бизнес-әкімшілік, білім берудегі көшбасшылық және менеджмент бағыттары бойынша қос дипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Сапар барысында министр EDU AI жасанды интеллект орталығының жұмысымен де танысты. Бұл орталықта ақпараттық технологиялар мен ғылым саласында озық зерттеулер жүргізілуде. Айта кету керек, платформа әзірлеу жұмыстары Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің жоғары білікті IT мамандары тарапынан жүзеге асырылады. EDU AI инновациялық платформасы жасанды интеллект негізінде дәрістер, тесттер, зертханалық жұмыстар мен дербестендірілген оқыту материалдарын автоматты түрде жасайды. Платформа AI-кеңесшіні, виртуалды зертханаларды, тапсырмаларды автоматты түрде тексеру жүйесін және оқу үлгерімінің аналитикасын қамтиды. Сонымен қатар EDU AI платформасы еңбек нарығымен интеграцияланып, студенттерге сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
Аталмыш жоғары оқу орны цифрлық экономика және IT саласы үшін болашақ мамандарды даярлауға арналған инновациялық орта құруға белсенді түрде жұмыс істеуде. «Бізде робототехника бағыты үшін қажетті барлық жабдықтар бар: 3D-принтерлер, лазерлік станоктар, роботтар және жарыс алаңы. Бұл студенттерге өз жобаларын әзірлеп, тәжірибеде сынауға мүмкіндік береді. Біздің миссиямыз – студенттерге заманауи білім алуға, техникалық дағдыларды дамытуға және болашақ цифрлық экономикаға дайындалуға мүмкіндік беретін инновациялық орта құру», – дейді университеттің жасанды интеллект және робототехника орталығының директоры Арыстан Сәдуақас.
Қазіргі таңда университетте 9000-нан астам студент білім алуда, 13 бакалавриат және бес магистратура бағыты бойынша білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Университет студенттерге жайлы жатақханалар ұсынып, кең ауқымды пәндер бойынша сапалы білім алуға кепілдік береді. Жұмабек Тәшенев атындағы университет базасында сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізуге арналған барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген Республикалық тестілеу орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және 200 орынға есептелген.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *